Павлодар облысында тәрбиешілерден ақша жинаған балабақша директоры жұмыстан қуылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Заңға қайшы әрекет ету дерегі Баянауыл ауданы Майқайың кентінің «Ұшқын» балабақшасында тіркелді. Жергілікті мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жөніндегі департаменті мамандарының хабарлауынша, ведомство жанындағы арнайы мониторингтік топ мектепке дейінгі білім беру ұйымында тексеріс жүргізген.
«Арнайы топ өкілдеріне шағым түсті. Балабақша басшысы бір ай бойы ұжымнан ақша талап етіп, жұмыстан шығарып жіберемін деп қорқытқан. Нәтижесінде қаражат жиналған. Кейін облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің мамандары тексеріс жүргізіп, бірқатар бұзушылықты анықтады. Сол әкімшілік айыппұлды төлеу үшін директор мамандардан 50 мың теңгедей жинап алыпты», - дейді жемқорлыққа қарсы ведомтвоның баспасөз хатшысы Айнұр Сәдуақасова.
Айта кетейік, алды алу жұмыстарынан соң бұл қаражат көлемі ұжым мүшелеріне қайтарылды. Ал балабашқа басшысы департаменттің ұсынысымен жұмыстан шығарылды.
Баянауыл аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, Ұшқын» балабақшасында 110 бала тәрбие мен білім алады. Бүгінде облыста 426 мектепке дейінгі білім беру ұйымы болса, олардың 177-сі – балабақша.