Атырау облысында асыл тұқымды сиырлар қырылып жатыр

5.jpg

Атырау облысына қарасты Махамбет ауданының «Первомайский» ЖШС-да ірі қара мал жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2018 жылдың қыркүйегінде Махамбет ауданындағы шаруа қожалықтарының біріндегі ірі қара малдан белгісіз аурудың белгілері анықталған. Осыған байланысты малдан биологиялық сынама алынып, зерттеу үшін Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референт орталығы» мен Алматыдағы Ғылыми-зерттеу ветеринарлық институтына жіберілген.

Мамандардың жасаған қорытындысы бойынша, жануарлардан ерекше қауіпті инфекциялық ауру табылған жоқ. Атырау облыстық ветеринарлық зертханасының сараптамасына сәйкес, сыртқы белгілеріне байланысты зат алмасу процесінің бұзылуы анықталған, жануарлар сол себепті азық жемеген.

Жағдайы нашарлай түскен ірі қара малға кальций борглюконатының 40 пайыздық ерітіндісі, глюкозаның 40 пайыздық ерітіндісі екі рет егілді. Оларға беретін азықтың құрамы өзгертіліп, профилактикалық іс-шаралар күшейтілген, бүгінде жануарлардың жағдайы тұрақты.

Шаруашылықта 1 мыңнан астам ірі қара бар, 178-і ауруға шалдыққан, соның 97-сі сойылды.

Мамандардың қорытындысы бойынша, ауырған сиырлардың еті тамаққа пайдалану үшін қауіпсіз», - деп ақпараттандырды Атрау облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Қазіргі кезде шаруашылықтың барлық өнімдері дүкен сөрелерінен алынған.



Ұқсас тақырыптар