Ағымдағы жылдың 23 қазанында Маңғыстау өңіріне Елбасының «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын өңірлерде жүзеге асырылуына жаңа серпін беру мақсатында іссапармен келген Агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин және республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, елімізге белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада ең алдымен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына ат басын тіреді.
Елордасы Астанадан келген қонақтар филиал ұжымы және тыңдаушыларымен кездесіп, білім ордасының қызметімен танысты.
Іс-шараға сондай-ақ Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, облыстық арнайы мониторинг тобы төрайымының орынбасары Әсет Манов және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының өкілі Бекнар Бекентаев қатысты.
Заманауи талаптарға сай интерактивті тақталар, жаңа аудио-видео техникамен жабдықталып, көркем безендірілген аудиториялар, және филиал кітапханасын аралап шыққан астаналық өкілдер өз әсерлерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.
Айта кету қажет, 500-ден астам мемлекеттік қызметші қайта даярлау және біліктілігін көтеру курстарынан өтіп жатқан Академия филиалы жаңа стандарттарға сәйкес жабдықталған ғимаратқа көшіп, жаңашыл форматтағы мемлекеттік қызметшілерді дайындауға өз септігін тигізуде.
Бұдан басқа, орталықтың өкілдері Н. Жантөрин атындағы облыстық –музыкалық драма театрының ұжымымен және жас мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізді.
Алғашқы кіріспе сөзінде аумақтық департаменттің басшысы Нұргүл Жанназарова жұртшылыққа Астанадан келген қонақтарды таныстыра отырып, осындай бейресми форматтағы кездесулердің «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін ашуға, күнделікті қызмет барысында туындайтын мәселелердің алдын алуға, қызмет сапасын көтеруге себеп болатындығын және аумақтық департамент тарапынан бейресми форматтағы кездесулердің дәстүрге айналғандығын жеткізді.
Сонымен бірге, аумақтық департамент басшысы Н.Жантөрин атындағы облыстық-музыкалық драма театрында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істерді өмірмен байланыстырып, сахна төріне шығаруды ұсынды.
Өз кезегінде, Агенттік өкілі Арман Бердалин театрдың азаматтардың бойына ұлттық құндылықтарды дарытуға бірден бір рухани тәрбие құралы екендігін айта отырып, Агенттікте белгілі ақын-жазушылар, композиторлар мен өзге де өнер майталмандарымен кездесулер жиі ұйымдастырылатынын баса айтты.
«Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» аясында «Өзгерістерді өзіңнен баста» жобасы бойынша Агенттік үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Осы сапар барысында өнер, театр, мәдениет саласының қызметкерлерімен, қайраткерлерімен кездесіп, жемқорлықты жеңу жолында бірігіп жұмыс істеуге үндеу тастап жатырмыз... Бабаларымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Демек сахна арқылы ұрпақты, ұлтты тәрбиелеуіміз керек. Бұл кісілер сахнадағы қойылымдары арқылы халыққа ұрлықтың түбі қорлық болатындығын, жақсылыққа апармайтындығын жеткізетін болса, ондай дүние көрермендердің санасына тез жетеді деген ойдамыз» - деп түйіндейді А.Бердалин.
Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Ырза Тұрсынзада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бойынша өз ойымен бөлісті. Белгілі этнодизайнердің айтуынша, қазақтың тектілігі намысшылдығы, ар-ожданы ұрпаққа қайта оралса, өз туған жерінде өмір сүріп жүрген ешбір пенде параға ұрынбайды. Бұл дертке қарсы тұратын біздің рухымыз, намысымыз, болмысымыз ғана. Ол пара алып, істі болып, жазасын өтегенде емес, ол сол жағдайға жеткізбей әр адамның жүрегінің түбінде ояну керек.
Өнер ордасының директоры, Қазақстан Республикасының еңбегі сңген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрнияз Мұқанов театрлық қойылымдарға жұртшылықтың ықыласы күннен-күнге артып келе жатқандығын, аумақтық департаментпен бірлесіп қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуге дайын екендіктерін айтты.
Әсерлі әңгіме, келелі кездесу, жайдарлы жүздесу театр қызметкерлерінің өнерін тамашалаумен, еркін форматтағы сұхбат алаңымен жалғасын тапты.
Агенттік және республикалық арнайы мониторинг тобының өкілдері сол күні Ақтау қаласы әкімдігінде жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
Іс-шараға Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, облыстық арнайы мониторинг тобының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Агенттік өкілі А.Бердалин республикалық арнайы мониторинг тобының мақсаты мен міндеттеріне, орталық деңгейде қолға алынған жобаларға және жыл басынан бергі республика бойынша сыбайлас жемқорлық деректер бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүргізу үшін, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың, жас ұрпақты тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
Бұдан басқа, спикердің айтуынша Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына кез-келген тұрғынның өз көкейіндегі ой-пікірін жолдауға толық мүмкіндігі бар, жұртышылықпен кері байланыс механизмдерін жетілдіру бағытындағы қолға алынған бұл бастамалар уәкілетті органның ашықтығының дәлелі.
Спикердің тоқталған тағы бір мәселесі Елбасының «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасының аймақтарда жүзеге асырылуы. Агенттіктің бұл бағыттағы ұстанымы – әр облыста бағдарламаны жүзеге асыратын жас мемлекеттік қызметшілерден құралған топтар құру және жаңашыл, креативті идеялар арқылы өзгерістерді мемлекеттік органдар қызметкерлерінің өздерінен бастау.
Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Ырза Тұрсынзаданың пікірінше ұлт болып ұйысудың басты тетігі – рухани тәрбие, яғни жас ұрпақтың бойында адамгершілік, әдептілік, адалдық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сонда ғана сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылыстың қоғам өмірінде жолы кесіледі.
Іс-шара барысында Агенттік пен арнайы мониторинг тобының өкілдері көкейіндегі мемлекеттік қызметшілердің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.