Елімізде мобильді ғаламтор қолданушылары 2 миллионға жетті. Мұндай жоғарғы көрсеткіш Республикамызда бұрын-соңды болмаған. Бұл өзгеріс телекомуникация компанияларын пайдаға кенелтіп отыр. Бұл жайында КТК телеарнасы хабарлады.
Бүгінде әр адам өз өмірін интернетсіз елестете алмайтыны рас. Алайда, ғаламтордың шырмауына байланып, шыға алмай жүргендер қаншама. Биыл мобильді ғаламтор қолданушылары бірден 15,9 пайызға артты. Өткен жылы интернетке кіруге мүмкіндік беретін ұялы байланысты 11,9 миллион адам қажетсінсе, биыл бұл көрсеткіш 13,8 миллионға жетті. Бұл соңғы бес жылдағы рекордық сан.
Оған қоса, ұялы байланыс абоненттерінің де саны 4,6 пайызға өсті. Бүгінде 26,6 миллион мобильді нөмір тұрақты қолданыста екен. Оған кеткен қаражат та тәп-тәуір. Мәселен, Қазақстандықтар ағымдағы жылдың қаңтар мен мамыр айларында үш жүз миллиардқа жуық теңгені байланыс қызметіне жұмсаған. Оның ішінде 91,1 миллиард теңге ұялы байланыс қызметі үшін төленді. Өткен жылы бұл сомма 6,3 пайызға төмен еді.
Ұялы байланыс нарығы мобильді ғаламтордың арқасында пайдаға кенеліп отырғаны жасырын емес. Мысалы, байланыс саласын жаулап алған компаниялардың бір жылдық кірісі 207 миллиардтан асып жығылды. Олар жоғары жылдамдықты интернет желісін ұсыну арқылы тұтынушыларының санын еселеп отыр.
Алайда, кейбір әлеуметтік сала өкілдері бұдан белгілі бір деңгейде зиян да бар екенін айтады. Яғни, ақ халаттылар шектен тыс смартфонға тәуелділік көз ауруларына әкеп соғатынын айта айта жалықтық дейді. Офтольмолог мамандар алақандай экранға байланып, айналасын байқамайтын адамдармен күресу керек деген ұстанымда. Себебі, көздің көру қабілетінің төмендеуі жастарда жиілеп кеткен.
Тұрсынгүл БОТАБЕКОВА ҚР Бас офтальмологы:
-Балалардың айпад, айфон, гаджеттерден бас алмай отыруы жақсы емес. Қазіргі кезде мектеп жасындағы балалардың көзілдірікке мұқтаждығының артқандығы байқалады. Бұл мәселемен мемлекет болып күресуіміз керек. Әр ата-ана өз баласына ғаламторды көп уақыт қолдануға жол бермеу қажет.
Болашақта ұялы байланыс операторлары арасында бәсеке қыза түспек. Олар әр клиент үшін таласып, түрлі жеңілдіктер ұсынуы мүмкін. Әріптестер сөз кезегі өздеріңізде.