«Бүгінгі таңда елімізде жүйке ауруымен ауыратын адамдардың саны күн санап артып келеді. «Оның бір себебі – адамдардың несиелік қарыздарын өтей алмауынан» дейді мамандар. Өйткені қазірге кезде банктерге қарыз емес адам кемде-кем. Екінің бірі екінші деңгейлі банктерден несие алып, онысын дер уақытында төлей алмай жүр. Банктегілер де кезінде «арманыңды бізбен бірге жүзеге асыр», «бізден несие алу өте оңай» деген секілді жарнамаларды үйіп-төгіп, тіпті аялдамалардағы шағын дүңгіршектерге дейін бөлімшелерін ашып қойды. Осылайша, елдің барлығы мойнына қарыз жүктеді.
Фото: Vzglyad.az
Психолог-дәрігерлердің айтуынша, мойнында несиесі барлардың басым көбі жүйке ауруына шалдығады екен. Иығын басқан зіл батпан несие жұртшылықтың еңсесін көтертпей, жүйкесіне қатты әсер еткен көрінеді. Осы ретте таяуда ғана 20 жастағы Нұржан есімді жігіт банктегі несиенің салдарынан өзіне-өзі қол жұмсады. Банк қызметкерлері қайтыс болған анасының мойнындағы несиені ұлы Нұржаннан өндіріп алмақ болған. Алайда банк қызметкерлерінің қысымына шыдай алмай, студент жігіт өмірімен қош айтысты.
Санамалайтын болсақ, банкке қарыздарын қайтара алмай, олардың күндіз-түні телефон шалып, қорқытып-үркітулеріне шыдай алмай, өмірімен қош айтысып жатқандар елімізде жетерлік. Осыдан біраз бұрын ғана Тараздағы сот отырысында «мен банкке қарыз емеспін, менің орныма басқа біреу несие алған, мен оны білмеймін» деп соттың шешіміне ашынып, алдымен судьяны, артынан өзінің қақ маңдайынан оқ атқан жігіт ағасының жантүршігерлік оқиғасын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ.
Әбдуәлі МӘМЕДІЛ, психолог:
– Банктер кезінде несиені оңай берді. Адамдардың құжаттарын толық зерттеп, оның төлей алатын мүмкіншіліктерін қараған жоқ. Барлығына үлестіріп бере берді. Көп банк қарапайым адамдарды осылайша өздерінің қақпанына оңай түсіріп алды. Психологиялық тұрғыдан қарағанда, несие алған адамның бойында «шаршау синдромы» болады. Демек, жүйкеге күш түседі. Өзіне-өзінің көңілі толмау, несие алып, көп жылғы арманым орындалады деудiң бекершiлiк екенiн түсiну, «бұрынғы қоңыр тiрлiгiм жақсы екен бұдан да» деген ой адамды тығырыққа тiрей бередi. Жалпы, материалдық жағынан біреуге тәуелді болу деген өте қиын. Міне, осы жерде адамның жүйкесі жұқарады да, тұңғиыққа батып, «бүйтіп жүргенше, тыныш жатқаным артық» дегенді ойына сіңіре бастайды. Осылайша, арты қайғылы оқиғаларға душар етеді. Сондықтан банктердің қарапайым халыққа психологиялық тұрғыдан қысым жасауына тоқтау салуымыз керек.
Біраз жыл бұрын қарағандылық Елена Шамаеваның жарты миллион теңге қарызды өтей алмағаны үшін өмірден түңіліп, алдымен төрт жасар қызына, артынан өз-өзіне қол жұмсағанын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Бұдан қарыздың адамды қаншалықты психологиялық ауытқуға әкеліп соқтыратынын аңғаруға болатындай.
Заңгерлердің айтуынша, егер борышкер қайтыс болса, оның қарыздары балаларына берілмеуі керек екен. Бұл ретте заңгер Денис Әлімбеков: «Азаматтық кодекстің 376-бабында, банк пен тұтынушы арасындағы келісімшартта «егер адам қайтыс болса, несие алушының міндеттері түгелдей жойылады» делінген. Сондықтан банк қызметкерлерінің борышкердің мойнындағы қарызды мұрагерден өндіріп алмақ болғандығы дұрыс емес», – дейді. Алайда еліміздегі банктер халықтың қаржылық сауатсыздығы мен қаржыға деген мұқтаждығын өз мүдделеріне тиімді пайдаланып отыр. Әйтпесе қандай да болсын несие алар кезде міндетті түрде адамның өмірі сақтандырылады. Яғни борышкер қайтыс болса, оның қарызын сақтандыру компаниясы өтеуі тиіс. Бұл – дүниежүзілік тәжірибеде бар нәрсе. Бірақ біздің банктер өз мүддесін асыра пайдаланып, несие беретін кездегі келісімшартқа «егер борышкер қайтыс болса, оның қарызын мұрагері өтеуі тиіс» деген пункт енгізіп қойған. Біріншіден, оны несие алушының көбі оқымайды, екіншіден, қаржыға мұқтаж болғаннан кейін оқыса да, еріксіз келісім береді. Бірақ бұл жерде борышкер келісім бергенімен, оның мұрагері «егер ол қайтыс болса, оның орнына қарызды мен төлеймін» деп қол қоймайды ғой. Ал ол қол қоймағаннан кейін неге қарызды төлеуге міндеттенуі керек? Осының өзі заңға қайшы әрекет емес пе?! Ал банктер оны ескермей отыр. Сонда олар Қазақстанның заңына бағынбай ма?
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Негізі, дүниежүзілік тәжірибеде қайтыс болған борышкердің қарызын сақтандыру компаниялары төлеуі тиіс. Бірақ, өкінішке орай, елімізде сақтандыру орындары өз деңгейінде жұмыс істей алып отырған жоқ. Бұл жерде мұрагердің еш қатысы болмауы керек. Біздің заңымызда жеке жауапкершілік деген бар. Яғни біреу үшін біреу жауап бермеуі керек. Алдағы уақытта біз банктердің мұндай әрекеттерін Үкіметке ұсыныс ретінде жолдайтын боламыз.
Қалай десек те, елімізде банкке берешегі бар борышкерлер жетіп-артылады. Психолог-дәрігер мамандар банкке қарыз болғандардың көбі жүйке ауруына шалдығатынын айтады. Демек, адамдардың жүйкесі жұқарып келе жатыр деген сөз. Ал банк оны түсінбейді. Қазір олар қалай болса да жұртшылықтың арасындағы қарыздарын жинауға барынша кірісіп отыр. Ал мұндай мәселе тағы да қайталанбасына кім кепіл?!
Серік АНАРБАЙҰЛЫ