Әрбір мектеп бітірушіні қазақ тілін толықтай меңгеруге міндеттей аламыз ба?

емтих.jpg

Фото: Sputniknews.kz

Еліміздегі мектеп бітірушілер қазақ тілін толықтай меңгеріп шығуы үшін тіл туралы заңға да, білім саласына да өзгерістер енгізу керек. Барлық мектептер бірінші сыныптан бастап негізгі сабақтарын қазақ тілінде жүргізсе, одан кейін саты-сатымен 3-сынып, 9-сынып, 11-сынып аралығында, одан соң ЖОО түсер кезде де, әр кезеңге сай күрделі дәрежеде мемлекеттік тілде емтихандар тапсыруды енгізуіміз керек. 

Сонымен қатар мұны 10 жылдың шеңберіне қалдырып қоймай, қазақ тілін дамытуды әр жыл сайын кезең-кезеңмен жүзеге асырмасақ, бұл тек ұран ретінде қалып қоюы әбден мүмкін. Сондықтан әлі уақыт бар ғой деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Нақты іске көшетін уақыт жетті, - дейді мамандар.

Совет-Хан ҒАББАСОВ, педагогика ғылымының докторы, профессор:

– Мен бұл туралы үш жылданкөптен бері мәселе көтеріп келемін. Алайда менің сөзіме тиісті сала министрлігі ешқандай құлақ асып отырған жоқ. Негізі, еліміздегі барлық мектептер, оның ішінде орыс болсын, өзбек болсын, ұйғыр болсын, қазақ болсын – бәрі мемлекет тарапынан қаржыландырылады, мұғалімдердің айлық жалақысын да мемлекет төлейді. Енді Үкімет осынша қолдау көрсетіп отырғаннан кейін барлық мектептерге «жаңа оқу жылында, демек қыркүйек айынан бастап, барлық бастауыш сынып оқушыларының негізгі сабақтарын мемлекеттік тілде жүргізуі тиіс» деген талап қоюы қажет. Міне, алғашқы оқу жылынан бастап барлық мектептер (орыс, өзбек, ұйғыр, татар, қазақ) бастауыш сыныптардағы негізгі сабақтарды мемлекеттік тілде жүргізетін болса, онда алдағы он жылдықта мектеп бітірген балалар қазақ тілін толық меңгеріп шығатын болады. Ал қазіргі жүйемен жүре беретін болсақ, онда 10 жыл емес, 20 жылда да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл нақты ғылыми түрде дәлелденген ғалымдарымыздың ұсынысы. Осыны ертерек қолға алуымыз қажет.

«Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауым¬дастығы» қоғамдық қорының директоры Айгүл Ахметқалиеваның сөзіне сүйенсек Орыс аудиториясында қазақ тілі өзекті болып отыр. Онда оқушыларға қазақ тілін толық меңгерту өз деңгейінде жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Әрине, еліміздегі өзге ұлт мектептерінде қазақ тілінің сағат саны жеткілікті-ақ. Бірақ қазақ әдебиетіне соншалықты көңіл бөлініп отырған жоқ. Оқулықтардың сапасы да тым төмен. Ал қазақ тілі қашан қалыптасады? Оның әдебиеті мен тарихын білмей тұрып, қазақ тілін дамытамын деу қиын. Оқушыларға тек қана қазақ тілінің грамматикасын ғана үйрету жеткіліксіз. 

«Мен өзімнің тәжірибеме келетін болсам, қазақ тілін әдебиетпен қатар оқытамын. Балаларға тілімізді жетік меңгерту үшін қазақ тілі мен әдебиеті кітаптарын бірге алып жүруді тапсырамын. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиетін екі жаққа бөліп тастағанға қарсымын. Орыс мектебінде қазақ әдебиетінің саны – бір-ақ сағат. Қарапайым ғана мысал, қазіргі балалар неге шығарма жаза алмайды? Өйткені қазақ әдебиетінің сағаты аз. Егер орыс мектептерінде қазақ тілі тек сұхбаттық модельмен ғана жүретін болса, тіл аялдама мен дүкен, базарларда ғана қолданылатын болса, ертеңгі күні балалардың санасында «қазақ тілі тек дүкенде ғана, тұрмыстық қызмет көрсету саласында ғана қолданылады екен ғой» деген ой қалыптаспай ма? Сондықтан тіл әдебиетпен қатар жүрмей, шешендік сөздерді, мақал-мәтел, ертегі, жаңылтпаштарды жан-жақты үйретпей, нәтижеге қол жеткізу қиын», – дейді маман. 

Серік АНАРБАЙҰЛЫ

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар