Елбасын елемеу ме, қандастарға қағажу ма?

1.jpg

Көш басталғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де оралмандар үшін Қазақстан азаматтығын алу күні бүгінге дейін толық шешілген жоқ. Мыңдаған қандасымыз азаматтық жоқ, үй-жай, жұмыс жоқ сандалып жүр. Қазақ екенін дәлелдеу еларалық проблемаға айналғалы қашан. 1960 жылдары Кеңестер Одағы Қытайдағы 200 мың қазақты жорғалаған тышқан өтпейтін шекераны бір апта бойы айқара ашып қойып, енгізіп алғанын тарихтан білеміз.

Сол келген қазақтар Қазақстанға қаншама үлес қосты, еңбек етті, еліне жеріне иелік етті, қысқасы ұлттығымызды сақтап қалуға мүмкіндік тудырды. Осы ағйындар өсіп жетіліп саны бүгін миллионға жетті. Егер бұлар келмеген болса Шығыс Қазақстанның жағдайы қалай болар еді, қалай болғанда да Қазақ өзімен өзі өсіп жетілетіні, ортасын толтыратыны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастап Елбасы «Ағайынға ақ тілек» хатын жолдап, алыстағы қандастарды атажұртына шақырды. Мұның ұлттық саясат екенінде дау жоқ. «Ата жұртын аңсап келген ағайындардан еш нәрсе аямаңдар, бәрін жасаңдар, оларға байланысты мәселені толығынан шешіңдер» деп Елбасы үнемі ескертіп, алыстан келген ағайындарға әкелік қамқорлығын жасап келе жатқанын отандастар жақсы түсінеді. Сонау қиын қыстау кезеңге қарамай қолтығының астына алып, жұмсақ алақанын жайған Нұрсұлтан Назарбаевқа барлық отандастар өздерін мәңгілік қарыздар санайды.

Алайда, бұл күнде лауазым иелерінің көпшілігі мемлекеттік саясатты елемейтіні қынжылтады. Оны қойып әлеуметтік желі арқылы Елбасына жала жауып, халықты адастарудың жолын қарастырып жатқан арандатушылардың әрекетіне құзырлы орындар, мемлекеттік ақпарат құралдары тіс жарып, ауыз ашпайтыны таңқалдырады. Шеттегі қандастарымыздың, отанына оралған отандастардың мәселесі жайлы ДҚҚ-ның V құылтайында басшылық органдарға Елбасы қаншама тапсырма бергенін білеміз. Бірақ осы мәселеге қатысты сең қозғалар емес. Мәселе шешілгенді қойып, күн сайын жаңа проблемалар туындап жатыр. Енді екі ел арасына әке-шешесі визасыз жүреді де ал, балалары визамен жүретінді шығарды. Солардың ішінде көптеген адамдарды алаңдатып отырған проблема алыстан келген қандастардың зейнетақы мәселесі.

Елбасының хатын қабылдап, алғашқы болып атажұртына оралған моңғолиялық қазақтар сол елде алып отырған зейнетақысын мүлдем ала алмай далада қалды. Ендігі жерде зейнет демалысына шығатындар үшін олардың Моңғолияда істеген еңбек өтілі есепке алынбайды. Тек Қазақстанда істеген жылдары ғана есептеледі. Нарықтың қиыншылық жылдарында келген ағайындардың көбі өз бетімен күн көрді. Тек Моңғолиядан келген ағайындар емес, Қытайдан, Ауғанстаннан, Ираннан, Пәкістаннан келгендердің де көрген күндері осы. Тек, ТМД елдерінен келген қазақтрдың ғана бұрынғы елінде істеген еңбектері есепке алынады. Сонда Моңғолияның Кеңестер одағының тікелей отары, аты жоқ 16-республикасы болғанын Парламенттегі саясаткерлер білмей ме?. Біледі, бірақ «басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ». Неге өздері кесіп-пішіп, күнде өзгерту жасап отырған заңға толықтыру жасауға болмайды. Сол заңды алғашында өздері бекітті ғой, адам құқығына, адам өміріне зиян шектіретін мұндай заңды бастабында неге бекітеді. Тіпті, Моңғолиядан келген оралмандардың зейнетақысын дау-дамайсыз шешудің жолы осы болуға тиіс. Ал олай заңға өзгеріс жасауға құлықтары болмаса, Моңғолия үкметіне, парламентіне неге мәселе қоймайды. Халақаралық сотқа неге жүгінбейді. Кеше Моңғолия мемлекетіне 40 жыл еңбегін сіңірген байырғы азаматын зейнетақылық үлессіз қалдыруға халықаралық заң нормалары бойынша ол елдің де құқы жоқ. «Айналайын, ағайыным, қандасым» деп Елбасының өзі шақырған туысқандарды қартайған шағында далаға тастамауға Қазақстан Республикасы мүдделі, мүдделі ғана емес міндетті.

Мұнда ерекше айтар бұл мәселеге шеттен келген ағайындардың зәредей де кінәсі жоқ. Олардың қолынан келетін, өздері соңынан түсіп шешкізетін шаруа емес. Олай істеу мүмкін де емес. Бұл – тікелей мемлекет шешетін мәселе. Бұл мәселені шеше алмаса, Қазақстан Республикасы келген ағайындарды кері қайтаруы керек. Қытайдағы сияқты бұл елде қазақ ағайындарға күні бүгін қысым жоқ. Түбі бір туысқан, киіз туырлықты моңғол ағайындар қазақтарды жатсынбайтынына кепілдік бере аламыз. Ал, олай істеуге кеше «әлемде Германия мен Израильден кейін шеттегі қандастарын атажұртына шақырған үшінші елміз» деп жар салған Қазақ елі намыстанады екен мәселені шешуі керек. Әйтпегенде Қазақстан Республикасының азаматы, қаны бір өз қазағын қартайған шағында далаға тастау қандай қисынға келеді?

Әлемнің дамыған 50 елінің қатарындағы Қазақстанның айналасы мыңнан аспайтын оралман зейнеткерге арнайы заң қабылдап зейнетақы төлеуге қаржысы жетпей отыр ма? Бұған шығатын шығын Храпуновтардың жымқырған қаржысының 0,001 пайызына да жетпейді. Монголияда туып сонда зейнетке шыққандардың зейнетақысын толығымен бергізуге, осында келіп зейнетақыға шығушылардың шет елде істеген еңбек өтілін есепке алып отыруға байланысты оңтайлы шешім енгізуді Еңбек және әлеументтік Министірлігіне Елбасы үш рет тапсырма бергенін естігенбіз. Өкінішке қарай «заңда көрсетілмеген, қаржы жоспарланбаған, алдын ала қарастырылмаған, немесе біздің құзырымызда емес» деген сияқты қатаң стандарт ұстанған шаблонмен ауыз жабады.

Шынын айтсақ Елбасының ақ тілек хатын алған қазақтар түнімен бір бірінен сүйінші сұрап, аспанға бөріктерін атып, келуге асыққан отандастар дәл мұндай келеңсіздік туындайды деп ойлаған жоқ еді. Бар ой, арманы елі, жері, атажұрты болды. Сол үшін туып өскен жерін, мекенін, қыстау қорасын, жайлауын, елу жыл жинаған мал мүлкін, дән дәулетін, басындағы үйін, жылы орнын, Мемлекеттің бірінші орынбасарынан бастап үлкен-үлкен лауазымдарын лақтырып тастап, тек бір чемоданын арқалап атажұртына жетті. Бұлар келе қой бақты, көшенің қарын тазалап, ағаш отырғызып егін екті, екі қолға бір күрек ұстап, жанын аяамай еңбек етті. Сөйте тұра кеше мен министір болғанмын, басшы едім, ірі технологияларды басқардым, енді мұнда келіп қой бағып, қар тазалап қалдым деп өкінбеді. Керісінше мақтанды, қандай патриоттық сезім, қандай сағыныш!

Сол отандастар бүгін міне өсіп жетіліп, елімнен аламын емес еліме барымды беремін, бір кірпіші болып қаланамын, Елдігімізді, Тәуелсіздімізді қорғап сақтаймын деп ұрандатып жүр. Қазақстанның қаһарман халқына, Елбасына разы екенін екі сөзінің бірінде айтады. Сонда аузын ашса, жүрегі көрінген азғантай ағайынның зейнетақысын неге бере салмаймыз? Адам өмірге екі рет келмейді, сол жалғыз ғана келіп жарық өмірде еңбектенген еңбегінің қызығын көре алмай о дүниеге кету қандай қиын?! Қазақстанның басшыларын қойып, жалғыз-жарым азаматтарының зейнетақысын мүлдем емес, тіпті бір аймен бермей көрейікші, немесе қартайған шағында зейнетақысынан айырылып, ішерге тамақ, киерге киім таппай отырған сол отандастардың орнына өзімізді бір сәтке болса да қойып көрейікші. Мүмкін, сонда түсінерміз.

«Әттең тонның келтесі» болмай, Елбасымыз айтқандай қазақты ішінен ала көрмей, бәрін бір қазақ санап оралмандар төңірегіндегі толғағы жеткен мәселелерді толығынан шешетін уақыт жетті. Өйткені 28 жыл өтті ғой. Монголияда зейнетке шығып келгендердің көбісі о дүниеге аттанып, азайып та барады, обал бар жерде сауаптың барын да ұмытпаған жөн.

Басқаны қойғанда осы іске тікелей жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Парламентке неге заң жобасын енгізбейді? Бұл елеусіз-ескерусіз қала беретін әншейін кәкір-шүкір мәселе емес, адам құқын аяққа таптаған қоғамдық келелі мәселе. Азаматтық қоғам құрып жатқан Қазақ елі үшін демократиялық принциптің өрескел бұзылуы. Сондықтан мәселені шешуді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Респуликасы Парламентінен талап етеміз?!

Үзбен Құрманбайұлы,

Қоғам қайраткері



Ұқсас тақырыптар