Фото: qamshy.kz
БҰҰ-ның есебінше, Қазақстан өзін дамыған елдердің санатына қосу үшін қазіргі әлеуметіне көрсетіп отырған атаулы әлеуметтік көмек түрін 5 есеге арттыруы керек. Біздің қазіргі кедейшілік шегі ретінде есептеліп, тұрмысы төмен адамдарға берілетін әлеуметтік көмегіміздің құны 14 142 теңге (!). Бұл елдегі ең төменгі күн көріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2025 жылға дейін стратегиялық тұрғыда кедейшілік шегіне төленетін бұл қаржыны өсіруді жоспарлап отыр. Бұл ретте министр Мадина Әбілқасымова «Кедейлік шегіне төленетін жәрдемақыны кезең кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін өсіреміз» деген болатын.
Осылайша Әблқасымова ханым алты жылда кедейшілік шегіне төленетін қаржыны 70 пайызға өсіреміз деп отыр. Бірақ сала мамандарының байыптауынша, біздегі кедей-кепшікке бөлінетін қаржыны өзге елдермен салыстыруға келмейді.
Экономиканың жауы жалған статистика
Мамандардың байыптауынша, біздегі экономиканың жауы жалған есеп беру. Қазір біз «елде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 504 мың адам бар» деп есептеп отырмыз. Әйтсе де сала мамандары «бұл көрсеткіш бұдан көп болуы мүмкін» дейді.
«2014 жылдан бері қалыптасып отырған әлемдік экономикалық ахуалдар бізге әсер етпей қоймады. Ресей мен Батыс арасындағы санкциялар салқыны бізге еш әсер етпейді дедік. Бірақ әсер етті. «АҚШ-тың ұстанған саясаты да Қазақстанды айналып өтеді» дегендер болды. Бірақ теңгеміз құнсызданып, доллар қымбаттағалы әлеуметтің жағдайы да абдырай бастады. 2019 жыл экономикалық дағдарыс тереңдей түседі. Доллар мен теңге қарым-қатынасындағы тұрақсыздық биыл да орын алады. Қымбатшылық дендейді. Сондықтан біздің есебіміздегі атаулы әлеуметтік көмек алатын 504 мың адамның саны артуы әбден мүмкін. Осы арада нақтылық қажет. Жалған есеп жүргізуге болмайды», - деді «Аналитик» сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметова.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленіп қалды. Бұл ретте маман «Қымбатшылық қысып жатқанмен жалақы көтерілген жоқ. Әлеуметтік төлемдерге аздаған үстеме қосылды. Теңгенің әлсіреуінен қазір зейнетақы қорындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Сондай-ақ халықтың теңгемен жинаған қаржылары да инфляцияға жұтылып жатыр. Мұны мойындау керек. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемге 2000-3000 теңгенің айналасында үстеме қосу халықты қымбатшылықтан алып шықпайды. Сондықтан бұл арада нақты-нақты шешімдер қабылдануы тиіс» дейді маман.
Жағдайы жоқтың 66 пайызы ауылда тұрады
Қазір әсіресе ауылды жерде әлеуметтің жағдайы төмендеп тұрғанын алға тартқан маман «министрлік ауыл тұрғындарының қиыншылығын ескере отырып, ауыл тұрғындарына арналған бөлек әлеуметтік көмек базасын құруы керек» дейді.
«Ауылдық жерде өндіріс орындары жоқ. Ауылда бір сиырдың сүтіне қарап күн көріп отырған отбасыларды көзіммен көрдім. Сондықтан әлеуметтік көмек төлеген кезде ауылдық-аймақтардың қиыншылықтары ескерілуі керек. Олардың отын-суы, мал басына беретін жем-шөбі бар. Көмірдің бағасы бар. Осының барлығы ескеріліп, ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек түрін бөлек жасау керек», - дейді Тоғжан Шаяхметова.
Негізінде мамандардың пайымдауынша, бірқатар елдерде тұрмысы төмен жандарға бірнеше мәрте көмектер беріледі. Сондықтан келешекте үкімет осы жайттарға баса мән бергені жөн.
Әлеуметтік қор құруға мән беру керек
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік төлемдер мәселесіне келгенде «қолұшын бер» деп тек мемлекетке ғана телміріп отыру дұрыс емес. Бұл ретте қосымша әлеуметтік-қоғамдық қорлар құрылғаны дұрыс.
Бұған қатысты экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов «Тұрмысы төмен халықтың әлеуетін көтеруге қатысты дүниежүзінде көптеген тәжірибелер бар. Мысалы, Сингапур елінде тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорлар арқылы бизнеске тарту жақсы жолға қойылған. Бұл елде жағдайы төмен отбасы сол қорларға барып тіркеледі. Ол қор жаңағы отбасын қамқорлығына алып жұмыспен қамтуға, баласын оқытуға, тіпті микронесиемен қамтуға да жағдай жасайды. Осы тәрізді әлеуметтік-қоғамдық қорлар біздің елімізде де құрылуы қажет. Біздегі түрлі шағын несие ұйымдары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға несие беру жағын мүлде ойға да алмайды. Ал Малайзия, Финлияндия, Германия тәрізді елдерде 1% үстемақымен жағдайы төмен отбасыларға көпжылдық несие беру жүйесі қалыптасқан», - деді Жұмаділда Баяхметов.
Маманның айтуынша, тұрмысы төмен адамға аз пайызбен несие беру оларға үлкен мүмкіндік ашар еді. «Қолына қаражат тигеннен кейін олар белгілі бір кәсіппен шұғылдануы да мүмкін» дейді ол.
«Бірқатар дамыған елдерде жағдайы төмен, мемлекеттік бақылауда тұрған отбасыларға бірнеше мәрте көмек беріледі. Мысалы, Үндістанда даму деңгейі төмен аймақта тұрған әлеуметтік жағдайы жоқ халыққа әлеуметтік қор тарапынан бір жәрдемақы, жергілікті әкімдік тарапынан бір жәрдемақы, орталық бюджеттен бөлек жәрдемақы бөлінеді. Ең қызығы, даму деңгейі төмен аймақта тұрғаны үшін тағы бөлек жәрлемақы алады. Ал бізде дамуы артта қалған қаншама қала, ауылдарда халық тұрып жатыр. Тіпті біз радиациялық аймақ саналатын Семей полигон аймағында, Арал өңірінде тұратын адамдарға, Азғыр полигон аймағында тұратындарға мардымсыз, тіпті айтуға аузың ұялатын қаржы төлеп отырмыз. Сондықтан бұл арада үкіметке ғана бағынатын әлеуметтік қор құрып, кедейшілікті сол арқылы қаржыландыру тиімді деп ойлаймын. Тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамту, арзан несиемен қаматамасыз ету, жұмысқа орналастыру жағын сол қор мойынына алуы тиіс. Мәселе тек жәрдемақы берумен шектеліп қалмауы керек. Жәрдемақы ол отбасылардың мәселесін шешпейді. Ол құр емексіту, жұбатудың бір түрі ғана. Аш қалдырмаудың болар-болмас тәсілін ұстанғанша, министрліктен бұл мәселені бөлек алып шығып, арнайы қордың еншісіне беру керек. Бізде ірі-ірі холдингтер, корпорациялар бар ғой. Сол тәрізді әлеуметтік жағдайы төмен жандарға арналған мемлекеттік қор құрылғаны абзал», - дейді қаржыгер Арман Мусин.
Осылайша мамандардың байыптауынша, әлеуметтік аз қамтылған топты әлеуметтік көмекпен қамтуды бір ғана министрліктің мойнына артып қою нәтиже бермейді. Сондықтан бұл арада әлеуметтік қоғамдық қорлар арқылы да көмек көрсетудің үлгісін қалыптастыру болашақта маңызды болмақ...
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА
Mezgil.kz