Қазақстанда биыл жазықсыз сотталғандар саны артқан

11.jpg


Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты кассациялық тәртіппен қысқартылған, соның ішінде заңсыз сотталу негізімен 2020 жылы – 23 адамға қатысты қылмыстық істі, 2021 жылдың 10 айында – 34 қылмыстық істі қараған. Бұл туралы Azattyq ruhy тілшісінің ресми сауалына жауап берген Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов мәлім етті.

Жергілікті соттардың қате шешемімен жазықсыз сотталғандардың бірі – ақтөбелік Ж.Иманғалиева. Пандемияның алдында дәмханаға би кешіне барған оның өмірі күрт өзгерген. Әзірге, Иманғалиеваның өзінен сұхбат алу мүмкін болмады, дегенмен оны толығымен ақтап шыққан Жоғарғы сот істің мән-жайын баяндап берді.

«2020 жылғы 8 ақпанда масаң күйдегі ер азамат А.Желтауов дәмхананың би алаңында Ж.Иманғалиеваға бірнеше рет тиіскен. Ол өзін қорғау мақсатында жәбірленушіні итеріп жіберген. Сол кезде мас күйдегі жігіт қыш еденге құлап, бас ми сүйегінің зақымдануынан қаза тапқан.

Ақтөбе қаласы №2 сотының 2020 жылғы 29 шілдедегі үкімімен Ж.Иманғалиева кісіні абайсызда қазаға ұшыратқаны үшін (ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігі) кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеуге сотталған», - дейді Айдос Сәдуақасов.

Өзін қорғаймын деп абайсызда адам өлтіріп алған Иманғалиеваның кәмелетке толмаған баласы бар. Сот бұл фактіні ескеріп, оның жазасын 3 жылға кейінге шегерген. Иманғалиева сот шешіміне келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Бірақ, Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2020 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысымен үкім өзгермеген. Ал, соттың бұл үкімін қараған Жоғарғы сот әйел жазықсыз сотталды деген ұйғарымға келеді.

«Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 тамыздағы қаулысымен Иманғалиеваға қатысты төменгі соттар шығарған сот актілерінің күші жойылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес Иманғалиеваның əрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі қарау тоқтатылды. Иманғалиеваның қылмыстық процестi жүргiзетiн органның заңсыз әрекеттерi салдарынан келген зиянды өндіріп алу құқығы танылды», - дейді баспасөз хатшы.

Бұл дегеніміз, енді Иманғалиева қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-қимылдарының салдарынан келген зиянды қылмыстық процестi жүргiзетін органның кiнәсi бар-жоғына қарамастан, толық көлемде республикалық бюджеттен өтеп ала алады.

Жалпы, Қазақстанда судьялардың адалдығы мен пара алу мәселесі үнемі өзекті. Аудандық, қалалық деңгейдегі соттардың шешімімен келіспейтін азаматтар өте көп. Мәселен, 2020 жылы төменгі сатыдағы соттардың сот актілерімен келіспеймін деген 6 875 адам, 2021 жылдың 9 айында  5 813 адам жоғарыдан араша сұрап, арыз жазған.



Ұқсас тақырыптар