Ұлтаралық келісім – ел тұрақтылығының кепілі

1556602648_5bb1029b105d51f1fbe154e0547e4ba4.jpg


Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Егемендік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің үшінші онжылдығы барша қазақ халқының бірлескен еңбегінің жемісі. Яғни, өткенге есеп беріп, бүгінімізді таразылып, ертеңімізді бағамдайтын кезең. Көпұлтты мемлекетте халықтар достығы жыл өткен сайын нығайып, конфессияаралық татулық бүкіл әлемге жарқын үлгісін танытып келеді. 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың басын бір шаңырақ астына біріктіріп, ынтымақ пен бірлікті ту етіп ұстау  - мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты. - Біздің қоғамның дамуы, оның амандығы мен әл-ауқаты негізгі механизмсіз, яғни рухани келісімсіз жүзеге асырыла алмайды. Дәл осы сәттер Тұңғыш Президент – Елбасының құқықтық және әділ мемлекет құру жолындағы бастамалары мен стратегияларында айқын көрініс тапты. Бұл бізді жоғары жетістіктерге жетелейтін бағыт деп нық сеніммен айта аламыз. Яғни, мемлекеттік саясаттың өзегінде ұлтаралық келісім мен этносаралық татулықты нығайту жатыр. Өйткені азаматтық қоғам осының негізінде құралады - дейді облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Савет Әубәкіров.

Жалпы, Шығыс Қазақстанда этносаралық келісімді сақтау мен нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ел ертеңі – жастар болғандықтан, олардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, конференциялар тұрақты түрде өткізілуде. Сонымен қатар діни ұйымдар өкілдерінің қатысуымен де бірқатар маңызды шаралар жоспарлы түрде атқарылып келеді. Таяуда Рухани келісім күніне арналған «Қазақстан халқының рухани келісімі – ел дамуының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оған облыстық әкімдік өкілдері, облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшылығы және облыстағы діни бірлестіктер жетекшілері мен ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстел барысында оған қатысушылардың баяндамалары тыңдалып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып жүрген діни бірлестіктердің басшыларына грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Дінаралық татулық – қоғам дамуының басты кепілі. Өйткені әлемде болып жатқан келеңсіз оқиғалар мен саяси қақтығыстардың басым бөлігі діни тұрғыда туындаған алауыздықтан пайда болуда. Осы мәселелерді жою немесе алдын алу мақсатында облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығы қарымды жұмыс атқарып келеді. Орталық мамандары діни ұйымдарға барып, олардың өкілдерімен тілдесіп, түйгенін қалың қауымға жеткізіп отыр. Және де зайырлы еліміздің негізгі қағидаттарын кеңінен насихаттау жұмысын алға қойған.

-Бүгінде бірлік, бауырластық, этносаралық келісім сияқты құндылықтар мемлекетіміздің басты игілігіне айналды. Қазақстан тәжірибесін басқа елдер қабылдап, қолдануда. Ел басшылығының қолдауының арқасында біздің қоғам үлкен жетістіктер мен табыстарға жетті. Ал біздің мемлекетіміз – зайырлы, көпұлтты, өзінің ұлттық рәміздері мен дәстүрі бар тарихи ел. Бұл басты құндылығымызды сақтап, одан әрі дамытып, конфессияаралық татулықты нығайта түсуіміз керек. Осы ретте біздің Орталықтың мамандары оқу орындарына, еңбек ұжымдарына, құқық қорғау мекемелеріне барып, дәріс оқиды. Осы кездесулер барысында аудитория өзінің сауалдарын жолдап, қызықтырған мәселелеріне ұтымды жауап алып жатады. Сондай-ақ, діни экстремизм құрбанына айналған жандарды қалыпты өмірге бейімдеу, олармен жекелей жұмыс жасау да алға қойылған. Өйткені біздің қоғамымыз зайырлы ел принциптерін ұстануда. Яғни, азаматтарымыз дәстүрлі дін мен деструктивті діннің ара жігін ажырата білген жөн. Өйткені конфессияаралық татулық – дінаралық татулық, - дейді орталық басшысы Ернат Қыдырмоллаев.  

Қорыта келе айтарымыз, егеменді елдің дамуы – ұлтаралық татулықта. 30 жылдың еншісінде қазақстандықтардың бірлігі, ауызбірішілігі мен өзге ұлттарға деген құрметі жатыр. Осы басты байлығымызды сақтап, тәуелсіз еліміздің іргесін нықтай білейік!

 

ШҚО ДМЗО орталығының

 маманы Әсем Жылқышева



Ұқсас тақырыптар