«Әкімдік жерімізді тартып алып жатыр». Түркістанда жер дауы басылмай тұр

WhatsApp Image 2022-02-07 at 18.54.24 (1).jpeg


Жерімізді  тартып алып жатыр, бізден тартып алған жерлерге құны 200 млн теңге тұратын виллалар салып сатпақ, деген бір топ түркістандық редакциямызға хабарласып, араша түсуімізді сұрады. Айтуларынша, екі жылдан бері әкімдікпен жер дауына қатысты соттасып келе жатыр. Тұрғындар осыдан 15 жыл бұрын заңды түрде алған жер учаскелерін әкімдік тартып алып жатқанын айтады. 


Әкімдік тұрғындардан салып қойған үйлерін бұзуды талап етіп отыр екен, басты уәждері «мемлекеттің қажеттілігі» үшін деген талаппен жер учаскелерін қайтармақ. Дегенмен, халық қолдарындағы заңды құжатқа арқа сүйеп отыр. Халықтың қолында жер телімін беру туралы әкімнің қаулысы, жердің актісі, сол кездегі комиссияның шешімі сынды құжаттардың бәрі бар. 2007 жылы берілген жер телімдерінің құжаттарын Әділет департаменті де тіркеген. 


Түркістан тұрғыны Ырыстықыз Қошқарова әкімдік жеріне берген өтемақыны қайта қайтарып аламыз деп, дөңайбат көрсетіп жатқанын жеткізді.


«Өзімнің және қайын сіңілімнің атында екі жеріміз болған. Құжаттарыңның түп нұсқасын өткізіңдер, өтемақсын төлейміз деді. Менің атымдағы жерге үш айдан кейін 4 млн 192 мың теңге төледі. Қайын сіңіліме төлемеді. Екі жердің құжаты бірдей, біреуіне өтемақы төленеді, екіншісіне неге төленбейді деп сұрадық? Әкімдік бір жылдан кейін өтемақы қайтар, жеріңді де бермейміз, ақшаны да сот арқылы қайтарасың деді. Бұл енді нағыз бассыздық. Жердің әу бастағы шешімі дұрыс емес дейді. Енді менің атымда осы жер шығып тұрғандықтан баспана кезегіне де тұра алмай келем. Жерімнен де айырылдым. Бізді Түркістан облысының әкімдігі әбден шаршатты. Бармаған жеріміз, кірмеген есігіміз қалмады. Бес балам бар», - дейді шарасыз әйел. 


Тағы бір қала тұрғыны Әлмұхамбет Айменов осыдан 15 жыл бұрын әкімдік берген жердің құжаттары жарамсыз болып қалды деп налиды. Оған жер комиссиясы шығарған шешімнің көшірмесі архивке өтпеген, деген уәж айтыпты. Әкімдік бұл өз қателіктері екенін біле тұра тұрғыннан жерді қайтаруын талап етіп жатыр екен.


«Ол мемлекеттік мекемедегі қызметкерлердің жұмысы, қарапайым тұрғын әр құжатты архивке апарып, кітапшаға тіркеп жүрмейді, ондай талап болмаған ешқашан. Бұл облыс әкімдігінің тапқан сылтаулары. Сотқа әрқайсымызды жеке-жеке шақыртып, белден бастып, сот заңсыз шешім шығарып жатыр. Міне, бастаған құрылысты осылай тоқтатып қойдық,-дейді тұрғын. 


Ә.Айменов әкімдік жерді мемлекеттік мұқтаждық үшін алам десе, басқа жақтан жер берсін немесе мүліктің құнын төлесін, деп отыр. 


Әкімдік күшпен тартып алып, тегін алғысы келеді. Бізден тартып алған жерлерге мына сияқты құны 200 млн теңге тұратын виллалар салып, сатпақ. Қымбат коттедж, зәулім ғимараттарды лауазымды тұлғаларға, қызметтік үй деген сылтаумен тегін беріп жатыр. Мына қатар салынған виллалар қызметтік үй есебінде облыстық соттың төрағасы, облыс прокурорына, антикордың басшысына, комитеттің төрағасына берілді. Яғни, бізден тартып алынған жерлер ешқандай да мемлекеттің мұқтаждығы үшін емес. Неге мектеп, аурухана, балабақша салмайды? Біз облыстың әкіміне қалтаңнан қаржы төле деп тұрғамыз жоқ, заңды жеріміздің  мәселесін реттеп берсін. Біз облыстың тұрғындары тозып жүрміз. Халықтың осылай қиналуына облыс әкімі Шөкеев кінәлі деп білем», - дейді ол.

WhatsApp Image 2022-02-07 at 18.54.24.jpeg


Халық қалада жер бағасы күрт қымбаттап, құрылысы қарқын алған сәтте өздерінің меншігіндегі мүлікке әкімдік көз салды деп санайды. Жер телімінің нарықтағы құны қазір Түркістанда он миллион теңгеден кем емес. Жерді қайтарту туралы уәждері де қисынсыз, ақылға симайды деп санайды ашынған ел. Яссы ауылдық округі кезінде қаланың шет жағынан 245 тұрғынның әрқайсысына 10 соттықтан жер беріпті. Түркістан облыс орталығы болған сәтте әлгі аумақ қаланың ортасында қалып, таптырмас орындардың біріне айналып шыға келген. «Жібек жолы» саябағына тиіп тұрған аумақта қазір бірнеше отбасы тұрып жатыр. Тоқты да өздері тартқызып, жолға тас та төккен. 


Халық кезінде мүлкін заңдастыру үшін Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі», «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөлімі» сынды көптеген мемлекеттік мекемелердің рұқсат құжатын жинап, соңында мүлкін Әділет департаментіне де тіркеткен. Ең бастысы, мүлікті заңдастыру үшін түрлі мемлекеттік лауазымды тұлғалардан құралған комиссияның шешімін де алған. Бірақ «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ талап арызы бойынша өтіп жатқан сотта судьялар халыққа мемлекеттік мекемелердің өздері жасап берген құжаттарының күшін жойып, халықты мүлкінен айырып жатыр. 


Түркістанның тағы бір тұрғыны Ләззат Малдыбекованың жерінің құжаты да арада 14 жыл өткенде жарамсыз болып қалған. Оған сот заңдастыру комиссиясының шешімі Кентау қаласындағы архивке өтпеген, құжаттарың фальшивый  деп, үйі тұрған жердің құжаттарының барлығын жоққа шығарған.

«Жасанды құжат екенін дәлелдеу үшін сараптамадан өткізу керек. Зерттеусіз фальшивый дегендері ешқандай ойға қонымсыз, дәлелсіз. Мұрағатқа комиссияның шешімін әкімдіктің қызметкерлері өткізеді, олардың жұмысқа салғырт қарағаны үшін неге тұрғындар жапа шегуі тиіс? Мына үйді қанша жыл жүріп салдық. Құжаттарымның бәрін нөлге шығарды. Мен бірінші  соттан жеңілдім.  Яғни, үйіңді бұзып алып, көшіп кете бер дегенге келтіріп тұр. Өтемақы да төленбейді», - дейді Л. Малдыбекова. 

WhatsApp Image 2022-02-07 at 18.54.25.jpeg

Түркістан қалалық әкімдігінде 2018 жылы өтемақы төлеу туралы арнайы қаулы да  шығыпты. Бірақ ол орындалып жатқан жоқ. Сондықтан, облыстық әкімдік пен сот халықты ашық түрде билікке қарсы қойып отыр деп санайды тұрғындар. Жергілікті биліктің ешқайсысы тұрғындардың жағдайын түбегейлі шешуге зер салмаған. Әкімдіктің талабын шетінен қанағаттандырып жатқан сот сараптама да жүргізбеген көрінеді. 


Кезінде халықтың құжатын ресімдеген нотариустың жұмысын, Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының шешімін және жер телімін сату-сатып алу келісім шартын жарамсыз деп таныған. Күтпеген жерден мүлкінен айырылып, сот табалдырығын тоздырып жүрген тұрғындар әкімдіктің бұл әрекеті халықты ашындыру деп санайды. Комиссияның шешімін қадағалау қарапайым тұрғындардың құзырында емес. Сондықтан комиссияның шешіміне бола елді мүлкінен айыру  туралы қаулы шығаруға дәйек пен дәлелдер жеткіліксіз. Құжаттрады кітапшаға уақытылы және дұрыс тіркемесе оғанда халық жауапты емес. 


Заңгер Жамила Төленова мына дауда рақымшылық жасау туралы заңның талаптары өрескел бұзылып отырғанын айтады. Жер телімдерін жария ету туралы ереже, құқықтық актілер жайлы заңның талаптары және жер кодексінің талаптары бұзылып отыр. Оны бұзып отырған Түркістан қалалық әкімдігі, Жер қатынастары бөлімі және Түркістан облыстық жер инспекциясының лауазымды тұлғалары, дейді ол. 


«Әкімдік пен оған қарасты жер қатынастары бөлімі сотта жауапкер бола тұра, өздері арызға негіз болып отыр. Олардың әрекеттері жемқорлықпен ұштасып жатыр. Ол қылмыстық кодекс аумағында тексерілуге жатады. Ең жанайқайды тудырып отырған жергілікті әкімдіктің заңсыз шешімдерін өздерінің заңсыз қаулысымен бүркемелеп отырған соттың әрекеттері. Сот елді меншік құқығынан айыру арқылы өрескел заң бұзушылыққа барып отыр. ҚР заңнамаларына қатысты Түркістан өңіріндегі мемлекеттік органдарындағы лауазымды адамдарының  сауатсыздығының салдары, не болмаса әдейі ұйымдастырып отырған құқықтық нигилизмнің нәтижесі. Олардың алдында бір ғана мақсат, елдің  жерлерін қалайда тартып алу,-дейді ол.


WhatsApp Image 2022-02-07 at 18.54.25 (1).jpeg

Оның айтуынша, 2018 жылғы «1626» санды қаулының талабын орындамау, мүлікті бағаламай, өтемақсын төлемей, сот қаулысы арқылы күштеп тартып алу әрекеттері мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатына кереғар. 


«Бұны мен әкімдік пен соттың ымыраласуы деп айтар едім. Өйткені, әкімдік мынандай бейбастыққа барғанда соттың өздерінің мүдделеріне шешім шығаратынына сенімді. Сот процестерінде іске обьективті қарау деген мүлдем жоқ. Тағыда атап өтем, Түркістан қалалық әкімдігі, Түркістан облыстық әкімдігі, Жер қатынастары мен облыстық жер инспекциясы елді ашындырып отыр. Конституциямен қорғалған халықтың меншігіне сот неге нұсқан келтіреді?  Сот облыс әкімінің қарамағындағы бір бөлімі сияқты жұмыс істеп отыр. Бұл қолдан ұйымдастырған дау. Жерді осылай заңсыз мәжбүрлеп алуға негіз болып отырған лауазымды қызметкерлердің сауатсыздығы, не осы бағытта тікелей нұсқаудың болуы. Әкімдіктің қызметкерлері сауатсыздық танытса, олардың талабын қанағаттандырып отырған сот жүйесіне не айтуға болады? Бұл тағыда сауатсыздық, құқықтық нигилизм. Облыс әкімі Шөкеевтың алдындағы шарасыздық. Олай болса жоқ жерде дау туғызып, елді сенделтіп қойған облыс әкімі Шөкеев пен облыстық сот төрағасы Миятбеков өз орындарын босатулары керек. Заң мен биліктің сенімінен халықты айыру нағыз қаскөйлік», - дейді заңгер.


WhatsApp Image 2022-02-07 at 18.55.05.jpeg


Түркістан қалалық әкімдігінің мәліметінше, Бас жоспарға сәйкес «Жібек жолы» саябағы маңынан 266 жер телімі анықталып, оларды мемлекеттің мұқтаждығына қайтару туралы шешім қабылданған. Осы күнге дейін 180 адамға өтемақы төленсе, соттың шешімімен 5 адамның өтемақыларын кері қайтару туралы жұмыс жүріп жатыр. 50 жер учаскесінің иесіне қатысты іс сотқа жіберіліп, тағы 3 адамның жері бұғатталған.  Алдағы уақытта қалған 28 жер телімінің иесіне өтемақы төленбек. Даулы аумақ толықтай мемлекет меншігіне өткен соң көпқабатты тұрғын үйлер салынады.

Әділет Мұсахаев



Ұқсас тақырыптар