Зайырлы елдегі қыз тәрбиесі

2020_11_28_100736722000.jpeg


Қазақ халқында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» - деген мәні мен мағынасы терең жақсы сөз бар. Яғни, қыз – болашақ ана, бүкіл ұлтты тәрбиелейтін ұстаз. Қыздың тәрбиесіне талай ұрпақтың саналығы, елдің өркендеуі мен көркеюі байланысты. Бұл туралы ертеден келе жатқан нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер саны жетерлік. Әрбір ақын өз өлеңіне, әр сазгер өз әуеніне де қосып жүр. Сонда қыз – бүкіл адамзат тәрбиесінің ұйытқысы. Иә, бұрын ата-бабамыз қыз баланы қырық үйден тиып, биязылығын жоғары ұстап, ар-намысын мәртебе көріп, ел жұмысына көп араластырмай тәрбиелеген.

Ал заманауи өркениеттің дамыған, әр салада бәсекелестік алға қойылған, үй мен қызметтің түтігін бірге ұстаған қыздар тәрбиесі қалай? Қыз баланы тәрбиелеп отырған қазіргі ата-ана да әдептілік пен адамгершілік нормаларын басты орынға қоюда. Асыл дәстүріміздің ұмыт болмағаны ғой. Бірақ, заман үрдісіне және гендерлік саясаттың айшықталуына байланысты әйел атаулы ерлермен бірдей жүгенді ұстап келеді. Бала тәрбиелеп, үй шаруасын дөңгелетіп, қоғам өміріне араласып, саясатта ұтымды шешімдер қабылдап, өз рөлін жоғарлатуда. Бұл, әрине, дұрыс. Яғни бұрынғының озық дәстүрі бүгінгі заман ағымымен сабақтасып отыр. Бұдан ұлт да ұтылмайды, қоғам да қалыс қалмайды. Еліміздің билік құрылымында, жергілікті атқарушы органдарда қаншама қыз-келіншектер ерлермен қатар саясатқа араласып, мағызды әлеуметтік реформалардың басында тұр. Бизнес пен кәсіпкерлікте де табысты әйелдер саны жетерлік. Осындай тұлғаларға қарап бой түзеп, білімі мен қызметін жетілдіргісі келетін – жас қыздарымыз. Яғни, зайырлы дамыған елде қыз тәрбиесіне қоғам тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда айтылғанның тек жақсы тұстарын көріп, жемісін татып келеміз.

 

Әсем Жылқышева ШҚО ДМЗО маманы



Ұқсас тақырыптар