Қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға ҰҚК қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін

2022_01_14_image819732_dff9bef485098c0abf6d982c266ef237.jpg


Бұл туралы «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының төрайымы Айман Омарова Алматыда өткен баспасөз жиынында айтты, деп хабарлайды Mezgil.kz.

 

Омарова ұсынылған видео материалдарға қарап Қасіретті қаңтар оқиғасына қатысушыларды шартты түрде бірнеше бөлікке бөлгендерін жеткізді.

 

«Біріншісі – бейбіт шерушілер, екіншісі – хаос тудыру үшін қарапайым халық пен құқық қорғау органдарын қағыстырушы арнайы топ, үшінші – қарапайым адамдарды қорқытып, мәжбүрлі түрде жаппай тәртіпсіздікке тартушылар, төртінші – басқарушылардан команданы күтушілер, бесінші – арнайы дайындықтан өткен тәжірибелі адамдар, олардың қатарында ҰҚК-нің қызметкерлері де болуы мүмкін. Өйткені жаппай тәртіпсіздік кезінде ҰҚК-нің қызметкерлері ғимаратты қараусыз қалдырып, ондағы қаруларды шерушілерге тастап кетті», - деді ол.

 

Сондай-ақ ол шеруге шыққандардың ішінде қолына қару ұстай алатын, төбелеске бейім адамдар көп болғанын және мұндай жағдай бұрын-соңды тіркелмегенін айтты.

 

«Оның үстіне шеруге шыққандардың 1 пайызы ғана әйелдер. Әуежайды және басқа да стратегиялық нысанды басып алған бейбіт шеру бұған дейін болмаған. Әдетте бейбіт шерушілер алдымен өз талаптарын қояды, ол орындалмаса арты наразылыққа ұласады. Кейбір адамдар террористер неге маджахеттер сияқты үндеу жолдамады, бұны біз мойнымызға аламыз деп айтпады деп жатыр. Біріншіден, бұл адамдар партизандық соғыста жүрген жоқ, екіншіден, бұл тұлғалардың басым көпшілігі орындаушылар, яғни өз азаматтарымыз. Оларды басқарып отырғандар да біздің азаматтар. Егер олар бұны өз мойныма алам десе оны қамап тастайды ғой, сондықтан ол айтпайды. Сондықтан бұл оқиғаның осындай ерекшеліктері болды», - деді комиссия төрайымы.

 

Сонымен қатар ол жаппай тәртіпсіздік кезінде 3 879 құқыққорғаушы тәртіп орнатуға жұмылдырылғанын, оның 1097-сі зақым алғанын жеткізді.

 

«Құқық қорғаушылар көп зақым алды, қазір нақты санды айтпай отыр, олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Жарақат алған 1097 қызметкер бұл тек Алматы қаласы бойынша тіркелгендер. ПД-нің 3 қызметкері қаза тапты. ПД-нің 5 фронт-кеңсесі өртенді. Оған қоса полицияның 19 модулді және 13 экологиялық пост өртенді», - деді ол.

 

Бүгінге дейін ПД-мен 1962 қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде өзгенің мүлкін ұрлау бойынша 1544, өзгенің мүлкін қасақана қирату бойынша – 121, қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтау жөнінде – 71.

 

«Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен 308 адам ұсталып, оның 32-не прокуратураға, 276-сы Алматы қалалық ПД-ға жіберілді. 190 адамға қатысты қамау бұлтартпау шарасы тағайындалды.  2 күдікті үйқамаққа алынды, 58-і кепілмен, 8-і жеке кепілмен босатылды. 2 адамның ісі негізгі дәлел бойынша тоқтатылды. Кеше Алматы қаласынан 10 және Алматы облысынан 10 адам үйқамаққа шықты», - деді Омарова.



Ұқсас тақырыптар