Әкімнің әрекетіне келіспеген «Барахолка» базарындағы кәсіпкерлер наразылыққа шықты

photo5348338992514449307.jpg


Алматы, Mezgil.kz тілшісі. Әкімдік жұмыс істеуімізге мүмкіндік бермей жатыр, жерімізді тартып алғылары келеді деген «Рахат» базарының саудагерлері бүгін наразылыққа шықты.


Алматыдағы «Рахат» базары төңірегіндегі дау-дамай тыйылмай тұр. Түсінікті болу үшін бұл оқиға жайлы қысқаша баяндап өтсек. «Рахат» базары орналасқан жер телімін «ТКМ» ЖШС-і 25 жылдан бері жалға алып келген. Алайда, 2018 жылы жалға алу мерзімін ұзартпақ болғада қала әкімдігі бұл жердің санитарлық нормаларға сәйкес келмейтіндігін алға тартып, жалға беру мерзімін ұзартпай қойған. Кейін бұл жер өзге «Almaty CPS» ЖШС-не жалға берілетіндігі және олар жиһаз өндірісін салатыны белгілі болған. Содан бері бірнеше рет сот болып, бұл мәселе шешілмей келеді.


ASET0017.JPG


2018 жылдан бері соттасып келе жатқан «ТКМ» ЖШС-і бұл жерді жалға алуда біздің артықшылығымыз бар дегенді алға тартады. 2-3 жылға созылған соттың нәтижесінде, яғни 2022 жылдың 19 қаңтарында сот бұл жердің «Almaty CPS» ЖШС-не берілмейтіні туралы шешім шығарған. Дегенмен, 3 күн бұрын Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева базардағы кәсіпкерлермен жолығып, бұл жерде көлік тұрағы немесе басқа да сквер салынатынын айта келе бір ай ішінде жерді бостауларын сұраған.


Осы жайтқа орай бүгін базар өкілдері мен онда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер наразылық танытып, бұл іске Президенттен араша түсуін сұрады.


Жер құқығы жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек қала билігі жерді заңсыз тартып алып отырғанын айтады.


Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің кесірінен бұл кәсіпкерлер жерді жалға алу мерзімін ұзарта алмай жүр. Яғни, жерді алдағы уақытқа жалға алу мерзімі жөніндегі келісім бұзылып отыр. Соның кесірінен қазір 140-қа жуық кәсіпкердің құқығы тапталып отыр. Мұның барлығы сот барысында дәлелденді. Жер Кодексі бойынша бұл жерді жалға алуда бұрыннан жалдаушылардың құқықтық артықшылығы бар. Соны  біле тұра Жер қатынастары басқармасы мен қала әкімдігі оны айналып өткен,-дейді заңгер.


ASET9889.JPG

Оның айтуыша, қала әкімдігі бір қаулымен «ТКМ» ЖШС-нен жерді алып өзге мекемеге беріп жіберген. «Almaty CPS» ЖШС-і бұл жерге жиһаз шығаратын өндіріс орнын салмақшы болған.


Кәсіпкерлер жер мәселесі бойынша неше жылдан бері соттасып келеді, үш жыл ішінде 11-ге жуық сот ісі қаралды, 6 аппеляциялық арыз жібердік, Жоғарғы сотқа 4 рет арыз жаздық. Нәтижесінде 2022 жылдың қаңтарында Алматы қалалық аппеляциялық сотының қаулысымен Бауыржан Байбекпен қол қойған қаулы күшін жойып, бұл жер өзге мекемеге берілмейтін болды. Осылайша «Рахат» базарының кәсіпкерлері әділдікке қол жеткізді. Алайда Алматы әкімдігі тарапынан қысым жасалып жатқанын көріп отырмыз. Жетісу ауданының әкімдігі кәсіпкерлер өзге базарға көшсін деген шарт қойып отыр. Олардың мұндай нұсқаулықтары заңсыз. Өйткені базар иесі жердің жалға алу мерзімін ұзарту бойынша қайта өтінім жіберіп қойды. Оның жауабы шықпай жатып әкімдік кәсіпкерлерді орнынан қуа алмайды,-дейді Б.Базарбек.


ASET9973.JPG

Базардағы кәсіпкерлер контейнердің орнына модернизацияланған нысан салайық, жабық сауда орны етейік, бірақ нәпақа тауып отырған жерімізден қумаса дейді. Кәсіпкерлер үкімет халықпен санаспай отырғанына наразы, жұмыс істеп жатқан адамдардың мойнында кредиті, асырап отырған бала-шағасы барын ескерсе дейді.


photo5348338992514449306.jpg


Әкімдіктегілер «жанымызда салынған базарға барыңдар, сол жерден орын табылады» дейді. Барып сұрадым, орынды 20 мың долларға сатамыз деп отыр. Менде ондай ақша жоқ. Әкімдіктегілер орынға кепілдік береміз дегендей айтады. Иа, мен барып 2-3 ай тұрармын, бірақ мына орынды сатып алатын ақшам бар деп басқа адам келсе базар иесі оған бірден сатады. Сонда біз далада қаламыз ғой. Сол үшін бізге осы жерде жұмыс істеуімізге мұрсат берсе екен, мазамызды ала бермей. Осы жолы келіп бір ай уақыт береміз, орынды босатыңдар деді. Ертең біз далада қаламыз ғой,-дейді кәсіпкер Жазира Қалымбетова.


Базарда саудамен айналысатын тағы бір кәсіпкер Тимур Руфатов билік өкілдері халықтың мұң-мұқтажын түсіне білсе екен деген өтінішін жеткізді.


«Ауызы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегене сөз бар, бірақ ондай кезде не болатынын Қаңтар кезінде көрдік қой. Бәріміз жер дауынан шаршадық. Көптеген жылдан бері осы жерде жұмыс істеп келеміз, бұл базар жарамайды десе сауда орнын салсын. Біз сонда жұмыс істейік. Бізге қазір басқа сауда орнына бар деп жатыр, бірақ олар ары қарай сол жерде сауда жасауымызға кепілдік бермейді. Оның қожайыны ертең басқа біреуге орынды 20 мың долларға сатып жібере салуы әбден мүмкін. Сол кезде біз қайда барамыз? Қазір біз орынға 38 мың теңге төлейміз. Базар әкімшілігі жақсы, жағдайымызды түсінеді, одан көп көтермейді. Сауда болмай қалып жатса аренданы төлеуді кейінге қалдыруға уақыт береді,-дейді кәсіпкер.


ASET9990.JPG

Әкімдіктегілер орынды босатыңдар деп ескерту жасаған соң базарға берілетін  электр қуатын қиып тастапты. Қазір кәсіпкерлер генераторды жалға алып, соны пайдаланып отыр. Оған күніне 60 мың теңге төлейді екен, оған қоса 200 литр солярка жұмсайтын көрінеді.


«ТКМ» ЖШС-нің өкілі әрі заңгері Жәмиля Түленова аудан әкімдігі өз құзырына жатпайтын мәселені мойнына алып отырғанын айтады. Өйткені жерді жалға беру мерзімін ұзарту - қалалық әкімдік пен Жер комиссиясының құзырында. Бұл Жер кодексінің 37 бабында көрсетілген.


Аудан әкімдігінің не себептен базарды босатыңдар деп заңсыз талап қойып отырғаны біз үшін жұмбақ. Осы базар дауымен айналысып жүргеніме 7 жыл, ал соттасып жүргенімізге 5 жыл болды. Егер олар айтқадай бұл жерге автотұрақ салынатын болса, алдымен қаланың бас жоспары және жерді игеру мақсаты өзгеру керек. Қазір олар туралы мәлімет жоқ. Бұл жерді пайдалану бойынша «ТКМ» ЖШС-нің артықшылығы бар. Заңда жерді пайдаланушы талаптарды бұзбаса өзгелердің алдында артықшылық құқығы бар,-дейді  Түленова.


ASET9898.JPG

Сонымен қатар ол бұған дейін базар тұрған орынды санитарлық қорғау аймағына жатады деген сылтаумен жалға алу мерзімін ұзартпай келгендерін айтты.


Егер ондай негізге келсек бізге тиіп тұрған «Ялян», «Байсат», «Адем» базарлары да болмаушы еді, құжатта олар зираттың орнына еніп кеткен. Сондықтан санитарлық қорғау аймағы деген тек сылтау. Қазір жерді жалға алу мерзімін ұзарту жөнінде жіберген арызымыз әкімнің алдына бару керек болған, бірақ Заңдардың күнде өзгеруіне байланысты олар арызды Жер комиссиясына жібереміз деп жауап беріп отыр. Ол жерде қаралуы екі айдай уақытты алады. Бізге бастысы заңды бұзбай, артықшылық құқығымыздың аумағында мәселені шешсе болды,-деді Жәмиля Түленова.


Базар өкілі егер жерді жалға алу мерзімін ұзартатын болса қазіргі заманға сай сауда орнын салуға дайын екендіктерін білдірді. Ол бойынша 2018 жылдары қала әкімдігіне өз жобаларын да ұсыныпты.


Біз ұсынған жобаларға әкімдік тарапынан екі рет өзгеріс енгізілген болатын. Алайда 2019 жылы бұл жерді өзге мекемеге беріп қойғаны туралы мәлімет тарап, ол жоба тоқтап қалды. Бұл мәселеде құйтырқылық әрекет біздің жергілікті басқару оргадары тарапынан орын алып отыр,-деді ол.

ASET9884.JPG


Бұл келеңсіз жайтқа байланысты Жетісу ауданы әкімдігіне барып, олардың пікірін де білген едік. Басында әкімнің орынбасары жауап береді деп күттіріп, кейін әкімнің өзі шығып жауап берді.

ASET0033.JPG


Аудан әкімі Гүлнар Көкебаеваның айтуынша, бұрынғы «Рахат» базары қазір үшке бөлінген. Оның бірі жаңа «Ялян», екіншісі «Rahat.kz» болып жаңадан салынған.


Қазіргі «Рахат» базары ескі кейпінде тұр. «ТКМ» ЖШС-і жерді жалға алу мерзімін өткізіп алды. Оны ұзарту бойынша арыз берген, бірақ оларға рұқсат берілмеді. Кейін олар арызданып, сотқа берді. Бұл жер инвестжоба аясында жиһаз жасайтын «Almaty CPS» ЖШС-не берілген. Бұл мәселе бойынша да сот болып, ол бірнеше жылға созылды. Бірақ осы жылдың қаңтар айында сот бұл іске нүкте қойды. Онда тұрған кәсіпкерлермен кездесіп, оларға жылы жерден орын беру жөнінде түсіндіру жұмысын жүргіздік. Кәсіпкерлер бұл орынды сатып алуға күштемесе екен және алғашқы уақытта қандайда бір жеңілдіктер жасалса деген өтініштерін білдірді. Бұл бағытта базар басшыларымен кездесу өткізіп, олар кәсіпкерлердің өтінішін қабыл аламыз және кепілдік береміз деді. Сондықтан кәсіпкерлердің құқығын ешкім бұзып отырған жоқ,-деді әкім.


ASET0054.JPG

Дегенмен аудан әкімі қазіргі базар орнына алдағы уақытта не салынатынын ашып айтпады.


Базардың орнына не салынатыны белгісіз, оны қалалық әкімдік шешеді. Біздің ойымызша ол жерде абаттандырылған аймақ немесе атвотұрақ пайда болуы мүмкін. Дәл қазіргідей базар болмайды. Біз кәсіпкерлерге ондағы контейнерлерді алып кетуге және өзге орынға көшуге бір ай уақыт бердік. «ТКМ» ЖШС-нің бұл жерді жалға алуда ешқандай артықшылығы жоқ, өйткені бұл жерді пайдалану мақсаты өзгеріп кетті. Оған қоса соттың соңғы шешімі бойынша бұл жер үкіметтің қолында,-деді  Жетісу ауданының әкімі Г. Көкебаева.


Ұзаққа созылған жер дауы қашан аяқталатыны белгісіз. Дегенмен, бұрынғы әкімдерден құқай көрген кәсіпкерлер, қаланың жаңа басшысы оңтайлы шешім шығарады деген сенімде.

Әділет Мұсахаев


Ұқсас тақырыптар