Салт-дәстүріміз – асыл қазынамыз

kk.jpg


Қазақ халқы – әдет-ғұрып пен дәстүрді ерекше қастерлейтін, атадан мұра қылып, бүгінмен сабақтастыра білген дана халық. Әрбір салт болмысымызды айшықтайтын, тіліміз бен дінімізді ерекшелейтін сипатқа ие. Сәби дүние есігін ашқаннан бастап түрлі жоралғылармен қатар өседі. Шілдехана, бесік той, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндет той, беташар, отқа май құю және өзге де салт-дәстүрлерсіз өмірімізді елестету мүмкін емес. Әрине, әр өңірде жасалу жолы ерекшеленгенмен, түп-төркіні, мазмұны мен сенімі, ниеті бір. Көбі діни тұрғыдан да құпталып не датталып жатады. 

Мәселен, сәбиге қатысты бірнеше жоралғылар бар. Мысалы, сәби өмірге келгеніне 40 күн толғанда «қырқынан шығару» рәсімі орындалады. Бұл күні сәбидің ата-анасы, үйдің үлкендері мен жақындары жиылып, әйелдер қауымы баланың алғашқы шашын, тырнағын алып, жақсылап шомылдырады. Қырқынан шығару дәстүрі бойынша, баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдыска қырық қасық су құйып шомылдырады. Сәбиді қырқынан жасы үлкен, құрметті әрі сыйлы үш әйел адам шығарады. Кейбіреулер қырық күн сәби үшін де, анасы үшін қатерлі әрі қауіпті кезең екенін айтып жатады. Сол себепті қырық күнге дейін бала ана құрсағындағы шашымен, тырнағымен жүреді. Қырық күнге дейін сәбиді көпшілікке көрсетуге болмайды деп те жатады.

Келесі бір салт – ол баланың тұсауын кесу. Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ «баламыз тез жүріп кетсін» деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатын той жасайды. Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала сүріншек, болашақта жығылғыш болады деп пайымдайды. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, жолы ашық азамат болады деп санаған. Сондықтан, қаз тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан баланың тұсауын кесу бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ескі дәстүр. Тіпті, бұл күнге орай кішігім думанды той жасалады. Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі.

Әрбір салт туралы көп ой қозғауға болады. Кез-келген қазақи дәстүр таза ниет пен жоғары сеніммен ұштасады. Тұсау кесер, беташар, отқа май құю болсын, ондағы мақсат бір – алдағы өміріңе бата беріп, жарқын болар үмітіне ниеттену. Көпшілік тілектес болса, өмірі баянды болады деген сөз де бар. Сондықтан салт-дәстүрімізді ұлықтап, ұмыт бола бастағанын жандандырып, болашақ ұрпаққа саф алтындай сақтап, жалғастыруымыз – ұлттық міндетіміз! 


Әсем Жылқышева

ШҚО ДМЗО орталығының маманы 



Ұқсас тақырыптар