Наурызда күшіне енетін заңдар

Наурыз айында Қазақстанда бірнеше заң күшіне енеді, заң шығарушы орган – Мәжіліс құрамы өзгереді.


1667455258_news_b.jpeg


19 наурызда елімізде Мәжіліс пен маслихаттар сайлауы өтіп, билікке жаңадан депутаттар келеді. Қазіргі күні сайлауға қатысатын 7 саяси партия тіркелді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр.


3 наурыздан бастап банкроттық туралы заң күшіне енеді. Ел азаматтары банкроттық туралы өтініш өткізе алады. Бүгінде 1 млн 180 мың қазақстандықтың қаржы ұйымдарының алдында 1,1 трлн теңге қарызы бар екен.


Қаржы министрлігі, «банкроттықты рәсімдеу қарызды кешіру еместігін» ескерткен болатын.


Банкрот деп танылған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды. Олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі.


Биылғы наурыздан бастап қоғамдық орындарда былапыт сөз айтқандар бұрынғыдан көп айыппұл төлейді.


Бұған дейін, айналасындағы адамдарға құрметсіздік көрсетіп, боқтық сөз сөйлегендер 17 250 теңге көлемінде айыппұл төлеп немесе 10 тәулікке қамауға алынатын еді, 6 наурыздан бастап мұндай әрекет үшін 20 АЕК (69 мың тенге түріндегі жаза) айыппұл салынады немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынады.


Көктемнің алғашқы айынан бастап қазақстандықтар үшін шенген визасын алу шарты өзгерді. Анығында, Қазақстан азаматы шенген визасын алу үшін қосымша консультациялардан өтеді.


ЕО ережелеріне сәйкес, Еуропалық Одақ пен Шенген аймағының елдері виза алуға өтініш берген үшінші елдердің азаматтарына қатысты қосымша консультациялар бастауға құқылы.


Іс жүзінде Шенген келісімі елдерінің әрқайсысы шетелдік азаматтарға виза беру рәсімдеріне қатысты өз бетінше шешім қабылдайды және өтінімдерді қарау мерзімі 15-тен 45 күнге дейін белгіленген. 



Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар