Қазақ тіліне реформа: Латын әліпбиіне көшу тарихы

Кез келген тілдің дамуы үшін, ол тіл үнемі жаңа сөздермен кірігіп, ғылыми өзгерістерді қабылдай алатын негізде болуы шарт. Міне, сонда ғана тіл заман ағымына сай түрленіп, ұрпақтар қолданысына лайық болады. Қазақ тілі де сол заңдылықпен жүруі міндетті. Тілдің сақталуы мен дамуына басты қажеттілік оның барлық салада қолданысқа ие болуы. Ғылымда, мемлекеттік органдар мен күнделікті өмірде қолданылатын тіл – толыққан тіл деп аталады.


photo_851.jpeg

 

Бүгінде қазақ тіліне реформа жасап, латын әліпбиіне көшіру процесі жүріп жатыр. Бұл тәуелсіздік ала сала талқы болған тақырыптың бірі еді. Өйткені КСРО шекпенінен шыққан бірқатар елдер бірден латын әліпбиіне көшу процесін бастап кетті. Олар сол арқылы Мәскеудің қарсы реакция білдіруі қиынға соғады деп есептеді. Алайда асығыс кей реформа кері эффект берген сәттер де болды. 1992 жылы Түркияда түркі ұлттарының конгрессі өтті, онда талқы болған тақырыптың бірі осы түркі ұлттары бір-бірінің жазуын оқи алу мәселесі болатын. Ол үшін ортақ әліпби құру жайлы да айтылды, алайда көпшілік әлемге және түркі халықтарына оңай болу үшін латын әліпбиін қолдануды ұсынды.

 

Қысқаша қазақ тілінің жүріп өткен жолына назар аударайық, сонда бұл процестің біз үшін таңсық еместігіне көз жеткізе аламыз. Қазақтар Ресей империясы тұсында араб әліпбиін жазу, хат алмасуда қолданып келді. Қазақ тіліне араб әліпбиін икемдеп жасау маңыздылығы тұрды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «тіл ұлттың жаны» екенін түсіне отырып, реформаны өзі жасап шықты. 1912 жылы ұлт ұстазы араб әліпбиін алып, оны қазақ ұлтының дыбыстық және әріптік ерекшелігіне лайықты етіп өзгертті. Керегін алып, керек емесін алып тастады. Ел арасында бұл әліпби «төте жазу» деп аталып кетті. Ал ғылыми тұрғыдан оны «Жаңа емле» деді. Бұл өзгерісті қазақ халқы жылы қабылдады. Себебі о баста ауыл молдасынан хат танып, білім алған бірқатар қазақ жастары жаңа әліпбиді тез игеріп алды. Діни тұрғыдан сауаты бар жұртшылыққа да жаңа әліпбиді үйрену қиынға соқпады. Жаңа әліпбимен медресе мен мектепте білім беру іске асты, тіпті баспасөз кеңінен қолданды. 1913-1917 жылдары шыққан, қазақтың көзін ашып, көкірегін оятқан «Қазақ» газетінде де осы жазу қолданылды. Ал оның редакторы Ахмет Байтұрсынұлының өзі болған еді. Бүгінде бұл жазуды Қытай қазақтары әлі күнге дейін қолданады. Ашаршылық жылдары және саяси қуғын-сүргінде елден босып кетуге мәжбүр болған қандастарымыз Ахмет Байтұрсынұлының ойлап тапқан әліпбиін сақтап қалды, тіпті оны заманауи технологияларға икемдеп, смарт типтес негізге айналдырды.

 

Ахмет Байтұрсынұлы жаңа әліпбиге қатысты өз еңбектерін тоқтатпады. Бірнеше еңбек жазып, кем-кетік тұсын реттестіріп отырды. Бұл жұмыстар 1924 жылға дейін жалғасты, ал 1924 жылы кеңестік билік Қазақстанда толық орнады. Дәл осы әліпби негізінде халықты сауаттандыру бағдарламасы жасалды. 1929 жылғы статистикада төте жазуда оқып, жаза алатын халықтың саны 8-10 пайыз деген дерек бар. Бұл сол кезеңдегі көрсеткіш бойынша жоғары динамика ретінде саналады. 1923 жылдың өзінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру керектігі айтыла бастады. Ол кезеңде латын әліпбиіне көшуді қолдайтындар мен араб жазуын ұстануды қалайтындар арасында үлкен талас-тартыс, пікірталас өрбіді. Араб әліпбиінде қалуды қолдайтындар латын әліпбиі қазақ дыбыстарын нақты бере алмайды, фонетикаға сай емес деді. Латын әліпбиіндегі 26 әріп қазақ тіліне келмейді, оның өзінде 15 әріпті ғана өзгеріссіз қолдануға болады деген ой да айтылды.

 

Элита екіге бөлінді. Байтұрсынұлын Молдағали Жолдыбаев, Халел Досмұхамедов пен Міржақып Дулатұлы қолдаса, латын әліпбиіне көшуді Ораз Жандосов пен Санжар Асфендияровтар құптады. Олар латын әліпбиіне көшу сол кезеңде қымбат саналған баспа өнімдерін шығаруда көбірек септігі тиеді деп санады. Дау-дамай ұзаққа созылмамй, әліпби тағдыры шешілді. 1929 жылы қазақ халқы жаңа әліпбиге ие болды. Латын әліпбиіне көшуді қалайтын топ жеңіске жетті. КСРО түркі халықтарына ортақ болуы тиіс «Жаңаліп» жобасын мақұлдады. Ол жаңа әліпби дегенді білдірді. Сөйтіп 1929-1940 жылдар аралығында Қазақстан аумағында латын әліпбиіне негізделген алфавит қолданылды. Ал латын әліпбиін қоғамға кеңірек насихаттап, халыққа өтімді етуді «Жаршы» журналы 1929-1931 жылдары іске асырды.

 

Алайда латын әліпбиі ұзаққа бармады. 1940 жылы 13 қарашада «Қазақ тілін латын әліпбиінен орыс графикасына ауыстыру» туралы заң қабылданды. Бұл латын әліпбиінің ғұмыры бітті дегенді білдірді. Латын әліпбиі 11 жыл ішінде қазақ халқының ауыр да азапты кезеңінде болды. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, күштеп ұжымдастыру, ауыл шаруашылығын жоспарлаудағы қателіктер мен қуғын-сүргін кезеңінде жүзе асты. Сондықтан бұл кезеңде латын әліпбиінде аса көп еңбек жазылып, сақталды дей алмаймыз. Дей-тұра Алаш арыстарының соңғы еңбектері осы кезеңде жазылғанын да айту керекпіз.

 

Қазақ тілін кириллицаға алмастырудың авторы ретінде лингвист Сәрсен Аманжоловты айтуға тиіспіз. Ол қазіргі уақытта сіз бен біз қолданып жүрген кириллицалық әліпбиді жасап шықты. Әліпби 42 әріптен тұрады. Оның 33 әрпі орыс тілінен алынса, 9 әріп қазақ тілінің ерекшелігін ескере отырып қосылды. Олар: Ә, Ғ, Қ, Ң, Ө, Ұ, Ү, Һ, І. Тек 1951 жылы Ӯ әрпі Ұ болып өзгертілді, ал 1957 жылы Ё әрпі қосылды. О баста қазақ әріптері орыс әріптерінен кейін орналастырылды, кейін әріптерді дыбысталуы бойынша орналастыру шешімі қабылданды. Қазіргі уақытта біз сол бірізділік бойынша қолданып келеміз. Осылайша кириллица біздің тарихымызға енді. Алайда тәуелсіздік алған соң, «қайта латын әліпбиіне көшу керек» деген мәселе көтеріле бастады.

 

2007 жылы Қазақстанның Білім және Ғылым министрлігі «Қазақ тілін латын әліпбиіне алмастыру туралы» аналитикалық анықтамасын дайындады. 2017 жылы Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу жұмысына дайындықты бастау керектігін айтты. Ол жаңа әліпбиді талқылау үшін тіл мамандары мен ғалымдарды арнайы жұмыс тобына тартып, түрлі нұсқаларды ұсыну керектігін айтты. 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік қазақ құрылтайында латын әліпбиі әлемге тарыдай шашылған қазақты біріктіреді, жақындастырады деді.

 

Латын әліпбиіне көшуді қолдамайтындар өзге елдердегі сәтсіз тәжірибені мысалға келтіреді. Олар мысал ретінде Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстанды айтуда. Қарсы топ кириллица кезеңіндегі құнды жазбаларды болашақ ұрпақ оқи алмай қалады, білім жүйесінде үлкен деградация болады, жаңа әліпбиге көшу тым қымбатқа түседі және басқаны айтуда. Тіпті латын әліпбиіне көшу Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынасты нашарлатып, саяси салқындық туындатады дейтіндер де бар. Кейбірі сәтсіз реформа қазаққа тән дыбыстардың жойылуына әкеледі дейді.

 

Алайда тілді реформалау керек дейтін топ латын әліпбиіне көшу маңызды екенін айтуда. Олар тілдік тұрғыдан алып қарағанда, бұл заман талабы деп отыр. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл ғылымы институты латын әліпбиіне көшу жұмысын іске асырушы органның бірі. Міне, осы институт маманы, ғалым Н. Уәли латын әліпбиіне көшудің 8 қажеттілігін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Ғалым былай дейді:

- Әлеуметтік-мәдени жағы бар. Бұл бұрынғы әліпбиде кеткен барлық қателікті түзеп, ұлттық ерекшелікті сақтап қалуға мүмкіндік береді. Себебі бұрынғы әліпби кеңестік кезеңде енгізіліп, ұлттық ерекшелікке мән берілмеген.  

 

- Тілдік жағы. Қолдан жасалған, қажеті жоқ кей іріптерді алып тастап, екі ұлтқа тән ерекшелікті бір әліпбиге біріктіре салып, қазақ тілінің ерекшелігін ескере бермеген әліпбиді алмастырып, жаңа жазба түрін жасауға болады.  

- Экономикалық жағы. Халықаралық қауымдастықтағы қазіқ тілінің үлесін арттыру мүмкіндіктері жаңа әліпби арқылы ашылуы әбден мүмкін. Бұл экономикаға да, бәсекеге қабілеттілкке де өз әсерін тигізеді.

- Саяси жағы. Қазақ жазбасын тоталитарлық кезеңнің елесінен ажыратып, ұлттық сана-сезімді ояту мүмкіндіктерін ашу.  

- Психологиялық жағы. Ұлт алдындағы қазаққа жазуды Ресей үйреткен деген таңбаны алып тастауға және сол арқылы жаңа жазушылыққа серпін беру.

- Тарихи жағы. Түркі халықтарының басын біріктіру мүмкіндіктері ашылады. Түркі ұлттары мен мемлекеттері арасындағы мәдени байланыс арта түседі, достық пен бауырластық нығаяды. Себебі көптеген түркі ұлттары латын әліпбиіне негізделген жазбамен өмір сүріп келеді.  

- Педагогикалық жағы. Жас буынға 42 әріптен тұратын әліпбиге қарағанда, 26 әріптен тұратын әліпбиді үйрену тез әрі жеңіл болмақ.

-  Ақпараттық жағы. Латын әліпбиіне негізделген жазбалар бүгінде әмбебап болып келеді. Бұл ғылымда, информатика саласында және компьютерлік салада кеңінен қолданылуда. Латын әріптері пернетақтаға толық сиып, жазуды жеңілдетеді. Сәйкесінше ғылым да оңтайланы түседі.

 

Міне, ғалым дәл осындай 8 артықшылықты бөліп көрсетуде. Тілге қатысты реформаны саясаттанушы Ерлан Қарин былай дейді: «Тілдік графика реформасын қазақ тілін модернизациялау тұрғысынан қарастыру керек. Біз басқа бір тілге ауысып жатқан жоқпыз, бар болғаны графиканы модернизациялаудамыз, бұл кеңес үкіметінде болған да еді. Мемлекет бұл жұмысқа мақсатты түрде, жоспарлы негізде жылжып келеді».

 

Қазақстан осылайша латын әліпбиіне қадаммен басып келе жатыр. Жоспар бойынша 2025 жылы латын әліпбиіне көшу аяқталуы тиіс, сол уақытта мектеп оқушылары да латын әліпбиінде білім алуды бастайды. Бұл қазақ тілінде білім алатын оқушыларға қатысты. Ал латын әліпбиіне көшу процесі асығыстықты қажет етпейді деген пікірді ұстанатын азаматтар, бұл мәселеде қателік жібермеу маңызды деп санайды. Ал ел үкіметі латын әліпбиіне көшу жұмысы 2031 жылға дейін соызлуы мүмкін екенін айтқан еді.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар