Девальвация: Ресей рублі құнсыздануда

Ресейде девальвация күшейді. Ресей қаржы нарығы осы аптада құбылмалы күй кешуде. Ресей валютасы рубль құнсыздануын жалғастыруда. Ресей бюджеті үшін рубльдің еркін айналымға жіберілгені тиімді дейді мамандар, алайда қарапайым ресейліктер үшін бұл керісінше тиімсіз.


Онлайн-конференция. Девальвация рубля осенью: угроза или реальность? |  ПРЕСС-ЦЕНТР | АиФ Санкт-Петербург

 

Алғаш рет Ресейде девальвация 1998 жылы болды. Ол сәтте Ресей экономикасы дефолтқа ұшырады. 1998 жылы Ресейдің сыртқы қарызы 34 млрд долларға жетті, ал Орталық Банктің резерві бар болғаны 24 млрд болатын. Шығыс Азия елдеріндегі экономикалық дағдарыс посткеңестік елдерді де шайқалтты. Мұнай бағасы төмендеп, жығылғанға жұдырық болды. 1998 жылы Ресей рубльді еркін айналымға жіберді. 1998 жылдың басында 1 доллар 6 рубль болса, сол жылдың қыркүйек айында ол 21 рубльге дейін көтерілді.

 

2014 жылы Ресей Украинаға агрессия жасады. Қырымды тартып алып, Украинаның шығысында сепаратистік әрекеттерді қолдады. Әскери айырым белгісі жоқ қарулы жасақтарды Украина жеріне кіргізді. Бұл Батыс тарапынан Ресейге санкция салуға әкелді. 2014 жылы Ресей рублі  41%-ға құнсызданды. Батыс санкциясы, мұнайдың түсуі рубльді әлемдегі ең құнсызданған валюталар қатарына қосты.  Ресейдің қаржы нарығына соққыны күшейту үшін Батыс елдері ендігі таңда Ресейге 90 күннен артық мерзімге кредит бермеді. Бұл Ресей банктеріне ауырға соқты. Мұнай бағасының тым төмендеп кетуі Ресейдің өзге елдер алдында қарызын қайтаруды қиындатты.

 

2022 жылы Ресей Украинаға басып кірді. Батыс Ресейге санкцияларды күшейтті. Жекелеген тұлғаларға, қаржылық секторға санкциялар күн сайын салынып жатты. Қазіргі уақытта Ресей әлемдегі ең көп санкция салынған елге айналды. 2022 жылы 10 наурызда рубль өз тарихындағы ең құнсыз көрсеткішке жетіп, долларға шаққанда 121, еуроға шаққанда 132 рубльді көрсетті. Ресей валютаны шешуге шектеу қойды. Алайда рубльдің құнсыздануы тоқтап, жылдың ортасында жағдай тұрақтала бастады. Газ бен мұнай бағасының өсуі рубльді қуатты етуге әсер етті. Сарапшылар бұл уақытша жағдай деп атаса да, 2022 жылдың маусымында рубль долларға шаққанда 50-ді көрсетті. Бұл Ресей экономикасы мен қарапайым халқына үміт сыйлады.

 

Батыс Ресей нарығын қыспаққа алуды жалғастырды. Мәскеудің Украина жеріне жасаған агрессиясы лаңкестік деңгейге жеткендіктен, Батыс елдері санкциялық пакеттерді күшейте түсті. Мысалы Ресей газын сатып алудан Еуропа бас тарта бастады, ал ресейлік мұнай бағасына шектік құн енгізді. Ресей мұнайын тасымалдауға өзге ел танкерлеріне тыйым салды, ережені бұзғандарға санкция салынды. Ресей аумағына кіргізуге тыйым салынған тауарларды кіргізген компаниялар санкция құрығына ілікті. Бұның барлығы да Ресейдің экономикасына кері әсер етуде.

 

2023 жылды Ресей қаржы нарығы рубль құнын долларға шаққанда 65-70 көрсеткішінде бастады. Алайда 2023 жылдың шілдесінде рубль қатты құнсызданып, 95-100 арасына дейін көтерілді. Ресей нарығында тауар бағасы қымбаттай түспек. Қазірдің өзінде планшет, телефон, теледидар сынды тұрмыстық техника түрлерінің құны 10-15 пайызға қымбаттайтыны айтылуда. Сарапшылар күзге дейін рубль бағасы 110-120 деңгейіне жетуі ықтимал дейді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар