Саакашвили: 2008 жылы біз Ресеймен қалай күрестік?..

Кеше Ресей мен Гүржістан арасындағы 2008 жылғы тамыз соғысының аяқталып, Путиндік Ресей Гүржістанның жікшіл абхаздық, осетиндік аймақтарын өзіне қосып, тұтас мемлекеттің 20 пайыз аумағын тартып алғанына 15 жыл болды.

1691577415849421.jpg

Осылайша реваншистік Ресейдің КСРО-2 идеясы ТМД әлемін кезіп, Путин «орыс жерін жинаушы» деген атақты иеленді.

Осы бір айтулы дата қарсаңында, өз билігінің һәм «Кремльдің тұтқынына» айналған Гүржістанның экс-басшысы Михаил Саакашвили 2008 жылғы оқиғаларға қатысты бірлі-жарым жазба жариялады.

Гүржістанның бүгінгі «Ресейшіл» билігінің қатаң шешімімен түрмеге қамалып, өлімші хәлге душар болған, бүгінге аурухана төсегіне таңылған Саакашвили не дейді?

«2008 жылы біз Гүржістанды қалай құтқардық? Ресей Грузияға басып кірген уақытта Тблисиге Францияның Сыртқы істер министрі Бернер Кушнер келді. Атысты тоқтату туралы келісімнің жобасын мақұлдастық. Ол жобаны Саркози Мәскеуге алып барды. Оны Мәскеуде Путин мен Медведев қарап, 1 пункт қосты. Онда «Оңтүстік Осетия мен Абхазияға айрықша статус беріліп, аталған аймақтардың тағдыры келешекте Халықаралық келіссөздер барысында шешіледі», - деп жазылған. Бұл дегеніңіз Грузияның өз территориясынан бас тартуы, территориялық тұтастығын бұзуға келісуі деген сөз. Мен үзілді-кесілді «жоқ» дедім.

Саркози мені сағаттап отырып, келісімге келуге көндіруге тырысты. Ол: «Егер қазір бұл келісімге қол қоймасаңыз, ертең Ресей Тблисиде болады. Путин сіздің көзіңізді жоюға шешім қабылдаған. Мен әскер жібере алмаймын. Буш та жібермейді», - деді.

Бұл әңгіменің басы-қасында Давид Бакрадзе мен менің америкалық көмекшім Даниел Кунин болған. Кейін Лех Качински осындай келісім болып жатқанын ести сала, кездесуге қосылғысы келген. Бірақ, француз тарабы қарсы болды. Кейін Николя Саркози Медведевке қайта қоңырау шалып, Ресей тарабы келіскенімен, ең аяғында атысты тоқтатуға берген кепілдігін Ресей бәрібір бұзды.

Сол уақытта біз Грузияның егемендігін қорғадық. Түбінде Гүржістанның территориялық тұтастығы түбі қайта қалпына келеді».

***

«Өртенген үйлер. Бомбаланған қалалар. Соғыс бұлты бастарына төнген отбасылар. Жетім-жесірлер. Ата-анасынсыз қалған балалар. Тамыз соғысы – үлкен трагедия. Оның қалдырған жарасы біздің жаңа тарихымызда мәңгі жазылып қалады.

Маған сол кезде премьер ретінде екі есе ауыр болды. Ресей армиясы бейбіт халыққа соғыс жасап, басып кірді. Заманауи Грузия талқандалды. Мені барша грузин халқы секілді қайран қалдырып, рух беретін жайт – біздің батыр жігіттеріміздің өзінен жүз есе қуатты дұшпанға ақырғы демі үзілгенше қарсы тұрып, қаймықпай күрескендігі! Ол батыр жігіттердің есімдері біздің санамызда мәңгіге сақталады».

***

«Литваға ерекше алғыс айтамын. 2008 жылы Литва айрықша маңызды рөл ойнады. Валдас Адамкус өзге Еуропалық 5 лидермен бірге осында келді. Соғыстың алғашқы күні-ақ, Литва Қорғаныс министрі бізге транспорттық әскери ұшағын жіберді. Оның іші әскери техникаға толы болды. Литваның Сыртқы істер министрі Ресейдің Тблиси көпірлерін бомбалау туралы құқайына дереу жауап беріп: «Ресей шенділері менімен бірге Тблисидің орталық көпірінде тұрып көрсін. Көреміз, Ресей НАТО-ға мүше елдің Сыртқы істер министрі өлтіруге шамасы жете ме екен», - деп мәлімдеді. Литва Денсаулық сақтау министрі біздің жаралы жауынгерлерімізге ота жасауға өзі келіп қатысты.

Мен Литва Сейміне жуырда мені Путин тұтқынынан босату туралы қабылдаған резолюциясы үшін ерекше алғыс айтамын.

Мен Ресей басқыншылығын өз бастарынан кешіріп жатса да, маған араша түскен Украина халқы мен президент Зеленскийге де ерекше алғыс айтамын».

***

«Ресейдің зұлым басқыншылығының 15 жылдығында Буш мырзаға Гүржістанға көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтамын. Сол көмектердің барлығы Ресей басқыншылығын тежеуге бағытталған еді. Өзінің қатаң дипломатиясы мен бізге көрсеткен қолдауы үшін Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райсқа рахмет айтамын. Олар Грузия мемлекеті мен демократияны қорғау үшін барын салды.

Сол кезде вице-президенттікке үміткер болған Байденнің бізге арнайы келіп, 1 млрд доллар көмек ұсынуын ерекше атап өткім келеді. Бұл көмек Грузияға соғыстан кейін аяқтан тұруға көп септігін тигізді».

***

«2008 жылғы соғыста Әзербайжан да ерекше рөл ойнады. Бүгінгі Грузия Әзербайжанның сол кездегі көмегіне лайықты алғыс айта алған жоқ. Әзербайжан сол кезде бізге жанар-жағармай жеткізіп берді. Жанар-жағармай инфрақұрылымына қаржылай қолдау көрсетті. Соғыста бұл орасан зор көмек. Сол үшін де Ильхам Әлиев мырзаға ерекше алғыс айтамын».

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар