Мамандар дабыл қағуда: "Қиыр Шығысты Қытай алады!"

Қытайдың экономикалық экспансиясы посткеңестік елдерді үрейлендіріп отыр. Бұл үрей халық арасында да, билік элитасында да бар. Көбіне синофобияны Орталық Азияда өзінің мақсатында пайдаланып келген Ресей, ендігі таңда Қытайдың экономикалық экспансиясына өзі ұшырауда. 


Планы Китая и будущее России | Острова Истории | Дзен

 

Қытай әлемдегі ең қарқынды дамушы елдің бірі. Осыдан ширек ғасыр бұрын экономикада артта жатқан аспан асты елі бүгінде әлемнің «екінші экономикасына» айналып үлгерді. Қытай өзімен шекаралас елдерде экономикалық жобаларды іске асыруды құп көреді. Бұл уақыт және арақашықтық үнемдеу үшін тиімді, сәйкесінше пайда үлесі де көбірек болмақ. Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық жобалары Бейжің үшін маңызды, алайда одан да маңыздысы Ресейдің Қиыр Шығысындағы жобалар санын арттыру. Аталмыш аймақ Қытаймен шекаралас және табиғи ресурсқа аса бай.

 

Ресейдің Қиыр Шығыстағы халқы Қытай жобаларына күмәнмен қарайды. Олар «бұл жобалар тек қана экономикалық мақсатты көздемейді, сонымен бірге саяси мақсатты да іске асыруды ойластырады» дейді. Қытайдың арналары мен әлеуметтік желі қолданушылары аталмыш аймақты «тарихи Қытай жері» деп атайды. 1858 жылы Айгунь келісімі жасалды, соның нәтижесінде Қытайдың бірқатар жері Ресей империясына өтті. Бүгінде қарапайым қытайлар бұл келісімді әділетсіз деп атап, Амур аймағын Қытайға қайтаруды сұрауда.

 

Бұл аймақта қытайлықтардың еңбек күші ретінде келіп, жұмыс істегені бірнеше кезеңде артып отырған. Бірінші дүниежүзілік соғыста мыңдаған қытай Қиыр Шығысқа келіп жұмыс істеді. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қытай мен КСРО билігі аталмыш аймақта бірлесе табиғи ресурстарды игеру және зерттеу жобаларын іске асырды. Бұл КСРО мен Қытай арасындағы саяси салқындық туындағанға дейін жалғасты.

 

Газ, көмір, мұнай, ағаш және астыққа бай өлкеде бар болғаны 8 млнға жуық халық тұрады. Ал Қытайдың Қиыр Шығысқа жақын орналасқан Дунбэй экономикалық макроаймағында 98 млн халық бар. Ресей билігі Қиыр Шығысты макроаймаққа айналдыруды көздеп, түрлі жобалар ұсынуда. Мысалы Орталық Азиядан барған халықты Қиыр Шығысқа көшуге, тұрақты жұмыс табуға бағыттап, жалақысын арттыруда. Алайда бұл көршілес Қытайдың макроаймақтарындағы өсіммен мүлде салыстыруға келмейді.

 

Қытайлықтардың жаппай Қиыр Шығыста түрлі жобаларды іске асыруы Қиыр Шығыста алғашқы чайна-таундардың пайда болуына әкелуі мүмкін дейді мамандар. «Қытай азаматтарының тілі мен мәдениеті, діні мүлде бөлек болғандықтан ресейлік қоғам оларды ассимиляциялауы екіталай, сәйкесінше саны артқан қытайлар өзіндік бірлестіктер мен ұйымдар, қауымдастықтар құрып, соңы Қиыр Шығыста алғашқы чайна-таундардың пайда болуына әкеледі» дейді демограф Сергей Устинов.

 

Қытай билігі Қиыр Шығыста жаппай бизнес жобаларды жүзеге асыруда. Кіші кәсіпкерліктен бастап ірі жобалар да бар. Жер телімдерін алу, орманды алқаптарды отау жобалары, мұнай-газ саласына қаржы құю, балық өндірісі сынды салалардың басым көпшілігі қытайлық инвестиция арқасында тұр. Қытайдың Хэйлунцзян аймағының 70 пайыз сауда айналымы Ресейдің аймақтарына тиесілі. 2022 жылы Хэйлунцзян мен Қиыр Шығыстың сауда айналымы  41,3% пайызға артқан. Бұл Қытай мен Ресей арасындағы теміржол желісінің дамуына да тікелей байланысты болып отыр. Бүгінде Қиыр Шығыс пен Сібірде қанша қытай бар екені нақты белгісіз. Мамандар 100 мың мен 2 млн арасында дегенді айтады. Сандарды нақты жарияламау Ресей шекарашылары тарапынан заңсыз миграцияға жол берумен байланысты болып отыр.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар