Тамұқ оты: Taurus қашан келеді?

Германия билігіне Украинаға алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандарды беруге қатысты қысым артты. Қысым Батыстық серіктестерінен де, Берлин өз ішіндегі оппозиция өкілдерінен де күшейді. Тіпті Үкімет ішінде де жекелеген тұлғалар «зымыран беруді жылдамдату керек» деген пікірді айта бастады.


СМИ: Правительство Германии намерено дать Украине дальнобойные ракеты Taurus  | Украинская правда

 

Украина Германиядан алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандарды беру туралы өтінішті мамыр айында жасаған болатын. Содан бері міне үш айдан астам уақыт өтті. Әңгіме Taurus зымырандары жайлы болып отыр. Канцлер Олаф Шольц бұл сұрақты өте мұқият қарастырып жатқанын, зымыран беру соғыстың географиялық аясын кеңейтіп жіберуі мүмкін екенін бірнеше мәрте айтқан болатын.

 

Алайда Германия тарапы зымыранды береді дегенге сарапшылар сенімді. Бұған дейін Берлин ауыр техниканы беруге қатысты да дәл осындай позиция ұстанған еді. Артынша қоғамдық қысым мен Батыс серіктестерінің қысымы негізінде ол Leopard танктері мен Marder бронды техникаларын Украинаға табыстады. Зымыранға қатысты талқының да соңы дәл осылай аяқталуы ықтимал. Сарапшылар «бастысы уақыттан кешікпей, дәл қазір, Украина тарапы қарымта шабуылды күшейткен сәтте зымырандарды беру керек» деген ойды айтуда.

 

Taurus зымырандарын беруге қатысты пікір Германия басылымдарында талқылана бастады. Бұл қоғамдық пікірді анықтау мен дайындау деп аталады. Алайда зымыран беруге қатысты Германия үкіметінде біржақты пікір мен бірлік жоқ. Жасылдар мен либералдар зымыран беруді қолдаса, социал-демократтар бейтарап позицияны ұстанып келеді. Германия билігі Украина тарапы зымырандармен Ресейдің БҰҰ мойындаған аумағына соққы жасауы мүмкін деп күдіктенеді. Алайда Киев соққыны тек қана оккупациядағы аймаққа, оның ішінде Қырым мен Донбассқа ғана жасайтынын айтуда. Қажет болатын болса тиісті кепілдік құжатына қол қоялық деуде.

 

Саясаттанушы, Германия Қорғаныс министрлігінің бұрынғы сарапшысы Нико Ланге бұл зымыран Украина әскерінің тынысын ашатынына сенімді. Ол зымыранды беру мәселесін Берлин неге сонша талқыға салғанын түсіне алмайды. «Ұлыбритания билігі Storm Shadow-ды, ал Франция басшысы SCALP EG зымырандарын дабыра қылмай, аз ғана талқымен берген сәтте, неге біз зымыран беруді осынша жыр қылдық? Бұл ядролық қару емес, қарапайым қанатты зымыран ғой», - дейді ол. Taurus зымыранының ұшу қашықтығы 500 шақырымға дейін жетеді. Зымыранды алған сәтте, Украина Қырым көпіріне зымыран соққысын жасауға талпынуы ықтимал. Осыған дейін Украина көпір үстінде диверсия жасап, артынша көпірге теңіз-дроны арқылы соққы жасаған болатын.

 

Әскерилер арасында аталмыш зымыран «Тамұқ оты» деп аталады және қалың бетонды әскери қорғаныстарды бұзуға арналған. Әскери сарапшылар зымыран Қырым көпірінің үстінгі жабындысына емес, бағанасына соққы жасаса, көпірдің құлауы әбден мүмкін деп отыр. «Зымыранды беруге қатысты саяси шешім келесі Рамштайн отырысына дейін қабылдануы әбден мүмкін», - дейді срапшы Ланге.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар