Жуырда Қарабақтағы Ханкендіге бекінген армян сепаратистері сайлау өткізіп, өздеріне президент сайлады.
Бұл сайлау онсыз да шақ-шұқ хәлдегі Әзербайжан мен Армения арасында үшінші соғыстың басталуына себеп бола жаздады. Әсілі соғыс қатері әлі толық сейілген жоқ. Тараптар, шекара маңына әскер топтап, шап деген бұйрық түсе қалған сәтте, шатыр-шұтыр шайқасып кетуге шақ отыр.
Иран мен Түркия Қарулы күштері бір-біріне айбат шегіп те үлгерді. Иранның әскери құрылымы (КСИР) Әзербайжанға қарата: «Арменияның жеріне басып кірсеңдер, соғысқа біз араласуға мәжбүр боламыз», - десе, Түркия оған жауап ретінде: «Иран соғысқа аралсса, біз де қарап қалмаймыз. Жауыптың көкесін көрсетеміз», - десті.
Ал Қарабақтағы армян сепаратистерінің сайлауын әлемнің есті жұрты бірің ізін екіншісі баса мойындамайтындықтарын ресми жариялап жатыр. Сонымен, қазірге дейін кімдер ресми мәлімдеме жасады? Қараңыз:
Түркия: «Түркия бұл псевдосайлауды мойындамайды. Бұл қадам Халықаралық құқық нормаларын, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясы мен ЕЫҚҰ принциптерін өрескел бұзу болып табылады», - деді.
Украина: «Украина кезекті рет Әзербайжанның территориялық және егемендік тұтастығына қолдау білдіреді. Әзербайжанның Халықаралық қауымдастықта мойындалған территориясына төнген қауіпті айыптайды. Қарабақ дауы саяси-дипломатиялық жолмен жедел реттелуі керек», - деп мәлімдеді.
Молдова: «Молдова бұл өтірік сайлауды қатаң айыптайды. Қарабақ Әзербайжандікі. Онда өткізілген сайлау Халықаралық құқық талаптарын бұзу болып саналады. Біз Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдаймыз», - деген.
Пәкістан: «Пәкістан Қарабақты Әзербайжанның Халықаралық деңгейде мойындалған территориясы деп есептейді. Ондағы заңсыз армян әскери құрылымының сайлауын қатаң айыптайды. Бұл БҰҰ Жарғысын өрескел бұзу», - деп мәлімдеді.
Ұлыбритания: «Ұлыбритания Қарабақ армяндарының сайлауын мойындамайды. Біз Әзербайжанның егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдаймыз», - деді.
Гүржістан: «Гүржістан Сыртқы істер министрлігі Қарабақта 9 қыркүйекте өткен сайлауды мойындамайды. Гүржістан Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдайды», - деп мәлімдеген.
АҚШ: «Біз осыған дейін айтқанымыздай, Таулы Қарабақты тәуелсіз мемлекет деп мойындамаймыз. Сондықтан да онда өткен сайлаудың қорытындысын есепке алмаймыз», - деді.
Өзбекстан: «Өзбекстан Республикасы бауырлас Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдайды және оның ішкі ісіне аралсу әрекеттерін қатаң айыптайды. Біз Қарабақтағы сайлауды мойындамаймыз», - деді.
Венгрия: «Венгрия Әзербайжанның территориялық тұтастығына құрметпен қарайды. Қарабақтағы сайлауды мойындамаймыз және Қарабақ дауын жедел бейбіт жолмен шешуді қолдаймыз», - деді.
Румыния: «Румыния Сыртқы істер министрлігі Қарабақтағы армяндар сайлауын мойындамайды. Біз кезекті рет Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдайтынымызды айтамыз», - деді.
ЕО: «2023 жылдың 9 қыркүйегінде Ханкендіде өткен «президент сайлауын» ЕО мойындамайды және конституциялық нормаларды бұзу деп есептейді. Қарабақ армяндары Ереван басшылығымен бірлесіп, Бакумен келіссөзге келудің жолын таңдауы керек. ЕО Қарабақ дауын келіссөз арқылы шешу жолын қолдайды», - деп мәлімдеді.
Түркі мемлекеттерінің одағы: «Біз бұл сайлауды арандатушылық әрекет деп бағалаймыз. Бұл Халықаралық құқық нормалары мен Әзербайжан конституциясын өрескел бұзу болып табылады. Бұл сайлау аймақтағы тұтақтылық пен бейбітшілікті бұзуға бағытталған қадам», - деді.
ТүркПА: «Бұл Халықаралық құқық талаптарын бұзу және Әзербайжанның Конституциясы мен заңдарын бұзу. Бұл арандатушылық аймақтағы жанжалды одан сайын ушықтыруда. Қарабақтағы армяндар Әзербайжан Конституциясына бағынуы немесе Арменияға қоныс аударуы қажет», - деді Түркі мемлекеттері Парламенттерінің Ассамблеясы.
Исламдық әріптестік одағы: «Қарабақ Әзербайжанның жері. Ондағы Ресей бітімгерлері уақытша орналасқан аумақтағы сайлауды біз мойындамаймыз және қатаң айыптаймыз», - деп мәлімдеді.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Десе де, Қазақстан – Түркі мемлекеттерінің одағына, ТүркПА-ға және Исламдық әріптестік одақтарына мүше.
Mezgil.kz