Қаланы айналдыра ор қазды: Тоқмақ үшін қанды шайқас болмақ

Украина әскерінің негізгі шабуыл бағыты Запорож аймағының Тоқмақ қаласы. Сарапшылар Украина 2023 жылдың соңына дейін осы бір қаланы иемденуге барын салатынын жазуда. Тоқмақ не үшін маңызды? Шайқас қалай өрбуде?  


ВСУ обстреляли Токмак в Запорожской области, есть погибший и раненые - МК

 

Украина әскерінің қарымта шабуылына қатысты түрлі болжамдар айтылды. Алайда барлық болжамда Киев Тоқмақты алып, Мелитополь бағытында жылжитыны өзгерген емес. Яғни, сарапшылар бұл қаланы алмай, Қырымға баратын құрлық жолды кесіп тастау мүмкін емес дейді. Демек, Тоқмақ үшін шайқас сөзсіз болады. Ол қазірдің өзінде болып жатыр.

 

Қазіргі уақытта Украина әскері Тоқмақтан 18 шақырым жерде тұр. Маусым айында басталған қарымта шабуыл Киев күткендей жылдам іске аспады. Алайда мысықтабандап алға жылжу арқылы тамыз айының ортасында украин сарбаздары Тоқмақ жолында жатқан Роботино мен Вербовое елді-мекендерін азат етті. Ресей әскері үш қорғаныс шебін құрған, соның ең қиыны бірінші қорғаныс шебі болып табылады.

 

Украина әскері азат еткен елді-мекенде бекіну, аймақты минадан тазарту, өзінің шебін қауіпсіздендіру міндеттерін іске асырғаннан кейін ғана келесі ресейлік позицияны алуға кіріседі. Бұл біршама уақытты қажет етеді.  

 

Сарапшылар Ресей әскері Тоқмаққа 15 шақырым қалған тұста қуатты қорғаныс шебін құрғанын айтады. Дәл осы бір шепте 2023 жылғы Украина майданының ең қанқұйлы шайқастары өтуі мүмкін деген де болжамдар бар. 2024 жылы Тоқмақтың 240 жылдығы. Ресей үшін бұл қаланы ұстап қалу осы бір датаға байланысты идеологиялық маңызға ие болмақ, Украина үшін де дәл солай.

 

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Тоқмақ маңына теміржол торабы түсіп, қала үлкен стратегиялық маңызға ие елді-мекенге айналды. Сауда қатынасы дамып, қала халқының саны арта түсті. Тоқмақ теміржолы Запорож, Қырым, Донецк аймақтарына барады, ал автокөлік жолы арқылы Мелитополь, Бердянск, Полог, Васильевка мен Ореховқа жету мүмкіндігі бар. Бір сөзбен айтқанда Тоқмақ тоғыз жолдың торабында жатыр.

 

Ресей әскері қаланы қорғау үшін оны айналдыра танкке қарсы ор қазып тастады. Сонымен бірге бронды техниканың өтуіне кедергі келтіретін айдаһар тістері мен ондаған шақырымға созылған мина алқаптары да қаланы шабуылдауда үлкен кедергі келтірмек.

 

Соғысқа дейін Тоқмақта 30 мың халық мекен етті. Қазіргі уақытта қалада қанша тұрғын қалғаны белгісіз. Ресей әскері ақпарат бермейді. Сарапшылар 15 мыңға жуық халық қалды деген ойда. Тоқмақ мэрі болған Игорь Котелевский 2022 жылдың мамырында белгісіз жағдайда көз жұмған еді. Ол қалада қалып, Ресей әскерімен келісімге келуден бас тартқан болатын. Әскери сарапшылар украин сарбаздары қаланы тікелей шабуылдамай, оң және сол қапталдан қоршауға алып, Ресей әскерін шегінуге мәжбүр етпек деген ойда. «Қалаға тікелей шабуыл жасау екінші Бахмут шайқасына айналар еді, ал қала үйінді астында қалады» дейді олар.

 

Украина әскері Суровикин шебін бұзып өтті. Ендігі таңда ақырындап алға жылжу арқылы, биіктіктерді алуға тырысуда. Тоқмақ маңында Украина алуға тиіс әлі төрт маңызды биіктік бар.

 

Тоқмақты Украина әскері алса, онда қаладан 40 шақырым қашықтықта жатқан Мелитополь мен 60 шақырымда жатқан Бердянск қалаларына жол ашылады. Тоқмақ арқылы Ресей әскері Қырымнан Дондағы Ростовқа қатынауда. Украина Қырым көпірін атқылау арқылы, транспорт тораптарын қысымға алуда. Тоқмақты азат етсе, Украина Жаңқой – Ростов бағытындағы автокөлік жолын жүйелі атқылау мүмкіндігіне ие болады.

 

Әскери сарапшылар Тоқмақ үшін шайқастың қарашада-желтоқсанда өтуі мүмкін екенін айтуда. Ауа райының күр суып кетуі украин сарбаздарының шабуылына да, Ресей әскерінің қорғанысына да кері әсер етері анық. Сол себепті Киев қар түспей тұрып бірнеше маңызды операцияны іске асыруға тырысады дейді олар.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар