Тоғжан Қожалы: Көп әйел алу «модасына» ОА елдерінде заң не дейді?

Өкінішке орай, әлеуметтік желідегі қым-қуыт ақпараттардың ағыны қазақ тұрмысындағы дәстүрлі отбасы құндылықтарын қоғамнан ығыстырып, ысырып барады.

1696318386164612.jpg

Отбасы құндылығы дегеніміз – бір-бірін сүйіп қосылған жастардың жанұяда қолданатын әдет-ғұрыптары: Дүниеге әкелген балаларын махаббатқа бөлеп, тәрбиелі, білімді, мейірімді ұрпақ етіп өсіру, ақ некені бұзбау, үлкенді сыйлау, кеңпейіл болу сияқты жақсы әрекеттерді көптеген отбасына тән құндылықтар екені белгілі. Ал енді әлемжелідегі шетелдік дін уағызшылары мен идеологтарының қоғамды бұзар жат агитациялары қазақ қоғамына көп әйел алушылықты насихаттауда. Сүйіп алған жардың да, баланың да көңіліне қаяу түсіретін бұл әрекеттер қазақ тұрмысында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі отбасы құндылықтарын бұзуға бағытталғаны ащы да болсы шындық.

Әсіре дін атын жамылған, шала сауатты жандар «4 әйел алу мұсылманға сүннет» деген Құранның бір ғана тіркесін ұрандатып жүргеніне біраз уақыт болды. Ал оның арғы жағындағы мән-мағынасына тереңдемей, өзіне «ыңғайлап» алғандар да жетерлік.

Жақында саясаткер, ҚР Мәжілісі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Тоғжан Қожалы ханым қоғамдағы көп әйел алушылыққа тоқтау салып, шекаралас жатқан көрші елдерден үлгі алу керектігін айтқан еді. Біз қоғам қайраткерінің өзіне хабарласып, осы мәселе төңірегінде пікірін тарқатып айтып беруін өтіндік.

ҚОҒАМДЫ КӨП ӘЙЕЛ АЛУШЫЛЫҚ ЭПИДЕМИЯСЫ ЖАЙЛАП БАРАДЫ

Тоғжан ханым, сіз қоғамды ашық айтыла бермейтін, бірақ актуалды мәселені көтердіңіз. Қазақтың дәстүрлі отбасы құндылықтарын ысырып бара жатқан түрлі шет қоғамдық идеологиямен күресу керек екені түсінікті. Әуелі, өзіңіз көтерген мәселеден бастасақ, бізбен көршілес ОА елдерінде көп әйел алушылыққа қатысты заң не дейді?

– Осы мәселені көптен бері көтеріп келе жатырмын. Жақында жұма күні Қоғамдық палатаның отырысында тағы да айттым. Өйткені қоғамды көп әйел алушылық эпидемиясы жайлап барады. Көп қыздар тоқал болуға дайын, көп ер адам тоқалды болуға құмар. Бұған заң шектеу қойып отырған жоқ. Заң бойынша тек бір ер азамат пен бір әйел ғана отбасы бола алады, тіркеуден өте алады. Бірақ әйелді үсті-үстіне алып отырғандарға заң қатаң тыйым салмаған. Бұрын Кеңес одағы кезінде көп әйел алушылыққа қарсы арнайы бап болған. Қазір ондай заңдар көршілеріміз Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанда бар.

Қырғызстанда: 2016 жылдан бастап көп әйел алғаны үшін («екі немесе бірнеше әйелмен бірге тұру») Қылмыстық Кодекстің 153-бабы бойынша сараланады, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Тәжікстанда: Ресми түрде тыйым салынған және қомақты айыппұл немесе екі жылдық түзету жұмыстарымен жазаланады.

Өзбекстанда: осы сенбіде, 2023 жылдың 30 қыркүйегіндегі сенаттың 45-ші пленарлық отырысында көп әйел алуға толық тыйым салуды және насихаттауды көздейтін нормативтік актілер қабылданды, атап айтқанда:

«Қылмыстық кодекске және Әкімшілік жауапкершілік кодексіне этносаралық келісімді, діни төзімділікті нығайтуға, зайырлы құндылықтарды сақтауға және әйелдер құқығын қорғауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңда ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе діни белгілері бойынша азаматтардың артықшылығын немесе кемшілігін насихаттағаны, сонымен қатар, некесі заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген адамдар арасында діни неке қию рәсімін жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жазалар белгіленген. Сондай-ақ, екі немесе одан да көп әйелмен бірге тұруға жәрдемдесу, сондай-ақ, әйелдер мен ерлердің теңдігін жария түрде жоққа шығару үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Бізге де көп әйел алушылыққа заңмен тыйым салу қажет деп санайсыз ба?

– Қажет деп есептеймін. Бізде заңды қоя бергенде, тоқал алуды насихаттау жұмысы өршіп тұр. «Тоқал джип», «Бәйбіше джип» деген сөз тіркестері пайда болған. 10-15 жыл бұрын ондай сөзді естімейтінбіз.

Бұл процесті тоқтату керек. Отбасылық қарым-қатынасты реттейтін заңдар шығару керек деп есептеймін. Біздің қоғам көп әйел алушылықты саналы түрде тоқтатуға дайын емес. Бізге тек заңды түрде шектеу емес, насихат жұмыстарына да шектеу енгізу керек.

Діни басқарма жұмыс істеуі керек. Заңды түрде неке куәлігі болмаса, имамдар неке қимайтынын білеміз. Бірақ ол да заңды түрде бекітілмеген. Оған жауапкершілік алмайды. Сондықтан мешіттерде заңсыз некелер қиылып жатыр. Мысалы, Өзбекстанда имамдар неке куәлігінсіз неке қиса, жауапкершілікке тартылады. Жұмыстан қуылуы да мүмкін.

Заңмен тыйым салудан басқа қандай шешім ұсынуға болады?

Елімізде отбасы құндылығы туралы үгіт-насихат жүргізілуі керек. Бізде ол жоқ. Шығып жатқан фильмдердің көпшілігінде тоқалы бар, көңілдесі бар ер кісілер туралы көрсетіледі. Айрандай ұйыған отбасын көрсететін, үлгі болатын көркем туындылар аз.

Көп әйел алушылық онсыз да күйіп тұрған ажырасу мәселесін одан сайын асқындырып жібермей ме?

Көп әйел алушылық онсыз да ушығып тұрған ажырасу мәселесін асқындырып жібереді. Сол тоқал алу ғой көп отбасының шырқын бұзған. Өзім де соның бір мысалымын. Кез-келген өзін сыйлайтын әйел ондайға келіспейді деп есептеймін.

Елімізде ажырасу оқиғалары жиілеп кеткені рас. Оған қаржылық, әлеуметтік қиындықтардың да өз кесірін тигізіп жатыр. Дегенмен бұл мәселенің екінші жағы да бар. Шаңырағының оты сөнген отбасылар тек кедейлік пен жоқшылықтан екіге айырылып кетіп жатқан жоқ.

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, «сыртқа қарап кісінейтін» еркектер жетерлік. Тіпті мен «сырттағы балаларын асыраушы» еркектер мен «азаматтық некеде» күн кешіп жатқан серілердің саны бойынша Қазақстан әлемде алдыңғы орынға шығып кетті деп батыл айта аламын. Себебі соңғы он жылда біздің зайырлы деген мемлекетіміз тұсында көп әйел алу сияқты институттың өркендеді. Қызық бір парадокс бар. Мектепке баратын балаға орамал тақтырмаймыз, өйткені зайырлымыз. Бірақ тоқал алуға болады, өйткені мұсылмандық шариғатқа сай.

Көп әйел алуды ақтап алушылар жетерлік. Олардың уәжіне не деп жауап қайтарасыз?

Бір жағынан «сұраныс болмаса, ұсыныс та болмайды» дегендей тоқалдыққа келісетін қыздар көп. Оларға не керек? Оларға жағдай керек. Үлде мен бүлдеге оранып өмір сүруін қамтамасыз етсе, екніші болуға дайын. Шын мәнінде сол ер адаммен отбасы болуға ниеті бар дегенге сену қиындау. Тоқал алғыш ер кісілерге айтарым: алдымен Құранды дұрыстап оқып алсын. Мұсылманның қасиетті кітабында 4 әйелге дейін алатын болсаңыз, оның бәріне әділетті болыңыз делінген. Біріне  көп, біріне аз көңіл бөліп, материалды тұрғыдан қамтамасыз етіп, моралды тұрғыдан қолдай алмасаңыз, бір әйелмен шектеліңіз. Тоқал алардың алдында өзіңізге «Бәріне әділетті бола алам ба?» деп сұрақ қойыңыз. 

Бірнеше әйелге үйленгендер сырт көзге үлгілі отбасы кейпін танытқанымен ішкі проблемаларын айта бермейді... Көп әйел алушылық отбасы құндылығын бұзып, аяққа таптап жатыр деп есептейсіз бе?

Көп әйел алу деген – әйел баласын құрметтемеу. Әйелім қартайды, әйелім ауру деп түрлі сылтаумен үстіне тоқал алу - аманатқа қиянат жасау. Үйленерде ер кісіге оның әйелі аманатталады.

Көп әйел алу – әйел құқығын өрескел бұзады дей аламыз ба?

Көп әйел алушылық – әйелдің құқығын өрескел бұзады. Заң органдарына жүгінетін жағдайлар болған кезде екінші, үшінші әйелдердің құқығы қорғалмайды. Олар жоқ есепті болады. Бұл жерде тек ер адамның заңды құқығы қорғалады.  

– Әңгімеңізге рахмет!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар