Депутат: Жасөспірімдерге арналған танымдық телеарна қажет!

Ежелден ата дәстүрімізге негізделген отбасы құндылықтарын сақтау қазіргі ақпараттық-технологиялық заманда қиынға айналды. Жас шыбықтай иілгіш жасөспірім, бүлдіршіндерді отбасы мен қоғамнан бөлек, ғаламтордағы контент тәрбиелеп жатыр.

1697707164180893.jpg

«Кейде оқушылардың смартфонды көп қолдануына шектеу енгізу қажет пе деп ойлаймын», - дейді біздің бүгінгі спикеріміз, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова. Баласы 8 сыныпта оқитын ата-ана ретінде бүкіл өмірі телефонға тәуелді жеткіншектердің тәрбиесіне алаңдаушылық білдіреді.

«Қазір бала смартфонмен оңаша қалды. Смартфонды қанша жерден шектеуге тырыссақ та, ол баланың мектептегі күнделігі, оқуы, жазу-сызуы. Бәрі смартфонда. Соған қатысты тіпті мектеп оқушыларын смартфоннан тыю керек пе деген ойға келемін. Өйткені бала телефонның арғы жағынан нені тұтынып жатқанын білмейміз. Оның пайдаланып жатқан контентінің моральдық жағына ешкім жауап бермейді. Телефонның арғы жағындағы контент адамгершілікке сай ақпарат па, әлде қатігездікті насихаттап жатыр ма, оған да ешкім жауапкершілік алмайды. Бала жас ерекшеліктеріне қарамастан қажет те, қажет емес те ақпаратты сіңіріп жатыр», - дейді ол.

- Баланың қалыптасуына әсер ететін қазақ тілді медиа контенттер жеткілікті ме?

- Бүгінгі ұрпақ – визуал ұрпақ. Қазақ тілді контент бар, барынша аударып жатыр. Бәлкім жас ерекшелігіне қарай контент аз шығар. Мысалы, «Балапан» арнасы 6 жасқа дейінгі балалар аудиториясын қамтиды деп ойлаймын. Енді 6-дан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған танымдық, ағартушылық бағыттағы арна қажет.

Екіншіден, медиа өнімнен бөлек баспалар әлемдік бестселлер кітаптарды аударып жатыр. Сол жұмыс тоқтап қалмауы керек. Біздің жас жазушыларымыз да өсіп келеді. Оларға балалар әдебиетінен заманауи ғылым, ғарыш тақырыптарындағы туындыларға тапсырыс беруіміз керек деп есептеймін. Бір жағы жас қаламгерлерді қолдау, екінші жағынан қазақ балаларын төл әдебиетпен сусындату. Әр түрлі жанрларда, мүмкін комикс ретінде, салт-дәстүрді негізге ала отырып, отбасы құндылығын түсіндіретін қазақ тілді кітаптарды көбейту керек.

- Білім саласында отбасы құндылығы қаншалықты насихатталып жатыр?

- Білім саласында сын тұрғысынан ойлау компонентін күшейту қажет. Бала ақпараттар тасқынынан керегін ғана іздеп, тауып, зерделіп, сол ақпаратты орнымен кәдеге жаратуға үйренуі абзал.

Рас. Өтпелі кезеңде отбасының бала тәрбиесіндегі ролін кемітіп алдық. Бала тәрбиесіндегі отбасы рөлін күшейту қажет.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы».  «Үлкенге құрмет, кішіге ізет». «Өткенге салауат, ертеңге аманат». Мұның барлығы қазақтың өмір сүру принциптерін, дүниеге, уақытқа деген көзқарасын айқындайтын киелі қағидалар. Бізді ұлт ретінде сақтайтын, ақпарат тасқыны мен ғаламдану күшіне төтеп бере алатын осындай темірқазық ұстанымдарды бала санасына сіңіру қажет. Сонымен қатар, адамзатқа жат қатыгездік, масылдық пен менмендік, еріншек мінезден бойды тасалап, мейірімділік, елгезектік, қарапайымдылық секілді қасиеттерді бала бойына дарыту керек.

- Отбасы құндылығы тақырыбы депутаттар арасында қаншалықты жиі көтеріледі?

- Отбасы құндылығы депутаттар арасында жиі көтерілетін тақырып. Заң жобаларын, арнайы нормаларды жұмыс топтарында талқылаған кезде назардан тыс қалған емес. Өзім әлеуметтік кодекске байланысты депутаттық сауалдар жолдағанда көпбалалы, толық емес, жалғызбасты, асыраушысынан айырылған отбасылардың статусын қорғау туралы көп айтамын. Шешіміне қол жеткізген мәселелер де бар.

Жақында Қоғамдық бақылау туралы заңға Мемлекет басшысы қол қойды.Ол жерде отбасы мүшелеріне мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери оқу орындары тәрбиеленушілерінің, ұландарының, кадеттері мен курсанттарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін олардың қатарындағы өздерінің жақын туыстарына бару құқығы берілді. Біз осы норманың енгізілуіне ат салыстық. Бұл да жалпы бүгінгі таңдағы әскерде кейбір орын алған резонансты оқиғаларды шешу мәселесінде, бірақ ең бастысы сол қазақ отбасының болашағын сақтауға жасалған қадам деп ойлаймын.

Отбасы мәселесіне кешенді қарауға шақырамын. Ол тек қана әлеуметтік төлемдер, материалдық көмек көрсету, мемлекет тарапынан қаржы бөлу ғана емес. Жалпы, отбасы дегеніміз – әке мен шешенің бір шаңырақ астында үйлесімді өмір сүруі. Сол отбасында дүние келген баланың барынша қамқорлық көріп өсуі, баланың жақсы білім алуы, психикалық жай-күйінің қалыпты болуы, жан-жақты дамуына жағдай жасалуы.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова отбасы құндылығын ұрпақтың бойына сіңіру үшін, бала   тәрбиесін отбасы – мектеп – қоғам болып қолға алуымыз керек екенін айтады.

«Оны тек мектепке итере салып, не ата-анаға итере салып қарап отыру дұрыс емес. Бүкіл қоғам ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілік алуы керек деп ойлаймын.

Мысалы, тек қана қыз баланың тәрбиесінің өзіне қазақ өте мұқият қараған. Қызға қырық үйден тыйым деген принциппен тәрбиелеген, керек кезінде еркелеткен. Қазақ қыздың қадірін білген халық. Сол тәрбиені көріп өскен қыз баласы өзге шаңыраққа келін болып, өрісін кеңейткен, берекесін молайтқан. Қынжылтатыны сол, өтпелі кезеңде, осы ұйыған отбасылық берекемізден аздап айырылып барамыз. Оған бәлкім отбасы құндылығын зерттеп жүрген ғалымдар өздерінің пікірлерін айтатын болар. Ең бастысы, біз қазақ отбасының берекесін, ынтымағын толық сақтауға мүдделіміз», - деп қорытындылады сөзін депутат.

Отбасы институтын зерттеуші әлеуметтанушылар да ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы аға буын мен іні буынның арасындағы дәстүрлі қарым-қатынастың жүйесін өзгертетінін айтады. Технологияның дамуы олардың бір-бірімен сөйлесуін, араласуын азайтты, сондықтан отбасы құндылығы мәселесін қайта қарайтын уақыт жетті. Бір жағынан қарасақ, отбасындағы қарым-қатынас ата-ана мен баланың жеке ісі, оған өзгенің барып килігуі дұрыс емес. Дегенмен мемлекет те құны түсіп бара жатқан отбасы құндылығын күшейтуге, оны насихаттауға тырыспай құр қол отыра алмайды. Үлгілі отбасылық қатынастарды медиада, қоғамдық өмірдің басқа салаларында үнемі дәріптеу қазіргі кезеңде қажеттілік болып саналады.

Сондай-ақ қазіргі жастардың мансап, құрып, кәсіби біліктілігін дамытуға көптеген мүмкіндік қарастырылған. Жастар отбасын құрып, балалы болудан бұрын әлеуметтік жағдайын жасауды маңызды деп есептейді. Тағы бір кең таралған үрдіс – азаматтық неке. Азаматтар ресми некеге тұрудан гөрі, жай ғана бірге тұра беруді құп көреді. Бұл туралы мағлұматтар «Қазақстан отбасылары – 2022» Ұлттық баяндамасында және Қазақстан қоғамдық даму институтының Талдамалық баяндамасында келтірілген. Заңды неке куәлігі балаға әкеснің тегін беру, мүліктік рәсімдеулер сияқты көптеген жауапкершілікті жүктейді. Ал азаматтық некеде ешқандай жауапкершілік жоқ. Әлеуметтанушылар бұл үрдісті алаңдатарлық жағдай деп санайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бақытты отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі. Мемлекет отбасы институтын қолдайды және жан-жақты отбасылық саясат жүргізеді», - деген болатын.

Аталаған мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мәселен, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында отбасыларды нығайтуға және қорғауға, отбасылардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған шаралар ретінде:

*көп балалы, аз қамтылған отбасыларды, мүгедек балалары бар отбасыларды қолдау;

*тұрғын үймен қамтамасыз етуді қолдау;

*атаулы әлеуметтік көмек көрсету;

*білім беру және денсаулық сақтау саласында қолдау көрсету шараларына басымдық берілген.

Сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттауға, бақытты отбасының үлгісін көрсетуге арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады.  

Тұрмыстық жанжалдардан кейін бөлініп кеткен отбасыларды сақтау, үйсіз қалған ана мен баланы уақытша паналату мақсатында дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Ол жерде қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетіледі. Көп балалы, аз қамтылған және толық емес отбасыларға өзін-өзі асырау, кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша консультациялар мен гранттар беріледі.

2012 жылдан бастап Қазақстанда Әкелер Одағы жұмыс істейді, оның міндеті әкелерді отбасылық өмірге үйрету, саналы түрде отбасын құру, бала тәрбиелеу, жауапкершілікті арттыруға арналған.

Биылдан бастап елімізде «Аналар күні» мен «Әкелер күні» арнайы бекітілгенін де айта кеткен жөн.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар