Тасмағамбетов: Жаһандық ойыншылардың қақтығысы ҰҚШҰ елдеріне қауіп төндіріп тұр!

ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 11-ші отырысына қатысып, сөз сөйледі.

1699444122932616.jpg

«Халықаралық саяси жағдайдың нашарлауы, жаһандық және өңірлік деңгейдегі қарама-қайшылықтардың күшеюі халықаралық қатынастар жүйесінің бақылау қабілетінің төмендеуімен қатар жүреді. Осының салдарынан негізгі ойыншылардың геосаяси және геоэкономикалық мүдделерінің қиылысу нүктелерінде дағдарыстар туындайды.

Халықаралық құқықтың тозуы, халықаралық ұйымдардың беделі мен нақты мәртебесінің төмендеуі жағдайды болжау мүмкін емес етеді. Бұл мемлекеттеріміздің ұлттық қауіпсіздігінің жағдайына кері әсерін тигізіп жатыр.

Өкінішке қарай, жаһандық деңгейдегі қарама-қайшылықтар сөзсіз аймақтық, тіпті субаймақтық деңгейлерге де әсер етеді, мұнда ескі проблемалар шиеленісіп, жаңалары пайда болады. Оларды шешу бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеуге қосымша күш салуды талап етеді. Бұл Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жауапкершілік саласына қатысты», – деді Иманғали Тасмағамбетов.

ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы аталған ұйымның жауапкершілігіне аумақтық даулар, шекара мәселелері мен шекаралық қақтығыстар жататын айта келе, мұндай мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін сөз етті. Тасмағамбетов бұл сөзіне Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы жанжалды жағдайды мысал ретінде келтірді.

1699444178809115.jpg

«Жалпы шекараның учаскелерін делимитациялау және демаркациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді И.Тасмағамбетов.

Сонымен қатар, ол ҰҚШҰ жауапкершілік аймағының оңтүстік шекараларында лаңкестік әрекеттің, заңсыз көші-қонның және қару мен есірткінің заңсыз айналымының таралу қаупі әлі де бар екенін жасырмады.

«Террористік және экстремистік элементтердің енуі Ауғанстандағы аса күрделі жағдаймен ғана емес, сонымен қатар Ауғанстанмен шекаралас аймақтардағы тұрақсыздықпен де байланысты. Осының барлығы тәжік-ауған шекарасының учаскелерін нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның Мемлекетаралық мақсатты бағдарламасы жобасы бойынша жұмыстарды жедел аяқтау міндетін одан әрі өзекті етеді. Орталық Азиядағы су ресурстарын пайдалану мәселесі өзекті мәселе болып қала береді. Оның саясаттануы қақтығыс әлеуетінің артуына себепші болады. Ал бұл мәселелерді елемеу аймақтық деңгейде апатты салдарға әкелуі мүмкін», – деді ол.

Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік әлеуетін айтып, «ол өз тиімділігін 2022 жылдың қаңтарында Қазақстандағы дағдарысты жағдайды жеңілдету кезінде көрсетті» деп мәлімдеді.

Ол сөз соңында әлемде болып жатқан геосаяси текетірестерді тілге тиек етті.

«Болашақ әлемдік тәртіпке қатысты жаһандық геосаяси текетірестің барысын көрсететін әлемдік жағдай қарқынды өзгеріп жатыр. ҰҚШҰ – еуразиялық кеңістіктегі әсерлі ұжымдық әскери-саяси әлеует. Сондықтан біз жаңа қауіп-қатерлерге бірлесіп тойтарыс беруге және аймақтық қауіпсіздікке қатысты сын-қатерлерді бейтараптандыруға дайын болуымыз керек. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сіздерді бірлесіп жұмыс істеуге, ақпарат пен тәжірибе алмасуға дайын екендігіне сендіреді», – деді ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар