Зымыран, артиллерия, радар...Армения кіммен соғыспақ?

Франция билігі Арменияға қуатты CEASAR артиллериялық кешендерін жеткізуді талқыламақ. Бұл туралы мәлімет Франция үкіметіне арналған Сенаттың кеңестік құжатында жазылған.


Армия и международные вопросы Армении

 

Заң шығарушы орган тез арада Арменияның қорғаныс саласын күшейту қадамдарын ескере отырып, Ереванға қажетті қару түрлерін беруді, оның ішінде CAESAR артиллериялық кешенін жеткізуді талқылау қажеттігін айтуда. 2024 жылы аталмыш артиллериялық кешенді шығаратын Nexter қару өндіруші компаниясы Арменияға қажетті көлемде қаруды шығару жағын да ескеруі тиіс дейді олар.  

 

Бұған дейін Франция Арменияға тек қана қорғаныс мақсатындағы қару беру керектігін айтса, ендігі таңда шабуылды іске асыруға қабілетті қару түрлерін беруге шақыруда. Әскери сарапшылар CEASAR артиллериясын қорғаныс мақсатындағы емес, шабуылдау мақсатындағы қару деп сипаттайды.

 

Жақында ғана Ереван мен Париж арасында қорғаныс саласына қатысты бірнеше құжатқа қол қойылып, келісімдер жасалды. Мысалы Арменияға қуатты GM200 радарлары жеткізілетін болды. Радарды «Thales» компаниясы шығарады. Әне-міне MISTRAL-3 зениттік жүйесі де Франциядан Арменияға аттандырылуы тиіс.

 

Өткен аптада Арменияға Франция өнімі саналатын 24 дана Bastion бронды көліктері жеткізілді. Оны француздардың «Arquus» компаниясы шығарады. Алдағы уақытта тағы да 26 дана бронды көлік жеткізілмек. Яғни, жиынтығы 50 дана көлік алу бойынша келісім жасалған.

 

Франция билігі Украина соғысында қандай қару түрлері тиімді екені анықталды дейді. Соның ішінде CEASAR артиллериясының мүмкіндіктерін жоғары бағалауда. Әзербайжан тарапы Францияның қазіргі әрекеттері Ереван мен Баку арасындағы бейбіт келісім жасауға кедергі келтіріп, армян тарапындағы реваншистік күштерді ынталандырады деп пікір білдірді.

 

Армения билігі тек қана Франциядан емес, сонымен бірге Үндістаннан да жүздеген миллион долларға қару алуда. Оның ішінде артиллериялық қондырғылар мен алыс қашықтықтағы нысанды жоюға қабілетті «Пинака» зымыран кешендерін де сатып алған.

 

Саясаттанушылар Арменияның негізгі мақсаты Әзербайжанмен келіссөзді ұзаққа созып, құлдыраған әскери әлеуетін қалпына келтіріп, келіссөз үстеліндегі салмағын арттыруға тырысу деп ойлайды. Ресей мен Армения арасындағы жағдайдың ушыға түсуі Кавказда тағы бір соғыс отын тұтатады деп санайтындар да жоқ емес.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар