«ArcelorMittal» мен Қазақстан Үкіметі арасындағы бірнеше айға созылған айтыс-тартыс аяқталып, келісім жасалды, сауда бітті деген ақпараттың алғашқы ажиотажы бүгін бірәз бәсеңдеді. Қазақстандағы Миттал активтерінің жаңа қожайынының есім-сойы елге белгілі болды. Сарапшылар сөз саптап, пікірлерін білдіріп болды.
Алайда, жұрт назар аудармаған бір мәселе бар. Ол – Митталмен келісім сәтті аяқталмағанда, Қазақстан қандай тығырыққа келіп тірелетін еді? АМТ-ның су жаңа қожайыны болған кәсіпкер Андрей Лаврентьевтің жеке тұлғасына қатысты желідегі пікірлер екіұштыланып жатқаны және бар. Ал сол инвестор Лаврентьев «Митталдан қалған мұраны» игеруде қандай қиындықтарға тап келуі мүмкін? Бүгін осы жайлы сөз қозғап көрелік.
Кешегі, 8 желтоқсандағы баспасөз жиынында ҚР Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев: «Митталмен келіссөздерді едел-жедел жүргізудің басты себебі – өндіріс жұмысын тоқтатпау керек болды. Соның ішінде – домна пештердің жұмысын тоқтатпау, шахталарды сақтап қалу (бітемеу) т.б.», - деп сөйледі.
Расында, министр келіссөздердің егжей-тегжейін түгел ашып айтпағаны анық. Десе де, министрдің сөзінен ұққанымыз – өндіріс жұмысы тоқтап қалудың аз-ақ алдында болғаны анық. Трансұлттық корпорация басшылығы (АМТ) тарапынан осы қатерді басшылыққа ала отырып, бопсалау фактісінің болғаны және анық. Домна пештерінің жұмысын тоқтату, қызметкерлерді жұмыстан шығару, айлықты һәм жұмыс уақытын қысқарту – Миттал мырзаның үнемі қолданатын бопса тәсілдері екені жасырын емес. Бір бізде емес, Миттал компаниялары бар өзге мемлекеттер де бұндай кедергілерге кезіккенін БАҚ-тан көріп-біліп жүрміз.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Митталдың тәсілі (стратегиясы) былай: Әлем бойынша рентабельді емес кәсіпорындарды сатып алады (яғни, шығынға батқан кәсірорындарды), ескірген қондырғыларды жедел жаңалап, өз менеджерлерін тағайындайды. Олар өндіретін өнім әралуандылығын жаңартып, өз тәртіптері бойынша басқарудың жаңа тәсілдерін енгізеді. Сол арқылы зауыттың, кәсіпорынның барлық қызметкерлеріне қатысты әлеуметтік басқару саясаты да өзгереді.
Сарапшылардың пікірінше, Митталды жетістікке жетелеп жүрген тәсіл осы. Осыған қоса тағы бір мәселе – Миттал елдің саяси басшылығындағы жоғарғы лауазымды тұлғаларды өзі жіті танымайтын елде бизнес жүргізбейді!
«Мен бір елге бизнес жүргізу үшін келсем, әуелі сол елдің президентімен, салалық министрліктің жоғарғы басшыларымен жеке жолығып, әңгімеселемін», - дегенді Митталдың өзі 2005 жылы Украинаның «Дело» басылымына берген сұхбатында айтқан.
Осыған қатысты кезінде Халықаралық дау болған. Ұлыбританияда БАҚ өкілдері: «Британияның экс-премьері Тони Блер Румыниядағы металлургиялық зауытты сатып алуға әрекеттеніп жүрген үнділік миллиардердің бизнесін лоббилеп жүр», - деп мәлімдеген.
Британиядағы сайлаулардың бірінің қарсаңында, Блер партиясы Митталдан қайтарымсыз сыйақы ретінде 125 мың фунт стерглинг ақша алғаны айтылған.
2010 жыл. Украинаның Кривой Рог қаласындағы Митталдың зауытында дау шықты. Миттал зауытты дамыту бойынша өз міндеттемелерін орындауды кейінге шегеруге тырысып жатыр деген шу шықты. Украина Бас прокуратурасы сотқа арыз берген. Кейін Миттал Украинаның сол кездегі президенті Виктор Януковичпен жолығып шыққан соң, арыз кері қайтарылған.
Ал Қазақстандағы «ArcelorMittal» қызметіне сын көп айтылды. Тұрақты түрде десек те болады. Кейбір шенділер компания басшылығы тарапынан бопса жасалып жатқанын ашық мәлімдеген кездер де болды. Митталға мемлекет тарапынан да қолдау аз болмағаны айтылған. Алайда сол «Қарметте» ешқандай даму байқалмады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ топ-менеджерлері бұған да сылтау таба білді.
2016 жылдың 31 мамырында АМТ Бас директоры Парамжит Калон бүйдеді: «Мұндағы мәселе біздің кәсіпорынды модернизациялау үшін қанша инвестиция салғанымызда емес, сол модернизацияны орындау үшін жұмысшы күші жеткілікті ме, сонда!
Мен осы жердегі аз ғана тәжірбиеме сүйеніп айтар болсам, бұл жерде модернизациялау ісіне жылына 150 млн доллардан артық ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Себебі бұл жерде жоспарды орындай алатын жеткілікті мергідергерлер жоқ».
Алайда Калон күбілжітіп, айтпай кеткен бір мәселе бар. Ол – сол кездегі АМТ-ның 25 мердігер-кәсіпорынға қарызы! Ол қарыз сол уақытта 1 млрд теңгеге жуық болған.
Калонның сөздерінен түйсек, Миттал Қазақстандағы кәсіпорындарына инвестиция салуға кетәрі емес болған-мыс. Тек модернизация жоспарын орындайтын мердігерлер жеткіліксіз болған екен.
Миттал осылайша мәймүңкелеп, сөзді созбақтап жүргенде ескі кәсіпорында Қазақстан азаматтары өздеріне кен емес, көр қазып жүрді. Қаншама отандасымыз Митталдың сараңбайлығының кесірінен құрбан болды?!
Енді жаңағы Миттал итпен іздеп «таппаған» мердігерлерді Андрей Лаврентьев табуы тиіс. Тиіс те, кәсіпорынды модернизациялауы керек. Лаврентьев те кедей-жаяу адам емес. Өмір жолына, еңбек жолына көз жүгіртсек, бірнеше кәсіпорынды аяққа тұрғызған екен. Бизнестің тілін түсінетін адам. Осы есеппен, Лаврентьев АМТ-ны қайта аяққа тұрғызып, жұмысшыларға жағдай жасауға қабілеті жетуі тиіс. Ал оның артында шетелдік қыруар қаржы мен күштер тұр деген жалаң айыпқа қандай да бір дәлел-дерек табылмайынша, Лаврентьевке де соқтыға алмаймыз.
Қалай десек те, Митталдың миссиясы Қазақстан үшін арзанға түскен жоқ. Қаншама адамның қаны бар, Митталдың мойнында!
Үкімет, айтысып-тартысып жүріп, Митталдың бағасын түсіргенін айтты. Кәсіпорын жұмысы тоқтаған жоқ. Қайта жандану үшін барлық мүмкіндіктер бар. Жаңа инвестор модернизациялау бойынша міндеттемелерді мойнына алатынын айтты. Осы үш факторды есепке алып, келіссөздердің ел экономикасы үшін тиімді болғанын бажайлауға болар...
Mezgil.kz