Израиль Газадан әскерін шығаруда. Соғыс қалай жалғасады?

Израиль АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобына қарсы операция жалғасып келе жатқан Газа секторынан бірнеше мың әскери қызметшісін шығаруда.

1704272808547729.jpg

Израиль әскери қолбасшылығының 1 қаңтардағы хабарламасында алдағы бірнеше апта ішінде Газадан 5 бригада шығарылатыны хабарланған. Сонымен қатар, 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейін жұмылдырылған резервшілерді ішінара демобилизациялау туралы сөз болып отыр.

Осы орайда оқырмандарымыз есіне мынаны сала кеткіміз келеді: 2018 жылы «The Jerusalem Post»: «Израиль туралы аңыздардың бірі - онда жалпыға бірдей әскери міндеттілігі бар халық армиясының барлығы», - деп жазған болатын. Бірақ, бұған әлемдік БАҚ мән берген жоқ. Себебі, Батысқа Араб әлемін рухани-ақпараттық тізгіндеу үшін «халық армиясы» бар Израиль туралы аңыз-дақпырт керек еді.

Шындығында, замана ыңғайына орай Израиль Қорғаныс Армиясы ұлттық әскерге шақыру армиясынан кіші кәсіби армияға айналды, соның нәтижесінде қарулы күштер енді бүкіл халықтың әскери жасақ екендігін еш білдірмейді. Бұл өзгеріске әскерде қызмет еткісі келмейтіндер санының өсуі өз үлесін қоса түсті.

1949 жылғы Израильдің қауіпсіздік қызметі туралы заңына сәйкес, әскери қызметке шақыру 18 жасқа толған барлық израильдіктер үшін міндетті болып табылады. Тек екі топ қана міндетті әскери қызметтен босатылады: ультраортодокстар мен израильдік арабтар. Бұл топқа жататындар Израиль халқының 30%-дан астамын құрайды және олардың туу деңгейі басқа топтарға қарағанда едәуір жоғары болғандықтан, 2050 жылға қарай олар халықтың 60%-ын құрауы тиіс.

Шынында да, Израильде міндетті шақыру үш ұлттың азаматтарына қолданылады: еврейлерді (екі жынысты), друздарды (тек еркектерді) және черкестерді (тек еркектерді) қамтиды. Қалай болғанда да, статистика бойынша, 2007 жылы ерлер арасында әскерге бармайтындардың жалпы пайызы 27,7%-ды құрады. Олардың ішінде - 11,2%-ы ультра діни еврейлер, 7,3%-ы медициналық және психологиялық себептермен босатылған, 4,7%-ы соттылығына байланысты және 4,2%-ы шетелде тұруына байланысты.

Соңғы уақытта ЦАХАЛ-дың болашақта Израиль Қорғаныс Армиясының келісімшарт жасаушылардың пайдасына әскери міндеттерін алып тастауға тура келетінін сезінетінін жиі естуге болады. Израиль әскери міндеттілікті алып тастау бойынша Құрама Штаттар мен Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттеуде.

Сонымен әскер шығаруға қайтып оралатын болсақ: Бұл ретте Израиль Қорғаныс армиясының өкілдері: «Соғыстың мақсаттары өзгермейді. Израиль ХАМАС-ты Газаны бақылаудан айыруға ұмтылады», - дейді.

«Соғыс мақсаттарына қол жеткізу ұзақ әскери іс-қимылдарды талап етеді және біз оған дайынбыз», - деп мәлімдеді Израиль армиясының баспасөз хатшысы контр-адмирал Даниэль Хагари.

Газадан келген әскерилердің бір бөлігі солтүстікке, Ливанмен шекараға жіберілуі мүмкін, онда израильдік әскерилер мен «Хезболла» тобының отрядтары арасында атыс жалғасуда және әлі де болса кең ауқымды ұрыс қимылдарының басталуы жоққа шығарылмайды.

Израильдік агенттіктер мен БАҚ-тың хабарлауынша, таяу арада израильдік әскерилер күш-жігерін сектордың оңтүстігіндегі, атап айтқанда ХАМАС-тың тірегінің бірі болып саналатын Хан-Юнис қаласындағы ұрыстарға шоғырландыруға ниетті.

Газада жерүсті операциясы екі айдан астам уақытқа созылды. Осы уақыт ішінде Израиль әскерилері елеулі аумақтарды, әсіресе солтүстік секторларды бақылауға алды. ХАМАС бұрынғысынша Израильде тұтқындалған 130-дан астам адамды ұстап отыр.

Израиль әскерилері «кем дегенде алты айға» созылатын жерүсті операциясының үшінші кезеңіне өту туралы мәлімдейді.

Операция барысында Израиль Газадағы нысандарға жаппай соққы жасады. ХАМАС бақылауындағы жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 7 қазаннан бері өңірдің 22 мыңға жуық тұрғыны, соның ішінде балалар қаза тапты.

Халықаралық гуманитарлық ұйымдар сектор тұрғындарының қайғылы жағдайы туралы хабарлайды, олардың көпшілігі өз үйлерінен кетуге мәжбүр болды. Ғимараттардың, оның ішінде тұрғын үйлердің едәуір бөлігі қираған. БҰҰ-ға мүше елдердің көпшілігі оқ атуды тоқтатуға шақырады. Алайда оның ықтимал шарттары туралы жанама келіссөздер әлі нәтиже бермеді.

Израильде де соғысты тоқтатуға қатысты ұлттық қарсылық туындауы әбден ықтимал дейді әскери сарапшылар.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар