Қазіргі болып жатқан екі соғыс әлемнің назарын өзіне аударып отыр: бірі – Ресей мен Украинадағы соғыс болса, екіншісі – Израиль мен Палестинаның арасында тұтанған соғыс. Барлық елдер бұл соғыс «үшінші дүниежүзілік соғысқа» ұласып кете ме деп қорқуда.
Әзірге әлем бұл соғыстарды «локалді қақтығыстар» деп бағалауда. Алайда, кейбір саясаттанушылар «Үшінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр» деп дабыл қаға бастады. Олардың негізгі аргументтері ретінде «Әлемдегі көптеген елдердің Украинаға және Израилге қаржылай және қару‑жарақпен көмектесу арқылы басқа елдер де соғыс операциясына араласып жатыр» деген тұжырым.
Негізі, тура мағынасында алсақ ‑ бұл шындыққа жақын ой. Себебі, осы елдердегі болып жатқан соғыстардың қарқыны, соғыс стратегиясы мен тактикасы әлемдік саяси конъюктураны және әскери көмекті есепке ала жүргізілуде. Мысалы, Ресей билігі «Біз НАТО‑мен соғысып жатырмыз» деп ашық жариялауда. Ал НАТО құрамына 2023 жылғы дерек бойынша 31 мемлекет кіріп тұр. Ендеше, Украина соғысына да 31 мемлекет ықпалын тигізіп, жанама түрде атсалысып жатыр деуге болады. Сол сияқты, Израил мен Палестина соғысына да көптеген мемлекеттер жанама түрде атсалысуда...
Алайда, дүниежүзілік саясат тұрғыдан алар болсақ, бұл соғыстарды «дүниежүзілік» деп атаудың еш қажеті жоқ. Олай деу, тіптен, қаіпті де. Себебі, «дүниежүзілік соғыс» деген факторды пайдаланып, көптеген режимдер өз көршілерімен арадағы территориялық, демографиялық, экономикалық және басқа келіспеушілікті әскерилер арқылы қарулы күшпен шешіп алуға ұмтылулары әбден мүмкін. Ал ондай локалді шиеленісті аймақтар әлемде жеткілікті. Мысалы, Солтүстік және Оңтүстік Корея арасында, Ресей мен Жапония арасында, Қытай мен оның бірқатар көршілері арасында және басқада елдерде ол бар. Міне, осы шиеленісті (конфликті) мәселелер соғыс өртіне ұласып кетпес үшін, БҰҰ‑ға мүше елдер бұл соғыстарды нақты атаулар ‑ «Ресей‑Украина соғысы», «Израил‑Хаммас соғысы» деп ‑ шектеулі соғыс сипатында атап отыр. Ал, оларға беріліп жатқан көмектер Халықаралық Соғыс туралы Заңдар негізінде жүзеге асырылуда. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыста орасан зор зардап шеккен, соңы әлемдек ядролық апатқа ұласқан себепті, бүгінгі әлем елдері соғыс туралы Халықаралық заңдарын жасап шыққан болатын. Ол «Қарулы қақтығыстар құқығы» деп аталады. Ол бойынша - соғыс жүзгізу тәсілдері мен құралдарын шектеу, сонымен қатар қарсыласушы екі жақ және бейтарап мемлекеттер арасында қарым-қатынасты шешу мақсатында қолданылатын халықаралық келісім-шарттардың жиынтық ережелері жасалған. Одан өзге бұл мәселе БҰҰ Жарғысы, Қауіпсіздік Кеңесі ережелері, көптеген қосымша қабылданған Конвенциялар арқылы реттеледі. Бұл заңдар күрделі болса да, негізі басты бір принциптерге бағынады, ол – Әділеттілік принципі.
Ол бойынша кез келген мемлекетке өзге елдердің жерлерін оккупациялауына (басып алуға), қарулы күшпен тартып алуға тиым салынады. Ал, соғыс жағдайы туа қалса, онда бейбіт халықтың өміріне төндірген қатер, бейбіт халықтың соғыс құрбаны болуы, әсіресе, балалар мен қарт кісілердің зардап шегуі – ешуақытта кешірілмес қылмыс саналады. Оны Гаага соты арқылы «геноцид», «этноцид», «фашизм», «нацизм» және т.т. қылмыстық классификацияға жатқызып, қылмыскерлерді әлемдік сотқа тарту көзделеді. Оның кешірім уақыты жоқ – жүз жыл өтсе де бұған сот баға беруі тиіс. Сондықтан да мұндай Халықаралық соттар әлемдегі соғыс өртінің жаппай сипат алуына, соғыстың бей‑берекет бақылаусыз өтуіне, әлемді тұтас шарпыуына заңдық тұрғыда тосқауыл қойып келеді.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезде Нюрнберг сотынан бастау алған бұл үрдіс, одан кейінгі кезеңдерде әлемді қорғаушы факторлардың біріне айналды. Бұл процесс соғысқа тек заңдық тұрғыда баға берумен шектелмейді. Қазір кез келген соғыс моральдік‑адамгершілік түрғыда бағаланатын болды. Оның басты сипаты – соғыста бейбіт тұрғындардың зардап шегу көрсеткіші. Өйткені, соғыс жүріп жатқан аймақта ең алдымен бейбіт тұрғындар зардап шегеді: бейбіт тұрғындардың соғысты бастаған агрессор тарапынан зорлық‑зомбылық көруі, күшпен депортациялануы, соғыстан қашып жапай миграциялық азапты бастан кешуі, орасан зор моралдік және экономикалық зиян шегуі, трагедиялық жағдайға тап болуы және т.т. соғыс зардаптарын көруі – соғыста болмай қоймайтын құбылыс. Ендеше осыған тікелей жауапты адамдарға «Әскери қылмыскерлер» деген статус беріледі де, оған қарсы «жалпыға ортақ соғыс заңын бұзушы» бабы қолданылады. Бұлар Адамзатқа, Әлемге қарсы қылмыс жасаған адамдар деп саналады. Оның «кешірім уақыты» мүлдем болмайды.
Әлемдік практикада бұл «Халықаралық әскери трибунал» деген атпен ашылды:
1. Гитлершілердің айуандық әрекеттері үшін жазалау туралы 1943 жылғы Декларацияға сәйкес ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ ТРИБУНАЛ еур. елдердегі басты әскери қылмыстыларды жазалауға арналып КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және Франция үкіметтерінің 1945 ж. 8 тамызда Лондон келісімі бойынша құрылды. Келісімнің жарғылық ережелері фаш. ұйым мүшелерімен басты әскери қылмыстыларды бейбітшілікке, адамгершілікке қарсы қылмыстық және агрессиялық әрекеттері үшін соттап, жазалауға құқық берді.
2. Одақтастардың келіссөздері негізінде Қиыр Шығыс үшін ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ ТРИБУНАЛ 1946 ж. 19 қаңтарда Токиода (Жапония) құрылды. Трибуналға 11 мемлекет (КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Австралия, Канада, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Үндістан, Филиппин) өкілдері қатысты. Сот процесі Жапонияның басты соғыс қылмыстыларын жазалауға арналды.
Халықаралық соттар жалпы құзыретті және арнайы құзыретті болып бөлінеді. Бірінші топқа БҰҰ Халықаралық соты кіреді. Ал Халықаралық қылмыстық сот арнайы сотқа жатады. Сонымен қатар оларды қызмет ету мерзіміне байланысты екі бөлуге болады: тұрақты және уақытша сот. Тұрақты сот — ол үнемі жұмыс істейтін сот. Оның қатарына Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық соты, Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты, Халықаралық қылмыстық сот және тағы басқасы кіреді.
Бүгінде әлемде соғыс қылмыстық істері туралы Гаагада орналасқан «БҰҰ-нын халықаралык соты» - Біріккен Ұлттар Ұйымының басты сот органы ретінде жұмыс істеуде. Ол 1945 жылы құрылған, Нидерландияның Гаага қаласында орналасқан. Негізгі міндеті, халықаралық кұқық негізінде, мемлекеттерге байланысты халықаралық дау-жанжалдарды шешу болып табылады. Сот барлық тараптардың келісуімен жүргізіледі. Онын шешімдері тек дауға катысушылар үшін және тек сол іс бойынша ғана міндетті. Бұл сот сондай-ақ заңдық мәселелер бойынша кеңестік қорытындылар шығарады.
Осыған дейін бұл соттың практикасында бірнеше әскери трибуналдар құрылып, ол бұрынғы Югославиядағы, Руандадағы әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарға әділ жазасын берді. Кейінгі уақытта сот «ұжымдық қылмыс» бабын енгізіп, қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапқа тартуды қолға алды.
Қазір – 21‑ғасыр. Адамзат өз дамуында шарықтап алға кетіп барады. Әлем бұрын‑соңды болмаған коммуникациялық деңгейге жетті. Соның арқасында әрбір соғыстан зардап шегуші әрбір мемлекет «ұжымдық қорғаныс» мүмкіндігіне қол жеткізе алатын болды. Бұрынғыдай соғыста абсолютті доминант болуға ұмтылыс әлсіреді. Өйткені, әр соғыстың артында адамзат дамуын шектейтін, гуманизм бағытынан адастыратын үлкен қауіп бар. Бүгінгі әлемде одан өзге де қатерлер жеткілікті. Ол ‑ космос қауіпсіздігі, экология қауіпсіздігі, азық‑түлік қауіпсіздігі, климат қауіпсіздігі, су қауіпсіздігі және т.т.... Мұның бәрі бүкіл адамзат басына төніп тұрған қатерлер. Ол жерде «мен шет қаламын» дейтін эгоизмге жол жоқ. Ал, оны шешу, қатердің алдын алу – бүкіл адамзат жұмылып атқаратын, «адамзаттық ұжымдық жігер» арқылы шешімін табатын мәселелер. Осындай жағдайда әлемнің кез келген түкпіріндегі кез келген үлкен‑кішілі соғыс – бүкіл адамзатқа төнген қатер болып саналатыны түсінікті. Мейлі ол Ресей‑Украина, мейлі Хаммас‑Израил соғысы болсын!..
(Келесі мақалаларда оған тоқталатын боламыз).
Әбдірашит Бәкірұлы
Mezgil.kz