2023 жылдың соңында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Бақытжан Сағынтаевтың жаңа қызметке тағайындалатыны жұртқа белгілі болды.
Бақытжан Сағынтаев 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы қызметін атқаруға кірісті. Осыған дейін бұл қызметті Беларусь Республикасының бұрынғы премьер-министрі Михаил Мясникович атқарған болатын. Ал Сағынтаев Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі болды.
Путин: «2024 жылдың 1 ақпанынан бастап комиссия төрағасы қызметіне келетін Сағынтаев мырзаға ықылас білдіргім келеді. Біз оны жақсы танимыз. Ол осыған дейін ЕЭК алқасының мүшесі болған. Оның өз жұмысына байыпты әрі белсенді кірісіп кететініне сенімдімін», – деген еді өткен жылы.
Бақытжан Сағынтаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмысын еліміздің пайдасына дөңгелетіп кете ме, әлде Ресей аузына қарап қалама ма, оны енді уақыт көрсетеді.
ЛУКАШЕНКОНЫҢ САҒЫНТАЕВҚА БЕРГЕН БАТАСЫ: ОДАҚҚА ҚОСЫЛУҒА ЕШКІМДІ КҮШТЕМЕЙМІЗ!
Бүгін Лукашенко Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. «Мойыныңа мемлекет басшылары артқан ауыр жүкті көтересің. Төрт жыл осы ауыр қызметті мойымай атқаратын боласың. Экономикалық жағдайды ешкімнен кем білмейсің. Назарбаев екеуміз осы ұйымның құрылуының басы-қасында болдық. Путин екеуміздің қалайтынымыз – одақтас мемлекет құру бағытында істерді тындыру. Біз халық пен элитаны одаққа кіруге еш мәжбүрлемейміз», - деп өз ойын ортаға салды.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ САЯСИ ҚЫСЫМ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛУДА
ЕАЭО-ға мүше елдердің көшбасшылары «Одақ - тек қана экономикалық өзара көмек құралы» деп сендірсе де, саяси сипатсыз болған жоқ. Ресей үшін бұл жоба - Еуроодаққа қарсы салмақ ретінде біріктіру және экономиканың өзіндік жүйесін құру болып отырғаны жасырын емес. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің көшбасшылары саяси мақсаттарда өз мәртебесін шетелдік ықпалды немесе мемлекетаралық келіссөздер кезіндегі дәлелді кеңейту үшін жиі пайдаланады. Экономикалық интеграция саяси қысым құралына айналуда.
Өзара көмектің күмәнділігі: АҚШ-тың РФ-ға экономикалық қысымы күшейді. Бірақ бұл Беларусь үшін ЕАЭО-ға мүше болу арқылы Еуропа мен Америка тауарларын Ресей нарығына қайта сатудың ыңғайлы тәсілі екенін көрсетті.
Қырғызстан да өз пайдасын табу үшін, Қытай мен Үндістаннан жартылай жеңіл және сапасыз өнімдерды алып, осы амалға көшті. Бірақ, мұндай қадамдар тек РФ-ның ғана емес, өз экономикаларына да нұқсан келтіруде. Себебі - жергілікті өнім шетелден келетін арзан тауарлармен бәсекелестікке төтеп бере алмайды.
Ішкі проблемаларды әріптестерге аудару: Ірі орталықтардың бірі - Ресей де одақтағы өз мүшелігін басқа елдерге зиян келтіре отырып жеке пайдасы үшін пайдаланады: Ресей экономикасы проблемаларының ауырлығы, инфляция мен сыртқы санкциялар Қазақстанда және басқа да қатысушы елдерде сезіледі.
Этникалық қақтығыстар қаупі: Ресейге жақын шет елдерден жұмысшылардың келуі үшін тиімді жағдайлар жасау Ресей ішіндегі ұлтаралық араздықты күшейтеді. РФ халқы еңбек көші-қонының жеңілдетілген тәртібін теріс қабылдауы мүмкін. Заңды және арзан жұмыс күші – Ресейдің өз халқын жұмысынан айыруы қаупі бар. Бұл Ресей азаматтары үшін жұмыс жағдайын нашарлатады.
Бұрынғы проблемаларға оралу: Шетелде КСРО-ның ЕАЭО арқылы қалпына келуінен қорқады. Посткеңестік кеңістіктің тұрғындары да бұдан қорқады.
Түйін: Еуразиялық экономикалық одақ сияқты ірі коалицияның дамуы қиындықтар мен кемшіліктермен бірге жүреді. Қарапайым әріптестік бағдарламадан өзара көмектің бірыңғай жүйесіне айналу көптеген қайшылықтар тудырады. Ерікті бірлестікте басқа мүшелерге міндеттеме жүктеу өте қиын.
Жобаның болашағы күмәнді деуімізге де себеп бар. Жағдай ушығып, қатысушылар бұрынғысынша тек өз мүдделерін ғана қорғайтын болса, бірлестік ыдырайды. Егер өзара іс-қимыл ашық болса, Одақтың өмір сүруге мүмкіндігі бар. Бірақ бұндай ашықтыққа империялық пиғылдағы Путиндік Ресей мүмкіндік бермейді.
Сол есептен де, Қазақстан қоғамы Ресей мүддесіне жұмыс жасап отырған ЕАЭО-дан шығу туралы бірнеше мәрте петиция жариялаған. Одақ жұмысына сын айтушылардың бастысы басқа емес, дәл Лукашенконың өзі болған. Бірақ, Ресейдің Украинаға соғыс бастауынан соң, Ресейге барынша кіріптар болған Беларусь, енді ЕАЭО-ға қатысты сынды тоқтатты.
Mezgil.kz