Украина мен Ресей арасында соғыс басталған сәттен кейін Ресейден кетіп, өзге елдерден саяси баспана сұрайтындар саны ондаған есе көбейген. 2023 жылы Ресейдің мыңдаған адамы оңтүстік Кореядан саяси баспана сұраған. Бұл туралы CNN арнасы Кореяның иммиграциялық қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлап, «бұл бұрынсоңды болмаған рекорд» деп бағалады.
2023 жылы Ресейдің 5750 азаматы Оңтүстік Кореядан саяси баспана сұраған. Бұл рекорд болып саналады. Жалпы өткен жылы Оңтүстік Кореядан саяси баспана сұрағандар саны 18838 адамды құрайды. Олардың ішінде ең көбі ресейліктер. Қытай, Малайзия, Үндістан және Моңғолия азаматтары да бар. Қазақстан азаматтары да бар дейді ақпарат көздері, алайда олар саяси баспана сұраушылар емес, уақытша тіркелу арқылы жұмыс істеуге рұқсат алуға тырысушылар екенін айтты.
Ресейден жартылай мобилизация жарияланған сәтте миллиондаған адам сыртқа кетті. Ресей статистика қызметі 2022 жылы Ресейден 24 млн адам түрлі мақсатта сыртқа шыққанын айтады, ал олардың Ресейге нақты қаншасы қайтып келгені белгісіз. Ресей сайттары шетелде 1,2 млннан астам ресейлік қалып қойды деген сандарды жазуда. 2022 жылы 16920 ресейлік азамат Еуропа елдерінен саяси баспана сұраған.
Ресейдің ІІМ-лігі 2023 жылы 68 мыңнан астам ресейлік азамат өзге елде уақытша тұру немесе сол елдің азаматы атану мүмкіндігіне ие болғанын жария етті. Бұл 2022 жылғы ресми статистикадан екі есе көп деген сөз. Ресейлік органдарға 38 мың адам өзге елдің азаматтығын алғанын айтса, 30 мың адам өзге елде тұруға рұқсаты барын хабардар еткен. Алайда шынайы статистика әлдеқайда көп дейді мамандар. Ресейліктер қай елге кеткенін, қайда тұрақтағанын ресейлік билік органдарына хабарламауға тырысады.
Оңтүстік Кореядан саяси баспана сұрайтын ресейліктердің негізгі мақсаты аталмыш елде жұмысқа орналасу және Сеулдің Мәскеумен Украинадағы соғысқа байланысты қатынасының сууы болып табылады.
Mezgil.kz