Парижде Эммануэль Макрон ұйымдастырған Батыс көшбасшыларының бейресми кездесуінің басты тақырыбы – Батыс құрлық әскерлерін Украинаға жіберу мәселесі болды. Бірақ Ұыжымдық Батыс әзірге снарядтар мен алыс қашықтыққа ататын зымырандармен шектеліп отырғаны назардан тыс қалмады.
Парижде Франция президенті Эммануэль Макрон өткізген Украинаны қолдау жөніндегі арнайы кездесу әлем назарын өзіне аударды. Бір қызығы не жайында сөз болғаны кешіктіріліп жария етілді. Кімдердің қатысқаны жария етілмесе де, бейресми кездесуге шақырылғандардың кейбірі өздерінің қатысқандарын хабарлауға асықты.
ДУДА МЕН ТУСКТЫҢ ҚАЙШЫЛЫҒЫ
«Президент Макрон бірқатар Еуропа көшбасшыларын Украинаға көмек пен шешімдер бойынша жаңа ұсыныстарды талқылау үшін Парижге шақырды. Біз оларды егжей-тегжейлі талқылаймыз», - деді Польша президенті Анджей Дуда. Бұл ретте оның еліндегі барлық нақты шешімдерді Дудамен қарым-қатынасы жақсы емес Үкімет пен премьер-министр Дональд Туск қабылдайды.
ЩОЛЦ ПЕН МЕЛОНИ МАКРОНҒА НЕГЕ ӨКПЕЛІ?
Тағы бір айта кетерлігі, Парижде жедел ұйымдастырылған іс-шара «Еуропа өзегінің» басқа екі елі - Италия мен Германия тарапынан наразылық тудырды. Эммануэль Макрон Италия премьер-министрі Джорджия Мелонидің төрағалығымен өткен «Жетілік тобының» онлайн-саммитіне қатыспаған.
Германия канцлері Олаф Шольц Париждегі басқосуға барды. Бірақ немістің «DW» порталында «Украина бойынша кезекті саммит: Неге Париж?» деген сараптамалық мақала жарық көрді.
Онда: «Германия Франциядан әлдеқайда көп көмек көрсетсе де, неліктен Украина бойынша конференция Берлинде емес, Парижде өтуде» деген сұраққа француз президентінің кеңесшісі кездесу қарсаңында ашуланып жауап берді. Әңгіме көбірек көмектесе алатын жарыс туралы емес, практикалық халықаралық ынтымақтастық туралы болып отыр. Соңғы кездері Берлинде «Франция көп сөйлеп, аз көмектеседі» деген сын айтылып жатыр. Француз дипломаттары мұндай есептеулерді қабылдамайды. Парижден Германия Киевке өзінің жылдық ЖІӨ-нің 0,14% бөледі, ал Франция - 0,13%», - делінген. Сонымен қатар, Парижге ұшар алдында Шольц Германия әзірге Украинаға өзінің «Taurus» қанатты зымырандарын бермейтінін айтты.
СЛОВАК ПРЕМЬЕРІ: УКРАИНАҒА ӘСКЕР ЖІБЕРІЛУІ МҮМКІН!
Париждегі кездесу алдында Словакияның Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген Словакия премьер-министрі Роберт Фицо одан кейін бірнеше Батыс елдері өз әскерлерін Украинаға жіберу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
ЕО мен НАТО-ның бірқатар мүшелері Киевпен тиісті келісімдер жасаса, мұндай мүмкіндік қарастырылады.
«Мен ол жерге әскер жіберудің түп мақсаты не екенін және оны қалай жүзеге асыру мүмкін екенін айта алмаймын», - деген Словакия премьері Фицо: «Словакия Украинаға өз сарбаздарын жібермейді», - деп толықтырды. Сондай-ақ, словакиялық премьер Украинадағы ұрыс қимылдарының шиеленісу қаупі және Батыстың Ресейге қарсы күресте Киевті қолдау жөніндегі стратегиясының «сәтсіздігі» туралы айтты.
МАКРОН: РЕСЕЙ ЖЕҢБЕЙДІ!
Франция президентінің өзі конференцияның ашылуында пафосты түрде сөйледі. «Одақтастар Украинаға көмек мәселесінде жұдырықтай жұмылуы керек. Украинаға көмек – Еуропа қауіпсіздігіне көмек. Ресей жеңе алмайды!», - деді Эммануэль Макрон 28 елдің өкіліне.
Жоғарыда аталған Польша, Германия, Италия, Чехия басшыларынан өзге конференцияға Финляндия президенті Саули Ниинисто, Румыния президенті Клаус Йоханнис, Литва президенті Гитанас Науседа, Австрия канцлері Карл Неха, Нидерланды премьер-министрі Марк Рютте, Эстония премьер-министрі Кая Каллас, Испания премьер-министрі Педро Санчесч және Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон қатысқан. АҚШ-тың атынан Еуропа және Еуразия істері жөніндегі мемлекеттік хатшының орынбасары Джеймс О'Брайен, ал Канаданың атынан қорғаныс министрі Уильям Блэр болған.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕДІ?
Украина президенті Владимир Зеленский кездесуге қатысушыларға бейнебайланыс арқылы жүгінді. Оның үндеуі отырыстың жабық бөлігінде көрсетілді. Зеленскийдің сөзінше, Киев Еуропалық одақ Украинаға «уәде еткен» «миллион снарядтың» 30%-ын ғана алған.
Жабық есік артындағы бірнеше сағаттық пікірталастардан кейін Макрон баспасөз конференциясына шығып, кездесуде Батыс әскерлерін Украинаға жіберу мәселесі талқыланғанын растады.
«Бүгін барлығы еркін талқыланды. Құрлық әскерлерін ресми жөнелтуге қатысты консенсус жоқ, бірақ уақыт өте келе сондай шешім қабылдануы мүмкін. Ештеңені де жоққа шығаруға болмайды», - деді Макрон.
Макрон сондай-ақ: «Батыс елдері Ресей бұл қақтығыста жеңіске жете алмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға ниетті. Егер бұл біздің мақсатымызға жету үшін пайдалы болса, бәрі де мүмкін», - деді.
ЖАҢА КОАЛИЦИЯ: УКРАИНАҒА ЖОЙҚЫН ЗЫМЫРАНДАР БЕРІЛЕДІ
Атап айтқанда, ол Украинаны қолдап, ұзақ мерзімді қару-жарақ жеткізу бойынша жаңа, 9-шы коалиция құру туралы хабарлады. «Жаңа коалиция Украинаға орта және алыс қашықтықтағы зымырандар мен бомбаларды жеткізу үшін құрылады. Украинаға оқ-дәрілерді жеткізу - басымдықтың бірі. Біз өз қорларымызды соңына дейін пайдалануға ниеттіміз және оқ-дәрілерді жеткізуге тартылуы мүмкін үшінші елдердің тізімін жасаймыз», - деп нақтылады Макрон.
Кейінірек Чехия премьер-министрі Петр Фиала Еуроодақтың он бес елі (Францияны қоса алғанда) Праганың Украинаға Еуропадан тыс жерде 1,5 млрд. еуроға оқ-дәрілер сатып алу жөніндегі бастамасына қосылуға дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Польша президенті Анджей Дуда кездесу соңында таяу арада Батыс бірлескен күштермен Украинаға оқ-дәрілердің елеулі жеткізілімдерін дайындай алатынын мәлімдеді.
Польша президентінің айтуынша, «ең қызу пікірталас» өз әскерлерін Украинаға жіберуге қатысты болған.
«Бұл істе өзара келісім болған жоқ. Пікірлер әртүрлі. Ал егер әңгіме әскери көмек туралы болмаса, мысалы, минадан тазарту немесе шекараны күзетуге көмектесу туралы болса, онда бұл бастаманы барлығы қолдайтын еді», - деп атап өтті Дуда.
Ақыры Еуропа солдатының етігі Украинаны толық азат ететін күнде алыс емес сияқты.
Mezgil.kz