Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады. Кездесу кезінде Қазақстан президенті Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді.
Бұл ретте Президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын», - деді.
(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)
АҚОРДА АҚПАРАТЫ:
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сенатының мүшесі Стив Дэйнске ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтты.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Қазақстан Президенті елімізде инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-американ қарым-қатынастарының негізгі бағыттары саналады.
Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді.
Бұл ретте Президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын», - делінген ресми хабарда.
(Сурет: inozpress.kg)
ТЕРРОРИЗМ - БҰЛ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ!
Терроризм - бұл зорлық-зомбылық идеологиясы. Бұл термин ұлы француз революциясынан бастап белсенді қолданыла бастады. Сарапшылар терроризмнің әрқашан зорлық-зомбылық әдістері мен мәжбүрлеуді пайдаланумен байланысты екендігіне келіседі. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасынан бастап ғалымдар халықаралық терроризм құбылысын қарай бастады.
Бұл құбылысты зерттеушілер лаңкестіктің мынадай түрлерін бөліп көрсетеді:
1) «Жеке». Бұл жалғыз адамдармен немесе шағын топтармен ұйымдастырылған және орындалған террористік актілер. Көбінесе мұндай әрекеттерді психикалық тұрақсыз адамдар жүзеге асырады.
2) «Ұжымдық». Оны «ұйымдасқан терроризм» деп те атайды. Оны үлкен топтар немесе тұтас ұйымдар жүзеге асырады. Бұл қазіргі әлемде ең кең таралған терроризм түрі.
Мақсатына қарай ол «ұлттық», «діни», «идеологиялық», «әлеуметтік» болуы мүмкін.
Лаңкестікпен күрестің әлемдік практикасы жедел деректер алмасуға және бірлескен жұмысқа сүйенеді. Әлем террормен күресте ынтымақтастық қажеттігі туралы қорытындыға келді, әйтпесе бұл құбылыспен өз бетінше күресу айтарлықтай қиын.
Орталық Азия мемлекеттері де терроризммен күресу үшін өз күштерін біріктірді. Терроризмге қарсы тәсілдер қолданыстағы құқықтық нормаларға сүйенетін әдістер жиынтығын білдіреді. Биліктің басым бөлігі лаңкестік әрекеттердің алдын алуға шоғырланған. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс мынадай бағыттарда жүргізіледі:
1. Террористік актілерді қаржыландыруды болдырмау.
2. Террористер мен қылмыскерлер үшін қаржы активтерін жабуды және экономикалық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету.
3. Террористік актілердің алдын алу және болдырмау үшін басқа елдермен ақпарат алмасу.
4. Террористік ұйымдарға қатысы бар барлық адамдарға баспана беруден бас тарту.
Өңірде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жұмыс істейді. Ол ең алдымен лаңкестікпен күресу үшін құрылды. ҰҚШҰ құрамына кіретін елдер бір-біріне өзара қолдау көрсетеді, ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ҰҚШҰ базасында қылмыстық және террористік топтар туралы деректер базасы құрылды. ШЫҰ да өңірдің қауіпсіздігіне әсер етеді, өйткені оның белсенді қатысушысы Қытай болып табылады. НАТО көрші елдерде де бар және қауіпсіздікке әсер етеді.
ҚАЗАҚСТАН ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ ШҰҒЫЛ ЖИЫНДА НЕ ТАЛҚЫЛАДЫ?
Қазақстан билігі де «Крокустағы» террордан соң Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Жиын барысында құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жоспары, сондай-ақ экстремалды жағдайлардағы олардың қызметін үйлестіру мәселелері қарастырылды.
Президент ел азаматтарының қауіпсіздігін және терроризмге қарсы күрес мақсатында Қазақстанның басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Мәскеудегі террор кезінде де әлем жұрты осы бағыттың дұрыстығын дәлелдеді. Саяси қайшылықтарына қарамастан, әлем жұрты тегіс «Крокустағы» қанқасапты айыптады. Сол санатта Қазақстан да бар. Бұл дұрыс. Себебі – терроризмге қарсы күрес – бұл ортақ іс, ортақ мүдде!
(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Жақсыбек Жиеналиев, саясаткер:
- Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, АҚШ сенаторы Стив Дэйнстпен кездесті. Стив Дэйнс саясат пен бизнесті керемет үйлестіре білген тұлға. Саяси қызметке келмей тұрып, бизнес саласында 27 жыл жұмыс жасаған. Сауда-саттық, экономика тілін жақсы біледі.
Бұл кездесу Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық пен серіктестікке жол ашатын кездесу десе де болады. Қазақстан үшін АҚШ сияқты беделі жоғары елмен жақсы қарым-қатынаста болу өте маңызды. Биыл екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынастың жалғасқанына 33 жыл толады. Осы 33 жыл ішінде, АҚШ инвесторлары Қазақстанда ірі жобалардың жүзеге асуына ат салысты. Қазір энергетика, пайдалы қазбаларды өңдеу, инфрақұрылымды жаңарту сияқты жобаларға АҚШ инвесторларынан қолдау ауадай қажет. Осындай экономикалық бағыттағы жобаларда қазақ-американ қарым-қатынастарын күшейтсе игі болар еді. Шетелдік инвесторларға қолайлы инвестициялық климат жасасақ, бірігіп жұмыс жасау барысында ұтылмайтынымыз анық.
Бүгінгі кіннің басты тақырыбы терроризм екені белгілі. Президент Мәскеуде болған лаңкестік әрекетке қатысты өз ойын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Барлық елге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс», - деді.
Дұрыс. Терроризм індетімен күресудің тиімді амалы осы. Жаһандық қауіп-қатерге ешқандай ел жалғыз тұра алмайды, тек күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болады.
Mezgil.kz