Ресейдің «Крокус Сити Холлындағы» лаңкестіктен кейін Ресейден еңбек мигранттарының жаппай кету көрінісі байқалуда. Ресей билігі де мигранттарға қатысты талапты күшейтіп, тексерісті арттырған.
Мысалы 25-30 наурыз аралығында Петербург қаласының аудандық соттары Орталық Азиядан келген 418 мигрантты елден шығару туралы шешім қабылдаған. Тәртіп сақшылары мигранттарға қарсы жаппай рейд өткізуде. Рейдтер құрылыс алаңдарынан бастап көшелерге дейінгі аралықта өтіп жатыр. Жатақханалардағы жұмысшылар, зауыттағы қызметкерлер, такси жүргізушілері мен аула сыпырушылар да рейд барысында ұсталып, тексерілуде.
Ресейде қазіргі уақытта «Антимигрант» операциясы өтуде. Петербург қаласындағы Пулково әуежайынан мигранттарды елден жаппай шығару көрінісі байқалады. Әлеуметтік желіде видео және фото дәлелдемелер жариялануда.
Тәжікстанның арнайы қызметтері Ресейден мигранттардың кетіп жатқанын растады. Тәжікстанның еңбек министрінің айтуынша «қазіргі таңда Тәжікстанға Ресейден келіп жатқандар саны, кетіп жатқандар санынан көбірек». Министр бұл уақытша құбылыс болуы ықтимал дейді.
Демограф, әлеуметтік ғылымдар кандидаты Салават Абылқалықовтың пікірінше Ресей нарығынан кететін мигранттар саны артады. Бұл Ресейдегі лаңкестіктен кейін өршіген ксенофобияға, рубльдің құнсыздануына, еңбек ақысының төмендеуіне байланысты болып отыр. Орталық Азиядан шыққан еңбек мигранттары ендігі таңда Ресейге емес, Оңтүстік Корея, Түркия, Парсы шығанағы елдері, ЕО, АҚШ-қа көбірек баруға тырысады.
Абылқалықовтың пікірінше соңғы 20 жылда Ресейге келетін мигранттар саны онсызда азайған. Бұрын Ресей нарығынан нәпақа табуға Шығыс Еуропа халықтары да келсе, ендігі таңда тек Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары келуде. Жұмыс іздеуге баратын Армения мен Әзербайжан, Қазақстан азаматтары саны еселеп азайып кеткен.
Мигранттардың кетуі Ресейдегі демографиялық көрсеткішке де әсер етпек. Себебі ірі қалаларда еңбек мигранттары мен жергілікті тұрғындар арасында отбасын құратындар саны көп болған, ал Ресей азаматтығын алған мигранттар Ресей демографиясының өсуіне үлес қосқан. Сарапшылар Ресейдің қазіргі саясаты демографияға да, экономикалық өсімге де кері әсерін тигізеді деп болжауда. Құрылыс саласы, қызмет көрсету саласы (жеткізушу, такси, аула сыпыру, тазалық мекемелері) үлкен дағдарысқа тап болуы мүмкін дейді еңбек нарығын зерттеуші мамандар. Бұған дейін Ресей экономикасы коронавирусқа байланысты мигранттардың аз келуінен зардап шеккен болатын.
Mezgil.kz