Иранның Израильге зымыран және дрон шабуылынан кейін АҚШ билігінде одақтастарға қару және қаржы түріндегі көмек беру мәселесі қызу талқылануда. Талқы ішінде Украина, Израиль, Тайуань және оңтүстік-шығыс Азиядағы АҚШ одақтастарына қажетті көмекті жеткізу мәселесі сөз болуда.
Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон АҚШ-тың серіктестеріне қажет көмекті жылдам арада беруге ниетті. Ол Конгрессте соңғы жарты жылда қызу талқы болса да, әлі нақты нүктесі қойылмаған сұрақты осы аптада біржақты етпек. Өкілдер палатасында Украинаға көмек беруді қолдамайтын, алайда Израильге көмек беруді қалайтын топ пен Израильге көмекті беруді құптамай, Украинаға көмек беруді жақтайтын топтың арасындағы талас-тартыс қыза түсті.
Спикер Джонсон кедергілерді еңсеру үшін Украина мен Израильге берілетін көмекті бөліп, жеке-жеке дауысқа салуды ұсынуда. АҚШ Сенаты Украинаға, Израильге, Тайуань мен өзге одақтастарға құны 95,3 млрд доллар болатын көмек беру пакетін мақұлдаған еді. Алайда көмекті беру үшін Өкілдер палатасы мен АҚШ президенті шешімді қолдауы қажет. Өкілдер палатасының спикері Джонсон Украинаға көмек көрсетуді талқылаудан қашқақтап, әлі күнге дейін маңызды құжатты дауыс беруге шығарған жоқ.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша спикер Джонсон жексенбі күні Украина мен Израильге көмек көрсету бойынша жаңа құжатты партияластарына ұсынуға дайын екенін жеткізген.
АҚШ серіктестері Конгресске қысым жасауды арттырып, Киевке жылдам көмек беруді талап етуде. Өткен аптада Жапония премьері Фумио Кисида АҚШ-ты айыптай сөйлеп, Мәскеудің адуыны қатты екенін және Конгресстің тарихи жауапкершілігі жоғары екенін айтқан болатын. Дүйсенбі күні АҚШ президенті Байденмен кездесу өткізген Чехия премьері Петр Фиала былай деді: «1968 жылы бізге кеңес танктері кірді. Мен дәл осындай оқиғаның қайталануын қаламаймын. Біз Украинаны қанша керек болса сонша қолдауға тиіспіз».
Сарапшылар жаңа құжат Конгресстің қос палатасында қайта дауыс беруге шығарылу қажеттілігін айтты. Алайда бұл жолы көмек грант түрінде емес, несие түрінде берілуі ықтимал. Украина несиені өтей алмайтыны ескеріліп, өтеуі ретінде Ресейдің бұғатталған активтері Вашингтонда қалуы мүмкін.
Саясаттанушылар осы жолы Конгресстің қос палатасы да Украинаға арналған көмекті мақұлдайтынына сенімді. Несие түрінде көмек көрсетуді президенттікке үміткер Трамп та қолдауда. Бұл Трамптың соңғы уақыттағы рейтингінің төмендеуі және Еуропа басшыларының антитрамптық көзқараста болуымен байланысты дейді сарапшылар. "Өкілдер палатасының спикері Джонсон тарихта Киевке көмекті бұғаттап, Ресейді қуатты еткен тұлға деген атпен қалғысы келмейді" дейді АҚШ саясаттанушылары.
Mezgil.kz