Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гажиев: «Қарабақтағы Ресейдің бітімгерлік күштерін уақытынан бұрын шығару туралы шешім – Әзербайжан және Ресей басшылығының бірлескен шешімі», - деді.
Гажиев өз мәлімдемесінде аталған шешімді орындауға екі елдің әскери құрылымдары (Қорғаныс министрліктері) кірісіп кеткенін айтқан.
Ресей Қарабақтан әскерін әкететінін Кремль де ресми түрде растады. «Бұл ақпарат рас. Ресей Қарабақтан әскери контингентін шығарып жатыр», - деді РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
«Ресей Қарабақтан әскерін алып шығып жатыр» деген ақпарат кеше әлеуметтік желілерге тараған.
2020 жылы Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс аяқталғаннан кейін, 10 қарашада үшжақты мәлімдеме жасалған еді. Ол бойынша, Ресейдің әскери континтенгі 2025 жылға дейін Қарабақта бітімгерлік миссияны атқару үшін қалатын боп келісілген. Ресейдің Қарабаққа қалдырған әскери контингентінің саны шамамен 2 мың адам.
ҚАУҚАРСЫЗ ОРЫС БІТІМГЕРЛЕРІ: ҚЫРКҮЙЕКТЕГІ СОҒЫС
2020 жылғы 44 күндік соғыстан кейін үзіліс жасаған Әзербайжан Қарабақты былтыр қыркүйекте күшпен қайтарды. Әзербайжан мен Армения арасында тұрған Ресей бітімгерлері бейтарап қалуды жөн санады. 1 күндік арнайы операцияға араласпады. Әзербайжанға: «Қой», - деген де жоқ. Нәтижесінде Қарабақ іс жүзінде қайтарылды. Ал ондағы армян диаспоралары артынып-тартынып, Ереванды бетке алды.
ҚАРАБАҚТАҒЫ РЕСЕЙ БІТІМГЕРЛЕРІ: 44 КҮНДІК СОҒЫС
Ресей мен Армения арасындағы дипломатиялық қатынастар 1991 жылдан бері түзілген. Ресей Армения тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Сәйкесінше, ұзақ жылдар бойы Ереван да Мәскеуден алшақ саясат ұстанбай келді.
Ал Мәскеу мен Ереванның арасындағы ең маңызды байланыстардың бірі – 1992 жылы Ресей шекарашылары Арменияның шекарасын күзетуге кіргізілгеннен басталды. Әуелде орыс шекарашылары Арменияның Түркия және Иранмен шекарасын күзетуге көмекке келген еді.
Онан соң, бірнеше жыл өткенде Ресей Гюмриде әскери база ашты. Ресей сол кезде Оңтүстік Қапқаздағы стратегиялық ықпалын күшейтіп жатқан уақ еді. Ал Армения өңірдегі геосаяси қақтығыстарға бетпе-бет келе бастаған тұс. Сол себепті, Гюридегі әскери базаны Ереван «Мәскеудің қалқаны» деп көрді.
Ал Қарабақта (ешкім мойындамаған ергежейлі мемлекетсымақ) жағдай ушыға түсті. «Таулы Қарабақ Республикасы» дегенде өзге түгілі, Арменияның өзі де мойындамаған еді. Бірақ, дәл осы заңсыз құрылым Армения мен Әзербайжан арасындағы соғыстың басты себебі болды.
Бұл қақтығыстар ушыға келіп, 2020 жылы үлкен соғысқа ұласты. Жеңімпаз – Әзербайжан болды. Ал Ресей – «екінші орын».
Ол кезде Әзербайжан Қарабақты түгел қайтарды десек те болады. Бірақ, қайтпай қалған жерлер болды. Ол: Қарабақтың орталық аумақтары мен Арменияға бастайтын Лашын дәлізі.
БАКУГЕ ӘЛІ КЕЛМЕГЕН МӘСКЕУ
Сол себепті де, Ресейдім бітімгерлік күштері Әзербайжан мен Армения арасында «тәртіпті сақтау үшін» деген желеумен қалдырылды. Бұл уақта Ресей дегеніне жетті. Соғыс уақытша тоқтады. Әзербайжаның Халықаралық аренада мойындалған территориясында Ресей әскреи контингенті орналастырылды.
Ресей бітімгерлік күштері ол аумақта жалғыз ғана құжаттың күшімен қалды. Ол Үшжақты мәлімдеме (Әзербайжан, Армения мен Ресейдің атысты тоқтату туралы мәлімдемесі). Құжатта екі ел арасында Ресейдің әскерилері қалады деген сөз мүлде жазылмаған. Рас, бітімгерлер болатыны айтылғанымен, олардың нақты әскерилер болатыны туралы бірде-бір құжатта жазылмаған.
Ал 2022 жылы Ресей президенті Путин Украинаға толық күшпен соғыс ашты. Сөйтті де, Ресейдің Қарабақпен айналысуға мұршасы таусылды. Күшті Украина майданына жұмылдыру жайы сөз болды.
Мәскеудің «байтал түгілі, бас қайғы» боп жатқан осы сәтін Әзербайжан мен Түркия күшті пайдаланды. Ал Ресей дүркін-дүркін санкция соққыларын алып жатқанда, Ресей Әзербайжанға кіріптар болды. Не үшін? Санкцияны айналып өтер жол іздеді. Ал 2023 жылдың қыркүйегінде Әзербайжан 1 күндік арнайы операция бастағанда, Ресей дәрменсіздік танытты. Өз бітімгерлерінің қаза тапқанына қарамастан, Бакуге жауап бермеді.
Ресей бітімгерлерінің Қарабақтан кетуі – Әзербайжанның территориялық тұтастықты қалпына келтіру миссиясының нүктеленгенін білдіреді. Әуелгі келісім бойынша, Ресей бітімгерлік мииссиясы Қарабақта 2025 жылға дейін (5 жыл) қалуы тиіс еді. Онан әрі, егер қажет деп тапса, Әзербайжан бітімгерлерді қалдыру мерзімін ұзартуға құқылы болған.
Десе де, Әзербайжан Қарабақты белгіленген мерзімнен ерте қайтарды. Арнайы операция жүргізуге Ресей бітімгерлері де кедергі бола алмады. Тіпті, Гюмридегі Ресейлік әскери база да Әзербайжанның беталысына шектеу болмады. 2020 жылғы 44 күндік соғыста да, 2023 жылғы 1 күндік операция кезінде де Гюмри базасы Қарабақты уыста ұстап тұра алмады.
ҮШ ПРЕЗИДЕНТТІҢ АРМАНЫ: ТАРИХИ КҮН
Осы тұста тарихқа кішігірім шегініс жасауға тура келеді. 1992 жылы Әзербайжан билігі Совет әскерімен келісімге келіп, Гянжадағы 104-ші десанттық-шабуылдаушы дивизияның күшімен, Қарабақтағы армян сепаратистерін басқан еді. Осыдан соң, Әзербайжанның сол кездегі президенті, халықтық фронт лидері Әбілпаз Елшібей совет армиясының елден шығуын талап етіп, Совет билігімен келісімге келе алмаған. Десе де, кейін Совет билігі әскерін шығарған. Бірақ, сол тұста армян сепаратистері Қарабақ пен айналасындағы 7 ауданды қайта басып алып, республика құруға әрекеттенген.
Ал Әбілпаз Елшібей өз қызметін тастап кетуге мәжбүр болған. Елшібейдің орнына Гейдар Әлиев тізгінді ұстаған.
Ал бүгін Ресей әскери контингентінің Қарабақтан кетуі – Гейдардың ұлы Илхам Әлиев үшін ғана емес, миллиондаған әзербайжан халқы үшін де маңызды, тарихи күн болып қалмақ.
Mezgil.kz