НАТО (Солтүстік Атлант шарты ұйымы) – құрамында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германияны қоса алғанда, 32 мемлекет кіретін әскери-саяси блок болып табылатындықтан оның тізгінін ұстайтын жан да тегін болмауға тиіс. Сондықтан келесі тіз ұстаушыны таңдау ұзаққа созылды.
«НАТО басшысының өкілеттігі Нидерланды премьер-министрі қызметінен кетіп бара жатқан Марк Рюттеге ауысады», - деп хабарлайды Батыстағы БАҚ. Ол осыған дейін бұл қызметте болған Йенс Столтенбергті алмастырады.
Басылымның хабарлауынша, дәл қазір Рютте Солтүстік Атлант альянсының Бас хатшысы лауазымына жалғыз үміткер болып қалып отыр. Осылайша аталған саясаткер НАТО-ның барлық елдері, оның ішінде Румыния көшбасшыларының қолдауына ие болды.
Рютте өкілеттігі қазан айында аяқталатын Йенс Столтенбергті алмастырады. Басылымның мәліметінше, өзін-өзі қамтамасыз ету үшін Рютте Венгрияның Украинаға қолдау көрсету жөніндегі әскери альянстың жаңа жоспарларына қатыспайтынына жазбаша кепілдік берген.
57 жасар Рюттені НАТО бас хатшысы лауазымына тағайындау туралы шешім шілде айында Вашингтонда өтетін альянс саммитінде ресми түрде жариялануы тиіс.
Оқырмандарымыздың естеріңізге сала кеттін бір жайт, альянс құрамына енген соңғы ел - Швеция. Швецияның НАТО-ға қосылуы туралы хаттама 2024 жылғы 7 наурызда күшіне енді.
Жақында НАТО ядролық қаруды әзірлік жағдайына келтіретіні белгілі болды.
МАРК РЮТТЕ КІМ? ОЛ РЕСЕЙДІ НЕ ҮШІН ЖЕК КӨРЕДІ?
Рютте саяси машығын 14 жыл бойына Нидерланды премьері лауазымында шыңдаған, Украинаны ашық жақтаушы адам. Дәл осы Рютте: «Украина-Ресей соғысы аяқталуы үшін – Ресейдің майдан даласында ойран болып жеңілуі маңызды», - деп мәлімдеген.
Рюттенің Ресейге дұшпанкөз болуына көбіне-көп 2014 жылғы Украина аспанында атып түсірілген «Boeing 777» ұшағының апаты себеп болған дейді сарапшылар.
2014 жылы Украинаның Донецк облысының аспанында «Boeing 777» ұшағы атып түсірілген еді. Бортта болған (экипажды қосқанда) барлығы 298 адамның 192-сі Нидерланды азаматтары еді.
Ұшақты атып түсірген Ресей ҚК 53-ші бригадасының ПВО-сы еді. Қолданылған қару – «Бук» ЗЗК.
Рютте осыған дейін Украина президенті Владимир Зеленскийге жылы сөздерін, Ресей президенті Владимир Путинге сынды сөздерін аямай айтып келе жатқан адам.
«Путинді тым әсіре бағалаудың қажеті жоқ! Мен онымен көп жолы сөйлесіп жүрмін. Ол мықты адам емес!», - деген еді биыл сәуірде Марк Рютте.
Нидерланды корольдігі биыл Қорғаныс саласының бюджетін арттырды. Оның да осы Марк Рюттеның үкіметі іске асырды. Нидерланды Украинаға соққылаушы дрондар, артиллериялық қарулар мен жойғыш ұшақтарды беру туралы шешімді мақұлдаған.
РЮТТЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ: ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРМЕТТЕЙМІН!
Марк Рютте биыл мамыр айында Қазақстанға сапарлап келген. Ақордада ресми қабылдауда болып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты келіссөздер жүргізген. Сол кездесуде Рютте: «Мен Астанада алғаш рет 2010 жылы болдым. Бұл менің жаңа премьер-министр ретінде Еуропа Одағынан тысқары жерге жасаған алғашқы сапарым еді. Содан кейін 2015 жылы сапармен келдім. Сол кезде жүргізген келіссөздеріміз әлі есімде. Екіжақты байланыстарымыздың қарқынды дамып келе жатқаны мені әрқашан таңғалдырады.
Қазақстанның өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі теңгерімді ұстанымына айрықша құрметпен қараймын. Біз ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика және су ресурстарын басқару салаларындағы идеялар мен әзірлемелерімізді бөлісуге дайынбыз», – деді Нидерланды Үкіметінің басшысы.
Дәл осы кездесуде тек қана Қазақстан-Нидерланды қарым-қатынастары емес, НАТО басшылығындағы ауыс-түйістер мен Ресей-Украина соғысы деген тақырыптар да ашық талқы болған.
Mezgil.kz