Шымкентте полицияға жала жапты деп сотталған тұрғын ақталып шықты

6.jpg


Жоғарғы сот полиция қызметкеріне жала жапты деп түрмеге қамалған Шымкент қаласының тұрғынын ақтап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, Шымкент қаласының тұрғыны Болат Жұмаділов есірткі затын өткізу мақсатында сақтау, тасымалдау айыбы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сот талқылауында ол сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде өзіне ішкі істер қызметкерлері рұқсат етілмеген жолмен күш көрсетіп, психикалық қысым жасағанын мәлім еткен.

Сотталушы түсіндіргендей, осының салдарынан ол Ю-ға қатысты есірткі өткізу бойынша жалған жауап берген. Сот бұл арызды тексеру туралы қаулы шығарғанымен, арызданушының сөзі дәлел ретінде келтірілмей, осыған байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу өндірісі тоқтатылған.

«Бұдан кейін Шымкент қаласының Абай аудандық соты Болат Жұмаділовты 2015 жылдың 10 шілдесінде Шымкенттегі оқшаулағышта есірткіге қарсы күрес қызметкерлері кінәні мойындату мақсатында қинады деген айыбы үшін кінәлі деп табады. Яғни, сот шешімімен ол мүлкінің тәркіленуімен 5 жыл 3 айға жалпы режімдегі түзету колониясына қамалады. Алайда Бас прокуратураның келіспеушілігімен Жоғарғы Сот қылмыстық істі қайта қараған. Түптеп келгенде бірінші инстанция сотының шешімі жазықсыз адамның сотталуына әкеп соғып, заңның дұрыс қолданылмағанын көрсетті», - делінген хабарламада.

Аталып отырғандай, Б.Жұмаділовтың полиция қызметкерлері қинады деген арызы жалған жала деп танылмауы керек. Себебі, оның сотталушы ретінде мәртебесі оған өзі қалаған жауапты беруге құқық берген. Ол жауап беруден бас тартып, тергеушінің, анықтаушының, прокурор мен соттың әрекеті мен шешіміне шағымдануға, заңға қайшы келмейтін жолмен өз құқығы мен заңды мүддесін қорғауға құқылы болған. Алайда сотқа дейінгі тергеу органы бұл талаптармен санаспаған. Сондықтан, сотталушының өзін қинады деген сөзімен қорғалуға құқылы болуы - оны қылмыстық жауапкершілікке тартатындай заңсыз негіз бола алмайды.

«Осыны ескере келе, Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша сот коллегиясы Болат Жұмаділовқа қатысты Абай аудандық сотының үкімінің күшін жойып, қылмыстық құрамы болмағандықтан, қылмыстың іс бойынша өндірісті тоқтатты. Қылмыстық істі жүргізген органның заңсыз әрекеті үшін Б.Жұмаділовке келтірілген зиянды өтеп алуға құқық берілді», - делінген хабарламада.



Ұқсас тақырыптар