Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында түрлі білім, ғылым, шығармашылық және спорттық салалардағы жарыстарда жүлдегер атанған 200 үздік түлекке құрмет көрсетілді. Жас дарындарды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар марапаттады, - деп хабарлайды Mezgil.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өз құттықтау тілегінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
- Жас достар! Бүгінгі «Жас түлек - 2018» салтанатына арнайы шақырылған жас түлектердің қадамы құтты болсын! Бұл салтанатты шараға сонымен қатар өз қатарластары арасында ерекше білімімен, өнерімен танылып, облысымыздың абыройын асқақтатқан жас дарындар да келіп отыр. Алтын ұя мектеп пен аяулы ұстаздарыңыздан алған білім мен тәрбие сіздерге үлкен өмір жолында сенімді серік болатынына сенеміз. Алдағы уақытта да тынымсыз еңбек, талпыныс пен төзім сіздерді биік белестерге жетелесін! – деді.
Облыс әкімінің орынбасары елімізде жастардың алаңсыз білім алуына, өзін шығармашылық тұрғыда дамытуына барлық жағдайлар жасалып отырғанын, жыл сайын жаңа мектептер салынып, спорттық нысандар ашылып, мәдениет үйлерінің қатары артып келе жатқанын, оған қоса Талдықорғанда Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұрғанын және басқа да қолға алынған шараларды атап өтті.
- Мұның барлығы өсер ұрпақтың білімді, интеллектуал болып өсуіне бағытталады. Біз әрқашан өздеріңіздей дарынды, талантты жастарды қолдауға, қамқорлық танытуға қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасаймыз. Қазақстанның болашағы, еліміздің ертеңі – жастардың қолында. Тәуелсіз еліміздің гүлденуі мен өркендеуі үшін сіздерге жаңа жеңістер тілеймін! – дей келе Ж.Омар түлектерге «Алтын белгі» төсбелгісі мен ерекше үлгідегі аттестат табыстады. Сонымен қатар үздік шыққан білім мекемелеріне де марапаттар тапсырылды. Сыйлық ретінде түлектер мен ұжымдарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен планшеттер берілді.
Оқу жылының қорытындысы бойынша облыста 15 мектеп пен колледж үздік деп танылды. Білім мекемелері оқу мен тәрбиеде, кәсіби және спорттық салаларда қол жеткізген табыстары үшін құрметтелді. Оларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен арнайы стелла берілді. Марапатқа ие болғандар қатарында Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын М. Арын атындағы № 24 «Экономика және бизнес» арнайы лицейі, Текелі қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы, Талдықорған политехникалық колледжі, Талғар агробизнес және менеджмент колледжі және т.б. бар.
Ұжымдардан соң мектептер мен колледждерді үздік бітірген түлектер, ғылыми, шығармашылық және спорттық жетістіктерге жеткен жастар марапатталды.
Жастар арасынан Талдықорғандағы дарынды балаларға арналған № 20 мектеп-лицейінің түлегі Әли Байтас сөз алып, ұстаздары мен ата-аналарына, мемлекет қамқорлығына алғыс айтты. «Open Air» форматындағы концерттік бағдарлама мен мерекелік отшашу да жастардың көңілін көтерді.
Жалпы биылғы жылы Алматы облысында 17 069 түлек мектеп бітірсе, соның 800-ден астамы «Алтын белгі» төсбелгісімен, 600-ден астамы ерекше үлгідегі аттестатпен аяқтап отыр. Оқу жылының қорытындысы бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарына облыстан 203 оқушы қатысса, соның 110-ы алтын, күміс, қола медальдармен марапатталған. Республикалық пән олимпиадаларында облыстың намысын қорғаған 70 оқушының 30-ы жүлделі орындарға ие болған.