Бүгін Алматы облысында үкіметтік емес ұйымдар – бизнес – мемлекет үш жақты ынтымақтастық «ASAR» ІІ республикалық форумы өтті. Онда облыстағы ҮЕҰ-лардың құны 4,6 млрд. теңге болатын 4 әлеуметтік жобасы мақұлданды. Форум жұмысына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және бизнес қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Mezgil.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пленарлық сессия жұмысын Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев ашты. Ол өз сөзінде форум алаңы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу үшін ҮЕҰ, мемлекет және бизнестің ынтымақтастығына тиімді, сұранысқа ие және креативті диалог алаңына айналатынына сенім білдірді. Форум «Әр жылы – жаңа өңір» қағидасы бойынша өтуде. 2017 жылы алғашқы форум Атырау қаласында өтсе, биыл Талдықорған қаласы таңдалған. Бұл туралы министр: «Алматы облысы үкіметтік емес ұйымдар Жергілікті қоғамдастық қорын құру бойынша арнайы жоба әзірлеген және оны тәжірибе жүзінде іске асырған еліміздегі алғашқы өңір», - деп атап өтті.
Мұнан соң форум қатысушыларына сәтті қадам тілеген облыс әкімнің орынбасары Жақсылық Омар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамды ілгерілетудегі рөліне де баса назар аударды. Шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта келе, мемлекет пен бизнес-қауымдастықтың ынтымақтастық байланысын атап өтті.
«Өңірлердің тұрақты дамуына жергілікті қоғамдастықтың қосқан үлесі» тақырыбында өткен форум шеңберінде еліміз бойынша ҮЕҰ-лардың 8 жобасы, соның ішінде облыстағы осындай ұйымдардың құны 4,6 млрд. теңге болатын 4 әлеуметтік жобасы мақұлданды. Атап айтқанда, Талдықорған қалалық «Қамқор» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ұсынған «Шексіз би», «Қарасай ауданынан «Балатай» ҚБ-ның «Мұраны дамытамыз – туризмді және өзімізді дамытамыз» жобасы, Кербұлақ аудандық «Қамқор» мүгедектер қоғамы» ҚБ-ның «Мүмкіндігі шектеулі және ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған оңалту орталығы» жобасы және Көксу аудандық «Үш ұрпақ» ҚБ-ның «Үш ұрпақ» жобасы. Барлық жобалар жергілікті бизнес-қауымдастық тарапынан қолдау тапты.
Атап өтсек, форум басталардан бірнеше ай бұрын арнайы сайт құрылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген әлеуметтік жобалар жолданған болатын. Солардың ішінде 141-і іріктеліп алынса, соның 30-ы Алматы облысынан. Форум аясында соның ішінде аса ірі саланатын 8-і бизнес қауымдастығы тарапынан қолдау тапты. Іріктелген жобалардың қалған 133-іне бизнесмендерді тарту ісі жыл бойы жалғаса беретін болады.
Жалпы Алматы облысында қазіргі кезде 415 үкіметтік емес ұйым бар. Өткен жылы әлеуметтік мемлекеттік тапсырыстарды орындауға облыста 414,5 млн. теңге бөлінді, оның 100,0 млн. теңгесі ҮЕҰ-ларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар өткен жылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған Консалтинг орталығы ашылды. Орталық жұмысын жүйелендіру мақсатында 2018-2020 жылдарға 60 млн. теңге қарастырылған.
Еске салсақ, ҮЕҰ – бизнес – мемлекет үш жақты ынтымақтастығының «ASAR» республикалық форумы өз жұмысын 21 маусымда бастап, шара аясында мастер-кластар, case-study оқыту семинарлары, дебаттар өткізілсе, бүгін панелді сессиямен, интеллектуалды конференциямен жалғасуда. Жалпы форум жұмысына 300-ден астам адам қатысты.