Агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру маңызды

кх Дулат_.jpg

Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен Сенат депутаты Абдалы Нұралиев Бурыл ауылдық округіндегі "Яшар" шаруа қожалығында болып, егін алқаптарының жұмысымен танысты, диқаншылармен жүздесті.

94 гектар егістік жері бар, оған қант қызылшасы, дәндік жүгері, жаздық арпа, көпжылдық шөп, қызанақ егіп, жиырма бес адамды еңбекпен қамтып отырған  қожалық ұжымымен кездескен Сенат Төрағасының орынбасары «Елбасы Жолдауында 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын,  кем дегенде 2,5 есеге арттыруды міндеттеді. Осы салаға жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізуді тапсырды. Бұл үшін агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау басты бағыт болып табылады», -деп атап көрсетті.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Сенат депутаттары Ботамойнақ ауылдық округіндегі С.Абланов атындағы орта мектебі мен жаңа оқу жылында ел игілігіне берілгелі отырған үш жүз орындық №4 мектеп лицейінің құрылыс барысымен танысты. «Адами капитал – жаңғыру негізі екенін Елбасы үнемі айтып келеді. Бүгінде техника мен технология көз ілеспес жылдамдықпен тез дамуда. Президент білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы ретінде өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту міндетін қойып отыр. Бұл – мектеп қабырғасынан бастап, жоғарғы оқу орындарына дейін басты талап болуға тиіс», – деді Сенат Төрағасының орынбасары Б.Бекназаров.

Сондай-ақ, сенаторлар Көктал ауылындағы "Дулат" шаруа қожалығының мал бордақылау алаңының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы жұмыстарға оң бағасын берді. "Қазір Сенат депутаттары барлық өңірлерде жүр. Олар облыстарда халықтың тілектері мен ұсыныстарын  депутаттық сауалдар арқылы немесе дөңгелек үстелдерде, үлкен жиындарда көтеріп, заңнаманы уақыт талабына сәйкестендіруге  атсалысады. Қыркүйек айының басында Парламент кезекті сессиясын жалғастырады. Сонда осында айтылған мәселелердің барлығы ортаға салынатын болады" -деді. 



Ұқсас тақырыптар