Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамыту және Алакөл ауданы Ақши елді-мекеніндегі демалушыларға жайлы жағдай жасау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында бүгін Ақшиде көпфункциялы «Көктем Гранд Ресорт» қонақжай кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Жылына 30 мың адамды қабылдауға қуатты осы жобаны «Falcon Petroleum» ЖШС-і жүзеге асырды. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі 4 млрд. теңгені құрайды, - деп хабарлайды Mezgil.kz порталы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кешеннің ашылуында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау бойынша Алматы облысында ауқымды жұмыстардың қолға алынып жатқандығын жеткізді.
Өңір басшысы атап өткендей, жергілікті бюджет есебінен Ақши ауылынан Алакөл жағалауында орналасқан демалыс орындарына дейінгі жалпы ұзындығы 23,8 шақырым болатын жолдар қалпына келтірілді. Оған 3 млрд. тг. қаражат жұмсалды. «Үшарал – Достық», «Талдықорған – Достық» бағытындағы автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары басталды. Демалушыларды Алакөл жағалауына жайлы жеткізу мақсатында «Жетіген – Достық - Жетіген» бағытында теміржол және «Алматы – Үшарал - Алматы», «Астана – Үшарал - Астана», «Талдықорған – Үшарал - Талдықорған» бағыттары бойынша әуе қатынастары қызмет көрсетеді. Оны облыс әкімдігі субсидиялайды. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 516,4 млн. тг. қаражат бөлінген. Келесі жылдан бастап Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қалпына келтіру жұмыстарымен қатар көлдің жағасын шайылудан қорғау жұмыстарын қолға алу жоспарлануда. Егер өткен жылы көлге келіп демалушылар саны 700 мыңды құраса, биылғы жазғы маусымда олардың саны 1 миллионнан асып түсті.
Амандық Ғаббасұлы өз құттықтауында:
- Баршаңызды заманауи көпсалалы «Көктем Гранд Ресорт» қонақжай кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Алакөлге жұмыс сапарымен келген кезінде көл жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бере отырып, бұл жұмыстарды әрі қарай да қарқынды жалғастыру қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан да бүгінгі ашылып отырған бес жұлдызды заманауи қонақжай кешені – Елбасы тапсырмасын орындау жолындағы тағы бір қадам деп санауға болады. Осы тұста дәл осындай ауқымды жобаны жүзеге асырғаны үшін жерлесіміз, кәсіпкер Мұрат Әділхановқа ерекше алғысымды білдіремін, - деді өңір басшысы.
Осыдан кейін сөз алған «Көктем Гранд Ресорт» қонақжайының директоры аудан тұрғындарына өз құттықтауын жеткізіп, облыс басшылығының көрсеткен қолдауына алғысын білдіріп, одан әрі де кешенді кеңейтіп, қызмет сапасын үнемі жетілдіріп отыратындығын хабарлады. Осыдан кейін салтанатты түрде кешеннің лентасы қиылып, қонақжайдың алғашқы қонақтары ішке енді.
Белгілі болғандай, көпсалада қызмет көрсететін қонақжай кешеніндегі 107 бөлмеге 450 адам жайғаса алады. Оның 97-і стандартты, 4-уі люкс және 1-і президенттік люкс санатындағы бөлмелер. Кешеннің жалпы аумағы 16 га, оның 10 гектары саябаққа арналған. Қонақжай кешені 5 қабаттан тұрады. Жобаның жалпы құны 4 млрд. теңгеден асып жығылады. Қонақжай кешенінде 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда демалушыларға жазғы терассасы бар кафе, монша, караоке клубы, дүкен, балалардың ойын алаңқайы, волейбол және үстел теннисінің алаңы, кітапхана, автотұрақ пен өзге де жайлы жағдайлар қарастырылған.
Айта кетер болсақ, Алматы облысының әкімдігі Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда Алакөл ауданында туристерді қабылдауға әзір 213 нысан бар. Бұл облыстағы барлық туристік қызмет көрсететін нысандардың 30% құрайды (облыс бойынша 701 нысан). Алдын ала есептеу бойынша 2018 жылдың жазғы туристік маусымында Алакөл ауданы бойынша көрсетілген ақылы сауықтыру қызметінің көлемі 5,8 млрд. теңгені құрады (2017 жылы – 365 млрд. тг). Сондай-ақ аудандағы демалыс орындарында 1 миллионнан астам тынығушыға қызмет көрсетілген (2017 жылы – 700 мың адам).