Полиция қызметкерлері Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрып-соққан ер адамды ұстады.
Ол 28 жастағы Түркия азаматы болып шықты.
"Кеше жедел жәрдем көлігінің жүргізушісімен жанжалдасып, оған дене жарақатын салған Volkswagen Passat көлігінің жүргізушісі анықталып, ұсталды. Ол 1990 жылы туған Түркия азаматы болып шықты. Алмалы ауданы ішкі істер басқармасының тергеу бөлімі оның іс-әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 1-бөлімі ("Бұзақылық" — Sputnik) бойынша бағалады", — деп хабарлады Алматы қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті сараптама тағайындалды.
Сейсенбі күні әлеуметтік желілерде жедел жәрдем дәрігері түсірген видеоролик пайда болды. Онда жас жігіт "жедел жәрдемнің" жолын қиып, көліктегі жүргізушіні ұра бастағаны көрінеді.
№6 жедел медициналық жәрдем станциясы бригадасының көлігінде науқас болған.
Дереккөз: Sputnik