Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры Арман Бердалин, Атырауда облыстық мәслихат депутаты ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталғанын мәлімдеді.
Бердалиннің айтуынша, соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық үшін 19 мәслихат депутаты қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Оның ішінде 9 облыстық, 4 қалалық және 6 аудандық деңгейіндегі депутаттар бар.
Ал биыл қылмыстық жауапкершілікке 7 мәслихат депутаты (оның ішінде 1-қалалық, 3 - облыстық, 3 – аудандық) тартылған. Олардың кейбірі бойынша айыптау үкімдері шыққан.
Осы орайда ұлттық бюро өкілі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Атырау облысы бойынша департаменті жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында мәслихат депутатын ұстағанын айтты.
«Атырау ақпарат» ЖШС-нің басшысы, облыстық мәслихат депутаты ұсталды. Ол делдалдар арқылы мемлекеттік сатып алу келісім шарттарын жеделдетілген түрде жасау үшін мердігер ұйымдардың өкілдерінен ірі көлемде пара алды деп күдіктеліп отыр. Сондай-ақ депутат мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген 5 млн теңге көлеміндегі қаражатты жымқыру бойынша күдіктелуде», - деді директор брифингте.
Сонымен қатар Арман Бердалин қазіргі таңда депутаттың үй қамақта отырғанын мәлім етті. Оның айтуынша, «Атырау ақпарат» компаниясының құрылтайшысы Атырау облысының әкімдігі екен.
BAQ.KZ