Құрметті поэзия сүйер қауым! 20 сәуір сағат 16-00-де "Алатау" дәстүрлі өнер театрында ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Көкек айы - Гүлстан" атты әдеби кеші өтеді. Рухани дамып, ойлы жырлардан сусындағыңыз келсе, осы кештен қапы қалмаңыз. Сізді және достарыңызды, жақындарыңызды, жора-жолдастарыңызды әсерлі поэзия әлеміне шақырамыз!
ТАҢҒЫ ҚОШ СЕРУЕН
Баққа барам сыйынбаққа күнде мен.
Көктемді аңсап, мүлгіп тұрар мұңды емен.
Мұз музыкасын тыңдай қалсам сол сәтте,
Ақыл іші қырау аңқып гүлдеген!
Суық торғай, сен де аңқылда, арманда!
Қысқы бақпен сырласа біл.
Қар да онда
Гүлден де артық жұпар шашар бір керім,
Қызыл арай қауашағын жарғанда!
Аяз да аңқып!
Ауаға ұшқан лебіз де!..
Бақ құсымен жаным менің егіз бе?!..
Мәңгіліктің сырын ұққан секілді
Алшаң басам, таңғы сағат сегізде!
Өмір, бірақ, – қып-қысқа.
Рахмет айтып үлгерем бе бұл Қысқа?..
Білетінім:
Жалған Дүние – көшірме.
Күнде ғана – түпнұсқа…
Сондайлық сын – ерлер ғана шыдар сын.
Суық торғай, сен де мұңды ұмытарсың.
Бұ Дүниеде бәрі – жалған.
Бірақ та,
Жұпар – шын!
22. 12. 2017