Cурет Дәурен Аяшиновтың мақаласынан алынды
Біз әлі де болсын түбімізді тани алмай жүргеніміз рас. Заманында Табиғат-Ананың бойына берген ерекше қасиетімен ел ішіне есімі етене таныс болған атақтыларымыз өткен. Алайда олар туралы көп мағлұмат білмейміз, көзі көргендер мен естігендердің қарасы сиреді. Мәселен, бір ғана Арғын бабамыздың Бәсентиін-Ақтілес тармағынан тараған қаншама біртуарлардың аттары іздеушісіз тарихпен бірге көміліп кетті. Қимадиден Нығыманов 1962 жылдан бастап Жақсыбай абыз, Естай туралы әңгімелер мен ел ішіндегі әдеби мұраларды жинап, Қазақстан Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы әбедиет пен өнер институтына өткізген екен. Сол қолжазбалардың ішінен жақында Қимаш ақынның ауыл ақсақалы, ұста Салық Беласаровпен болған әңгіме желісінде құрылған Өте балуан Бәйтерекұлы туралы жәдігерді тауып оқу мүмкін болды.
1963 жылы феврал айында Спартак совхозының (қазіргі Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы Қараоба селолық округі. Автор.) орталығында тұратын дербес зейнеткер, ел тарихын таспалап айтатын, ел ішінде темірді қамырша илейтін өнеріне қарап «Қара Салық» атанған Салық Беласаровты арнайы іздеп барып, ет пісірім уақыт әңгімелестім. Сөзге мығым, тарихи фактіге темірдей қатты ұста қарт: «Кешегі жаугершілік заманда біздің аталарымыздан да көптеген батырлар, би-шешендер шыққан», - деп сөз бастады. «Біз» деп отырғаны маған да тән, себебі менің де түбім сол кісі тарайтын Бәсентиін-Ақтілес руынан тамыр тартады. Өткеннен өнеге беретін аталарымыз туралы сұрай келгенімді мақұлдаған қарт: «Тарих қылып қалдырсаң неге айтпайын. Ұрпақ үшін қажет қой. Асықпай жазып ал. Сен кешегі күні Алпыс балуанды жазып шықтың, кітап еттің, орынды іс болды мұның. Сол Алпыстан кем соқпайтын Өте балуанды білесің бе? Оның да бастан кешкен уақиғасы жетерлік. Әуелі тыңда», - деп маған бұйрықты рай танытып тілге тізгін берді.
- Ақтілес атамыздан тарайтын батырлар туралы аз білеміз. Хатталғаны шамалы. Мәселен, Абылайдың ақ туын алған Боқбасар батыр өткен. Ол Байшақ баласы Тілеуімбеттен тарайды. Ол да Саба баласы Нарнай, Бөгенбай, Қошқарбай батырлар сияқты Абылай ханның жасақбасылары екен. Сол секілді біздің Сарша деген атамыздан кіндік жалғастырған Сәңкібай батыр, Көбес баласы Жылқыбай батыр бар. Бұлардың барлығы да тарихқа жүк болатын ерлік қалдырған баһадүрлер, айналайын. Мен саған өзім жақсы білетін Бәйтерек баласы Өте балуан туралы айтып берейін.
Өте Бәйтерек баласы, Ақтілестің Жауғашынан таралады. Жауғаштан Уәріс, Мәмек болса, соның Мәмегінен Шақшан. Шақшаннан Ерубай, одан Сағын, Сағыннан Бәйтерек, Бәтеректен Өте.
Өтенің 18-19 жастағы жігіт кезі екен. Қанжығалы ішінде он екі ұлы ойын құрған, байлықтың барына қол жеткізген Бекайдар атты көпес бай болыпты. Сол бай досы Бәйтеректің баласы Өтенің ер жүректігі мен алып тұлғалылығына, батыр жүректілігіне сырттай қызығып жүреді. Соңғы уақытта күреспен де аты шыға бастаған. Бірде саудамен Бұқараға жасайтын сапарында досынан баласының бірге баруын сұрап, өзімен бірге ала кетеді. Жолшыбай ол Өтеге:
- Өтежан, Бұқара елінде атырабына аты жайылған Бабырахим сұлтан деген сауықшыл көпес бар. Ол астында жүйрік аты, қасында балуан жігіті бар кісімен жолықса, жарысам, күресем деп мазалайды. Айтқанына жетпей қоймайды. Өте шырағым, сондай сауықшыл адамға кездесіп қалсақ, балуанымен белдесе қалсаң ел намысын жерге жықпас деп саған зор сенім артып келемін. Бұл сапарда саған басқа қояр міндетім жоқ, - дейді. Күрестен меселі қайтпаған Өте болса бұл міндетін айырсынбайды, тіпті «күнделікті қарапайым ісім ғой» дегендей жайбарақат басын шұлғи береді.
Бұлар аттың белін талдырған алыс жолдан шаршап-шалдығып, керуен тартып сабылып келеді де, тыным алмастан жеті күн бойы жәрмеңке базарды аралап, сауда жасайды. Қажетті заттарын сатып алып, түйелерін теңдей бастайды. Жәрмеңке тараған соң Бабырахим сұлтан келген көпестердің басын қосып сауық құрмаққа ниеттеніп, Сарыарқа даласынан келген Бекайдарға: «Той жасаймыз, ат шаптырамыз, балуан күрестіреміз. Қазақтың кең сахарасынан келген сені шет тастамайық. Жүйрік атың мен атан жілік жігітің болса қамдан, - деп хабар салады.
Бекайдар хабар жеткенімен бәйге алам деп үміттенбейді. Дегенмен телегей байлықтың буы бойына ұрған ол кейінгі кезде жүйрік ат баптап, балуан жігітін өзімен серік етіп жүретін «жарты патша» атанғысы келетіні анық еді. Сұлтан айтқаннан кейін сөзін жығуға болмайды, оның үстіне болашақ күндері де сауда жасасатын серіктестерінің бірі. Мазаққа қалсам да қапталында тізгіндеп жүретін жүйрік торы атты бәйгеге қосуды ұйғарады. Жан-жақтан жиналған саудагерлер мен Бұқарада байлыққа белшеден батқан бай-манаптардың да аузымен құс тістеген тас бүйректері барын естіп біледі. Мәселен, сол арада бір байдың кіл жүйрік қосылған ат жарыстарында көмбенің алдын шаңға көміп, анау-мынау бәйгеде жүлдені шаппай алатын екі көксерек аттарының қосылатынын естиді. Бәйге өтетін күні сол бай кеудесін кере қағып: «Бұл бәйгеде мен ат қинамай-ақ бас жүлде аламын, сый-сияпатыңды көксеректеріме шаптырмай бер», - деп қиғылық танытып, мақтанға салынады. Оған Бабырахим сұлтан:
-Бәрі бұрынғыдай деп ойлама. Кеудемсоқтықты қайтесің. Бұл тойда жан-жақтан жиналған ұлты басқалар бар. Жүйрігі сенің көктеріңді шаң қаптырмасын қайдан білесің? Мықты болса атыңды қосып, бәйгеңді шауып ал, - дейді.
Бәйгеге қосылған аттар алысқа шабады. Менің атымның алдына қайсысы шығар дейсің деп бұл жолы әлгі бай-көпес жүйріктерінің ащы терін алмай, жаратпай келген екен. Абройын да сол әрекеті айрандай төгеді. Екі көксерегі ана жерде бір тапырақтап, мына жерде бір тежеліп көптің соңында шаң қауып қалып қояды. Сол бәйгеде Бекайдардың қаптал торысы барлық аттан озып, бірінші келеді. Алғашқы болып маңдайы жарқыраған торы аттың бәйгесіне бір атан түйе, тоғыз бума бұйым, масаты кілем, түлкі ішік іспетті асыл бұйымдардан тұратын жүлде берілген екен.
Бәйгеден кейін жұрттың назары түйе балуандардың күресіне ойысады. Сол Бұқара елінде Бабырахим сұлтанның белдескеннің белін қайыстырып, білегін талдыратын «Қоңыраулы балуан» атанған күш иесі мықты екен. Онымен Өтені белдестірмек болады. Бәйтерек болса іштей досынан жалынып-жалпайып жүріп сапарға серік етуге өтініп сұрап алып шыққан баласы Өтені алыптың қолында өлтіріп аламын ба деп сезіктеніп қорқады. Ол шикілігін балуанға білдірмейді. Алайда көкірек көзі ояу Өте:
- Мені несіне бүркемелеп көлеңкеде жасырасың, алатын шыбын жанды Құдай қажет болғанда өзі алады, шығамын күреске, жолыма көлденең тұрма! - деп қос білегін түрініп ортаға жүгіре басып шығады. Осылайша Қоңыраулыға Өте қарсы шығып, апыр-топыр күрес майданы басталады. Қоңыраулының білегінде байлаулы кішкентай қоңырауы бар екен. Елі соған байланысты оны осылай атаса керек. Екеуінің де денелері қып-қызыл қанға боялады. Мұны көрген Бекайдар жаны мұрнының ұшына келіп Құдайға «өлтіре көрме» деп дұғасын жүз қайырады. Әбден мазасы кетіп сасады. Алайда Өте Қоңыраулының қимылын аңдап жүріп, сәті түскенде зат құрлы көрмей жерден көтеріп алып, бір ұрып жартылай жығып кетеді. Ашуға берілген Қоңыраулы қанша қарым көрсетсе де Ақтілестің балуанын жұлқылғанмен түк шығара алмайды. Әдіске де әбжіл Өтені жықпақ түгілі орнынан қозғау да мұңға айналады. Өмірінде мұндай балуанды бірінші кездестірген ол іштей қынжылады, жастың жігеріне тәнті болады. Қоңыраулының әлі әбден сарқылған уақытта Өте шалт қимыл жасап, қарсыласын шабынан қысып алып, бозбала күнінде өгіз жыққандай басынан асыра көтеріп алып, дүңк еткізіп жерге тағы бір ұрады да жеңіп кетеді. Осы жеңісінің сыйы ретінде Өте бір атан түйе, тоғыз қымбат бұйым мен 80 қой жүлде алады.
Ойда жоқта олжалы бәйгеге тап болған Бекайдар бір көлдің басына келіп қонады да, Құдайға ақсарбас айтып құрбан шалып, қазан көтеріп Бабырахим сұлтанды Қоңыраулы балуанымен қонаққа шақырады. Сұлтан өзінің басқа тоғыз балуанын біре ерте барған екен. Сол басқосу кезінде Өте сұлтанның тоғыз балуанын түгелдей жеңіп шығады. Шеберлігі мен қайсарлығына тәнті болған сұлтан Бекайдардан:
- Ажалы Құдайдан, батырыңды бір жылға маған беріп кет. Менімен жүріп сауық құрсын, - деп көңіл етеді. Алайда бұған Бекайдар досының баласын жат жерге тастап кетуді қимайды және өзінің мойынына берілген жанды аманатқа қиянат жасай алмайды. Оның үстіне ол елге барғанда өз беделін бел асыруға қажет.
- Бір досымның баласы еді, жолға шығарда ел көрсетем, жер көрсетем деп алып шығып едім. Сондықтан қалдыра алмаймын. Бұл маған жанымнан қымбат аманат. Одан да өзім қалып, ханша мен екеуіңіздің дәрет суыңды төгейін, - деп жауап қатады. Қалай сұраса да балуанын тастамайтынын білген сұлтан ақ сөзіне разылық етеді.
Олар қош айтысып ұзақ жолға жүріп кетеді. Арада алты ай өткенде елге оралады. Сағынған ауыл алдарынан шығып қуанысып қарсы алады.
Өте осы сапардан даңқты оралады. Ол көп уақыт бойы өтей алмай жүрген қалыңын төлеп, өзі сүйген қызын әйелдікке алады. Сол әйелінен Тәйке, Темір деген екі бала көреді. Соңғысының жасы үшке толғанда Өте патшаға қарсы көтеріліске қатысады. Құрамында болған топ жеңіліс тауып, патша бұлардың соңына түседі. Қуғын көрген ол Бұқараға қашып тынады.
Сол Бұқара жерінде Бабырахим сұлтанның қызына үйленеді. Сұлтанның қызын қатындыққа алуы туралы мынадай да аңыз бар.
Бабырахим сұлтанның тоғыз балуаны бар екенін айттым ғой. Солардың бәрін өз қызы әйел затына қарамастан тас-талқан етіп жыққан екен. Қайсар туған қыз: «Кім менің жауырынымды жер иіскетсе, соған тұрмысқа шығамын», - деп шарт қойыпты. Күндер өте береді. Бір тойда Бұхара елінде «бетін ашпай» белгісіз болып жүрген Өте күреске шығып, сұлтанның қызымен белдеседі. Әрине әйел затын оңай жеңеді. Сұлтан бұл балуан туралы анықтама жасатып, сұрап білген соң, кезінде күрестегі ерлігімен елге танылған Өте екенін анықтайды. Разылық танытып, қызына үйлендіріп, қолына қондырады. Сол ¬Өте балуанның моласы Бұқарада дейді. Оның ажалы өштескен балуандардан келген деген де сөз бар, - деп аяқтады қарт ұста әңгімесін.
Қимадиден Нығымановтың қолжазба қағаздарында сақталған бұл әңгіме ұрпақ үшін маңызды мұра. Егер бұл табылмағанда жұрт Өте сынды балуанның өмірде болғанын да білмейді екен. Балуан атамыз туралы бұл әңгімені оқыған сәттен басқа да деректер іздестіруге көштік. Белгілі өлкетанушы Дәурен Аяшиновтың 2013 жылы жариялаған «Влиятельнейшие ордынцы Баян-аульского внешнего округа(1830-1868гг., по материалам Центрального Гос.архива Казахстана-ЦГА РК). Актилес-Кушик-Басентиинская волость» атты мақаласында Ақтілес-Күшік-Бәсентиін болысындағы билер мен старшиналардың есімдері келтіріліп, шежіресі тарқатылады. Мәселен, Мәмек-Шақшан бөлімшесінде 1830-1842 жылдар аралығында Алан Әйтей, Өте Бәйтерек, Шәуек Жоламандар би болғаны жазылған. Ал шежіресі «Өте-Бәйтерек-Шерубай-Шақшан» деп таратылады. Мемлекеттік архивтің мөр басылған құжаттар дерегін арқау еткен мақала Салық ұстаның айтқан әңгімесіндегі шежіре тарқатуының дұрыстығын паш етіп отыр. Бәсентиін-Ақтілес тармағына қатысты мәліметтерді жинақтаушы Рауан Сейфолланың сөзіне қарағанда, Өтемен қатарлас Алан би сөзіне ел тоқтаған адам болған екен. Оның төрт ұлы Тінәлі, Жәнәлі, Манатай және Елубай. Тінәлі 30 жыл болыс құрамында би болса, Манатай атамыз үш мәрте қажылық парызын өтеген адам. Қазіргі күні Ақтоғай ауданының Жаңатап ауылында Манатай деген жер де сол кісінің есімін иеленген.
Салық Беласаровтың әңгімесінде Өте балуан екінші баласы үш жасқа келген уақытта патшаға қарсы соғыста жеңіліс тауып, Бұқараға қашқан деп айтылады. Тарихтан белгілі қайтадан құрылған Баянауыл округіне Ақтілес пен Күшік рулары енбейміз деп отарлаушыларға қарсы шыққаны аян. Тек 1842 жылы округ құрамына енген. Ақтілес руының атынан көтерілісте Жақсыбай абыздың балалары Қуат пен Дүйсенбі бас болады. Ол туралы Қимадиден Нығыманов Серікбай Мүткеновтің 60 жылдығына арналған тойбастар өлеңінде былай дейді.
Сол Жақсыбай ұлдары,
Дүйсенбі, Қуат бұлдағы.
Көтеріліс бастаған,
Халықтың болған құрбаны.
Халықты бастар азатқа,
17 ай теңдік құрыпты.
Оқ атып патша қазаққа,
Үшсайда көбін қырыпты.
Кісен салып Қуатқа,
Дүйсенбіні атыпты.
Сеніп Қуат халыққа,
Талқандап бұғау қашыпты.
Біз отырған осы жер,
Ие сондай тарихқа.
Жазып жүрмін бір роман,
Сондай ерен даңққа.
Егер Өте балуан 1842 жылға дейін болыстықта би қызметін атқарғанын ескерсек, ол осы көтерілістің құрамында болғаны даусыз. Себебі Ақтоғай ауданы аумағындағы Ертіс жиегіндегі елдерде отаршылдыққа қарсы басқа көтерілістер туралы деректер жоқ. Ең бастысы бұл Өте Бәйтерекұлын тек қана күрес майталманы емес, сонымен қатар туған жерді қорыған, отаршылдарға қарсы қимыл көрсеткен қайраткер деп атауға негіз болады.
Қорыта айтқанда, мұндай өмірі өнеге адамдар қай өлкеде болса да баршылық. Ұлы даланың жеті кереметін танып рухани жаңғырып жатқан жұрт алдағы күндері мұндай қайталанбас тұлғалар туралы тарихи әңгімелерімен бөліседі деген сенім зор.
Бейбіт БӨЖЕН
Mezgil.kz