Қимадиден НЫҒЫМАНОВ: Атырау

кимадиден.jpg

(аяқталмаған роман)

Бірінші тарау

Атырау көлінің жағасына айнала жағалай қонған Арғын атадан тарайтын Бәсентиін-Ақтілес руы адырдың еңісінде тұр. Бұл жерді жұрт «Атырау көлі», «Атырау адыры», «Атырау қаласы» деп атайды. Атырау - Ертіс өзенінің жағасында орналасқан қауымы қалың қыстаққа еңкейген елдің күзегі, мыңғырған малды Ақтілес руының үдере көшіп еңкейгенде иен жайлап, еркін отыратын орны. Тамыры тұщы судан талмайтын, хош иісті майсасы малға жұғымды, көгалы түскен күзге өң бермейтін құнарлы жер. Қыстаққа тұратын қара малдың қалың қоңы осы арада жетіледі. Қыдыра көшіп мал айдаған адамның рахаты осы арадан табылады. 

Көк көдесі қау болмай тұратын шұрайға ірге белгілеп, үй тігетін адамдар шаңыраққа уық шаншығанан кейін рахаттана жерге жантая кететін. Жер жұпарын мейірлене жұтып, дүние рахатын сезініп қалатын. Жан дүниесін жарылқаған жұпар кілемнен тұрғысы келмей аунайтын. Керегенің төменгі жағын түріп, самал иісін сары қымызбен қоса жұтуға құмартатын. Қомда шайқалған құтпанды қотарып ішіп, бір шаттанғанды қалайтын. 

Бұл жердің қашан, қандай себеппен Атырау аталғаны ешкімнің есінде жоқ. «Ол қалай, қашан аталды» деп те ешкім ойға алмайды. Атыраудың бар болмысы дертке дауа, малға май ауасында еді. Сүйсінген адам: «Атыраудың ауасы әтір-ау», - деп қояр еді. Бәлкім ат қоюға шебер қазақ «Әтір» деп те атаған болар. Айта берсе атаудың әр дыбысының алмасуына қарамайтын қазақ сол «әтір-ау» дей келе Атырау деп кеткен болар. Не десе де өзіне еркін тиген еншісіне ерікті екенін сезінгендей.

Ақтілестің алты ауылы үдере көшіп, бытырай жайлап жазды алғанда қатал қыс алдында күздің соңын Сарыарқаның солтүстік-шығысындағы орыс жеріне шектес күзекте өткізеді. Жақын жерден қыстақтарын дайындап, малдарын тойындырып отыратын жері осы көлдің жағасы.Жаз бойы бір туған ағайынды-қарындас болып екі-үш үйлі көш құрап, мал жайылымын қуалап, улап-шулап көшіп алпыс көш алыс Ақдуыл даласын ен жайлап кетеді. Күзеуге келгенде ел көлемі көбейіп, сағынысып табысып жатады. Тірілері тілдесіп, өткендерін еске алысады. Еңкейген елдің бұрын келгені Атырау көлінің жағасын таңдап қона кетеді. Соңғысы соған жалғасып реттеле береді. 

«Былтыр менің іргемнің қазығы қағылған, менің ошағымның жері қазылған» деп меншіктенбейді. Ағайынға алалық айтпай, ара-жігін ашпай келген бір ата Ақтілес Бәсентиін руындағы дәмі мен жаны ортақ татуы, момыны. Биыл күзеуге ел тұтаса түсті. Оның себебі де бар еді. Ертеңгі күн - дүйсенбі. Он екі айда бір келетін рамазан айынан соң екі ай он күн өткенде болатын Құрбан айт. Бұл қазақ халқының Ислам дініне көшкелі бұлтақсыз жасап келе жатқан мырзалық тойы. Дәстүрге мығым, тұнық сезімді қазақтардың қанына сіңіріп тастаған, жылына бір келетін үлкен айт мерекесі. Бұл күнде барша ел басқа шаруаны қойып, Құдай жолына құрмалдық шалып, ошағын қоңырсытуға тиіс. Дін иесі Мұхаммет пайғамбардың қауымындағы мұсылман екендігінің айғағы мен шын берілгендігі үшін байлары нысабының бар екенін білдіріп,ірі малын шалса, кедейлері тоқты-торымын құрбандыққа қияды. 

Атырау көлінің жағасына кеше келіп қонған қалың ауыл бүгін күн шықпай малдарын сойып, қазандарын асып, қозасы қызулықойдың қиынан от салып қойды. Таң рауанында тұнық ауада тік ұшқан түтін ауыл бірлігіндей тұтасып көгінде көлбеп барады. 

Атырау көлінің төріне Саба ауылы келіп орналасыпты. Малдан мың сан біткен Саба байдың ұрпақтары осы ауылдың құты іспетті. Елден ерте келіп иен шұрайдың ең ендісіне орналасатын да, кейін келген ағайын көші-қонына ерулік беретін мырза шаңырақ бұл. Саба ауылы - Ақтілестің май шелпек құты болса, Бабақ ауылы - ер жүрек жігіттері көп батыры. Бабақтың Малтабары малға да кенде емес-ті. Тек жылқының өзі бес жүзге жеткен,қой, сиыры қора-қора. 

Елдің ескі көзі де, жасы үлкені де - Малтабар. Малтабар екі әйел алып жеті ұл, бес қыз өсірді. Сексеннен асқанда серігі жоқ, шаңырақты бала билеген еркі жоқ қоңсы болды. Тағдырдың жазуымен топырақ жастанған екі әйелдің бірі де қалмай тұл отыр. Көп келіннің қамқорлығына кіріптар. Қолында отырған Байқұтты деген баласының алған әйелі көп. Байын қызғанған бақа ауыздары бадырая ашынып,балағаттағанда шал да ілігіп кетеді. Бораған боқтықтың арасында отырған қария қаймығып жүреді. Еш адамды бетіне қаратпайтын әпербақан, ақсойыл Байқұтты Малтабардың бесінші баласы. Енші алып еркін өңгесіне бермей жүр. Тұғырдан түсіп тұл қалған әке билігі өз қолында. 

Байқұттының жоңғар жорықтарының соңғы шашырандысына қатысқандығы бар. Оны ел жауға шапқан батыр атайды. Өзі де мақтанқұмар Байқұтты үстінен шылдырлаған көк сауытын, басынан көк қаңылтыр дулығасын тастамайды. Найзасы үйге сүйеулі, аты белдеуде ерттеулі тұрады. Оның мақтаншақтығына сай мінезі де оғаш болатын. Ашуы тез, содырыкүшті еді. Алған бетінен қайтпайтын. Қан төгіліп, кісі өлтіруден тайынбайтын Байқұтты ессіз де, тентек те емес-ті. Өз жағының күшін басым ұстайды. Батыр атандырып, соңына ерткен жігіттері көп. Бұлардың бәрі дерлік өз жақындары, Бабақтың батырлары еді. Байқұттының батырлары деп атайтын бұл жігіттердің де түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, ат мінісі, киім киісі,сөзі бұлжытпас бұйрықтай иесіне еліктейтін. Бұл жігіттердің бәрі де өз алдына күн көрістен асар артық малы жоқ тақыр кедейлер қатарынан. Байқұттының мол байлығының арқасында жоқтық көрмейтін олар бар ниетімен, бар қызметімен соның соңында. Жарамай қалса атын мініп, тозып қалса киімін де осы Байқұттыдан киетін. Айт күні алдырған ақбоздыда шаңырағымның емес, ерлерімнің айтқа құрмалдығы деп сойған. 

Байқұттының бас сардарының бірі – Құттықадам Сүйіндік баласы. Малтабар мен Сүйіндік немере де, Байқұтты мен Құттықадам шөбере туыс,жас жағынан да жақын құрдас болатын.Құттықадам аш өңді, қапсағай ұзын бойлы кісі. Жырта қарыс кең маңдайында қалың қабағы қаяу жүретін. Маңдайынан тура түсетін ұзын мұрыны, қою қара мұрты, қырықпа тұқыл сақалы оның түрін суық ұстайтын. Құттықадамтұлғасына қарай зор дауысты кісі еді. Гүрілдек жуан үні кейде барылдап шығатын. Сөзге сараң, өзіне айтылған сөздің алтыншысынан бастайтын сабырлы. Сойылға айлалы, қарымы мықты, батылдығы бажайлы адам. Байқұттының мал айдап алатын жортуылының талайында тосқауыл қылатын сенімді қорғаны осы кісі. Нар тұлғалы, көпке ашуланбайтын Құттықадамның жарлылығын бетіне басып мазақ қылса да, ол Байқұттының әжуасын құрдастықтың ойыны деп кешіре беретін. Кейде оның есепсіз еткен тентек істеріне басу айтып жүретін байсалды болатын. 

Қотанда бірінің үйіне бірі кіріп, сапырылыса айтшылап жүрген адамдар көп. Ақ шағаладай қатар түзеп, күндіктері көлдей көрінген аналар тобы. Қара бөріктері тау шоқысындай болып бұйраланған аталар тобы. Арасында таяғына жармасып, өзгелерден өзіне инабат тілеп, тарбиыса елпеңдеген еңкейгендер де бар. Ықшамқызыл белбеумен қынай буынған жастар легі, барын киіп басына үкі таққан, әсемдеп өрген шаштарына қосақталған шолпылары сылдыр қаққан, балғын денелері жүрісісамалда тербелген қызғалдақтай құлпыра солқылдаған қыздар тобына жанасып, жайдары күлкі, әрбір сөзді әзілге бөлеп келеді. 

Байқұтты өз шоғырымен бір топ болып жеке келеді. Қатар-қатар, лек-легімен келе жатқан мерекешілер ішінде сәукелелері шошайып, қос етекті ақ көйлегі шұбатылған, жеңсіз қамқа, қызыл барқыт қамзол киген желек астындағы жас келіншектер тобы бар. Нәшті киімдері сәнделген сұлулар жігіттерге қиыла қарайды. Біреулер топ ішінен өз жігітін тауып сүйсіне қараса, кейбірі «шіркін, мынау менің жарым болар ма еді» деп қызықтайтын сияқты. Олардың «ал мені байқап қал» дегендей қымбатты тасты алқалары мен қаптама түймелері, білезік, сақина-асылдары күнмен шағылысып жарқыл қағады. 

Әр үйге кіріп, шұбатыла шығып жүрген бұл топтарды тозаңға бөлеп, топырласа шапқан ересек балалар Атырауды әлденеше аралап, үзеңгі қағыса ұмтылып, жарысады. Қотаннан шығып кеңістікке бет алған соң андағайлап шауып алыстан көз қызықтырып барады.

Оңашада өзгемен қосылмай өз алдына ойын қуып жүрген Жақсыбай бала тай жарысқа қарап іштен тынды. Тай мінген топ баланың той күнгі қылығын бүгін ғана көріп тұрған жоқ. Талайдан солай болатын. Малы барлар базарлап тойлайтын да, малы жоқтар бір тоюды ойлайтын. Той күндері кедейдің балалары бір тоюды ойлап, еттің иісі шыққан бай үйлердің ас үй жағын сағалайды. Жақсыбайдың олай етуге ожданы болмады. Ол бір шыбықты аршыды, басын тесіп бүлдіргі тақты. Астына ат етіп мініп алып біраз шапқылады. Атыраудың жағасына таман жақындап барды да, өткен жылы өзінің ойнаған белгілі жерлеріне қарады. Көк шалғын өскен, хош иісі мұрын жарады. Міне мына жер Тоғжан екеуі отырып тоңқылдақ ойнаған жер. Ол айнала қарап тұрды да көк шалғынға домалап жата кетті. Шөпті жапырып аунап-аунап алды. Бұл араның шөбінің бойлап өскені сонша, оның жатқанын жасырғандай, маңай көрінер емес. Жақсыбай жұмулы көзін ашып аспанға қадады. Тас төбеде, сәл оңына ала, қанатын жылдам қағып бір орында ұшып тұрған бозторғай құбылтып әнге басып тұр екен. Жаңағы торғайдың тамылжытып салған тамаша әнін тыңдап жатқанда шулаған балалардың дауысы мен аттарының дүбірі құлақ түбіне келді. Өз үніне өзі елтіп, мың құбылтып сайрап тұрған торғай да көлдің үстіне қарай қалқып ұша берді. Ат дүбірі тасырлата қатты естілді.

- Бұл не? – деп ойлаған Жақсыбай орнынан атып тұрса, ауылдағы ауқатты бай адамдардың балалары екен. Бәрі де бір-бір тай мініп, құйрықтарын шарт түйіп алыпты. Жамырай, шулай Жақсыбайға қыр көрсеткендей болып, жанынан шауып өте шықты. Тақымдарына тай біткен балаларды көрген Жақсыбай астындағы ат қып мінген таяғына қарап «атаңа нәлет, тақыр кедейлік-ай» деп күрсінді. Шіркін әкесінің керқасқасын міне сала, желекті жеңіл найзасын қолына алып, кеткен балаларды қуып жетіп, бірінен соң бірін найзамен шаншып түсірер ме еді? Жаманбай мен Мейрамбайды, Аян мен Баянды бірінен соң бірін қағып тастап, Қыдырға ұмтылса, шіркін! Арман жетегіне берілген ол құр тақым екендігіне налып, қолындағы таяқты басынан айналдыра бар күшімен лақтырып жіберді. Ұшқан таяқ Атырау көліне күмп етті. Жүгіре басып матаулы тұрған аттардың қасына барғанда, анадай жерде әңгіме құрып мәз болып тұрған Байқұтты тобын көрді. Жас жүрегі беймаза болған күйі жаңағы топқа жетіп барған. Жақсыбай үлкендердің көңілді әңгімесіне құлақ асқан жоқ, өз ойымен өртеніп бара жатты. Байқұтты көңілді екен. Өзінің сықағына әркімді бір іліп еліре сөйлейді. Мұндайкөңілді кезінде көлдей мол болатыны балаға да мәлім. Өзін асыра мақтағанды, көңілін тапқанды бұра-жола жарылғап тастайтын ер көңіл мырза. Батыр-байдың жайраң шағына тап болған бала бай алдына көлденең тұра қалды. Жанарының жайнап ұшқын атып тұрғанын батыр да байқады. Өзіне ауған назарды қалт жіберген жоқ, Жақсыбай тақпақтап қоя берді. 

- Раббы деп бірлікті айтады,

Алхамды деп тірлікті айтады.

Ат сұрасам бетім қайтады,

Әкемнен сұрасам атын бермейді,

Құдайдан сұрар едім көзім көрмейді.

Қайтерсіңбұл сорлы маңдайды,

Кедей баласы айтшылайда алмайды.

Жақсыбайдың оты көздері әр сөзді айтқан сайын ұшқын атып жарқ-жұрқ етіп тұр. Батыр-бай да мұның бұл қылығын ұнатып қалған еді. Ол баланың әкесі Құттықадамды әдетінше қағыта сөйледі: 

- Әй, Дарбас, - деді. Құттықадамды дене құрылысына қарап талай атаумен атай беретін ол. – Қанша батыр болсаң да, осы балаға бір тай тауып бере алмаған екенсің. Кел, бері келші, - деді ол содан кейін Жақсыбайға қол ұсынып. Қасына келген баланың басынан сипап тұрып тағы сөйледі. – Анау матасқан аттардың ішінде әкеңнің мініп жүрген керқасқа аты бар, соны шешіп ал да, ана балаларға қосылып айтшылап келе ғой. Біздің жылқы келген соң өзіңе бір тай ұстап беремін. Батыр ағам берді деп мініп жүресің, - деді еркелете сөйлеп. 

Байқұттының көңілі түссе көл екенін бұрыннан білетін Құттықадам баласына бір тай тиіп қалатынына сенді де, көмейіне келген «тиме атқа» деген сөзін шығара алмады. Қалағанын сұрап алған бала аттар тұрған жерге қарай жүгіре жөнелді. Әркез артынан «тиме атқа» деген әкесінің дауысы гүр ете ме деп қауіптенген ол атты шешіп алып үстіне қонғанша құлағы арттағы топта болды. Атқа мініп алғаннан кейін Байқұттылар жаққа бір қарады. Көңілді әңгімелері басылмаған, әлі де саңқылдасып жатыр. Батыр кісінің тақымында балпаң басатын керқасқаны толассыз тебініп, шылбырмен ұрғылай берген баланың соққысын маса шаққан құрлы көрмеген ат еріне шоқырақтай жөнелді. Алыстан сағымдана көрінген тай мінген балалар тобына тура тартты. Түсте күйіс қайтарып жатқан сиырлардың арасымен өту керек болса да аттың бетін бұрмады. Шапқан күйде көп сиырдың арасына ұшқындата кіріп, ойламаған жерден тұруға ұмтылған тарғыл сиырды қағып омақаса ұшты. Аттың қатты сүрінуінен ұшып кеткен Жақсыбай жер сызып барып бетін жаралап орнынан тұрды. Сиырға соқтыққан керқасқаның мойыны астына бүктетіліп ауыр денесі асып түсті. Ат соққан сиыр жер-көкті басына көтеріп бақыра өкіріпжатты. Кер ат алғашқы жығылғанда бір қабат ышқына кісінеп қалған еді. Жақсыбай жүгіріп қасына келгенде тұяқ серіпкендей болды. Ат астына қайырыла түскен басыншұбатылып жатқан шылбырдан ұстап тартып қалып еді, мойын омыртқасы үзілген екен, аттың басы бұлғаң етіп бос қалды. 

Өкірген сиыр дауысына елең етпеген Байқұтты тобы жылқы дауысы шыққанда жалт қараған еді. Алдымен Құттықадам шоңқайып жығылған атты көріп тұра жүгірді. «Ат өлгенше, сен өлмедің ғой» деп жұмырдығын тас түйіп кіжініп келеді. Жалғыз аттың түбіне жеттің-ау деп ызаға булығып ызғытқан батыр батпан қолымен жас баланы бір қойғанда-ақ өлтірері хақ еді. Осыны түсінген Тастемір батырдың алтыншы ұлы Тойтық та атқан оқтай жан ұшырып келеді. Ол топтан озып Құттықадамнан бұрын балаға жетіп жерден жұлып әкетті де, бауырына басқан күйде жігіттердің тобына қарай зытты. Құттықадамның жеткені де сол еді. Ашулы батыр баланы баурына басқан Тойтыққа беттеген. Байқұттының жігіттері қоршап кеткен.

- Ат өлсе де, адам аман болсын, - деді көпшілік. 

- Мал - бас садағасы. 

- Ат өлгенше, сен неге өлмедің? - деп бұлқынды арашашы топтан ашулы батыр әкесі.

- Мал - бас садағасы, - деп дұрыс айтады, сен лаңқа неме құрбан шалмадың ғой, оны Құдайекең жіберсін бе? - деп сақылдап күлді Байқұтты. Ол Тойтықтың бауырындағы баланы өз қасына алды. Бала қорыққанынан қалтырап кетіпті. Бетінің қанын сүртіп,кекілінен сипап еркелетіп тұрып: «Кәне осыған бір өлең шығарып жіберші, әкеңе бір атты мен төлейін. Жақсы өлең шығарсаң кер аттың өзіндей ат берем», - деді. Жақсыбайдың көмейінде онсыз да күйзелістің зары тұнып тұрған еді. 

- Қапы болды қайтейін ойға келмей, 

Ат жалғыз деп тұрам ба шаппай, желмей?

Иесінің маңдайы тайқы болса,

Қайтуші еді жалғыз ат өстіп өлмей, - деді ол табан аузында.

- Міне бұл сондай бала, мен мұны білдім ғой. Нағыз абызың осы, - деді Байқұтты. Бұл арада тұрған топ Жақсыбай баланың ақындығына қайран қалды. Ашудан булыққан әке де мұны естігенде сыртқа тепкен ызғарысынып сала берді. Байқұтты еркелетіп баланы бауырына басты. Ол әлі де көңілді қалпын бұзбай тұр. 

- Айтқаным айтқан, әкеңе атты төлеймін. Енді сен осыған әкеңнің құрбан шалмағанын, аттың арам өлгенін қосып өлең етші, - деді құныға түскен Байқұтты. Жақсыбай бала әкесіне қарады. Түптеп алатын ашулы әке мейірлене қалыпты. Жұртпен бірдей баласы не айтады екен дегендей. Бетінде өкініштің титтей де ізі қалмапты. Осыны жазбай таныған Жақсыбай тағы да тақпақтата жөнелді.

- Құдайға іс болды әке сиынбаған,

Ойлап па ем кездесер деп сиыр маған. Аз бөгеліп Байқұттыға қарады да:

- Әкемде таңдай да жоқ, маңдайда жоқ,

Жеуге де аттың еті бұйырмаған, - деді. 

Баласының сөз тапқырлығына қайран болған Құттықадам оны жерден жұлып көтеріп алды. Басынан асыра қарап жүр. Қара мұрты қияқтанып, үлкен көзі күлімдеп кеткен. 

- Ат өлгенше, сен өл, - деппін ғой мен бейбақ. Мен бейбақ, - деді ол баласын басынан айналдыра биік көтеріп. 

- Жақсыбай абыз болады енді, - деді Тойтық тапал бойын жеткізе алмай баланы құшақтауға ұмтылып, Құттықадамды айнала жүгіре кетті.

- Міне, бұл біздің ауылдың бір өнерлі жігіті деп біл, ұқтың ба? – деді Байқұтты дауысын қатты шығарып. 

Екінші тарау

Жаңа қонысқа келіп үй тіккенде әдеттегідей әуелі үлкен орда, оның екі жақ қатарына терезесі тең жақын туысы, үй артында осы үйден тараған отаулары тігілетін. Одан әрі жақын ағайындары, одан әрі жамағайындары, одан әрі ағайын ақырабы болып қоңсы-қолаңға айналып кете беретін. Бабақ ауылының билеушісі Байқұтты болғаннан бері ауыл қотаны бұлай шектелмейтін болды. Түбірлі өзгеріске ұшырады. Байқұтты үлкен ордаға жақын өзінің ең сенімді сарбаздарын, одан әрі қатардағы жігіттерін орналастырды. Оның әр жағында ғана туысқан ауыл аймақ болып кете беретін болды. 

Үлкен орда Малтабардың бұрынғы шаңырағы тұнық ойдың шеберханасы, шерлі туыстың кірер панасы болатын. Инабатпен алыстан хабарласып, рұқсатпен кіріп амандасатын қасиетті шаңыраққа бүгінде мінген атын шаужайлап тасырлата шауып келеді. Кілең озбырларға жататын ожар сөзді естіп жаңғырығады да, қайтадан ат тұяғынан ұшқан тозаңға көміліп қала беретін болды. Жабуы қара құрым болып ескірген, ыс сіңді ескі орданың ішінде тұрғыласынан жалғыз қалып, тұқыл шал болған Малтабар жатыр. 

- Уа, батыреке дат берші.

- Айтқаның болсын.

- Құп болды. Сіз айттың бітті, - деп келгендер жан дәрмен ышқынып жатса Байқұтты:

- Жә, қысқарт! Айттым болды, басыңмен жауаптысың, бар орында, - деп бұйырып жатады. Ал дауыс деген бірінен бірі асып түсіп еді. Бапты, бажайлы. Ақылға қонымды сөз жоқ бұл үйде көптен. Таңнан басталатын осыбір әбігер түн тұнып, жарым түн ауа әрең басылады. Қарияға түнде тыным алып тыныш жататын уақыт та жоқ бұл үйде. Осының бәрін шығарған өз баласы Байқұттыға риза емес. Ырду-дырдумен кетіп тынған тобыр лаңынан соң күндес қатын ожары басталады. 

Сегіз қанат осы үйдің керегесінің түбінде төсек бар. Төрдегі төсекте қапсағай денесі қаусаған өз билігіне көне бермейтін балуан тұлғасы божырап, сексеннің селкіліне берілгенденесінде қылыштың салған талай тыртығы бар Малтабар батыр жатады. Қалғандары кілең әйелдер. Бәрі бір ғана баласы Байқұттының жұбайлары, келіндері. Олардың ең үлкені қырық жетіге келген Сарым. Қойлыбай қанжығалысындағы Сармантайдың қызы. Марқұм әйелі Патиманың сүйер келіні. Сармантайдың ауылы Малтабардың белдеуге ат байлап, құда болып құйрық бауыр жескен жері. Басында да Байқұттыға енші бергізбей, келінім бапты деп қолынан шықпаған сол Патима болатын. Ол марқұм болып кете барды. Артында бар ғазапты арқалап Малтабар қалды.

Байқұтты Сарымның үстінен көлденең олжадан тағы да төрт қатын алды. Олар - Тәслима, Құсни, Күлшат, Бадам. Бұл күндестер Байқұтты жоқта осы орданы ойрандаушылар. 

Күн сәскеге келгенше түндігі ашылмайтын қара орданың ішінде ұйықтап жатқан әйелдер бірінен соң бірі оянып, ыңыранып жатып күңкіл сөз бастады. Біріне-бірі жалғасып барып ушығып кетті. 

- Әй қатын, жыныма тимей жатшы менің, - деді Тәслима сөз бастап.

- Ибай-ау, сенен басқада сайтан жоқ деген, анаң қара өзін, оңбаған күң неме, - депкейіс қайтарды Құсни. 

Қасарысқан Тәслима: Күң болсам да сенен бұрын түстім. Ал аузымды қышытсаң...

- Ей, Бейшара, бұрын келгенде бітіргенің бар шығар, - деді анау қалыспай.

- Әй тоқалдар, таңнан оянып алып шықылдамай қойыңдар, - деп тоқтатпақшы болды Күлшат. Күлшаттың өзі де тоқал, бірақ Сарымнан кейінгі екінші.

Құсни қарап қалған жоқ. -Өз жөніңді біл, бізге мән үйрететін сен емес, - депоған да ауыз салды.

Сарым болса жанын қоярға жер таппай жүр. Атам оянып кетедіні сылтауратып, жарты дауыспен сабырға шақырды.

- Оянбастан мүрдем кетсін, ол қақбас, - деді өршелене түскен Құсни. 

- Тек, әй қатын, атаға тіл тигізбе, аруақ соғар сені, аруақ, - деп шап етті Тәслима. 

- Сен күң өз жөніңді біл, нем соқса да өз кием ғой, - деді Құсни шатынаған күйде. 

- Сен жылытқан шәугім маған бұйырған, мырзаның соңғы түнегенінде. Содан-ақ, кім-кімге күң болғанын біле бер, - деді Тәслима. 

- Әй оңбаған, күң неме. Мен сенің бетіңді қаныңмен жуып берейін. Құсни ышқына ұмтылды.

Малтабар қария алғашқы шыққан дауыстан оянып кеткен. Тек қимыл бермей желауыздардың жанжалынан сақта деп жатқанды. Өзі туралы балағатты да төзіммен тыңдаған. Соңы мына жанжалға ұласқанда шыдай алмады, тамағын кенеп жөткірініп, дыбыс білдірді. 

-Қойыңдар енді, атам оянып кетті, ойбай, - деді Сарым.

- Оянса қайтейін, өзінің жаны берік екен, өл де маған, кетсін әрі, - деп шабалана түсті Құсни.

- Әй, оңбаған қу тоқал, мырза келсін, осы тіліңнің сазайын тартарсың әлі, - деді Тәслима.

- Жоқ, кезек бүгін менікі шығар, жатар орнын жәбірлемейтін шығар. Өйтіп дәме зорайтпай-ақ қой, - деді Құсни мүләйімсіп.

- Саған емес бүгін кезек Бадамдікі, - деді Күлшат.

- Әй, қуқалмақ, сен неге кісімсіп үндемей жатырсың? – деді Құсни осынша айтыс-тартысқа қосылмай тек жатқан Бадамға тиісті.

Бадам қалмақ па, жоңғар ма? Әйтеуір Байқұттының бір олжа тоқалы еді. Оның қазақшаға сөзі жатық емес-ті. Күндестерге таласар жайы жоқ. Басынан еркі кеткенін білетін тұтқын не салса соны көтеріп көбіне іштен тынып үндемей жүретін. Бүгін жәй жатқан өзіне келіп қалмақ деп кеміте тиіскен сөзге шыдамады ма, жаны күйзеліп бітеу жарасының аузы ашылып кетті де, тілсіз түтеп Құсниға он саусағын тарбита бас салды. Қалғандары қарап қалсын ба, түндік ашылған, қара көлеңке қара орданың ішінде шаңқ-шұңқ қатын төбелес басталды да кетті. Бәрінің де үстінде бозамық ақ көйлектері бар. Бәрінің де ұзын шаштары үрпиісіп, дудырап кеткен. Сөз қарымын күшпен қайтаруға жанын сала ұмтылысады. Бадам мен Құсни төбелесіп жатса өңгесі араша еткен болып, өз кеткен есесін алып қалмақ болып жатыр. Біріне-бірі өштесіп алған әйелдер шаштарынан жұлқыласып, жез тырнақтарын батыра салып-салып алды. Аю қолдың тырнағы тәнге батып кетіп, жазықсыз қан шығып, ауырсынған әйелдер шаңқ-шаңқ айғайлап қалып, ашты дауыстары сыртқа естіле бастады. Кейде екеуі де тістесіп бірін-бірі айбатпен алардай ашты дауыстарын ышқына шығарады. 

- Тағы да Байқұттының тоқалдары қырылысып жатыр, - деп есіткендер есіктен сығалай бастады. Қызығын көрейін десе қараңғы үйдің іші тым көмескі. Ажыратып көре алмай, тек шыққан дауыс ырғағымен кімнің кімді жаныштап жатқанын сезіп мәз болды. Сауын биелерді айдап келіп, құлындарын желіге матап болған соң бұл жайды Пұшық естіген. Пұшық Малтабардың Байқұттыдан кейінгі баласы. Отауы бөлек, қотанда сауын сиыр иіріп, малсақ болып жүретін. Ол да әкесі Малтабарға ұқсап Байқұттыны жақтырмай жүретін. Әйелдердің жанжалына әсте төзе алмай кететін. Сегіз өрім бұзау тіс қамшыны екі бүктеп жеңінің ішіне тағып алып, үлкен үйге жабықты сұраусыз ашып кіріп келеді де әйелдердің кез келгенін қамшымен борсылдата берді. Бәрінен еркек ашуы жаман болады демекші, тәніне қатты батқан қамшы ізінен әйелдер баж-баж етіп тайқып түсіп жатыр. Көбісі қамшы екінші қайта тигенде-ақ бебеу қағып өкіріп жылай бастады. Жаңағы біріне-бірі «Байқа сен, мен қалаймын» деп құтырған әйелдер әркім өз бұрышында еңкілдеп тұрып жылады. Алғашқы ақ албастылар арпалысында аллалап басына көрпе жауып бұғып қалған Малтабар қария Пұшықтың дауысын танып, шапанын желбегей жамылып тысқа сүйретіле жөнелді. Әкесінің аман екенін көрген Пұшық та «енді еңірей беріңдер» деп шығып жүре берді. 

Осындай жағдай жиі болатын бұл үйдің кезекті таңы тыныш, тұрысы тату сияқты. Көптен қолайына тиген тыныштыққа мастанған қария таң намазын да қаза етіпті. Өзі оған өкінген жоқ. Оянса үйде тықыр дыбыс жоқ екен. Ішінен мұны жақсылыққа жорыған Малтабар мың да бір тәубе етті.

Сәскеде тұрған қария ұзын шапанды желбегей жамылып дәретке ұзады. Су құюлы шәугімді қолына алып, тоқтаусыз күбірлеп Құдайына сиынып дәретін алып келгеннен кейін, босағада жататын ешкі терісінен тігілген мәсісін алып аяғына кие бастады. Ақ кәрістен жыртылған шұлғауын аяғына іркіс қалтырмай алақанымен сылай сипап отырып шұлғанды. Сірі мәсіні баптап сұғынды. Екі аяғын киіндіріп алған Малтабар енді тақыр теріден тігілген шалбарын әуеліекі балағын, сонан барып тізелігін уқалап жұмсартып алып киді. Тік тұрып ышқырын көтеріп жуан қарынына апарып буынды. Баптанып киініп жатқанда келіні Сарым жіті қимылмен желіп жүріп атасының төсегінжүкаяққа жинады. Төр көрпені сілкіп, жүні бір қарыс жабағыны оның үстіне тастай салды. Тері дастарханды жайып, үстіне бір уыс сары ірімшік пен табаға шыртылдақ май салды. Малтабардың қарын аяғы атанған сары шараны толтыра езген құрт қойды. Осының бәрін Сарым толық денесі борсаңдап, майлы бөксесі бұлтыңдап тез істеді. Атасы үйге кіргенде ши ішіне жасырынып та үлгерді. Қайын енесі Пәтима өсиет етіп тапсырғанда:

-Атаң қартайғанда жетім қалып бара жатыр. Енді сенің қолыңа қарайды. Ендігі обал-сауабы сенің мойыныңда, ренжіте көрме, - деген еді. Сол өсиетті өз құлағымен есіткен Малтабар келіні Сарымға лұқсат беріп, көрінуін тілеген. Оны қабыл алса да, күнде-күнде күндестерінің жасаған ұятынан кірерге тесік таба алмай жүреді. Үнемі кездеспей ата райының алдынан жасырын жүрер болған. Малтабар иесіз қалғандай болып тұрған өзінің сегіз қанат қара ордасының ішін айнала бір қарап алып барды да, бөстегіне отырды. Дастарханда жасаулы тұрған астың алдымен сары шараны қолына алды. Асықпай үш-төрт бөліп ішті. Май мен ірімшікті былапыттап асықпай жеді. Қолын сүртіп, дем алып, басын төмен салбыратып іштен күбірлеп ұзақ отырды. Бір кезде аузы тез қимылдай бастады. Салалы қолының алақанымен әжім ізі мол шимайлаған ақсары бетін бір сипады. Орнынан тұрып шапанын желбегей киіп, басына жеңіл жекейін тастай салды да, қолына мойылдың бездеуінен қатырып, кептірген қара таяғын алып тысқа шықты. 

Атыраудың жағасы қабақтың үсті. Қырдың басы. Күлдіргі сөз. Көтеріңікі көңіл. Ер еліне, ел еріне сүйсінеді. Көк алалы көп жылқыны найзалы батыр жігіттер иіріп тұр. Кәрі-құртаң, жас балалардан басқасы бәрі сонда. Айғайлаған шу да, дабырлаған ду да сол үйірлі жылқы басында. Бәрінен көңілі басым Байқұтты дауысы. Тау бүркітіндей ерекше  саңқ-саңқ етеді. Екі көзі әр жылқыны аралай сүзіп, тазының құмайындай қутыңдап тұр. Етегін кейінге керген қайқы қылышы да түлкінің құйрығындай. Екі жұмадан бері үйде қонбаған тентек баласы қолын ертіп жортуылда жүргенін Малтабар үйде жатып-ақ білген. Сондағы әкелгендері анау иіріп тұрған көп жылқы. «Әлдекімнің адал малы екен сорлаған» деп түйді ішінен ол. 

Олжалы оралған батырын елі мақтап аспандағы жұлдызға, берік біткен шың-құзға теңеп жатыр. «Аман келдіңдер ме?»,«Олжаларың құтты болсын!»,«Иә Тәңірім, ерлерге ғұмыр бере көр, мерейлерін арттыра көр», - деп тілеуде жұрт. Осындай жақсы тілеумен жарылқап қасына барғандарға Байқұтты батыр бір жылқыдан ұстатып бергізіп жатыр. Мұны көрген нашар кедейлер, жете қартайған қариялар шын ниетімен айтар алғысын бар дауысымен айғайлайды. Тегін келген көп жылқының саяғын аясын ба? Айтқан алғыс сөзіне атмініп ел жамырап кетті. Мұның бәрі бәлен күн жүріп қара жолмен жортып, біреуді қорқытып, біреуден қорқып, біреуге жара салып, біреудің басын алып, ат бауырынан қан кешіп тапқан озбырлықтың олжасы үшін байлыққа, батырлыққа, абырой-атаққа, ең соңы осындай алғысқа кенеліп жатқан Байқұтты мұны қойсын ба? Таңдайынан кетсін бе? Есі шығып еселей кірісіп те кететіні осыдан. Кейде көп, кейде аз жортуылда жиі жүреді.

Олжалы қайтқан ерлердің алдынан шыққан халықтың көпшілігі әйелдер еді. Бәрінен бұрын қуанғандар да солар. Жаугершілікті көп көрген елдің сиқы осындай. Ер азамат соғыста басын салады, жесірін тірі қалған қайын алады. Жаугершілікте қаза болған азаматтың әйелі оның туысының, не ағайынының бәріне тәуелді болып, отбасы сонымен тәрбиелене береді. Қазақтың әмеңгерлік заңы осы ауылда ерекше құнтталады. Сондықтан да бұл ауылдың қатыны көп. Ең азында екі қатын бар, алдында сегіз-тоғыз қатын. Әмеңгерліктің өз ішкі заңы бойынша қырықтан аспаған әйел ер таңдауға ерікті болған. Мұның өзі бала табатын әйелді тұл отырғызуға болмайды деген сөз. Адам санының өсімі бірінші кезекте. 

Байқұттының бес қатыны қатар тұр. Олардың бәрі дерлік қиғаш қас, қара көздер болатын. Олжадан үлестіріп, алғыстан басына таудай даңқ көтеріп жатқан батырына сүйсіне қарайды. Бұл әйелдердің бәрі де жиырма-отыздар шамасында. Оның үстіне бәрінің де байға жолығатын өзара реті бар. Жортуылдан көп күткен байының зауқы өзгесіне соғып кетсе мұның кезегі кейіндей береді. Байқұтты бесеудің ішінде Бадамды ерекше сағынған. Осы жолғы сапарда жаңа алған тоқалыныңсұлбасы көз алдынан кетпей қойды. Оның үнсіз қиыла қараған әдемі қара көзі, өз еркіңде деп тұрғандай қандай қимылға болсын қарсылық білдірмей, көне беретін балғын, жұмсақ, уыз денесі көкейінде бірге жүрді. Бадамның Байқұттыны арбаған сағынышы өзінің өзге жұрттық екендігі сияқты өзгеше еді. Қызығы басылмаған жас тоқалдың кезегін елден аттап шыққан Байқұтты үнемі ойлаумен болды. Енді міне топ алдында Бадамды көріп бас салуды ерсі көрсе де, қасына барып қолын ұстап басын кекжите қарап, ерекше ілтипат білдірді. Шын құмартып қиыла қарады. Тәкәппар сұлу Бадам бұған өңін бұзған жоқ. Ол болашақтан бағыт үзген, елі зердемен, тұтқын өмірінің қанша екеніне көзі жетпейтін. Іші өлген сұлу. 

- Білем өкпелісің сен, бүгін сенің қойыныңдамын, - деді Байқұтты. Бадам болса оның сөзін ұққан да жоқ. Сыңсыңдаған дыбысқа қасындағы күндестеріне қараса бәрі де сағынғаннан жылап тұрғандай болып көрінді. Байқұтты Бадамға барып ықылас білдіргенде олардың көздерінен қызғаныштың ыстық жасы ыршып кеткен еді. Бадам өзін өте жағдайсыз таныды. Тағдырлас деп түсінетін күндестері түгел көзіне жас алғанда мұның жыламай безеріп, оғаш көрінуі Байқұттының өзгеден басқа ықылас білдіруі шабар алдындағы жолбарыстың жымюы деп түсінді. Артында мұның бір шикілік бар деп қауіптенді. Тек қана Байқұтты әмір етіп топтасқан жігіттерге бұрылғанда ғана демі кеңіді.

- Тоқтаңдар бұл не шу? – деп айқайлады Байқұтты. Ол жігіттер тобына беттегенде өзіне ілтипатпен қарап тұрған Жақсыбай баланы ұшыратты. Олжалы оралған батыр ағасының бұл жолын құптап тұрғандай. Қуанышбелгісі бетіне шағып бал-бұл жанады. Байқұттыға баланың ілтипаты ерекше ұнаған еді. Оның ойына айт күнгі өзі берген уәдесі түсті. «Сонда айтқан тайыңды осы олжаңнан бер» деп тұрғандай көрінді оған. Баланы қолымен ымдап шақырып алып қолтығына ілестірді.

- Әй, қайт, тоқтаңдар, - деді ол тағы алға қарап.

Біріне-бірі ежірейісіп, қамшы жұмсап жанжалдасып қалған жігіттерге беттеді. Жанжалдың мәні мынау еді.

- Ақжалға құрық салма, Тойтық, - деді.

Тарлан аттың үстіне қорғасындай құйыла отырған быртық денелі Тойтық қолында ұзын қайың құрығының қыл арқанын қалаған жылқысына жіті салып, мойыннан бұрап таңдаушы кісіге ұстап беріп жүргенді. 

- Ақжалға құрық салма, Тойтық, - деді Құттықадам қайталап.

- Мен мінемін ол ақжалды, - деді бүйірінен келіп Елемес батыр. 

- Жоқ, көздегінім сол, - деді Құттықадам.

- Жетер менменсінгенің, осы жолы ат мүддесінен бір шығуым керек қой маған, - деді Елемес. 

- Ақжал деген сөзіңнен қайтқын, әйтпесе сақтан, - деді Құттықадам ашуға бекініп. Оның қолы сапының сабына барып қалды. Осы сәт Елемес те қылышын суырып алды. 

Ежірейісе қалған екі ерді көріп атын тебініп Боскөтен ағасы ұмтылды. Келе сала Елеместің басынан қамшымен салып қалды. Елемес қылышын жерге лақтырып жіберіп, аттан түсіп отыра кетті. Тастаған қылыш жерге қарыс сүйем еніп кетті. Елемес ағасы Боскөтен батырдың қамшысы өткендігінен емес, Құттықадамға жолы өтпей қалғанына қорланғандықтан сөйтті.

- Біреудің опасыз малы үшін қырылысардай сендерге не болды? – деді Боскөтен Құттықадамға қарап ақырып. Сәл уақыттан кейін Байқұттыға мән-жайды баян етті.

- Әй, Тойтық, - деді Байқұтты аз ойланғаннан соң. – Мына Жақсыбайға таңдап тұрып бір тай ұстап бер. Мінсін. 

Бала көңілі қуаныштан жарыла жаздаған. Тойтыққа қарай жүгіре жөнелді.

- Ақжалды мен де таңдағам. Өзіме қос атқа жарар деп ойлаймын, - деп Байқұтты Құттықадамға қарады. Құттықадам ымын түсініп, көзін төмен түсіріп түңіліп кетті. Айт күнгі айтқан керқасқа аттыңтөлемі әлі қайтқан жоқты. Құттықадам содан бері атқа жарымады. Әркімнің атына бір мінеді. Бірнеше жорықта Байқұттының бос атына мініп қатысты. Ол олжадан ақжалды таңдап еді, аты жоқтай оны да өзі тақымына басып қалмақ. Ат құйрығын кесісіп өкпелеп кетейін десе, бұл жолғы олжадан баласына тай мінгізді. Тай өссе ат қой. Жақсыбай қуансын, мен таласуды қоя тұрайын деп өз ашуын іштей тұншықтырды. 

Үшінші тарау

Бір кезде батыр болған қапсағай биік тұлғалы Малтабардың қартайған шағы. Аш құрсақтанып, қаңқасы адырайып, белі бүгіліп кеткен. Салалы саусақтары жіңішкеріп ұзарып алғандай. Әрқайсы бір сүйем күректей екі алақаны өз бетін сипағанда дәл табады. Үлкен жалпақ беті әжімге толы, қалың қабағы түсіңкі. Қасының ақтығы ақ мақта жапсырып қойғандай. Бет пердесі құбақан-ақ сары десе де болғандай. Сол жақ жағының қырында қылыш дағы, жара орны тыртық болып біткен.Малтабардың иығында, мойнында қылыш осқан, бүйірінде, арқасында найза тескен жара орындары бар. Сол жақ сан етінің бір қоңы ойылып қалған. Киім сыртынан опырылып білініп тұрады. Әр тыртықтың да өз тарихы бар. Бәрі көз алдында, ойынан кетер емес. 

Түн ішінде аттана шапқан айғай-сүреңде ер азамат жаппай атқа қонғанда Малтабарда бірге болатын. Жау шапқан жылқыны айырып алуға ұмтылған қалың топтан созылып алға шыққан бесеудің бірі де сол еді. Жылқы қуған жаудың қарсы алдынан шығып, жылқы жапыру сақтанған күші басым жауды алудың бір тәсілі. Бұлар қара жонның саны мен жылқының алдына еркін шығып алды да, тақымға зырылдауықтың сабын басып, қиқулап жылқыға қарсы ұмтылды. Қуғын көріп іш босатып алған жылқының алды кейін жапырылғанда артындағы тай-құлындар тапталып қалып жатты. Қуғыншыны арттан күтіп сақтанып келе жатқан шапқыншы қалмақтар жауға төтеп беруге кейін қалған. 

Ат жүйрігі ақбозбен жылқыға араласып кеткен Малтабарды найзасын кезеп қуған қара қалмақтықылышын домбырасымен қатар ұстайтын Жолдас ақын ат үстінен ұмтыла тартқан сұр жебемен қағып түсірді.Қалған қалмақтың қаруын тыңдамаған бес қазақ кейін қуған жылқы тобын қан қырғын үлкен соғыстың үстіне әкеліп жауып жіберді.

Барлыбайлап ұрандап, әр жерден жеңіс нышаны біліне бастады.Қуа түйреп, қаша қылыштасып жүрген талайлардың арасында қазақтың біріне қалмақтың үш-төрт жауынгері дөп келіп отырды. Алдынан кездескен қапсағай қалмақтың қолтығына көк найзаның басын сүңгіткені сол-ақ еді, Малтабардың көк желкесі тыз етіп атта, өзі де аунай түсті. Әлі де жерге ауып түсіп үлгермеген Малтабардың көтеріліп қалған аяғының борбай тұсынан үшінші бір қалмақтың ақ алмасы жарқ етті. Борбайдың ойынды еті бір бөлек киіммен бірге жанында жатты. Мертіккенін көрген үзеңгілестері Сүйіндік пен Балта аттан секіріп түсе қалды. Ойбайлап жатқан Малтабардың аяғының үлкен жарасын көрген олар оны атқа өңгеріп майдан жерінен ала қашты. Бұл кезде жеңіліс тапқан қалмақ жағы сейіліп қашып- пысып тауға сіңіп кетіп жатыр еді. Жолдас пен Төке батыр сырттан қорып, Сүйіндік пен Балта қолдан демеп Малтабарды қосқа жеткізді. Киімін жартып ашып көрсе адам жаны түршігер үлкен жарасалған екен. Қансыраған ол есіне енді ғана келе бастап еді. Қолдан келер жалғыз ем жанып жатқан қоламтаға құрым кигізді күйдірді де, ойылып түскен жара орнына салып таңып байлап тастады. Басқа жарақаттарына да жаны құрақ ұрған Сүйіндік қолынан келген ем-жорасы құрым кигіз күйдіріп басумен болды. Қансырап қалған Малтабардың халі нашар. Аузына су тамызып, жарасын таңып, әлсін-әлсін демін баққан Сүйіндік осы жерде қалып қойды да Балта,Жолдас, Төкелер майданға қайта аттанды. 

Кешке қосқа жиналған соң Бәсентиін-Ақтілес руынан шыққан Абылайдың Нарнай батыры жаралыларды елге алып барудың қамына кірісті.Өлгендердің мүрдесін жасырып,тағы келетін жау бетін қайырып, қолдың басым көпшілігі осы тауға бекініп жата тұруды ұйғарды. Жау тосардан басты батырдың бірі Сүйіндікке жаралыларды елге жеткізуді тапсырған Нарнай үш күн, үш түн жау жолын тосқан соң, қосты жығып кері қайтты. Елге келгенненкейін жаралылар оңалып, көбі қатарға қайта қосылды. Ауыр жараланған Малтабар ғана әлі есін жия алмай бозарып өмір мен өлімнің арасында. Малтабар айлап жатып ақыры беті бері қараған еді. Бұл соғыс оның ақырғы қатысқан соғысы болды. Бір аяғының сіңірі шабылған Малтабардың енді жауға ыңғайы келмеді. Атадан қалған азын-аулақ малдың соңында жүріп алды. Ендігі кәсібі бір ата Ақтілестің мал қосын бірге салып, жер қайысқан жылқыны бағуға кірісті. 

***

Үстінде мол пішіліп тігілген көйлегі бар, той бикесі мен жеңсізі теріден жасалған. Қолында бездеуіктенберіктікке таңдап алып жонып кептірген мойыл таяғы бар. Малтабарда қазір сол таяқтан басқа дос жоқ. Өзгенің бәрі де оны керексіз еткен. Өзгенің бәріне өзін масыл сезінеді. Малтабар кірер үйім жоқ дейді. Атырау айналасында қолдың саласындай болып сығылыса отырған Ақтілестің алты жүз үйінен кірерге бір үй таба алмағаны да рас оның. Тұрғыласы да жоқ қазір. Осы алты жүз үй Ақтілестің ең үлкені өзі. Бала беттен алады. Келіндері жек көреді. Малтабардың көп жасағаны сол келіндерге кесір болып-ақ тиді. Оның себебі бір шаңырақ астындаорақ тіл, от сөздерін осы қария естіп отырады. Оларға мұның масылдығы сол, көзінше күндіз өсекке, түнде төсекте еркін көсіліп кете алмайды. Қайткенмен қайын атасы емес пе. Қымсынуды таршылық санайды ол келіншектер.Сондықтан да араға сүйел болмай ана дүниеге тез аттанғанын тілейді. Көрген сайын олардың кез келгені оның соңына «ең жоқ дегенде, оңбаған кәрі итін» не «осы қақпасын» қалап жіберіп отырады. Келіндері қанша қарғағанымен Малтабарға мезгілі жетпеген ажал келе қоймады. Ол жиегі қырқылған көк шұға шапанын үстіне желбегей тастап, маңдайы жырта қарыс қасқа басына екі тыстықты беттестіріп сырып жасаған жастығынтастай берген. Тастай қатты таяғын қолына алып,  тысқа шыққаннан кейін нұры тайған шүңірек қой көзін жан-жаққа қадап ұзақ тұрды. Алыстағыны ажырата алмай, жақыннан іздегенін таба алмады. Жуықта сыбыс болмай, көңілі жайланғаннан кейін өзінен үшінші үйге қарады. Құттықадамның Байқұттының қара ниетіне жасап жүрген ерлігіне сүйсінбейді қария. Оның бәрінен асып туған, пәлекетін басып туған туыс баласы Құттықадамның Жақсыбайына сүйсінеді. Бүгінгі тыныштық таңына риза болған қария Жақсыбаймен екеуі талай күн бойы әңгіме-дүкен құрып сыр шерткен көгалға беттеді.

Үшінші үйдің алдында таңнан тұрып тай үйреткен Жақсыбай бала үйреншікті орынға қарай беттеген қартты көзі шалып қалды. Ол тайды белдеуге мықтап байлады да Малтабар атасына қарай жүгірді. Шұжықтай семіз, терден ақ көбік болған буырыл тайдың соңынан қарап қойды. Тайдың сұлу мүсініне сүйсініп келеді. Демін алып суысын деді де атасына кетті. 

- Ассалаумағалайкум! – деп сәлем берді ол атасы Малтабарға.

- Уағаләйкумасалам, - деді атасы қарсы алып. Жақсыбай кеудесін басқан қос қолын алдына созып атасына ұсынды. Малтабар өзі жақсы көретін баласының қолын бар ынтасымен алып мәз.

- Алхамдылелла рабилғаламин, - деп бетін сипады. – Шүкіршілік пе? – деп сұрады ол содан кейін.

- Сіздің тысқа шығуыңызды көп күттім ата, тайымды мініп үйреткенімді көрсін деп едім. Мініп ауылды бір айналып шықтым, тізгін біліп қалды Тайбурыл, - деді масатты үнмен Жақсыбай.

- Ә, балам,Тайбурыл ма? Тайбурыл Тоқтарбайдың төл жылқысынан шыққан тұлпар еді. Ол батырға арнайы туған мал еді. Қобыланды оны ақтан мініп, ақ жолға салған еді, балам, - деп ойлана кідірді.

- Менің де Тайбурылым тұлпар болады, ата, - деген Жақсыбайдың таза бала көңілінде ешбір қаяу сезігі жоқ еді.

- Тұлпар бола ма, болсын! Болсын балам, илаһим тұлпар болсын!Қарияның түсіңкі қалың қабағының астындағы шүңірек көзі алысқа қадалып қалыпты. Жақсыбай бала Малтабар қарияның ұзақ-сонар бір ойға кеткенін жазбай таныды. Ол денесін тік ұстап, қатып қалған ойлы қалпын бұзбау үшін енді сөз жалғамады. Қарсы алдына келді де көгалға жата кетті. Екі шынтағын жерге қадап, алақаны мен бүйірін таянып атасынан көз алмай жата берді. Малтабар қария тыртық беті қимылдап сөйлеп кетті.

- Кешегі өткен Нарнай батырдың әкесі Саба байға сан бітіпті. Сонша мал біткен Сабаға да алғашқыда бір торы тай жолыққан. Сол торы қылып берген малмен танылған. Ол да неғайбылдан кездескенді. Саба Сарыадыр деген сары далада жалғыз өзі қаңғырып жүріп, бір тобылғының түбінде ұйықтап жатса, түсінде бір ақ шалмалы қария адам келіп:

- Пай-пай! Саба байдың үйір-үйір жылқысы-ай, қора-қора қойын-ай, табын-табын сиыры-ай, лөк-лөк өрген түйесін-ай деп ұзай беріп көкжиектен ғайып болыпты, - дейді.-Түсіне таң болған Саба ояна келсе бір қотыр болған жетім торы құлын тобылғы еміп жанында тұр екен дейді. Жаңағы құлынды жалынан ұстап, отты жермен айдап отырып сар даланы кезіп жүре беріпті. Бір күні бір көлдің басында қона жатса торы құлын бір үйір жылқы мен көл жағасында қазөтіге қадалып жатыр екен дейді. Саба сол жылқыдан бөлінбеген торы құлынды қимай сол арада мекендеп қалады. Арада көп күндер өткенде жаңағы көп жылқы иесіз болып шығады да, соны бағып отыра береді. Жылқыдан ат ұстап, құйрық жалынан ноқта есіп алып жайдақтап жон асып түссе, жауынгершілікте шабылған елге кез болады. Керек затын түгендеп алып әлгі көлдің жағасына кереге құрап баспана жасайды. Бір күні иесіз өрген бір табын қой,бір табын сиыр келеді. Бұл келген иесіз малға да иелік етіп жата береді Саба. Күндердің күнінде үстіндеқомдап артқан жүгі бар сегіз түйе келіп, көлден су ішіп алып жағасына шөгіп жатады. Саба барып түйелердің жүгін түсіріп алып белін босатады. Жүктің түріне қараса сауда керуенінің дүниесі сияқты. Ішінен киім-кешек кез де, азық-түлік те шығады. Тегін олжаөзі келгенін түсінде көрген Қызыр бабасы бергенге жорыған Саба иемдене береді. Сол мал осы көлдің маңын мекендеп жайылып, өздігімен төлдеп өсе береді. Сол мекенде тұрақтап тұрып қалған Сабаға аға-бауырлары Жәнібек, Тапай, Мамыр,Төлеміс және Өтеп батырдың бес баласы Шақабай, Байшақ, Қарнақ, Көбес, Сарша келіп қосылады. Осыдан барып жаңағы Сарыадырды жайлап,Сары көлді мекендеп Саба ауылы атанады. Сабаның «бес сарысы» осылар. Жаугершіліктен быт-шыт болған басқа да ағайындары келіп табысып, сол арадан бастап біздің елдің өңі қайта кірген деседі. Сабаның малы өздігінен төлімен өсіп, сол мекенде мыңғырған төрт түлікке айналады. Міне, қарағым, сан біткен Саба байдың баю себебі осыдан болған екен, – деп тоқтады Малтабар қария. 

- Саба байдан кейінгі бай осы елде сіз болыпсыз ата, сіз қалай байыдыңыз, – деп сұрады Жақсыбай.

- Біз бай болдық, қарағым, бірақ қайтты ғой біздің байлық. Оған себеп Қалманбет әулие болған, - деді қарт. Ұзақ отырып ойланып қалды. Жақсыбай атасының айтқан әңгімесінің бәрі де таңғажайып ертегідей болып келетінін біледі. Оның ойын бұзбай тыңдай беруді қалайтын. Араға бөтен сөз жүгіртіп ойын бөлмейтін.

Арғы атамыз АқтілестенЖауғаш, Биғаш, Жауғабар туады, - деп бастады қария.Жауғаштан Уәріс, Мәмек, Биғаштан Әйтімбет, Малай, Жауғабардан Еламан туады. Мәмектің үлкен қатынынан Бабақ пен Шақшан, тоқалдан Жайық пен Шелек туады. Есен, Қамбай, Байназар деген де балалары болған. Осылардың ең үлкені біздің атамыз Бабақ ересен батыр болған. Оның төрт түлігі мыңғырып өскен екен. Қазақ арасында бірінің малын бірі жаулап алып олжа етушілік көп қой. Бабақтың малына қызықпаған ел болмаса керек. Қысқа күнде дүркін-дүркін келген шапқыншыдан Бабақ батыр өз малын қорғап қалып отырады. Шапқыншы көбейе берген соң, Бабақ бір ата Ақтілестің жігіттерін жинастырып қол жинап, жақсы жер, шұрайлы жайылым іздеп келіп, Сарыадырдан бірақ шығады. Өз бауыры Сабамен табысып, мұндағылармен күш қосып малды бірге салады.Малы да, басы да көбейіп, өздерін өздері қорғай алатын күшке ие ауыл болады.Бұлар Бабақ қолын жинап, жылқы бетінде қос тігіп жата береді. Ауылда еркек кіндіктен Қалманбеттен басқа ешкім қалмайды екен. Қалманбет Еламанның баласы. Еламанның бәйбішесінен Маймыл-Жобай, тоқалдан Алпаш, Болпаш, Қалманбет туған. Қалманбет Бабақ атамызбен бір жылғы құрдас екен. Бабақтың бәйбішесі Тоқбике әжеміз қосқа жіберуге қымыз артып жатқанда Қалманбет келеді. Үстінде киім бар ма, жоқ па оған қарамай жүгіре басып желіп жүреді екен. Айтқан сөзі күн аумай дәл шығып отыратын көріпкелі бар атаныпты. Оны біреу әулие, біреу жынды деп атайды. Шынуайтында Қалманбет әулие екен. Ол Тоқбике анамыздың нарға саба теңдеп жатқан кезінде келіпті. Үстінде алдынан айырылып жыртылған көйлегі бар екен. Басқа киімі жоқ, түп жалаңаш болыпты жарықтық. Келін-кепшік, әйелдердің алдына сол бетімен жетіп барғанда Тоқбике анамыз: 

- Ойбай бетім-ай, келіндер ұялады әрмен жүр, әрі кет – дейді.

- Тоқта, тоқта Тоқбике, сабаңа сариын деп едім, тоқта, тоқта –дейді Қалманбет. Кіші дәретке отырғысы келген балаға ұқсап жыныс мүшесін қолына ұстап жүгіріп ұмтылады.

-Кет қырсық, кет жынды, кет! - деп Тоқбике тобылғы таяғымен ұрғылап, денесіне батырып жолатпайды. Таяқ өткен әулие көңілі қайтып тұрып қалады.

- Тоқбике басың томардай домаласын, Бабақ көмусіз қал, Тоқбике ерусіз қал, сабаң қымызға толмасын, екі үйің бір жерге қонбасын, - деп қарғапты да сол бетімен қаңғырып кетіпті. Артынан елге өкпелесіп Алпаш пен Болпаш та кетіпті дейді Қалманбетті іздеп. Осы жайды есіткен Бабақ Тоқбикеге:

- Бекер-ақ еткен екенсің бәйбіше, ол құт сарушы еді ғой, - деген екен. Бабақ Қалманбетті іздеймін деп жүргенде бүтін қазаққа келген ауыртпашылық Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама болды ғой...Малтабар қамыға тоқтап қалды.Көзінен жасы сорғалап отыр.

- Сол жылы мал жұттап шықты. Жазғытұрым жайлауға шығып жатқан кез. Менің өзіңдей жас бала кезім. Көштен бұрын малды айдап ұзап кеткенбіз. Қалың қолды қалмақтар келіп елге шабуыл жасаған. Біздер Нарнай батыр бастаған жастар малмен ұзап кетіп қапы қалдық. Оның есесіне жылқы малын аман айдап кеттік. Тауға сіңіп, тас жайлап жатып алдық. Бір күні Нарнай батыр ел қайда қонды екен деп жер шолуға кеткен. Екі күн жүріп азып-тозған бала-шағаларды ертіп келді. Ішінде біздің елдікі де, бөтен елдің босқындары да бар. Нарнай батырдың бұйрығы бойынша мал сойып, ошақ асып әбігер болдық та қалдық. Аш-жалаңаш әйелдер де көмектесе бастады. Бүлдіршіндей жас келіншектердің өздері де жетпіске келген қариялардай әрең қимылдайды.

- Қалмақ қашан шапты, батырлар қайда еді, олар тірі кетті ме? - деген сұрауды үздік-үздік қоямыз. Тосын болған күйзелістің мәні біздерді қинап отыр.

- Е, бітті-ғой бәрі де, - дейді келіншектің біреуі. Көзінен моншақ-моншақ жас домалап.

- Бәрінде қырып тастады ма? - дейміз біз көзіміз шарасынан шыға. Келіншектер сыңсып жылап бастарын изейді. 

Біраздан соң жетім-жесірлерді көгалға отырғызып, жылқы еті мен сорпасынан дәм татырдық. Олар кілең ашығып қалғандар екен. «Аш өзекке, ас ажал» деген үлкендердің мәтелін білеміз. Әуелі сорпаны суытып,ұртатып көреміз. Аш балалар«ағажан тағы да» – деп қолымызға жармасып қалады. Қағып тастамасаң кейбірі жабысып айрылмайды. Қайтсін, бәрі де ашығып қалғандар. Нарнай аға толассыз тасуда, ішінде ересектері болса да, бала-шағадан әжептәуір қауым жиналып қалды. Бір күні Нарнай мен Қабыл екеуі атқа өңгеріп,жауынгер Бәйтәбет пен Шобайды алып келді. Кеудесінде жаны бар екі жаралыны жеке қоста күттік. Үшінші тәулікте барып ес жинап сөзге келді олар.

- Әкең Саба байСары судың жағасында, – дегенін есіткен Нарнай атқа қонып,інілері Айтбай мен Қабылды ертіп бірге аттанды. Үш күн жортып әрең тапты. 

Олар найзаға салып әкесін алып келді. Саба бай қаза болған екен. Садақтың сұр жебесі жаурыннан кіріп сол жақ емшектің астынан шығыпты. Бай қашып бара жатқанда оққа ұшыпты.

Саба бай жасында жаугершіліктен қаңғырып қалған бала екен.Сол қаңғырып жиһан кезіп жүргенде Қыдыр жолығып байыған бай елге ұйтқы болған еді. Ақтілеске қараған ел сол кісінің маңына жиналып ел болған. Содан бері иен байлықтың иесі атанып тек жататын. Кейінгі өмірінде еш мехнат көрмеген еді. Тек қана құрмет иесі болған. Өзі орта бойы орасан толған, бұғағы алқымын жауып кеткен,жүріс-тұрысы ауыр, жуанның жуаны болатын. Елді шауып жылқыны айдап алып кеткенде де Саба байдың ұйқысы бұзылған емес-ті. 

Бұл жолғы қалмақтардың шабуылы ондай болмады. Бұлар жалпылай келді. Мал- мүлікті талғамай алып, буаз әйелдің ішін жарып, жас баланы найзаға шаншып жүрді. Момын жатқан, жай жатқан кемпір-шал, бала-шаға бұрын-соңды мұндай апатқа ұшыраған жоқ еді. Шапқыншы келетін. Тыста ерлермен қағысатын. Жеңсе малды айдап кете баратын. Жеңе алмаса жөңкіген шаңын көрсететін. Қазірде жердің қара құртындай болған қалмақтың ләшкері үй-үйді кеулеп кеткен. Көркем келіншектер мен сұлу қыздарды көгендей тізіп тұтқынға алып кеткен. Қажетсінбегенадамды табан аузында қызыл қанға бояп, өлтіріп кетіп отырған. Олар өлтіруге келгенде мынау қаусаған кәрі, мынау әлі ес білмейтін сәби демеген. Кез келген тірі адамды өлі дүниеге айналдырып кетуді көздеген. Олардың бабасы Ноян-Шыңғыс айтты деген: - Жеңген жаудың артында тұқымын қалдырмай құрту керек. Әйтпесе бір қастық қылмай қоймайды. Тірі қалса қанмен болса да хабардар болып өз кегін іздеуге тиіс. 

Бұл жолғы кәпірлер сол қағиданы бұлжытпай орындаушылар болып көрінді. Бұлардан аяушылық күтіп, бейғам болуға болмайды. Қашып құтылу керек бұл дүние бетін жалмаушылардан. Осылай түсінген халық үлгергені қашыпқұтылады. Үлгермегендері қолда қалады, не құриды, не тұтқынға кетеді. Санасына осы кеткен Саба бай желіден үріккен биеге жайдақ міне қашқан. Қалмақтың атқан бір жебесі жаурынан кіріп жүректі тесіп еткен. Көксу көлінің жағасына шөлдеп келген бие үстінен әбден жаны шығып болғанда барып түсіп қалған.

Саба байды осы таудың сілеміне жерлеп асын беріп болған Нарнай қасына өзінің үлкен баласы Бәйсеуді бас етіп, бес кісі жолдас алды да, біздерге жер жобасын айтып, малды айдауға бұйырды да жүріп кетті. Мұндағы қалған жылқыны мен басқарып келемін. Жылқыны жай айдап, соғыстан тоз-тоз болған панасыздарды жылжи қонақтатып отырып адырға қарай тартып келеміз. Үш күн өткен соң Нарнай өзінің тоқал шешесін тауып келді. Онымен бірге тағы он шақты шабылған қатын-қалаш бар. Нарнайдың тоқал шешесі Кәс қалмақтың ханы Сыбанның қызы болатын. Нарнай батырдың алғашқы жорығында түскен олжасы. Ол соғыста Нарнай әкесі Сабадан аттануға бата сұрап келеді екен. Әкесі ақ батасын беріп жас қыран тұңғыш баласы Нарнайды аттандырып тұрып:

- Осы жолғы жанды олжаңды маған бер, - деген екен. Абылай хан алдында түскен тұтқын әйелдерге таңдау беретін әдеті бар. Сыбанның қызы Кәс топ жауынгердің ішінен Нарнайды таңдаған екен. Сонда Абылай: Аттанғанда әкең не деп еді, - деп сұрайды.

- Осы жолғы жанды олжаңды мен алам деген, - дейді Нарнай.

- Ә, әкеңнің жас тоқал сүйгісі келген екен. Сан біткен Саба байға қидық, апар мына ханның қызын әкеңе қос, - деп ризашылығын айтыпты. Сөйтіп Нарнай он алты жасында қатысқан алғашқы жорығындағы жанды олжасы Кәс сұлуы әкесіне әкеліп сыйға тартқан еді. Бәйбішесінен Нарнай, Бәйгел, Айтбай, Қабыш туса, Кәстен Итқұл, Машы деген екі ұл туған.Олар қазір екеуі де егіз қозыдай ат жалын тартып мініп, жауға шабатын тау тұлғалыбатыр жігіттер болды. Олардың кескін-кейпі нағашы жұртына тартқан. Оны тұлғасынан тануға болатын.Осы жауға шапқанда Бабақтың туы астында бірге болатын.Жалын өрлеген жас батырлар қазір тірі, иә өлі екенібелгісіз. Қалың қырғында оққа ұшса өзі алдына,ал тірі болса тез шығатын еді. Нарнайдың бар үміті Итқұл мен Машы. Осы екі інісі тірі болса, қасына бір ерсе, мың қолды жауға қаймықпай-ақ шыға берер еді. 

Саумалкөл, Телікөл, Жуан арық,Көкше теңіз, Атырау жағасына жайыла қонған Ақтілестің алты ауылының бүгінде алты жүз үй болып ірге байытуына көрген күні,төккен қаны көп, балам. Нарнай үлкен ұлы Бәйсеуді бас етіп бес жолдас ертіп аттанып кеткенін айттым ғой. Сол жортуылда жүргенде қалмақтың қосыны қонып жатқан жерден шығады. Таудың жартасынан бағып қараса жүзден аспайтын қалмақ шабылған елдің таланған мүлкін артып, түскен олжаларын айдап бара жатыр екен. Алтауы аңдаусызда айламен алты жақтап, атой салып жауды састырады. Айнала қоршауда қалған екенбіз деп түсінген қалмақтар атып тұра аттарына міне шабады, бірақ сайлы ерлер олардың бастарын қоспай ыдырата қуып бөлшектеп алып, бірінде құтқармай қырып салады. Енді өзінің арашалап алған қосынынан, қара нарға теңдеп артқан Итқұл мен Машыны табады. Итқұл да, Машы да қатты жараланып естерінен адасқан екен.Өз елінің тұтқындарына қосып айдатып бара жатқан жаудың олжасынқараса Бабақтың қара шаңырағы осында екен. Тоқбикенің басы бір жүктің үстіне таңылыпты.Денесі жоқ, оны қазақтың ханшасы деп есептеген қалмақтар басын кесіп жүкке таңып алған. Олар осы араға келіп қонғанда әр олжа әйелге бес қалмақтан зорлық жасапты. Көнбегенін, қарсылық білдіргенінің басын баудай шауып, жалаңаш тәніне найза тығып көрініске қойыпты. Оны көрген қалғандары шыбын жанын қорғау үшін қандай да болсын айуандыққа көне беріпті.

Машы менен Итқұлды түр-тұлғасына қарап, қалмақтың жастай ауысып кеткен бір тұқымы деп түсінген қонтайшы екеуінің жарасын таңып өлтірмей Қалден Серенге апарып табыс етуді тапсырған. Ал Нарнай батырдыңжас та сұлу тоқалы Ақботаның емшектегі сәби баласының құйрығын кесіп алған. Баһадүр қонтайшыға керегінің өзі сол болатын. Нарнай батырдың қалап алған ақ тоқалы Ақбота мен одан туған Босын атты сәби баласының тағдырын естісімен есі шықты. Ол ашудан түтеп кетті. Қонтайшы айғай-шуды ести салысымен таңнан тиген шабуылдағы олжа қыз қойнынан атып тұрып, түнімен тояттаған торғын тәннің басын денесінен қағып алып, аяғымен допша қағып жібереді де атына міне шаба жөнеледі. Баһадүр қонтайшы алысқа аспай таудың бір құзын паналап, болып жатқан соғысты барлайды. Көп қалмақты қойға тиген қасқырдай болып алтықазақтың жаужүрегі баудай түсіріп шауып жүргенін көреді де жан-жақтан келе жатқан басқа жаудың жоғын көрген соң алтауыныңең күштісі осы ғой деп Нарнай батырға ұмтылған. Өзіне келе жатқан қара қасқа тұлпарлы батырды көрген Нарнай оны көлденеңдеп тосып алады. Алыстан екпіндеп келе жатқан Баһадүр қантойшы найзасын «Қорқылтай» деп атайтын Нарнайдың қолтығына қарай сұға бергені сол еді, Нарнай сол қолымен найзаны қағып жіберіп, оңқолындағы алдаспанмен тамағының астынан қағып өтеді. Қалмақтың дулыға киген томардай қара басы денесінен бөлініп атып кетеді. Бөшкеден тасып төгілген сары судай болып қара денесінен қан шапшып төгіліп бара жатады. Тақымы қатып қалған ұлы денесі ат үстінде тік қалған бойы алға кетіп бара жатқанда Бәйсеу барып қара қасқа тұлпарды тізгінінен іліп әкетеді.Тау бөктеріне жеткен соң үстіндегі қара денені аударып тастап, жаралы жиренін қоя беріп, қара қасқа тұлпарға мініп алады. Етектегі бір қалыңмен қары тала айқасып жатқан әкесіне көмекке ұмтылады. Айтбаймен Қабылда солай шабады.Төртеуі төрт жақтап қалмақтың соңғы тобын жайпап салады. Шет қашпай болып кеткен қашқын қалмақтарды жас батырлар қуып жетіп бастарын допша қағып жүргенде Нарнай батыр Итқұл мен Машы інілерін теңдеп артқан қара нардың қасына келсе, Шарипа шешей екі жаралы батырға сусын беріп жатыр еді. Тұсына келіп қалған батырды қалмақ па деп қалған қария ана түйенің баурына кіріп бас сауғалайды. Таныған Нарнай атын атап шақырады да ана жанды естиді. Әлгінде бөктергебарғанда бассыз денесін аударып тастап Бәйсеу атын алғанын көрген Нарнай өзі басын қағып алса да, Ақбота мен сәбиінің кегін жууға сол мүрдеге жетіп барған. Барса жаны шықпаған басы жоқ қара дене өзін-өзі сабалап, әлі тірі жатыр екен. Ашуға булыққан Нарнай батыраттан секіріп түсіп, өлі денені алдаспанын қос қолдап алып жоғары көтеріп бар күшімен қос-қос қолдап соғады. Тоғыз қабат тор сауыт киген қалмақтың қолбасшысы Баһадүр қонтайшының денесі жарылған күпшектей екі айырылып қақ жарылды. Жеңген жауда кегі жаңа біткендей қорқыраған сасық дене секектеп барып тыныш тапқанын көргеннен кейін атына мініп, қайтып келіп Итқұл мен Машыға қарады. Екеуінде де әлсіз қимыл, кеудеде шықпаған жан бар екен. Жаралы батыр аяулы інілерін күтіп сол араға тағы үш түнейді. Өлгендердің артынан дұға қайырып, тірі қалғандарын алып, өздері тоқыраған мекенжайға жылжи аяңдайды.

Бұл уақыттарда біз де қосты үш күнде бір көш қондырып отырып, Ақадырдан асып түскен едік. Күні-түні жау бетін торып, аттан түспей жылқыны қори бағып келе жатқанда екі қара адырдан төмен құлдырап келеді екен. Жау болмасын деп жартасқа жасырынып жолын тоссақ, қасына ерткен бір жолдасы мен қара қасқа тұлпарға мінген Бәйсеу екен. Алдынан шығып қарсы жолығып батырдың келе жатқан хабарын білдік. Қоруға қол бөліп қалғанымыз Нарнайдың алдынан шығып, мұндағы елдің амандағын айтып, жоғымыз табылып қуанып қалдық. Сөйтіп ұзын судың жағасында тоқырап мекен жай бекіттік те, жаралы батырлардың жазылуын күтіп қыстап қалдық.  

Жақсыбай атасының аузынан естіген аңызға бергісіз әңгімені естіп, түп тамыры тарайтын бабаларының ерлігіне тәнті болды. Тайбуырыл тайына мініп, Нарнай батырдай ел қорғасам деген арман жетегіне берілді. 

Төртінші тарау

Малтабар қарияның көңіліне жағатын бірде бір жағдай болмады. Төңірегіндегі тіршіліктің бәрі дерлік оны жақтырмайтынға ұқсайды. Бәрі де Малтабардың жер басып жүргенін жек көретіндей. Осы тұрған үйдің іші де оған жат сияқты. Жатса жаны ысып, кеудесі қысып, ішінің ыс ауасы да жақпайды. Малтабарға жағатыны Жақсыбай бала ғана. Ұнататыны үй артындағы ат төбеліндей ғана көгал. Ол сол көгалда төсенішсіз отырғанды ұнатады. Өз ұрқынан тараған бала, немере-шөберелерден әзірге біреуін көріп тұрғаны жоқ. Бәрінің де бірі ұнаса, бірі ұнамайды. Ұр да жық озбыр шетінен. Жеткендері әбден кәніккен ұры болса, жетпегендері де солардай болайын деп тұрғандай. Жанындағы адамды, малды жек көріп, әлі жетсе өз ырқына көндіріп алмақ. Бірге тудық деп бір-біріне қайырымы жоқ, ерегессе бірге туған екен деп қарамайды. Жеңіп, ықтырып, өзіне көндіріп алу ғана көздегендері. Көнбесе қашап алып жегенше асық. Рақымсыз. 

Аяушылықпен қарап ара-жігін айырарлық парасаты бар бір туғаны Жақсыбай ғана. Жақсыбайдың жаны бөлек, жаратылысы басқа. Әттең жетпей келеді, жетсе Ақтілесті ақылының аясына қондыратын жалғыз ұл осы. Тек қана баланың болмысын дұрыс бағытқа баулып, адал адам етіп шығарар тәрбие болса. Өнегелі өрен табылса шіркін. Әттең жас баланы жақыннан қоршаған мынау қара ниет, өзімшіл ожарлар апанына арандатады-ау. Жақсыбайдай таза ұлды туысқа түзу жетек керек. 

«Жібермеймін мен толқында жүзген жалғыз қоңыр қазымды. Жақсыбайыма бар өз ақылымды айтып үлгерсем, ендігі арманым болмас еді. Ең құрығанда дұрысы қайсы, бұрысы қайсы екенін айырып кетсем екен. Онымды қабыл алады. Жақсыбайымның оған жетер ақылы бар». Осылай толғанған Малтабардың көргені көп кісі. Оның туа сала көзі көргені елмен бірге болып таласқан жаугершілік. Ат жалын тартып мінгелі қатысқаны сол жорықтар. Алған тәлімі, көрген сүйінісі, күйініші содан. Оның өз өмірінің өзі бір хикая. Малтабар тек қана әділет, ақ жолдың хикаясын біледі. Айтса соны ғана айтады. Екінің бірінде кездесе беретін қара ниетті ол дәріптеген де емес, оны сөз еткен де емес. Олай болса атаның қасиеті дарыса деп болашағы бар балаға сол да сабақ. Малтабар сексенді асып тұр. Оның ата-бабасында тұрғыласында, үрім-бұтағында 50 мен 60 жастан асқаны шамалы, көбісі әділетсіз өмір таласында құрбан болып қыршың кеткен. Енді өзі де әрі қарай жасап көп отырмайтынын біледі. Жарымжан кәрі тәнінде қартайған шыбын жаны қанша тұрары блегісіз. Аз ба, көп пе, әйтеуір өмірінің соңы осылай қыстиып қалған қысқа өмірде өз білгенін Жақсыбайына сарықса болды. Ендігі отырған қарияның бір мақсаты сол. Сондықтан да ол үйінен шыға өзінің үшінші үйі Құттықадамның қара үйіне қарайды. Алдында әрқашан момақан бойда қылтиып ойлана қарап тұратын Жақсыбай баланы көрсе, өзінің көгалына қарай таяғына сүйеніп бүгжең-бүгжең тартады. Артынан аңдып тұрған Жақсыбай да жетеді. Жақсыбай бұл атаның әңгімесін естуге тым құмар. Оның сол құмарлығы Малтабарға да қуат береді, әр қосылғанда қария тың әңгіме айтады. Құйма құлақ Жақсыбай атасы айтқан әр хикаяны жадына жұтады. Бала ойымен таптан таза зердемен жаттап зейініне балдай сіңіреді. Ал қабағы шүңірек шегір көзін жауып кетеді. Әжімге аянбай айғыздалған тыртық беттері қимылдап әңгімесін бастайды Малтабар қария. 

- Мен саған Бабақ бабаң туралы айтып берейін, - деп көзін Жақсыбайға бұрды. Үн-түнсіз бар ынтасымен аузын ашып қалған қалған бала риза болды. Оның пісте мұрнының ұшында тер табы білінді. Күн де шыжып тұр. – Бабаң Бабақ әулеттің адамы болыпты. Барымтадан мал алмайтын, өз малын бермейтін бір сап жауынгердің қолынан келмейтін батыр боп өткен. Заман күштінікі, кім атта ойнап шабандоздық және батырлықпен көрінсе, сол дүлей түндегі дүрбелеңнің, ашық аспан астындағы аттаныстың ортасында жүреді. Қазақ болып Тәуке хан ту тіккенде Бабақ қолын жинап аттанып кетеді. Еламанның жаңа алған тоқалы Айбарша екіқабат болып жесір қалады. Жас сұлу іргелі елдің қызы екен. Әмеңгерлеріне көңілі тоқтамай ұлы жүздегі төркініне алып кет деп хабар салып отырғанын естіген. Ат төбеліндей Ақтілестің тумаса да бір баласы ішінде кетуін қимаған ел дамылсыз кісі салғанымен, Айбарша көнбей қойыпты. Бабақ әлі үйленбеген бауыры Шақшанды сол Айбаршаға жұмсайды. Жас сұлу келіншек әлі үйленбеген батыр жігітті көріп аз босаңсыған емегі барды. Бабақтың қолы Еламанның ауылына келіп қонып аттанбақ болады. Жауғабардың баласы Еламан жалғыз болатын. Алдыңғы өткен соғыста батырлығын паш етіп қаза болған. Оның үлкен қатынынан Маймыл-Жобай туған. Екінші әйелінен Алпаш, Болпаш, Қалманбет әулие. Ұлы жүз үйсін Аққожа деген бидің бұла өскен еркесі, жалғыз қызы Айбаршаны үшінші әйелдікке алған жылы сол-ақ еді. Іргелі елдің білікті адамының қызы осыдан туған балаға Ақтілестің қара шаңырағын қалдырамын деген Еламан батыр қаза шекті. 

Ақтілестің Жауғаш, Биғаш, Жуғабар үш баласының кішісі Жауғабарда қалған қара шаңырақ оның жалғызы осы Еламанның қолында болатын. Еламан көзінің тірісінде өзге әйелдерін баласымен жеке шаңырақ етіп шығарды да, Айбаршаны алғаннан кейін қара шаңырақты одан туған балаға ұйғарып, сонда түсірген. Міне енді сол Айбарша ереуілді жылдар ішінде бітігі бар жесір қалды. Оның үстіне тәккаппар сұлу келіншек төркініне арқа сүйеп, әмеңгер таңдамай қойды. Қара шаңырақ иесін жат елге қимаған Бабақ батырдың соңғы амалынан түйсік береді. Оны шегіне жеткізуге мұрша болмай тағы да ереуілге аттанып бара жатыр. Ақтілестің алпыс батыры бастаған 600 атты әскері келіп қара шаңыраққа түнеп шықпақшы болды. Бабақ Шақшанды оңаша қасына алып қысқа-қысқа кеңес айтты. «Атыңның тұяғына тобылғы қағамын. Ертең аттанғанда ақсап қалған атты сылтау етіп осы ордада қаласың. Оңаша қалып Айбаршаны өзіңе қарат. Бұл жолғы сенің жорығың сол болсын. Қара шаңырақтың иесі Айбаршаның ішіндегі шарана сыртқа кетсе, сенің жер басып жүргеніңнің керегі жоқ», - деді. 

Ертеңінде қосын аттанғанда бірге аттанған Шақшан қайтып оралып, Айбаршаға оңаша тағы қонды. Ақтоқалдың ақ төсегіне қарғып мінген көрікті жас батыр жас тоқалдың көңілін табады. Содан барып Айбарша Шақшанға тәуелді болады. Жорыққа аттанған батырлар аман оралса, некемізді қиғызамыз деп уәде жасайды. Бұлардың тілегі қабыл болады. Екі ай бойы жортуылда жүрген Бабақ қолы аман келе жатыр дегенді естиді. Сонда Айбарша: Бабық батыр менің саған қосылуыма қуана ма?» - деп сұрайды Шақшаннан. 

- Қуанады, - деп жауап береді Шақшан.

- Қаһарланбай ма? - дейді Айбарша.

- Қалайша? 

- Маған сөз салған батырдың өзі болатын.

- Маған да сөз салған сол батырдың өзі.

- Олай болса мен алдынан шығып сауға сұраймын, - дейді Айбарша. Айбарша ат-тұрманын сәндеп келе жатқан батырдың алдынан шығады. Жауды жеңіп атағы жер жарып келе жатқан Бабақ көңілді еді. Алдынан Айбарша жеңгесі шыққанда мұндағы жәйді білмейтін ол қайран қалады. 

- Сауға батыр, сауға, - дейді Айбарша айғай салып. 

- Ал, сауға болса ал, - деген Бабақтың «Айбаршаның бұл қай айласы, біржолата құрықтан шығайын деген екен ғой» деп күдіктеніп іші әлем-жәлем болады. 

- Алатын сауғам бір басым, - дейді Айбарша. 

- Бір басың болса ала ғой, - дейді Бабақ. Бәрі де бітті деп ойлайды ішінен.

- Ініңіз Шақшанмен некемізді қиыңыз, - дегенде Бабақ қуанып кетеді. Айбаршаға дән риза болып келе сала той жасап, екеуінің ақ некесін қияды. Айбарша айы-күні толып Еламанның үміті ұл табады. Атын Ерейде (жер аты. Автор) туды деп Ерубай қояды. Шақшаннан одан кейін де үш ұл табады. Олардың атын да Айбарша өзі қояды. Екінші ұлы Шерубай. Үшінші ұлы Жайылған, төртінші ұлы Жайлау. Міне солар Шақшанның баласы болып тарайды, - деп түйіндемек болды әңгімесін Малтабар қарт. Алайда Жақсыбайды Бабақ бабасының қазасы қалай келгені қызықтырды. Қоймай оны да сұрап алды. Бір жөткірініп алған шежіре қарт әңгімесін әрі жалғады. 

- Сәмеке ханның қалың қолын қалмақтың Сыбан-Рабтан бегі қырғынға ұшырата жеңген. Сол соғыста Бабақ батыр өзінің бес баласымен қаза табады. Ол соғыс былай болған. Қазақтың отыз мың қолына сайланған қалмақтың жетпіс мың қолы қарсы шыққан. Таңның атысынан, күннің батысына дейін соғысқан ерлер қалмақтың қолын тауыса алмайды. Атақты Шақабай, Жәнібек, Болайсары, Шелек батырлар міне осы жорықта қаза болған. Бұл соғыста Тапай батыр соғысқа бармай қалған. Жаугершіліктен жаралы болып оралған Ырыскелді батыр: «Үйде қалған Тапай озды», - деп айтыпты деген сөз бар. Оның мәнісі мынада. Тапайды әжуалап жұрт күле береді екен. Оның себебі атына бір айыл ғана таңады екен. Мінезі ауыр Тапайдың өз басына салақтығы да бар екен. Жауға аттанайын деп тұрғанда Тапайды жұрт көп әжуалайды. Жалғыз айыл Тапай алдымен аттан ауатын болар дейді. Бірі барып Тапайдың ақ бозына тартқан жалғыз айылын тіліп қояды да, оны тағы бір күлкі етпек болады. Енді жолға жүретін болып аттана бергенде Тапайдың айылы тілінген жерден үзіліп кетеді де, үзеңгіге салған аяғына басылған ертоқым жерге сырғып түседі. Жігіттер ду күледі. Тапай ерін бір қолына ұстап атын жетектеп үйге келеді де, ашуланғаннан ерді босағаға бір ұрып, аттың басынан жүгенін сыпырып жіберіп, өзі жатып алады. Сол соғыста көбі қаза табады. Тапайдың бір доғал мінезінің арқасында оның өзі дін аман үйде қалады. Мұны жаудан қорықты, соғыстан бас тартты, қорқақ деп одан бетер ызаға булықтырады. Содан бастап «үйде қалған жалғыз айыл Тапай озды» деген мәтел қалады.

Соғыстан оралған Досқұлы мен Ырсымбет Бабақ батырдың ерлікпен қаза тапқанын айтып келеді. Қалың жаумен жеті жыраның кезеңінен барып айқасқан қазақтар түс ауғанша жер бетін өлікке толтырып қырады. Қалмақтың Қарта бегі бастаған тағы он мың әскері шыға берген. Бекке біздің Бабақ қарсы дүрсе қоя береді. Қалған екі қан қырғынға араласып кетеді. Бабақ Қартамен екеуі бір қағысып өте шығады. Ақжалдың мойынын қайта бұрып салғанда екпінімен ұзап бара жатқан қалмақ қайта айналған жоқ еді. Бабақ қуып жетіп көк желкеден найза салады. Қос қолдап ұрған көк сүңгі қалмақтың желкесіненде кете барады. Екінші айналып келіп қол шоқпармен қақ бастан салып өткенде атымен бірге жерге шөгереді. Аты атып тұрғанда ауған күпідей болған Қарта құлап түседі. Сол уақытта қайдан келгені белгісіз бір қалмақ Бабақтың бауыздарынан қайқы қылышпен сыр еткізеді. Батырдың басы желкесіне қайырылып қалады. Атынан сүйретіліп барып құлап түседі. Қалың соғыс үстін басып кете барады. Тіпті нөкерлері денесінің қайда қалғанын да байқай алмайды. Қараңғы түскенше жалғасқан қырғын соғыстан қалжырап шыққан аз қол ту астына қайта жиналғанда араларында Жәнібек пен Шелек жоқ болып шығады. Бұл жеңілістен кейін қазақ жағы түнделетіп бой тасалайды. Соғысқа ертеңгісін шыққан қалмақтар қашқан қазақтарды қуып соғысады. «Қашқан жауға қатын ер» дегендей қалың қалмақтың жойқын күшіне төтеп бере алмаған қазақтар жан сауғалап, жан-жаққа қаша бастайды. Хан да туды жығып, он мың әскерімен кейін шегінеді. Қалмақтар елді қырып, малды айдап қарық болып қала береді. Көп ұзамай Қара тау мен Ұлытауды басып алады, ендігі бет алыстары Арқаға ауады. Сол күні үй жығып, көш түзеген біздің ауылдар Арқаға ауып кеткен екен. Бұл соғыста қаза болған Бабақ пен туған ағасы Жәнібектің құнын даулауға Тапай жалғыз өзі кейін қалады. Тапайдың үш қатынынан туған тоғыз ұлы бар еді. Солар кілең жас болатын. Жалғыз қалған Тапай Бабақ пен Жәнібектің қазасы өзінің мойынында деп ұғады. Олардың денесін табамын деп Ұлытаудағы Жеті жыраға жалғыз шабады. Жастығы етіп жарты жүз қалмақты жастанып, бұл да қаза табады. Бабақтың денесін артынан іздеп ешкім таба алмаған. Денесінде садақтың 17 оғы қадалған Тапайдың денесін әкеліп Ұлытауға жерлейді, - деп сабақтады әңгімесін Малтабар. 

Жақсыбай тыңдаған Малтабар қарияның өз өмірі мен өз көзімен көргендері де бір пара хикая еді. Ол өз басынан кешкендерін сонау балалық шағынан бастайды. Жаны қалаған Жақсыбай балаға өз көргенімен басынан кешкенін де тұтас айтып кетпек ойда болатын. 

- Ел жаңа жерге қонған. Жылқымен болып дала жайлап жүргенбіз. Бір күні қосқа Жәнібек батырдан қалған жалғыз балаң жігіт Қаржекей келіп, таң ата тиген қалмақ шапқыншылары Сабаның төрт қос жылқысын түгел айдап кеткенін айтты. Ауылды шауып, көп қырғынға ұшыратыпты. Нарнай батыр Абылай төреге барып қол сұрауға кетіпті. Көптеген жесірді тұтқындап батырлардың бетін қайтарып кеткен екен. Содан бері күні-түні кезектесіп атқа мініп, маңайды торуылдап мал күзетінде болдық. Әне келеді, міне келеді деп батырлардан хабар күтеміз. Шабылған елден бірлі-екілі шаңырақ жаяу-жалпылап босқын келіп қосылып жатыр. Біздер ошақ асып, қос кеңітіп, сойыс жасадық. Арып-азған босқындарды жинап жатырмыз. Ішінде өзіміздің де адамдар бар. 

Белдеу тауда қарауыл қойған жігіттерден біреу аттандап шауып келді. Сасқанымыздан атқа тез қонып алдық. Күннің батысынан жер қайысқан қалың қол келді, - деп хабар жеткізген жігіт аттан түсіп отыра кетті. Ішімізде басты дегеннен бір ғана Қаржекей бар. Оның өзі не істерін білмей сасып қалды. Босқыннан жиналған қатын-қалаш:

- Біздің басқа күн туды, түнек қараң,

Бізден бетін бұрды ғой мынау заман, - деп зарлап қоя берді. Кілең жас бала жігіттер жау шабады, қалған малдан айырыламыз, өз басымыз не болады деп не істерін білмей сандалып кетті. Бір кезде Белдеу таудан тағы бір атты тымағын қолына ұстап құйғытып келе жатқанын байқадық. 

- Бейбіт, бейбіт, - дейді ол айқайлап. Сенер-сенбесімізді білмей жаңағы құты қашқан көңілді орнына түсіре алмай жатырмыз. Сөйткенше Белдеу таудан қалың көтеріліп бері төгілді. Жау құсап атойлап шауып емес тұтаса жортақпен келеді. Жаңағы жігітте жақындап қалды.

- Нарнай батыр қол жинап келіпті.

Құтымыз қашып қалтырап отырған біздер енді қуаныса бастадық. Алдарына ат қойып қуанғаннан шауып жүрміз. Жылаған босқындар өз көздеріне өздері сенбей енді қуанғаннан жылай бастады. Нарнай батыр Барақ төренің жинаған қолын алып жеткен екен. Кеткен есені қайтармақ, шауып әкеткен елді байлап әкеткен жетім-жесірді, айдауда кеткен малды қайтарарлық күш көрсетпек. Олар келіп осы Атырау көлінің жағасына абылайшаларын қатар-қатар тіге салып, аттарының белін босатып ерін алды. Отты жерге қоя беріп, өздері сойыс жасап ас қамдап жатыр. Барақ батыр апай төс нар кісі екен. Біздің Нарнай да одан кем емес. Екі батыр бірнеше кеңесші қазақтарды жинап алып әңгімеге кірісті. Олардың соңғы қорытындысы осы арада ат тойындырып, ес жинап алып, кешегі шапқан қонтайшының еліне аттанбақ екен. Бір сөзге келіп қару-жарақ сайлап, дем алып жата берді. Шабылған елдің кеткеніне де көп уақыт өтті. Жан-жақтан салт жүріп жер шалғандар иесіз мал, ессіз безген адамдарды жинап, тауып әкеліп қосып жатыр. Бұл жиналған адамдардың айтуына қарағанда, жалпақ қазақтың елінде шабылмаған жер жоқ деп ұқтық. Тірі қалған пенденің тіршілігі қызық қой. Босқан елден босаған бастар өздеріне жұп тауып жатыр. Жарының кебінін көрмеген әйелдер тілдерін алға ұстап бекініп отыр. Аз ғана болса да арада төрт айға жақын уақыт өтті. Күздің қоңыр салқыны түсе бастады. Енді батырлар әскерге ат жаратуды бұйырды. 

Таң ала сәуледе ұйқыға енді кеткелі жатыр едім, қара жерді дүңкілдетіп келе жатқан бір тұлпардың дүбірін естідім. Шылбырын аяғыма байлап ұстап отырған Ақжалым күннің шығысына қарап кісінеп жіберді. Жау ма, ел ме деп атып тұрып қарасам, көзіме ештеңе ілінбейді. Бірақ тұлпар аттың жер солқылдатқан дүбірі барған сайын жақындай бергенге ұқсайды. Жалма-жан барып шеткі абылайшада жатқан Қамбай мен Жайық батырды ояттым. Олар да ояна сала тұлпар аттың дүбірі деп тапты да, кернейшіге дабыл қақтырды. Қос алакеуімде жылдамдата тұрып аттарын ұстап, ерттей бастады. Қара көлеңке алакеуімде сағымдай болып қаракер тұлпарға мінген бір әйел адам жетіп келді. Көрген жерде-ақ Қамбай өз әйелі Балымды тани кетті.

- Япырмау, сен Балымсың ба? – деді Қамбай.

- Мен, мынау сенің балаң, қырқынан бүгін шықты. Өлі болса да, тірі болса да атын қой, - деді Балым шаршаңқы үнмен.

Қанжығадан құндақты шешіп алып Қамбайға ұсынды. Қамбай аң-таң болып қолына ұстатқан балаға бір, Балымға бір қарап аңырап қалды. Құндақтағы баланы қасында тұрған Жайық батыр алды. Бетін ашып қараса қырқынан жаңа шыққан жас сәбидің тірі екенін көрді. 

- Япырмау, мынаның жаны тас па, әлде темір ме, - деді Жайық тағы таңқалып.

- Балым жаным, - деді Қамбай. –Қайдан шықтың?

- Үргеніштен, қонтайшы қолынан құтылып, - деді Балым.

- Үргеніштен осы араға дейін тұлпар аттың қанжығасында тірі келген мұның жаны тас па, темір ме, - деді тағы да Жайық. Баланы құндағынан жазып, жалаңаштап қолына ұстады.

- Мұның аты Тастемір болсын, - деді батыр.

Балымның бастан өткерген оқиғасы былай болған екен.

Жаздың шуақты күні шабындыға ұшыраған елдің малын айдап, адамдарын байлап әкеткенде Балым да қолда кетеді. Жеңген жау қолға түскен сұлуларды таңдап, Балымның ақша жүзі, ай маңдай қас-қабағына қызыққан қонтайшылар бұған таңдау берілсін дейді. Сонда Балым:

- Мен қолдарыңа түстім, таңдаудан бас тартпаймын, қайсың алсаң да сендердің күңіңмін. Жалғыз-ақ айтар тілегім бар. Ішімде жеті айлық балам бар, оның екі ай, он күні қалды. Күні толып дүниеге келсе қырқынан шығатын уақыты бар. Менің шартым осы. Осыдан кейін кімге болсын алаңсыз жар бола аламын. Мұны өтеткізбеймін десеңдер қазір ішімді жарып өлтіре беріңдер, - дейді.Сонда қонтайшы:

- Ол сұлу бізге олай айтпасын. Қайсыңа болсын бәрібір демесін. Таңдау беріп отырған себебіміз оған талас туып отыр. Менің бектерімнің бірін өзі таңдасын, сонан кейін керек мерзімін содан өзі сұрай берсін, - депті бұйырып. 

- Қазір бірін мен сендікпін деп таңдасам шартым болғанша талай уақыт бар. Ол уақыттарда олар қызғаныш етіп, менің сүйегімнің өзіне қастық жасар. Бірінші ішімдегіден арылып алмай айта алмаймын, - депті Балым.

Қонтайшы хан да мұнысы жөн депті. Осыдан барып Балым хан қолында жеке бағылыпты. Бала туып, қырқынан шығыпты. Ол кездерде Балым қонтайшы ханның үлкен ұлы Бекдарбек қолбасыны таңдапты. Оған хан да, бек те раза болыпты. Енді уағдалы күн болған соң Балым бекті шақырып алып былай деген екен.

- Уа, менің әміршім Бекдарбек. Мен сіздің жансүйеріңіз болайын. Бүгін екеуміз қосыламыз. Маған өзіңнің бас тұлпарыңды ерттеп әкел. Өзің бір тұлпарға мін. Мен баламнан құтылам, - дейді. Бекдарбек өзінің екі тұлпарын алдырып, екеуі мінеді де Балым баланы алдына алады. Дуал сыртынан шығып кетеді. 

- Мынау қазақтың баласы, қырқынан шығарған соң мен аналық қақымнан құтылдым. Осыны енді сен өлтіресің бе, жоқ өзім өлтірейін бе? 

Сонда Бекдарбек тұрып:

- Мен өлтірсем, ішімнен шыққан баламды қолынан өлтірді деп маған деген ішіңде дерт қалар. Ал өз қолыңмен өлтірсең көңілің суиды. 

- Мен риза саған Бекдарбек бек. Өте әділ еттіңіз. Келші бір сүйейін мына итаяқ аузыңнан, - деп мойынына асылып, бетінен сүйіп, арбап есін алады. 

- Ал енді бегім үйге қайт. Бүгін кешке екеуміз оңаша жатуға әдемі шатыр тік. Мен қараңғы түсе мына баланы өлтіріп жерлеймін де, өзім келем. Ат дүбірі шыққанда алдымнан шығып қарсы аласың. Шарабың мен дәмді тамағың дайын, кең төсегің салулы болсын, - дейді.

- Сен алдап тұрған жоқсың ба, бикем, - депті бек.

- Алдады десең, мына баланы өлтір де, мені шашымнан сүйреп алып бар да күңің етіп ойыңа келгенді істе. Мен қазақпын, бар білген салт-ғұрыпты айттым. Сендердің салтыңа содан кейін көше жатармын. Әзірше білгенімді істейін деген едім, енді менің сөзім бітті, - депті Балым бекті арбап. 

-Ойбай Балым, жаңа көрген айым, сендей қатын қайда, дұрыс, айтқаның болсын. Үйге барып шатыр тіктірейін, төсек салайын, тағам әзірлейін, сен келгенде алдыңнан шығып қарсы алайын, - деп жүре береді. 

Бекдарбек кетісімен Балым баланы қалың кигіз қоржынға салады да, қанжығаға байлайды. Ауған елдің беті Арқа еді деп елге қарап жөнеп береді.

- Ит қалмақ, сенің қойыныңа кіргенше, өзімді өзім өлтіріп жер қойнына кіргенім мың есе артық емес пе, - дейді де тұлпарға қамшы басады. Бүйірі қызған тұлпар құсты аузымен тістердей зулайды. Балым намаздыгерде Үргеніштегі қонтайшыдан шығып таң аппақ болып атқанда Белтауға келеді. Қанжығада өлмей келген сол бала – Тастемір еді. 

- Менің соңым қуғыннан сау болмақшы емес, сақ болыңдар, - дейді Балым. 

Нарнай оны бағана білген. Ораққа барып болған оқиғаны баяндап, жау тосуға сайлануды айтқан. Айтқанындай қалмақтың қолбасшы батыры Бекдарбек он мың әскермен тұлпардың ізіне түсіп қуып келіп шеп құрып бекініп алады да, қазаққа елші жібереді. Сонда айтқаны: 

- Бұл жолы қазаққа шабуылға шығуға зауықты емес едім. Балым ханшаның алдап кеткені себеп болды. Оны алдыма алып келіп, тұлпарымды қайтарса, соғыспай кете берем. Ал оған көнбесе соғыс саламын, бірін қалдырмай бауыздап өлтіремін.

- Елшіге біз де сөз айтайық. Айтып бар. Балымға деп әскер жиып келсе онда қойдық. Балымның мұнда байы бар. Онда сол екеуі бітіссін. Қатынын берсе өз еркі, бермесе де өз еркі, оған елдің қатысы жоқ. Жұмысы Балым болса солай бітсін. Сылтауратпасын, соғысамын десе біз дайынбыз, - деп жауап береді Орақ төре. Сонда Бекдарбек бек:

- Шығар Қамбайды жекпе-жекке, әйелін әкеп алдыма салсын, болмаса тұрысатын жерін айтсын, - деген. Осыған екі жақ болып майдан ашады. Көрген адамның иманы қасым болатын ер. Бекдарбек бек тау шоқысындай болғанда Қамбай тұрымтайдай-ақ көрінеді. Анау қалмақпен жекпе-жекке шыққан көріне бас сұққанмен бірдей. Жайық батыр «Қамбайдың орнына мен барайын, тарттырайын қалмақтың сазайын» деп алға ұмтылады. Бірақ оған Қамбай көнбей өзі атой салыпты. Тең емес екі батырды жұрт көре тұра жыламаған адам қалмайды. Қамбай 25 жасқа жаңа шыққан жас өрен кезі, қалмақтың сөзіне намысы қозып, не қылса да өзі шықпақ болады. Майданға Бекдарбек бек келіп дабыл қағады. А құдайлап Қамбайды қара қасқа тұлпарға мінгізіп, бірінші кезекте найзаны сауыттың қолтығына сал деген тапсырма береді. Шыға шауып Барлыбайлап ұран шақырып барған Қамбайдың найзасын қағып қалып, басынан он екі батпан күрзімен салып жайратып кетеді. Сүйекке тура шапқанда Нарнай батыр да шыдай алмайды. Жауын жеңіп, тобына қарай кетіп бара жақан қалмақтың бегіне жетіп, найзамен қолтықтан іліп кетеді. Аттан аударылып түскен Бекдарбек бек күрзісін оңтайлап жаюға ұмтылады. Осы кезде қайта айналған Нарнай алдаспанмен бектің басын қағып алып, бері тартады. Мұны байқаған қалмақтың он мың әскері лап қояды. Сай тұрған қазақтар да тура ұмтылады. Кірген жерін есіктей етіп жүрген батырлар қалмақтардың тоз-тоз болып бас сауғалап қашып бара жатқанын көреді. Соңынан қуа соғысқан батырлар қараңғы түсіп, көз байланғанша жауының көбін қырып, қалғанын қуып салады. Жеңілген қалмақ қашып кетеді. Қазақтар жеңісін тойлайды. Қамбай 25 жасында осы соғыста болып, артында жалғыз тұяқ Тастемір қалады. Тастемір менен бір мүшел кіші. Сол кезде мен 13 жасар бала едім. Осы соғысты көзіммен көріп, куә болдым, - деді Малтабар қария сөзін аяқтап. 

Бесінші тарау

Жақсыбайдың көрген сұмдығының беті жаман еді. Оның танауы қусырылып, жүрегі лүпілдеп соғып кетті. Ол өзінің халінің жамандығын білген жоқ. Тек қана «неге үйтті» деп ішінен қайталай берді. Өзіне көмек іздеген адамдай жан-жағын қарманды. Есіне Малтабар атасы түсті. 

- Ата, ата жан-ай, ататай-ай, - деп жүгірді ол. Қыстаудың есік алдында күн шуақта отырған Малтабарға бала келе жығылды. Ол оның сақал басқан кеудесіне жармасып келеді, тура төсіне бетін басып, өксігін баса алмай жылап жатыр.

- Ататай-ай, батыр ағам неге үйтті? – деп іші өртеніп егіле жылайды. Малтабар тек қана басынан сипады. Тіпті қой деп жұбатқан да жоқ. Тек қана өзіне тырмысқан баланы бауырына қыса түсті. Малтабар балаға еш бір сөз айтқан жоқ, оның өз іші де ағыл-тегіл жылауда еді. Жақсыбай үсті-үстіне егіледі. Көз алдына сұмдық елестер келіп кетер емес. Жаны ашып ащы жылайды. 

Жақсыбай Байқұттыны батыр ағам дейтін. Оның ісінің бәріне бала көңілі байыбына бара алмай, тек қана сүйсінумен жүретін. Өзіне тай мінгізді, әкесіне өлген аттың орнына ат беріп жүр. Жақсыбайға қарбас (сетен) матадан камзол тіктіріп бергізген. Басына бөрік кигізген. Әрқашан маңдайынан сипап «жаңа өлең бар ма» деп қоятын. Қайта-қайта:

Жорыққа шықсаң жол болар,

Жүргенге жөргем ілінер.

Батырдың күші зор болар,

Дүниенің беті тілінер.

Қасарысқан қас дұшпан,

Бәйтеректің басына, 

Тілерсектен ілінер, - деген өлеңді айтқызып мадақтайтын. Жақсыбайға әндетіп дауысын зор шығарып айтуды үйрететін. Сондай жақсы көретін батыр ағасы еді ол. Оның әрбір шыққан жорығы олжалы болатын. Күннен күнге даңқы жер жарып тұрған батыр ағасын мақтан тұтатын. Осы Малтабар атасынан туған батыр ағасы оның көңілінде осы атасындай ақылды, осы атасындай ақпейіл, осы атасындай батыр болып көрінетін. Жақсыбай бұл сұмдықты тосын көрді. Батыр ағасы жылқышысы Далабайды жігіттеріне сабатты. Панасыз оны қан-жоса етіп ұрғызды. Аппақ денесіне дойыр қамшының ізі қара күйемен шимайлағандай дақ түсірді. Далабай таяқтан тұра алмай қалды. Осы жерден тұрғызып алып, ауыздан пәрменінше ұрып жіберді. Күрек тісі түсіп, аузы-мұрнынан қан кетті. Онымен қоймады. Мойнына арқан салып «бәйтерекке асып таста» деп бұйырды. Бұйрығына көнген жігіттер болса да бұл айтқанын орындауға ұмтылмады. Далабайдың еткен қылмысына осы жаза да жетерлік деген сыңай білдірді. Ашуына булыққан Байқұтты өз атынан ұзын қыл шылбырды шешіп алып, бір жағын қазықбау шалып, тұйықтады да есінен танып жатқан Далабайдың мойнына салды. Оны жақын жерде жар басында тұрған бәйтерекке сүйреп алып барды. Көлбей өскен жуан бұтаққа өткізіп алып, тарта жөнелді. Тамағын бунаған арқанға қолын жеткізе алмай ербеңдетіп аяғын бір-екі қимылдатып жігіт қинала берді. Байқұтты арқанды одан бетер тартып апарып бұтаққа байлап қойды. Далабайдың зәбір көрген жаралы денесі ұзарып барып дір етті де жан тапсырды. Бұған қарағысы келмеген басқа жігіттер тарап кетті. Байқұтты әбден өлді ме, жоқ па деген кісіше екі бүйірін таянып өлікке қарап жалғыз қалды. Осы сұмдықты көзімен көрген Жақсыбай қамқорсыз болып өліп кеткен жігітке жаны ашып кетті. Ол сүріне-қабына атасына қарай жүгірді. Өксігін баса алмайағыл-тегіл жылап жатыр. Оны уатуға сөз айтса ішкі егілісі сыртқа шығып кетердей қорыққан Малтабар қария басын сипап үнсіз уатады. 

Далабай кім еді? Далабай маңдайы жырта қарыс ақсары, әдемі жігіт болатын. Елі аралас, қойы қоралас Қанжығалының Ескене деген руынан. Жүрген жері базар. Домбыра тартып, өлең айтатын. Ат үстінде ойын жасап, топыраққа көмулі теңгені қағатын. Бір кісілік күші бар балуан жігіт еді. Осыдан үш жыл бұрын елінен өзі сүйген бір қызды алып қашып, өнерлі жігіттерден топ жинап жүрген Байқұтты батыр бар деген лепесті естіп, «батыр болса мені паналатар, жауыма қолдан бермес, оның да керегіне жарармын» деген оймен келіп қосылған. Байқұтты Далабайды айдап алған олжа жылқыларға ие бол деп қосқа салады. Жылқы бағып қар жайлап жүрген Далабай жылқы ішінен таңдап жүріп қоңы семіз болған соң қара ала айғырды ұстап алып тамаққа сояды. Бір күні Байқұтты жылқы аралауға келіп белгілі мал қарала айғыр қайда деп сұрайды. 

- Тамаққа сойдым кеше, - деп жауап береді Далабай. Басқа сөзге келмей Байқұтты дойыр қамшыны басына жаудыртып кетеді. Қапелімде мұнша таяққа душар боламын деп ойламаған жас жігіттің есі ауып қалады. Қол-аяғын байлап алып «жүр» деп бұйырады. Ауылға таңертең шулап келген Байқұтты тобына аңтарылған халық үсті-үстіне төпелеп ұрып жатқандарды көреді. Далабайдың әйелі Жанкүміс келгенше Далабай бәйтерекке асып өлтіріліп болып қалады. 

- Қатын-балаң артыңда,

Мендей болып зарласын.

Қара ниет қанішер,

Бар Құдайым қарғасын.

Қәбіріңде құрт-шаян,

Кебініңді жалмасын.

Япырмау, енді не болдым,

Аямас неткен Аллам шын, - деп зарлады Жанкүміс. 

-Асылың енді болмасын,

Ақыретіңнен оңдасын.

Соңыңнан ерген сүйгенім,

Қайран да менің жолдасым.

Ғашығымнан айырып,

Қастық еткен оңбасын.

Қайран да менің, Далашым,

Білемін орның толмасын, - деп есіткеннің сай-сүйегін сырқырата шашын жайып, зар жылап, басында Жанкүміс отырды. 

- Медет бір еттім Алланы,

Неге мені қарғады.

Арманда кеткен Далашым, 

Артыңда ұрпақ қалмады. 

Жігітте от ең, бетті едің,

Соңыңа еріп кеткенім.

Қайран да менің қосағым, 

Мұратыңа жетпедің.

Мені олжалап еліңнен,

Пана көріп келіп ең.

Келгеніңнен не таптың?

Ашық-жарқын сеніп ең.

Аңқылдаған аппағым,

Кімнің жолын аттадың. 

Ұрлықтан түскен бір тайға,

Татымай мынау жатқаның.

Далабайдың өлігін Құттықадам алып жерге түсірді. Бұл уақиға болғанда Құттықадам сегіз түйе желдеп кетіп,соны іздеп кеткен еді. Ішінде өзінің қом артатын жалғыз сары атаны бар болатын. Сол түйелерді айдап келіп жеткені сол болатын. Орын алған сұмдықтың үстінен шыққан. Өзі болғанда уақиға мұндай шегіне жетпес пе еді, қайтер еді. Байқұттыға қарсы тұра алатын тек қана осы Құттықадам болатын. Ол Байқұттының қолынан талай ашуларын алған. Бұл жолы да оның ашуын осындай шегіне жеткізбей тоқтатуға болатын еді. Жанкүмістің зарын тыңдаған Құттықадам көз жасын іркіп алды.

- Болғанға болаттай берік бол, қарағым. Енді жылағаннан өнетін ештеңе жоқ. Айтып болмайтын, қайтып келмейтін іс болған екен. Енді мәйітті жеріне орналастыруды ойлайық, - деді ол.

Құттықадам атына мінді де ауылдың ортасына қарай жүрді. Әркім әр үйдің тасасында бұғып жылайды. Бәрі де Байқұттыдан сескенеді. Мәйіт жатқан жерде ішін тартып зар жылаған Жанкүмістің қасында екі-үш әйелден басқа ешкім жоқ еді. Құттықадам Байқұттының үйінің қасына таман келді. 

- Әй Құл, Тұрбай, әлгі Елемес қайда? Барыңдар ана марқұмды оң жаққа салыңдар. Тойтық қайдасың? Барып өзі баққан жылқыдан сойыс әкел. Бұл бейшараны енді жер қойнына тапсырудың қамына кірісейік, - деді. Құттықадам дауысын қатты шығарып еркін сөйлеп тұр. Байқұттының жылқысынан өлікке сойыс әкел деп, Байқұттының інілерін мәйітті оң жаққа салуға жұмсап, тұрғаны оның «айып өзіңде, кәне бір нәрсе деп көрші көрейін» деп тұрғандай еді. Мұның бәрін анық естісе де Байқұтты тысқа шығып тіл қатпақ былай тұрсын, түсін де көрсете алмады. Өзін өзі үйге қамап, жұрт көзіне көрінбеді. Құттықадамның гүрілдеген дауысынан-ақ таныды. Ендігі қияңқылықтың жөні келмей қалды. Қазір барып Байқұттылығын көрсету ағаттық екенін білді. Бір мал үшін бір жас жігіттің өмірін қиып жіберген өзін халқы кешірмейтінін білді. Далабай кірме болса да халық танып қалған жақсы жігіттердің бірі еді. Ел оны өнерлі өрен деп танып, ғашық болып қалған, қызын алып қашып келіп пана еткен өздеріне ортақ іні, ортақ бала көріп кеткен. Бұдан бұрын шабандоздығымен, сауыққой өнерімен, елді аузына қаратқан өлеңші, әншілігімен көрінгені болмаса, жамандығы жоқ жанеді. Аяқ астынан Байқұттының долы қаһарына қалай ілініп, тіпті ел ұмытқан, ертеде болды дегені болмаса көзі көрмеген мұндай сұмдықты ел жиіркенішпен қарсы алды. Тіпті сол кезден-ақ ес білген баладан еңкейген қариялар да Байқұттыға қарсы ойдатын. Құттықадамның айтқан ызбарлы сөзі, зор дауысы халықтың осы ұйғарымына жол ашып кетті. «Әй сабаз-ай», «Қайран қыршың кеткен боздақ-ай», «Құнсыз кеткен жалғыздық-ай» деген аянышты үнмен өкіре жүгірді жұрт. Бәрі де барып Далабайды енді ғана азалап у да шу болып жыласып жатты. 

- Әй, Керейбай, үйіңді босат, бала-шағаңды Кенебайдың үйіне апар, мәйітті сонда қояйық, - деді Құттықадам. Көзін уқалап жылап тұрған Керейбай үйіне қарай беттеді. Керейбайдың төрт қанат қараша үйі Байқұтты үйінің есігінің алдында қарсы тігілген болатын. Мұны да Құттықадам жүз жерден жақын туысы болса да қылмысын байыбына жеткізе көрсету мақсатында адам қанын ішкен Байқұттыға әдейі істеді. Ойында халық үкімімен жазасын беру тұр. Байлығына ғана бас ұратын Байқұттының күні Құттықадамға келмейтінін біледі. Өз кінәсін өзі мойындағандай Байқұтты күні бойы жұрт көзіне көрінбей үйінде жатты. Түнімен аза тұтқан елге де қосылмайды. Ертеңгісін жерлеуге де шықпады. Халық жиналып қаралы үйде қанша сабылса да біріне қатыспай жалғыз өзі жеке қалды. Оны адам деп ешкім де еске алған жоқ. Жалғыз-ақ Жанкүміс:

- Қанішердің қолы қанға бөкпесе мені де өлтірсін, жан қосағымменбірге жатайын, мені де жерлеңіздер, - деп ашына ширығып бұлқынды. Оны жан-жағынан қоршай ұстаған әйелдер сабыр сұрап, басу айтты. 

- Өзі де жатыр кінәсін мойындап. Далабайдың құнын даулап аласың, сабыр ет. Ел сені өлімге бермейді. Тірексізбін, елсізбін деме, сабыр ет, - деді жиналғандар. Жанкүміс шашын жайып, әдемі ақша бетін қос қолымен тырнапқанатып алған, айнала ұстаған алты әйелдің ауқымынан аса алмай жатыр. Сұлу денесі май қоғадай буынсыз, естен кейде танып, кейде біліп, зар үстіне зарлана берді. Ол шынында да панасыз жалғыз қалды. Оң жақта бұла өскен бір байдың жалғыз қызы еді. Он бес жаста Жанкүміс сұлу атанды. Арайлы қара көзді, әдемі ақша бетін көрген адамның талайына сүйсініс отын тастаған бай қызы парасатты асыл қыз асқан өнерпаз Далабайды анық танып қалағанды. Қалың беріп, құда түсер бөгденің хабарын білгенде «ер болсаң енді әкет мені» деген. Қолдан келмес аспандағы шолпанға қол жетер ме деп ғашықтық отына жанып жүрген Далабай қыз айтқан шешімнен бас тарта алмады. Екеуі екі атты ұрлап мініп, жылқыда жүріп жоқ болды. Міне содан жер белін ұзартып алыс кетті. Келіп жеткен жері осы Ақтілестің іші. Енді қайтіп барар елі жоқ, қарсы алар үйіне қара бет. Ата-анасын, туған үйін жерге қаратып, етегінен ұстаған сүйген жарының жаны құрбан болды. Жанкүмістің шын тілегі сол, тек қана Далабайдың қасына бірге жату болды. 

Арманда кеткен боздағым, 

Неге қолды созбадың?

Артыңда қалдым аңырап,

Алдыңнан неге озбадым.

Неге бірге өлмедім,

Сен көргенді көрмедім.

Садағаң болам жұртым-ау,

Неге бірге көмбедің? – деп егілген Жанкүміс тағы да талып қалды. 

-Айналайын Далажан,

Бір жаныма балаған.

Артық бір көрген қосағым,

Атам менен анадан.

Тілеймін пәрмен анадан,

Не болар күнім зарлаған.

Айрылдым асқар тауымнан,

Енді мен неге алданам?

Жанкүмістің зары естілген сайын шын байыбында халықтың бауыр етін елжіретіп кетті. Жыламаған адам қалмады. Мұны естіген Жақсыбай мұндай да ақын әйел болады екен деп таң қалды. 

Алтыншы тарау

Ауыл қыстаққа көшіп келіп жайғасқан. Үй мен үй ерулікке шақырысып мәре-сәре. Күнде сойылған қой, бірін-бірі қонаққа шақырып, кеш жатып, кеш оянатын бай ауыл. Таңнан тұрып намазын оқыған Малтабар қария төңірекке көз салып еді, ауылда тірліктің белгісі көрінбейді. Қария қайта келіп төсегіне жатты. Үй-ішіндегі әр төсекте жатқандар бір-бір ыңыранып қояды. Өзінің аяқ жағындағы төсекте Байқұтты қатты қорылдап жатыр. Оның танауында шайтан біткен жиналып осы бір пендені тұншықтырып ұйқыдан тұрғызбайық дегендей ышқына-ышқына қорылдайды.Кейде барып демі бітіп әбден тынып кілт кесіледі де, әлде уақытта шиқылы мен пысылы араласа демі тағы қор етеді.

- Мына шіркіннің ұйқысы да маңайына тынышсыз, - деп ойлады Малтабар қария. Жақсыбайға қандай жай туралы айтпадым мен деп ойлады. Ата-бабалар жайлы айттым, тек қана Тастемірдің өлімі болатын соңғы қырғын үлкен соғысты айттым ба, жоқ па? Одан әрі ойлауға Байқұттының қорылы мұрша бермеді. Өзі де ұйықтап алуды ойлады. Ол көрпесін басына бүркеніп жатып еді, ұйқысы шайдай ашылып кетті. Көзін қанша жұмса да ұйықтай алмады. Көрпесін серпіп тастап аңырап тұрды да далаға шықты. Таң аппақ болып атқан, күн шығар мезгіл таяу екен. Қойшы бала қойды өргізіп кетіпті. Үй сыртында жатқан түйелер жоқ. Олар бұл жерге келгелі бері осы араны жерсінбей-ақ қойды. Тура өріп, белдеудегі Алпаштан әрі асып жүре береді. Алпаштың да аштысына тоқтамайды. Ту сонау Атыраудың төріндегі Тайқоңырға дейін кетіп қалады. Бір жоғалғанда бір жұма іздеп әрең тауып әкелген еді. Енді сол түйелер тағы жоқ болып шықты. Таң намазын оқығанда жусап жатқан ақ атанның дыбысын анық естіген оңды-солды айқасып жатқан араларын көрген. Содан кейін биенің бір сауынындай ғана уақыт өтті. Енді, міне, орнында жоқ. Жер жұтқандай зымзия. Малтабар түйелерді алысқа ұзамаса қайтарып алайын, ұзап бара жатса бетін біліп қалайын деді де, белдеуде ерттеулі тұрған Байқұттының ақ жалына мініп тізгін беріп жүріп кетті. Сипай қамшылап, жәй бүлкекке салып, Тереңөзектен әрі асыпбелдеулеп қайтты. Түйе көріне қоймады. Әлде сонша ұзап кетті ме, әлде Малтабардың кәрі көзі анық ажырата алмай алыстағанын көрмеді ме, әйтеуір түйені таба алмай, Қызылсуат пен Шоқпардың тұсын шолып ауылға бұрылды. Атқа көп жүруге сексеннің алтауына келген қария жарамайды. Оның үстіне басы артық оқыс қимылдап қалса, тозған кеуде қысып, жүрегі соғып кетеді. Аздан соң басы ауырып көрер көзге айналма болады да қалады. Бәрі де кәрілік деп жоритын Малтабар қан қысымымен ауыратын. Ауылға кіріп белдеуге жақындай бергені сол еді, ұзын шапанды желбегей жамылған Байқұтты тұр екен. Түнімен кезегі келген Құснидың қойынында бөккен ол қатты ұйықтап кеш тұрған. Далаға шығайын деп шапанды желбегей жамылып, есік ашса әкесі байлаулы тұрған ақжалды мініп келеді екен.

- Әй шал, бері кел, бері, - деп шақырды. Ойында ештеңе жоқ Малтабар баласына қарай таяй берді. Байқұтты  күлімдеп, қуанышты бір нәрсе айтқалы тұр ма деп қалды. Жақын келіп аттан түспей тұра қалған әкесіне Байқұтты күлімсіреп барды да, екі айылды ағытып жіберіп ертоқымымен қоса қабат көтеріп ат үстінен жерге қоя салды. Өзі анадай жерге барып екі бүйірін таянып тұрды да сықылықтап күлді.

- Ер мінер атты шал мінбес болар, - деп саңқ-саңқ етті. Малтабардың бұл баласына көңілі әбден қалып болған. Ол бұл мазағына шыдай алмай кетті.

- Уа Байқұтты, тұқымың құрысын, көзіңді шел қаптасын, сеппе ауруға шалдық, қатпан түйедей қатып өл! – деп алақанының теріс жағымен бетін сипады. Өзі ашудан бұлығып талықсып орнынан тұра алмай қалды. 

- Әй кімің барсың маңайда, ойпырмау кеудем қысып кетті ғой, апарсаңдаршы мені төсекке, - деп дауысы қысыла ашты шықты. Бағанадан осы жайды көзімен көріп тұрған Жақсыбай жүгіріп Малтабарға жетті. Оның бір қолын мойынына артты да, тұруға көмектесіп жатыр. Жағдайға түсінген Арғынбай әкесінің екінші қолтығынан алды. 

Малтабар үйге әкеліп төсекке жатқызғанда ешбір тірлікте нышаны жоқ сұлық жатты. Арғынбай әкесінің аяқ-қолын түзеп, кеудесіне құлағын тосты. Ол әкесін жүріп кетті ме деп қалды. Бірақ кәрі жүрек әлсіз болса да соғып жатыр еді. Самайын қолымен уқалап, қайта-қайта иманын айтып саса қимылдайды. Іші жылап дыбыс шығаруға дәрменсіз. Аузы жыбырлап іштен дұға оқиды. 

Жақсыбай сұлық жатқан атаны қимай қарап тұр. Талай бір өзіне деген ілтипатты мейірін көрген еді. Жан дүниесі жарылқанып, небір хикаяларды тыңдаған оның көп білгіш, көпті көрген білімді екенін аңғарған. Елін, жерін, малын қорғаймын деп талай жаумен айқасқан алып денесі Жақсыбайға таудай батыр болып көрінетін. Ал Малтабар болса кәріліктен әбден қурап, сорайған құр қаңқасы қалған арық қаудыраған шал еді.

Шынымен осы алып атасы дүниеден көшпек пе? Батыр ағасы қандықол неме өз әкесіне зақым етті ме? Аттан көтеріп жерге түсірерде бір нәрсемен нұқып, немесе қатты қысып қураған кәрі сүйегін күйретіп өлтіріп жіберді ме екен. Не деген содырлық! Не деген өз әкесіне шейін істейтін адам өлтіргіш қастандық. Жақсыбайдың ойы тағы да астан-кестен болып кетті. Байқұттыны неше дүркін көңілі қарайып жек көріп жүретін. Осы жолы түңіліп кетті. Оны енді өз туысына санаудан да, тіпті адам деп есептеуден де жиренді.

- Неткен қаскүнем, неткен адамға жаны ашымайтын қатыгез. Өз әкесіне өлім сыйлаған неткен тағылық, не деген жаттық.

- Уай, жаным-ай, - деді Малтабар дыбыстап.

- Ата, ататай, тірімісіз? Сусын жұтшы, жан ата, - деді Арғынбай құрақ ұшып. Жақсыбайдың жүрегі дүрсіл қақты. Ол қуанып кетті. Атасы сөйлеуге келді, әлі өлген жоқ екен. 

- Бүйтіп мұны көргенше неге өле қалмадым? Құдай-ау, не көрсетуге жүрсің, сірі қылып берген жаныңа сыбаға жетті ғой енді. Иә Алла, енді алсаң етті мені, - деп күйзелді Малтабар кәрі. 

- Сабыр етші әке, енді ондай болмайды. Батыр ағаның үйінен әкетеміз, енді Құл ағамдыкінде жатасыз, ренжімеші ататай, - деді Арғынбай. Арғынбай мен Жақсыбай расында да солай жасады. Құлдың жаңа құрған ақ отауына Малтабарды төсек-орнымен апарып салды. Арғынбай өзі табан аудармай әкесін күтумен болды. 

Малтабардың әкесі Есет батыр жаугершілікте қаза болды. Малтабар есін білмейтін жас бала кезінде қалды. Әкесі Есеттің ағасы Бабақ батырдың тәрбиесінде өсті, кенже баласындай болды. Бабақтың бар мал-мүлкі түгелдей Малтабардың қолында қалды. Малтабар содан арылмай байлыққа ие болды. Он жеті жасында атқа мініп, қолына найза ұстады. Елінің қалың боздағымен бірге талай жорыққа қатысты. Талай да ерлік көрсетіп жауын аттан түсірді. Талай қатты жараланып өлім аузынан қалды. Соңғы алған жарасы айыққанда оның сол аяғы буынсыз тік бітті. Бір аяғын ағаштай тік ұстап жүргелі де елу жыл болыпты. Сірі жаны шықпай сүйретіліп сексен алты жасқа келіпті. 36 жасында жаудан аман қалған Малтабар одан кейін талай малды қорғап жалғыз тақыммен жүріп, ат үстінен сойыл қағысты. Жетпістен асқанда атқа мінуден қалды. Қотанда жуас атпен анда-санда мал қайтарғаны болмаса үнемі міне бермейтін. Оның өзінде де жұртқа ұқсап атқа сол жағынан емес, оң жағынан аттанатын еді. Бүгін түйесі құрғыр желдеп кеткеннен соң, ескі көкірекпен дайын тұрған атқа мініп, қайырып алғаны сол болды. Өзінен туған қаныпезер озбыр ұлдың қорлығы жаман батты. Баладан бетер мазақ етті. «Ер мінер атқа шал мінбес болар» деп қатынға теңеді. Құлдан да жаман қор етті. Не кісілік жоқ, не дұрыстықтан бет жоқ, арсыз, қара ниет, қанішер іштен шыққан шұбар жылан. Қарғыстан басқа алғыс алмайтын баласы оны аттан ертоқымымен қоса көтеріп алып жерге қоя салды. Баяғы жас күні болса басын допша қағып, денесін күресінге бір теуіп құлатып жүре берер еді. Кәріліктен әттең, шіркін, шамасы келмей қалды. Бар бітіргені жұрт бетіне айта алмайтын қарғысты айтты. Дұға оқып, теріс бата қылды. Одан басқа не бітіреді? Не келеді қолынан?Туғалы көрмеген қорлықты өз баласынан көргенге қатты ашуланды қария. Терісіне симай долданып кетті. Кәрі жүрек шыдай алмай қалды. Қаны тасып, көзі бұлдырап, құлағы шулап түк естімей қалды. Қатты ашудан зорланып, есінен танды. Шамасы жеткенде: «Әкет мені мына қара түнектен», - деген болатын. Қария ұзақ жатып сары төсек болардай қайғымен қарайып жатып алды. 

Малтабар қалың беріп алған бәйбішесінен Сапақ пен Жиенқұлды көрді. Екеуі де жас боздақ күйінде жаугершілікте қапы өліммен қаза болды. Сапақтан төрт, Жиенқұлдан үш бала қалды. Олар қазір Пұшықпен еншілес бір үйде. Пұшықтың өзінде үш бала, ана жетеуімен он баланы балапандай өргізіп отыр. Екінші әйелден туған Пұшықтан басқа Құл, одан кейін туған осы Байқұтты. Бұдан басқа Аманқұл деген баласы бар. Тұрбай мен Арғынбай аралары бір жасар қатар өсті. Қазір екеуі екі үй. Тұрбайдың соңғы баласы Далабайды өлтірген жылы туды. Қазақ салтымен балаға ат қойсын деп хабар салғанда осы «балам жуас болсын деп Жуас қойыңдар, әйтпесе бәрің қияңқы болып барасыңдар» деген жауап жіберген. 

Малтабар сары төсек болып ақпанның алтысы күні дүниеден көшті. Сүйегін ақ жуып арулап, Ақтілестің алты ауылына намаз айтылды. Қайта-қайта хабарлап, басты-басты ел адамдары келгенше асықпай тосты. Жақын отырған Хангелді мен Кенжебай елдеріне де хабарлаған. Олардан Мәті, Иса, Жолбарыс, Игісіндер де келді. Бәрінің соңдарына ерген ондап, жиырмалап салт ат мінген игі жақсылары бар. Жақастың ел ұстаған баласы Дәуек қасында Бөрібайдың Алпыс палуанымен, Шақабайдың батыр баласы Бек, Кеие, Тапай батырдың немересі Манақай би де келді. Әсіресе сойысы мен сабасын артып сан біткен Саба байдың шөбересі Әбілдә осы астан табылды. Сабаның немересі Тезектің баласы Тілеу бейіт басына барғанда келді. Малтабардың намазын Исабек ишан қожа шығарды, Бексолтан төре қатысты. Бабақтың бес үйіне жан салмай, Шелек пен Жайықтың бірнеше үйлері лықа толды. Бабақтың қара шаңырағы Малтабардың қара ордасына елдің ең басты игі жақсылары жиналды. Жұрт алдына суырылып озған шешен Дәнен қажы сөз сөйледі. Бұл Исабек ишанмен іргелес отырған Ескене еді. Осы өңірдің қазақтарында бірінші болып Меккеге барып, Байтоллаға зират етіп қайтқан қажы. Ол отырып өз елініңнамысын қорғап Далабайдың құнын дауламақ ойы барын айтты. 

- Ер құны жүз жылқы. Ал Далабайдың өзіне де жоқ кінәні аударып 50 жылқы құн кесілді. Жесір қалған Жанкүміс те біздің қызымыз еді. Оны ел болып біреуге қосқан екенсіздер, оның да қалыңы бар, - деп түйді сөзін Ескене.

Осылайша айыбымен жүз жылқы құн төленіп ел арасында бітімге нүкте қойылды. 

Жетінші тарау

Жақсыбай соңғы күндері сұңғыла атасы Малтабарды қатты сағынып жүр. Оның айтқан тарихи әңгімелері кеудесінде сайрап тұр. Соның бірі Ақтілестен шыққан Нарнай батыр жайлы тағы да бір көкіректе сайрап қалған әңгіме еді.

Он сегізінші ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында қалмақтың ханы Қалден ұрпақтары қазаққа жетпіс мың әскермен жеті қол болып шабуыл жасайды. Халық аузында сақталған аңызға қарағанда, атақты батыр Қанжығалы қарт Бөгембай қалмақтың ханы Қалденді өз тағында отырған жерінде басын кесіпті-мыс. Қалмақтың қаһарына ұшыраған қазақ жұрты Арқаға ауып қашады. Бұл соғыста дұшпан күң мен құл, сұлу әйелдерден басқасын бауыздап өлтіріп отырады. Сұрқия жаудың қолына түспеу үшін жылғадан қурай сағалап қашқан халық бас сауғалайды. Ұлытаудан пана таба алмай атадан ұл, анадан қыз айырылып, баспана мен малдан безіп босы ауған жаққа кетеді.  Мұны ел:«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», - деп атайды. Жетісу мен Түркістанды бағындырған қалмақтар жеңдік, кек қайтты деп кері қайтады. Соғыс бір жылда тынады. Осы уақытта қашып-пысқан рулардың ішінде Ақтілес руы да Арқаға жер аударып, жиналып шұбырып Алқакөлді жиектеп ел іздейді. Солай шұбырып жүріп те талай жаудың шабуылына тап болады. Әр жерден жекелеген елдер қалмақтың сайлы топ әскеріне кезігіп қалып шабыла береді. 

Осындай күнде таң атса, көздері күннің астында, күн батса құлақтары жердің астында жаугершілік заманмен күнелткен көшпелі қазақ әскер болған қарулы сарбаздардың панасында көшіп жайылатын болады. Алыс көшіп ауа жайлауды қояды. Он жылдай уақыт бойы жайланып, тыным таппаған жауынгерлік өмірге бой үйретеді. Үйіне қонған батырлар қару-жарағын оңайға сайламай, тұлпар атын белдеуге байламай төсекке жатпайтын еді. 

Тыныш ұйықтап жатқанда таң сәулесімен аралас «аттандаған» ащы дауыс 1729 жылдың күзінде болды. Жер қайысқан қалың қол қазақ ауылын шауып, жылқысын айдай жөнеледі. Артынан кеткен қуғыншы қазақтарды көргенде жау жасағы қалың жылқыны оларға қарсы айдап, өздері садақпен соғысып, көп шығынға ұшыратады. Осы соғыста Бабақ батыр бес баласымен оққа ұшады. Батырлар Сүйіндік, Балта, Қылыш үшеуі де сол жылы мерт болды. Белгілі батыр Болайсары мен Қойлыбай, Шақабай батыр мен Тапай сол шайқаста жан тәсілім етті. Белгілі батырлары өліп, қол күші ойсырап жеңіліп қалған кезде қайдан шыққаны белгісіз жүз шақты қолмен, қара қасқа ат мінген бір жас батыр Абылайлап ұран шақырып жауға тиеді. Кірген жерін жапырып көп қалмақты қырғынға ұшыратады. Беттері қайтып қалған қазақ жауынгерлері бұл жеңістен бел алып, қайта соғысқа аттанады. «Бір қасық қанымыз қалғанша соғысамыз, елімізді қорғаймыз, өлсек шейітпіз», - деп алға ұмтылады. Жеңіс қазаққа оралады. Қалмақтар ойсырап қатты қырғынға ұшырайды. Олардың қашып құтылғаны тек қана үйіне жетіп өлуді көздеп, артына қарай алмай қашады. Қалмақты ойсырата жеңген қазақтар той жасап, елін жинап кешегі соғыста ерлік көрсеткен батырларды еске алады. Абылайлап жауға жапқан Әбілмәнсүр, яғни Абылай хан еді. 

Әбілмансұрдың аты бұдан былай Абылай хан аталады. Абылай өз өмірінің мақсатты жолы жаугершілік деп біледі. Сондықтан ол көп қолмен көрші дұшпандарға шауып, кек қайтарады. Абылайдың туын ұстайтын әскербасының бірі болып сан біткен Саба байдың баласы Нарнай батыр шығады. Ал өжет батыр ақтілес Тастемір Абылайдың басын қорғаушысы болады. Олар бір соғыста жауын жеңіп, ертеңгі шайқасқа дайындалып жатқанда қалмақтар жеңе алмасын біліп, туын жығып майданнан кетіп қалады. Келесі күні майданға жау шықпаған соң батырларын жіберіп жер шолдырады. Абылай Тастемірді шақырып алып: «Қалмақтардың ізіне түс, қайда барады соны біліп кел», - деп тапсырады. «Сен келгенше осы орында боламыз, жаудың барған жерін анықтамай келуші болма», - деп бұйрық етеді. 

Тастемір батыр қасына ешкімді ертпей, қауіпті жолға жалғыз аттанады. Бір өзі бір топ жауға төтеп бере алатын Тастемір батыр екі жарақат алып, ауыр жолдан оралып, «жау қара барқын елінен Алтын хан ордасына барып кірді» деген хабар әкеледі. Бірақ Абылай Тастемірді «күші қанша, ханы кім екенін білмедің» деп жазғырып, күзетіне тұр деп қайта жұмсайды. Өзі жараланып, жол қажытқан батыр күзетте отырып қалғып ұйықтап кетеді. Түн жамылған дұшпан барлаушылары Тастемірді ұйықтап жатқан жерінде басын кесіп алып, қамсыз жатқан қосынды ойрандайды. Абылайды бас етіп бірнеше батырды байлап алады. Нарнай батыр қаша ұрыс жасап, Абылайдың ала туын аман сақтап құтылып кетеді. 

Бұл соғыста қаза тапқан Тастемір батырдың Естемес, Елемес, Боскөтен, Қоңырат, Төлебай, Тойтық деген алты баласы қалады. Қоңырат пен Төлебей, Тойтық үшеуі болмаса, қалған үшеуі атқа мінуге жарап қалған, әсіресе, Елемес пен Боскөтен жаны жоқ жауынгерлер еді. Нарнай батыр ел ортасына Абылайдың ала туын желбіретіп тігеді де:

- Ханымыз қолда кетті, аяулы батырларымыздың кегі кетті. Еркекпін дегендерің атқа мініңдер, - деп жар салады. Намысына тырысқан батырлар ер азаматтар санатында ту астына жинала бастайды. Сөйтіп он екі мың әскер жинап, қара барқын еліне Абылай ханды құтқаруға аттанады. Қалмақтың ханы еліне алып барған Абылайды қамап қойып ашықтырады. Оның Шыңғыс ханның тұқымымын дегенге сенбейді. Абылай жатқан үйге ошақ орнатып, тайқазандағы суға қойдың піскен құйымшағын салып қоя береді. Жабықтан кісі қойып сығалатады. «Қара болса қолымен алып жейді, хан болса қолын қазанға малмайды», - дейді. Абылай су толтырып әкеліп қойған қазанға салған құйымшақты үрлеп отырып қазанның шетіне келтіреді де, аузымен тістеп алмақ болады. Құйрық бұлтың етіп қалқып кетеді. Осылай бірнеше мәрте алмақшы болады. Бірақ құйрық аузына келмейді. Ыза болған Абылай қазанды аударып тастайды. Керегеге қарап, қолын артына ұстап тұрып қалады. Алдына алдырып қалмақ ханыАбылайдан жауап сұрайды. 

- Сіздің хан тұқымы, өзіміздің Шыңғыс ұрпағы екеніңізді білген соң босатуға ықтимал болдым. Екі елді бірімен-бірін соғыстырмайық, - дейді. 

- Бірге тұтқындалған барлық адамымды түгел босатасың ба? – дейді Абылай сұсты қарап.

- Тірілерін түгел босатамын.

- Кім өлді, кімді өлтірдіңдер? – деп сұрайды Абылай. 

- Өзіңді ұстаған жерде бір батыр мен екі сарбазды ұйықтап жатқан жерінде өлтірдік. Батырыңның басын кесіп алып келдік, көресің бе? – дейді қалмақ ханы.

- Әкелдір, көрейін.

Қалмақ ханыкісі жіберіп, Тастемірдің басын алтын табаққа салып алып келеді. Мұны көрген Абылайдың қабағынан қар жауып, соңғы түні оны күзетке жібергені есіне түседі. Бір жеті бойы қалмақтың ізін шолған батырды демалдырмай, өзін күзетуді міндеттегеніне өкінеді. Дегенмен әрекеті ағат деп ойламайды. Тастемірдің өлімі қалмақ ханынан көрген Абылай:

- Сендегі кегім екі есе екен ғой, - деп турасын айтады. 

- Олай болса біз сені тұтқында ұстай тұрамыз.

- Әзірге еркің білсін. Тек есіңде болсын, әлі де соғыс болады. Сонда кім кімді тұтқындайтынын көреміз, - деп қалмақ ханының өңменіне ата қарайды. 

Абылайдың көзінің сұсына шыдай алмаған хан нөкерлеріне әкет дегендей ишарат қылады. Осыдан үш күн өткеннен кейін Нарнай бастаған қол келіп, түн ішінде қалмақтың еліне шабуыл жасайды. Елге әскер тигенде Нарнай қасындағы қырық жігітімен келіп, хан ордасын бұзып кіреді. Ханды үйінде жатқан жерінде байлап алып, бір бегінің бетін тіліп жіберіп, Абылай хан қайда екенін сұрайды. Ол қорыққанынан Абылай мен басқаларының жатқан жерін көрсетеді. Ханмен бірге басқа сарбаздарды босатып алған Нарнай ханды екі баласы, ханшасымен қосып алып елге қайтады. Абылай хан атқа мінген соң сол жерге шатыр тігіп, қалмақтың елінен алған олжаны сарбаздарына бөліп береді. 

Ертең аттанамыз деп тұрғанда қалмақтарды Серен бастап жиырма мың әскермен келіп, соғыс ашады. Азғантай ғана елді оңай жеңген олар шабуылын тоқтатпайды. Амалын тапқан Абылай нөкерлерін ертіп қашып кетеді. Бірақ аз қолдың ішінде Нарнай батыр болмай шығады. Ол болған шабуылда бірнеше жерден жараланып, тау бөктерінде аттан құлап қалады. Торы қасқа атының соңына түскен Серен Нарнайды тауып алып, жаралы жанның басын кеседі. Сөйтіп талай соғыста Абылай ханның ала туын жау қолына түсірмей сақтаған, талай қырғын соғыста бір өзі мың кісіге төтеп берген аяулы Нарнай батыр 47 жасында қаза табады. 

Сегізінші тарау

Кездеме сатқан сарттың дүкені кісіден құр емес. Келуші, кетуші сапырылысып жатыр. Кішкене ғана жер үйдің ішіне тақтайдан сөрелер жасаған. Бұлдардың ішінде ортасында Маканат аканың өзі тұр. Ол шала қазақшасымен:

- Келіңдер, калла басы табалло, таңга-маңга киім саңга, - дейді. Онысын қайтты айқайлап, арасын аса ұзатпай әр бес минутта бір қайталайды. Сауданың көбі айырбаспен жасалады. Маканат саудагер отар-отар қой жинайтын, әлденеше қойшы да жалдап алды. Алпыс түйемен алған жүн-жұрқасын бір отар қоймен Бұқарға айдатып жіберген. Тағы да 10 түйе қомдап қойды. Енді бес отар қой жөнелтпек болып жатыр. Ақша мен матаға қызыққан қазақ жігіттері іздеп келіп жалданады. Саудагердің малын айдасып барып, алған жүгін алып қайтып келеді. Осыған беретіні үйіндегі әйелі мен балаларына іштік, тыстық киім ғана. Жалданған кісіге бір ат сатып әпереді. Бұқарға барып қайтқаннан кейін өзіне де ішкі-сыртқы киімдік бұл беріп, мінген атын өзіне қайтарады. Бұқарға апарған затын саудалап, қайтуға шыққан қазақ алты ай бойы жолаушылап жүреді. Алты ай жалданған қазақ байынан алатыны бір қара болған кедейлер Маканат акадан алған жалы шаш-етектен батқан пайда деп түсінеді. Осыған өздері келіп жалданады. Маканатта жігіттерді таңдап, сенімді, жолға төзімдісін алады. Бір барып қайтқан жігіттерді екінші қайта жалдамайды. Еті үйренген екі асар дегендей өзбек елінің мәтеліне берік саудагер оларды енді жіберсе, ен мүлікке қол сұғады деп есептейді. Осыған байланысты бір барып келген қазақ жігіттері көрмеген, білмеген жол азабын көріп, екінші қайта баруға өздері де батпайды. Тек қана бір пайда көздеген біреулері ғана екінші рет сұранады. Маканат ака ондайлардан ат-тонын ала қашады. Беретін жауабы: «Иоқ, намаңа кирек, жоқ бомай», - дей қояды. 

Жақсыбай жұрт қатарлы Арғынбай, Төлеубай, Табаш, Жаманбай, Жабағы, Жанызақтар жалданғанда бұл да солармен бірге Бұқарға кетті. Арқаның сар даласын көктей өтіп, құдықтан-құдыққа қонып, құмды кешіп, батпақты басып Ташкентке жетеді. Сол жерден бастап мал, тері, жүн саудасы басталады. Содан Самарқанд, Бұқарға жетіп, кездеме, қазақ еліне керекті ыдыс-аяқ, саймандар алынып, қайтадан түйе қомдайды. Он түйенің жүгін әбден толтырып болғаннан соң әр салттың оң қанжығасына бір бума байланады. Кейбіріне екі басты қоржын артады. Жүктері әбден толған керуен енді қайтадан Арқаға тартады. 

Жақсыбайға бұл сапарда ұнағаны Базарлы кенттер болды. Әдемілеп салынған тұрған үйлер, ірі дүкендер. Қоршалған даңғаза қалың адамның құмырсқадай қайнаған жиын жері. Соның бәрі де саудамен шұғылданып жатады. Бұларда сатылмайтын нәрсе жоқ. Таңга, таңга деген сөзді біртүрлі құштарлана айтысады. Жол да, мал да, еткен еңбек те, жатқан орын да, ішкен тамақ та сол бір жалғыз сөздің астарында бұғып жатыр. Өмірде мал баққанан басқа да баға бар екеніне алғаш түсінді. Осыбір сылдырлаған күміс таңганың жолы бәрінен де күшті екенін Жақсыбай осы жолы біліп қайтты.

Ташкенттің базарында Жақсыбай өмірде таңга дейтін зат бар екенін, оның нені болсын ала алатынын білді. Байлық, кедейлік дегеннің шегі арасын көрді. Ауыл мен кенттің айырмашылығын байқады. Осындай олжамен оралап келе жатты. 

Құттықадамнан Жақсыбай төрт ағайынды. Асаутай, Тоғызақ, Жанике және өзі ең кішісі. Әкесінің ағасы Итемгеннен Бекжан, Тоғжан екі ағайынды. Бекжанды жұрт Бежу дейді. Қырықтан асып сақал-шашына ақ кіріп қалды. Тоғжанға Далабайдың жесірі Жанкүмісті қосқан. Әкесі Құттықадам үш ағайынды еді. Үлкені Итемген. Ал інісі Дат деген кісі. Ол жастай аттан жығылып, мерт болыпты. Одан қалған жалғыз тұяқ Шеге жиырмадан жаңа асқан өнерлі жігіттердің бірі. Неге болсын құштар. Жас жігітті Байқұтты қолына ұстап баулып жүретін. Не болып шығары белгісіз. Сынық екеш сынық та жұғады дегендей Шеге де тез ашуланшақ. Өз айтқанының соңында үнемі ортадан бөліне кетеді. Батыр ағасы Байқұттыға тартып қара ниет қанішер болмаса болды. Осындай болып құралатын Байназар ауылынан ендігі қалған Бежу ағасы ғана. Ол өзіне қараған бес-алты үйдің жылқысын біріктіріп, Бежу қосы деп оған Тоғызақты ие етіп қос салды. Бабақ ауылындағы қалың жылқының ішінде соғымға мал ұстағанша тау жайлап жатыр. Анда-санда болмаса жылқы хабары елге аян болмай тұр. 

Жақсыбай Бұқарға сапар шегіп кеткелі бері ауылда болған жаңалық көп. Алдымен оның әкесі Құттықадам асқазаннан ауырды да, ай жатып аштан өлді. Байқұттыны Далабайдың дауына байланысты қара билер қамшы кесті. Байқұттыны жүресінен отырғызып әрбір адам қамшымен бір тартып өтті. Көптің ішінде қамшы ұрмай қалыс қалғандар да болды. Алпыс балуан қамшымен Байқұттыға қарай беттегенде жұрт қатты қобалжыды. Сегіз өрме бұзау тіс атанған Алпыстың қамшысықұтырған қара бураны бір тартқанда басын жарып, миын ағызған. Байқұттыға беттеген Алпысты көргенде жұрт оның өмірі осымен бітті деп ойлады. Ажалын осыдан күткен Байқұтты да сүйегіне біткен қайсарлықпен ажалымды көзіммен көріп өлейін деген адамша келе жатқан Алпыстың көзіне көзін қадам өткір қарады. Алпыс қасына келіп, бетіне бір түкірді де, қамшысын артына ұстаған күйде әрі асып кетті. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын бауырмал қазақтар жаңа ғана кең тыныстып дем алды. Әр ауылдың ақсақалдары, аты бар адамдары Бабақ ауылының осы жиынға жиналған барлық еркегі түгел қатысты. Байқұтты тиген таяқтан жығылып қалғанда қамшы ұратын кісілер қарасы көп еді. Кезегі келген шаң басқан тулақты сабағандай бір-бір тартып өтіп жатыр. Кейбірі қол былғағылары келмей бетіне бір түкіріп міндетін атқарғандай. Енді өліп біткен шығар деп ойлаған Құл мен Пұшық көздері жасқа толып, тулақтай сабалған туыстарын жерден көтеріп алып үйіне қарай алып кетті. Байқұтты қамшы тиіп ісінген денесінің жарасынан оңалмай ай жарым уақыт төсек тартып қайтыс болды. 

Ауылдың енді қалған еті тірісі Бежу ағасы малсақ, жасында жетім өскен адам еді. Кәсіпті жақын жердегі Песчан қамалына отын апарып сатудан бастаған. Ақырында адал еңбегімен алдына мал салып, қатын алған інісі Тоғжанды Далабайдың жесірі Жанкүміске  үйлендірген. Далабайдың құны елу жылқы Байқұттының жылқысынан төленген. Жанкүмістің қалың малы қырық жетіні Бежу төлеп, Жанкүмісті інісі Тоғжанға әперген. 

Бежудің бар мақсаты бір бәйге атына тақым басу еді. Бабақ жылқысын түгел көз алдынан өткізгенмен көксеген бәйге атын таппады. Ағайын көрші елдің жылқысын да аралады. Жаналының Қара аты, Есеттің Көктұйғыны, Молдабайдың Көк дөнені деген жүйріктерді де көрді. Олар талай бәйгеде жүлде алған жүйріктер болатын. Осы мақтаулылардың бәрі де сынына жарамай қалды. «Бежу бәйге атына ие болуы керек» деген оймен арнайы айлап араламаған жылқысы да жоқ. Есін жинап, етек жапқалы бері «менің бәйге атым болуы керек» деген арман құшағында жүрді. Осылайша құмар болған бәйге атына кезікпей қырық екі жасқа келді. Кездеспесе де, күдер үзбейді. Бежу бір күні жатар алдында білетін ата-бабасының барлығына сиынды. Жылқы пірі Қамбар атаға жалынып барып ұйқыға кетті. Ұйқыда жатып көрген аяны бойынша, «бір бәйге атын Бұқардың пұл сататын саудагерінің дүкенінен мініп шығып, жарысқа түсті де, күллі сәйгүліктерден озып кете барды. Құйғытып шауып келеді екен. Алдында да, артында да еш қара жоқ. Онымен жарысқан аттардың бәрі шаңына да ере алмай қалған. Бөрігін қолына алып, ауылына «Барлыбайлап» шауып бәйгеден озып келе жатқан» тұсында өз дауысынан өзі шошынып оянып кетті. Тұра сала ішінен күбірлеп «иә, аруақ» дей берді. Ол ойын да, сырын да ешкімге айтқан жоқ. Құдды бір айтса қолынан біреу тартып алатындай. 

Таңғы шәйін ішіп алғаннан кейін атын ерттеп алып өзі білетін Бәйгел ауылындағы Бекнардан әка саудагерге тартты. 

Соңғы күндері Бежу сарт саудагердің дүкеніне келіп, іштегі орындаққа жайғасып алып, дүкен жабылғанша келген-кеткен аттардың пошымын қарайды. Сынына толтыра алмаған Бежу сол қалпында отыра береді. Осылай бірнеше күн қатарынан отырған ол түс көргеннен кейін бір апта уақыт өткеннен соң дүкенге жабайы киінген екі жігіттің келгенін байқады. Сәлемін алғаннан кейін, тысқа шықса бір жуан қарын құла бие мен тісеу болып қотырдан жүні қырқылған арық торы тайдың тұлғасы көзіне оттай басылды. Тайды айналып көріп, дүкенге қайтып кірсе екі жігіт әр бұлды бір көріп тамашалап жүр екен. Мынаны аламын деп айтпайды. Тегі ақшалары, не айырбасқа малдары жоқ. Кедей жігіттер екен. Сырттарынан белгілі болып тұр. Бежу әңгімені өзі бастады. 

- Анау қотыр тай қайсыңның малың?

- Біздікі, оны неге сұрадыңыз, таныдыңыз ба? – деді үлкендеуі.

- Иә таныдым, танығанда қандай, соны сатып алайын дегенмін, маған сатыңдар, қарақтарым, - деді Бежу. 

- Сіз құмартсаңыз бағасын асырып төлеңіз, кедейге артығы жақсы, - дейді әлгі жігіт.

- Тайыңа анау мен мініп келген қара атты ал, тағы не сұрайсың үстіне, - деді Бежу шын саудаға кірісіп. Тайдың иесі жас жігіт Бежуге бір, жолдасына бір қарап не дерін білмей састы. Ол бұзылған елде кедейдің жалғыз атын жала жауып аударып алатын әлділер көп, солардың бірі ме деп те ойлады. 

- Ағатайжан-ау, екі жыл жалданып жүріп орыс қолынан еңбегіме алып едім, тіпті қазақ ауылының жылқысы емес, - деп жалына сөйледі. 

- Бәсе, - деді Бежу. – Бөтен тұқым мал екенін көріп тұрмын, тек сат қарағым, мінуіңе осы күрең жарайды. Ал сауыныңа бір құлынды бие қосам, ал тағы не сұрайсың, айта бер. 

Жігіттер өтірік-шынына жете алмай сасып қалды.

- Рас қарағым, тағы не сұрайсың, айта бер, - деді Бежу қыспақтап.

- Бұл жігіттің өзі кедей жігіт, үстіндегі жамау киімі мынау, - деді жанындағы екінші жігіт сөзге араласып. 

- Әй, сарт, өлше мынаған бір шапандық бұл, - деді Бежу іркілместен. 

- Тағы не сұрайсың, іркілме қарағым.

- Мұның үйінде қарт шешесі, бой жеткен қарындасы бар еді, - деді тағы да ана жігіт. 

- Анасына бір көйлек, бір жаулықтық бұл кезде, қарындасына ана биқасаптан бір камзол, нарт қызыл сәтеннен бір көйлектік кес, - деді Бежу мырзалықпен.

Сұраса жаны қалмай артығымен өлшейтін саудагер айтқан бұлдарды кесіп дайындап берді. 

- Тағы не аласың? – деді Бежу.

- Ағажан-ау, шын айтасыз ба? Осының бәрін бересіз бе маған, - деді тайдың иесі. 

- Атың кім, қарағым? - деп сұрады Бежу сәл кідіріп. 

- Атым Ахмет.

- Ә, бәсе, атың Пайғамбардың аты екен ғой, қарағым мына бұлды алдағы, ана атқа мініп үйіңе бар. Сосын келіп құлынды биеңді алып кет. Ахмет атыңа соғым боларлық құр атты тағы сыйладым. Тек осыған риза бол, көңілің толмаса тағы сұра, - деді Бежу.

- Ақсақал осының бәрі шын болса, осы алғаным да жетеді, - деді Ахмет.

- Олай деме, қарағым, маған да Құдай бергізіп тұрған шығар, саған да Құдай кез қылып тұрған шығар. Көңіліңде барын айт, қапы болма, тек шын көңіліңмен сат маған, - деді Бежу.

- Шын көңіліңізбен берсеңіз, соған ризамын, - деді Ахмет ілтипат танытып. Қасындағы жігіттің Ахметті түртіп қалғанын Бежудің көзі шалып қалды.

- Әй сарт, мына жігітке де астарымен бір шапан кездеші. Сен саудамызға куәсің, - деді Бежу оған бұрылып. Бекнардан ака құлдыраң-құлдыраң етіп оны да өлшеп, жыртып тастады. Шотын қағып-қағып есептеген болып:

- Отыз жеті тоқты қойдың құны ака, - деді.

- Жарайды, айдап әкелдірем, міне залогы, - деді Бежу белдегі кісесін алдына салып. 

- Ақсақал құлынды биеңіз бен құр атыңызды қазір өзіңізбен ере барып ала кетсек болмай ма? – деді жаңағы пысық жігіт. 

- Ол да болсын, жүріңдер. Олар бұлдарын алып, қунақтарын толтырып тысқа шықты. Бежу қаракердің Ахмет торы тайдың ерін алды. Сауда сақал сипағанша, сатып алған аттың жүгені жаңа иесіне тиесілі. Олар ертоқымын ауысып ерттесті. Бежудің күмістеген жүгені аттың басында кететін болды. Қотыр тайға қолы жеткендігіне қуанған ол жүген туралы тіпті ойға да алған жоқ. (Ел ішінде Бежудің: «Бәйгеторының құнында тек қана жүгенім той иесінің жүгенінен артық еді, әйтпесе өзге бағасын алды, - деген сөз бар.) 

- Аға, бір сөз сұрауға бола ма? – деді Ахмет Бежуден. 

- Е, неге болмасын, сұра.

- Осы тайға неге осыншама артық баға төлеп алып жатырсыз. Мына астымдағы аттың өзі де көп қой андағы тайға.

- Әй, қарағым-ай, мен жаман тай алып жатырмын ба? Мен Бәйгеторыны сатып алдым ғой, - деген Бежу біссімілләсін айтып армандаған атына қонды. Екі жігіт бірге ере жүрді. 

- Олай болса Бәйгеторыңызбен жарысайық, - деді әлгі қу жігіт. 

- Жарыссақ жарысайық, - деп Бежу төбесі көрініп тұрған ауылға қарай астындағы тайды тебініп, айқайлап, қамшысын аспанға бұлғап, тікірең-тікірең шаба жөнелді. Екі жігіт біраз ілесіп отырып, ақыры қотыр тайға жете алмастарын түсініп, аттың басын тежеді. Құр қуғаннан қайыр жоқ еді. Бежу далақтап үйінің қасына шауып келіп:

-Бәйбіше бармысың, шақыр балаларды. Бәйгеторы сатып алдым. Бәйге торы, - деді. Соңынан ілісіп біраз уақыттан кейін келген екі жігіті ақсарбасымды жейсіңдер деп жібермей, қой сойып, қонақасы беріп, қондырып сыйлайды. Ертеңінде екі жігітке бір құр ат пен бір құлынды бие ұстап беріп аттандырып салды. Отыз жеті тоқтыны айдатып апарып сарттан құтылды. Сөйтіп торы тайды кермеге байлап қойып  сабынды сумен өне-бойын жуып, саумалмен суарды. Біраз көтерілгеннен кейін арық торы мен торы тайды қорыққа әкеп салды. Мен Бәйгеторыны сатып алдым деп елін жинап, ақ боз байтал сойып құрмалдық берді. Міне осындай уақиғалар болып өткен кезде алты ай, 12 күн жол жүріп Бұқарға кеткен жігіттермен Жақсыбай абыз келді.

Тоғызыншы тарау

Петр біріншінің шығысты билеу, отарлау саясаты басталған кез. Онда дала уәлаяттарына саяхат деген зерттеу жасалып, осы аймақтың Ресейге қажетті байлығы жері, малы, қазба байлықтары белгілі болды. Ол кезде өзіде мешеу Ресей шын байыбына жете иемдене алмады. Тек қана Елизавета Петровна әкесінің ойын жалғастырды. 

Кіші жүз ханы Әбілқайырды қол астына алған Ресей патшасы одан жақсы мәліметтерге қанығып, ішке қарай кіре бергісі келді. Абылай ханмен келісімге келгеннен кейін де отарлаудың үлкен қадамы жасалған болатын. Тыңшыларының ғылыми зерттеулері арқасында қазақ халқын танып барып, отарлау саясатының ережесін жасады. Бұл ереже бойынша хандықтарды жойып, аға сұлтандықтар құрылды, ол әскери округке бағынатын болды. Қазақ арасының хандықтары жаңа ереже бойынша Орынбор және Омбы генерал-губернаторына бағындырылды. Орта жүздің Сарыарқаға қараған жері тегіс Омбы генерал-губернаторына қарады. Бәсентиін елінің Бөрі руынан шыққан орысша сауатты Сатыбалдының Қазанғабы аға сұлтан болып тағайындалды. 

Қазанғап бұл өңірді саясатпен оқ атпай бағындырып, отырықшылықты насихаттады. Өздігімен бағындырылған ру басшыларына урадник шені мен әскери киім (форма) жіберіледі. Бұл киімді кей ру басшылары шоқынып орыс болып кетерміз деп алмай бас тартады. Олар алмағанымен Қазанғап шенді кері қайтармайды. Сол ауылдың ұйғарымы бойынша бөгде біреуге болсын беріледі. Мысалы ел ағасы Дәуекке келген шинельді Шүкей киді. Шүкей бұл руда тек қана ауылнай болатын. Ру басына аталған шекпен соған тиді. Кейін көп жыл өткеннен соң патшаның шинелін киген Шүкей деген атқа ие болады. Ел ішінде мұндайлар көп болды. Аға сұлтан Қазанғап қарадан шыққан хан атанған соң, хандық дәрежеге сай салтанат жасады. 12 қанат ақ ордасын тігіп, оюын манатпен әрледі. Әсем өрілген жібек шашақты баулары алыстан жылтырайтын орданың күзеті, жасауылы, сайлап алған сарбаздары болды. Хан ордасын қараша ауыл дауыс жетпейтін, көз көрім жерге орналасып қамтамасыз етті. Атын аңыз еткен Абылай ханның ордасынан кем ұстамайды. Қазанғаптың қасында сауықшыл күлдіргі, шабандоз, саятшы жігіттері бар. Өз тұсында Абылай хан халық сүйген Бұхар жырауды қасында ұстағаны белгілі. Саясатын халыққа жұғымды ету үшін, онымен санасып, ақылдасып отырған. Осындай бір істі ол да істеді. Оның елден таңдап тапқаны Жақсыбай абыз еді. 

Жақсыбай абыздың ел ішіне сөзі қанық болып, әбден танылып қалған кезі болатын. Оның даңқы жер жарған, талай айтқан сөзі бірден-екіншіге көшіп, Қазанғапқа да жеткен еді. Халық ошарыла сүйген абызды өзінің сарай ақыны етіп, хандардың салтын көксеген ол ел ағасы Дәуек Жақасұлына хабар салады.

- Жұрт таныған Жақсыбай абыз деген бар дейді. Өзі сенің руыңнан деп естідім. Ондай дуалы ауызды адамбіздің ордада да болуы керек. Қапысын тауып ордаға жіберсін, - деген тапсырма жүктеді. 

Жақсыбай бұл кезде қырықтың қырқасындағы адам еді. Дәуектен жасы үлкен. Жақастың 25 жасында ел билеген тік бақай баласының әмірінен табыла қоюы екіталай. Қазанғаптың әмірін Дәуек жайлап білдірді. 

- Жақсыбай аға қайда? Неге біздің ордада қонақ болып, аунап-қунап жатып кетпейді. Әлде өз Бәсентиінінен ұлық шықты дегенге сенбей ме? Біздіңбасқа келген хандықты қаламай ма? «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілер» дегенді бізге айтуы жол еді. Жақсыбай ағам келсін, орданы көрсін деген еді, - деп ұзартып әкеліп түйді. 

- Е, солай дейді де. Көре алмайтын, біле алмайтын маған не болыпты? Қысқа жіп күрмеуге келмей, сонау бабамыз Бабақтың өнегелі ұрпақтары жетім-жесірлі болып қалған ауылымыздың ауқымынан шыға алмай жүрміз де. Тіршілік қамы, әйтпесе, естімей, қуанбай жатқанымыз жоқ. «Жаяудың жолы қысқа», - демекші, ешқайда шыға да алмаймыз. Сонау ара қонып баратын Ақсу түгілі өз ауылым, өз бауырым Шақшаннан ұлық шыққан сенің өзіңе де қайырлы болсын, мінген тағың құтты болсынды айтып шығатын да жөн бар еді. Үй шаруасынан асалмай жүрген жай бар шырақ. Дәм тартса дау жоқ, Алланың бұйыртқан ырыздығы қайдан деуің бар ма? Мүмкін барып та қалармыз, балам, - деген еді Жақсыбай.

Осыдан кейін де бірнеше жыл өткен. Жақсыбай абыз шаруасынан босап, Қазанғаптың шақырғанына бара алмай келеді. 

- Барамын десе қамдансын, - деп хабар салған Дәуек. Өзінің аға сұлтаны Қазанғаптың бір ниетін орындай алмай жүргенінің бір сылтауын тауыпкетпекші болып еді. Жіберетін алымның түсімін артқан керуенмен ілестірмекші болды. 

- Пішен біткен жоқ, қыстың қамы бар. Әйел ауру, балалар қолға тұрмайды, - деп бара алмай қалғанды. Енді, міне, күз түсе Дәуек өзі барып келетін болып, қасына еретіндерін қамтыды. Жақсыбайды тобымызды бастап барсын деп бірге ала кетпек. Бұл жолы басы артық дәлелден арылып қалған Жақсыбай баратын болды. 

Ақсақалы Жақсыбай абызға бастатқан Дәуектің тобы салтанатты еді. Бұл топпен жолға шыққандар жұлын жігін жұптап өретін, тілге майыр, адамзаттың шешені Манақай Жолдас баласы, атан түйені арқалап алғанда белі қайыспайтын Алпыс балуан, тай етінен тал қабырғасын татырмай жалғыз жейтінБибосын мешкей, құралайды көзіне ататын мерген Лекер, жаяу жүріп ат желісіне жеткізбейтін жүйрік Мұреке, ат үстінде сайыс жасап, түрлі ойындар көрсететін сайкер Тәйке, жырғадан жыра ағызатын, ішек-сілеңді қатырып күлкіге қандыратын қу Масабай, қара қылды қақ жаратын әділ би Бабеке, патшаның шенді-шекпенін киген старшын Шүкей, таспалап саба өретінөрнекші Түйкебай, ағашпен темірді безендірген шебер Кеие сияқты адамдармен атшы, қосшы, ақын-әнші, күйшілер. 

Осы қосынның бәрі де қолына дойыр ұстаған намысын жауға бермейтін Дәуектің қолы іспетті. Бәрі де ат үстінен алдырмайтындар еді. Олар Молдабайдың ашты суына келіп бір қонды да, таңнан тұрып жол жалғастырды. Сәскеде Қалқаман сорынан сөге тартып, күн еңкейгенде Ақсуға жақындады. Бие ағыта жеткен меймандар қоңсы ауылдағы қонақ үйге жайғасып жатты. Топтан бөлінген Дәуек Қазанғапқа сәлем бере баратын болды да, қасына Жақсыбайды ертті. 

- Абызеке, Қазанғап сізді келсін деп шақырғалы бірталай уақыт өтті. Кезінде келмегеніңізге ренжулі де шығар. Не деп жауап бересіз? – деп сұрады Дәуек оңаша жолға шыққанан соң.

- Е, қарағым-ай, желқом желмейді, жеккен желеді. Кеткен келмейді, жеткен келеді, - деді Жақсыбай. 

Бұл жолда бұларда осыдан басқа сөз болған жоқ. Ордаға жетпей бір шақырымдай жерде тұрған кермеге аттарын байлап, ордаға беттеді. Ортадағы он екі қабат оқа баулы қызыл ала ақ орда Қазанғаптың үйі. Келе жатқан екеуге қолдарында найзасы бар екі жігіт қарсы келіп, әскерше үн-түнсіз қатып тұра қалды. Олардың кескіні «тоқта, енді аттасаңнайзаға шаншыласың» деп тұрғандай еді. Жұпыны киінген жас жігіт бұлардың алдынан шығып, екі жігіттің арасынан өтіп тағзым етіп тұра қалды. Бір ауыз айтқан тіл жоқ, жол болсын ишара етті.

- Қазекеме сәлем бере келіп тұрған Жақсыбай абыз бен Дәуек деңіз, - деді Дәуек бұл тәртіпті бұрыннан білетін. 

- Құп болады, қазір хабар етейін. Жігіт тағы да басын иіп тағзым етті де, шапшаң басып ордаға кіріп кетті. 

Жолаушылар қарулы жігіттерден аса алмай біраз сарылып тұрып қалды. Ортадан үсті-басы қызылды-жасылды оқаланған, таза киімді, басында жуан қара құндыз бөркі бар адам шықты. Аяғында баяғының хандары киетін сары ала жез өкше шоңқайма етігі бар Қазанғап қасына ерткен төрт кеңесшісімен түгел шығып, бұларға беттеді. Осы кезді аңғарған қарулы екі жігіт кейін шегініп, араларын кең ашып тұра қалды. Жақсыбай мен Дәуек келе жатқан Қазекеңнің алдынан шықты. Қазанғап Жақсыбай абыз осы болар дегендей түйе жүнінен тоқылған шекпені бар, кигіз кісесі, пұшпақ бөркін баса киген тері шалбарлы, жұпыны адамменқауыша құшақтасып, алмасып құшақ айқасып амандасты. 

- Бәрекелді, қош келдің, абыз аға, - деді Қазанғап. 

- Бармысың, жарқыным, қарадан хан болған ардагерім, - деді Жақсыбай. 

- Қош келдің абыз аға, жоғары шық, құрметті қонағым болыңыз, - деп таспиық ұстаған қолының алақанымен үйге қарай меңзеді. Жақсыбай абыз үйге Қазанғаптан да бұрын енді. Екі босағада күндігі биік екі жас келіншек пен әдемі екі бойжеткен тұр. Төрге озған Жақсыбайды отырғызып болып, өзі де жайғасты. Дәуек те Жақсыбайдың қасына орналасты. Қазанғаптың қасында Үкібай би мен Тоқабай билер отыр еді. Олар да құрметтеп алдырған адамдары. Осында жатқандарына да бір жұма болып қалған. Бұрынғы қонақ соңғы қонаққа жол береді депЖақсыбай келгеннен кейін біз бұл жақпыз дегендей Қазанғаптың оң жағын ала жайғасқан. Есіктен кіргенде босағада тұрған әйелдер жоқ болып кеткен. Кең үйдің бір жақ керегесінде шимен бөлген ас үй секілді бөлекшесі бар еді. Соның ішінен қимыл сезіледі. Қазанғап Жақсыбайдан ауыл, одан үй-ішінің амандығын сұрап үлгергенше қымыз құйған ағаш тегенені екі қыз көтеріп алып келді. Бір келіншек дастархан жайды. Қолында күмістелген екі қоржынды қошқар мүйіздетіле ойып жасалған ағаш ожау бар. Бір келіншек сызылып келіп тегене қымыздың қасына жайғасты. Отыра салысымен қымызды құлаштай сапыра бастады. Дене сымбатының сұлулығын паш ететін камзол киген ұзын бойлы қара сұр қыз қымыз құятын кеселерді әкеліп жайғасты. Бұл - Қазанғаптың қызы Бикен. Оның үлкен қара көзі жалт-жұлт қарайды. Қыз болып қымсынып жүрген түрі жоқ. Даяшы жігіттей лыпып тұр. Қарадан хан болған адамның қызының кейпі паңдықтан жұмысқа бейім. Қазанғап тамақты әйелдер таратқанды жақсы көреді. Сыйлы қонақтарды да әйелдерге күттіреді. Бұл орданың ерекшелігі де осы салт. Қымызды құлаштай сапырған Қаракөз есімді әйел Қазанғаптың қосағы. Жасында орыс тәрбиесінде болып, Тройцкіде орысша хат таныған Қазанғаптың әйелдерді араластыра ұстауы қазақ қанына сіңген салттардан өзгешелеу. Қымызды сұлу келіншек сапырып, оны жас қыз әкеліп қонақтарға ұсынып тұрубіртүрлі көңілге жылы көрінді. Дәуек қыз қолындағы шара аяқты лып етіп ұстай алып, Жақсыбайға ұсынды. Оны өз қолынан ұсынбақ болып келе жатқан Бикен сол қабағын шытып қалды. Бірақ көмейге келген сөзін айтпады. Қыз келесі аяқты әкесіне ұсынды. Одан соң Үкібайға, Тоқабайға, Дәуекке кезек келді. 

Тиісті келген сұраққа ғана жауап беріп отырған Жақсыбай аса шешіле қоймады. Аз сөйлеп, жаңа танысып жатқан жердің аңысын аңғаратынға ұқсайды. Оның есесіне майталман Үкібай би майыр тілін маймаңдатып біршама ел ішінің кеңесіне байланысты әңгімелерге тізгін беріп отыр. Қазанғаптың алдында өзін танытып, әбден білікті адам болып алған. Сыны сынбайтын сылдыр сөзді сыдыртқанда сырғытып барады. Тілі қанша майыр болғанымен соңыуытты ашты екен. Әр сөйлегенінде бір уыттысын Жақсыбай жаққа меңзейді. Атағы шыққан мына жұпыны кісіден қандай өнер шығатынын көргісі келгендей. Жақсыбайды сөзге еріксіз ұрындырмақ ойы бар. Үкібай сөзінің келесі орамында Бәсентиіннің атасыз баласынан туған Ақтілестің елдігіне таман барып қалды. Сабыр сақтап сылдыр сөздің талайын естісе де қызбалыққа салынбай отырған Жақсыбай шыдай алмай кетті. 

- Ақтілес момын ел. Момында талай әдет болмаса мұрша болу керек емес пе. Лаға-лаға лапылдап жалын ұрғанмен момынның терісі төзімді шырақ. Атаның атына барарлық араздық болған жоқ еді. Алысуға келген жоқпыз, танысуға келген едік, - деді ол.

- Е, бәсе, абызекем сөзі солай болмақ керек, - деп көтеріліп қалды күңкілдеп Қазанғап. 

- Момындығын естіген жоқпын, құлағым жазбаса өзін-өзі дарға асып, тентегін жүндей түтіп өлтірді деген елді момын деп айтпасақ керек, - деді Үкібай. Ол Байқұттының өз жылқышысын дарға асып өлтіргенін меңзеген еді.

- Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде, ел ісін қарап екшейін деп Мейрам баласына барғанымыз жоқ. Өлтірсек те, көмсек те, орысқа ұстапбергеніміз жоқ. Туғаныңды тысқа қаңғыртудан аулақпыз, - деді Жақсыбай жұмбақтап сөйлеп. Үкібай кідіріп ойланып қалды. Шорманның Мұсасы патшаның отарлау саясатына қарсы деп өз туысы Тайжанды атқызып, Сейтенді абақтыға жапқызған-тын. 

Жақсыбайдың Үкібайға көлденең тартқаны осы жайт болатын. Оның өзі де осыбір орасан істі естігенде елге түскен бір сынақ деп білген. Сол алдымнан қашан шығар екен деп жүретін. Ақтілестің мына жұпыны шалына жұғысамын деп бітеу жарасы жарылып қалды. Сөзден ойсырай жеңілді. Үндемей қалу Үкібай атына ақау, мойындаудан басқа амал жоқ. Аузын баққан абыз екі қайырғанда омақа асырды. Содан барып Үкібай:

- Абыз аға-ай, ел үшін ер күйеді. Осыбір жайдың алдымда тұрған кедергі екенін білетін едім. Жаным жиіркенгендіктен жақынымды тастап, ағайынға жанасып жүргенім сол емес пе. «Қасқыр баласын тістеп сүйеді» демекші, етімді ауырттың ғой, - деді.

- Қасқырға келмегенде қайда келдім деп ойлап едің, - деді Жақсыбай. Онысы Қазанғаптың руы Бәсентиін ішінде Бөрі деген рудан. Бөрі қасқырдың бөлтірігі дегеннен шыққан. Оның малға шабуға жарап қалған баласы бөрі атанады. Осы атаның да аты Бөрі еді. Бөрі ауылына келіп, сыйлы қонағы болып отырған Үкібайды ілген қармаққа Қазанғаптың өзін де қоса түйреп отыр. Бірақ Қазанқап аса мән бермегенсіп дауысын қатты шығара күлді. Жуан шара қымыз екі айналып барып жиналып әкетілді. Қазанғап:

- Бүгін абызекем осы үйде қонады. Сіздер де мәжілістес болып отырыңыздар. Ас ішіп, айыздарың қанғаннан соң қонақ үйге барып жатарсыздар, - деді. Хан сыбағасы құлын демекші бабында піскен құлын етіне басты ақсақалдар тойды. Қымызды сусындап отырып талай әңгіме айтылды. Ауыздарының суы құрып аңырай тосқанмен бұл кеште Жақсыбай жаратып ешбір әңгіме айта қоймады. 

Айналасы алты кісіден құралған бұл жақсылар көп отыра алмады. Етке тойып, бал қымыз бойды алған соң Жақсыбайдың буыны босап қалғи берді. Алыс жерден екі күн үдере жүрісте ат соқты болып шаршағанын жаңа білді.

- Абызекем шаршаған екен, енді демалсын. Келгені жаңа, асыққандарың не, әлі талай күн бар емес пе, - деп өзге қонақтар қонақүйге, Жақсыбай абыз осы Қазанғаптың өзінің үйіне жататын болды. 

Бұлар бәрі қонақкәде жасап тысқа шыққанда бағанағы төрт әйел ши ішінен шығып қонақтарға төсекті жайлай бастады. Қазанғаптың ат көпір етіп салған кең төсегі одан алыстау. Екі қыз осы шараларға көмектесіп болысымен кетіп қалды да, екі келіншек ши ішінде қонақтардың келуін күтті. Тыстан келген Жақсыбайға жататын төсегін меңзеген соң Қазанғап та шешініп жатып қалды. Жақсыбай ұйықтар алдындағы үйреншікті иманын айтып, тәубесіне келіп Құдайға сыйынды да бірден ұйықтап кетті. Қазанғаптың екі әйелі Қаракөз бен Қарақат түзге шығып ұзақ жүрді. Бастарына биік күндік пен кимешек салса да жас әйелдер екеуі де бір жылы түскен. Екеуі де Қазанғапқа өз еркімен сүйіп тиген. Оларға қойылған шарт күндестік жасамау болатын. Бұл әйелдер сол шартқа мойынсұнған, әзірге тату. 

Қазанғап ұйықтар алдында терең ойға батты. Абыз туралы көп ойы болатын. Патшаға түгел бағындырдым деген елі 17 болыс бәсентиін мен бес болыс уақ елдерін  басын қосып бір дуан етіп ұстау жәйі толғанырады оны. Қазанғап Жақсыбай абызды осы мақсатына салмақшы. Ол аузына дуа қонған халық сөзін дұғалықтай жаттап жүретін, бір-біріне ғибрат етіп айтып отыратын абыз арқылы өз саясатын жүргізбек болатын. Дәулеттің барында жаны жадау жақсыны бауырына тартып, мұқтажын тапса, оның да қайырымы болатынына дау жоқ. Қазанғаптың әуелден ойлаған ойы осы еді. Сондықтан да жұпыны киінген осы кісі келгелі өзінің хан екенін де ұмытып, бұрынғы тәкаппарлық мінезінен күрт өзгерді. Алдынан шығып, құшақ жайып бәйек болып, құрметке бөлеуде. Үкібаймен екеуі ауыз сөз қағысқаннан өзге еш өнерін көрген жоқ. Абызды қалай өз жолына салуды ойлады. Жайлап айтып, жан қалауын табады. Үй-жайын, шаруа-күйін жақсартып беруді Дәуекке тапсырады. Астына ат, үстіне киім беріп, елді аралатып қоя береді. Осы мақсатқа орай әрекетке ертеңнен бастап кіріседі. Сонда не деп бастамақ? Халық алдында кемеңгер, ақылға, сөзге кең абыз атанған адамды қалай арбамақ? Бұл үшін үлкен дайындық, алдын ала нақты жоба керек. 

Қазанғап түндігі жабулы тастай қараңғы үйде ояна келсе қасындағы екі әйелі де әлі шырт ұйқыда жатыр екен. Екеуі де денелері толысқанға ұқсайды. Екеуін де бәйбішелікке шығарып, тағы бір жас тоқал алармын деп қиялдап кетті. Ерте ме, кеш пе Қазанғаптың әлі де екі әйел алатын ойы бартын. Жастық па, мастық па әуелде екеуіне берген уәдесі бар болатын. Сол себепті бұл екі әйелдің төсегін бөлген емес. Жолаушы жүріп, жат елде қонақтап, не сапарда жүріп қалса бұл екі әйел бірін-бірі құшақтап, осы төсекте ұйықтайды. Мұндай татулық бұл өңірде кездеспеген жайт. Бұл ерекшелік жаңалыққұмар Қазанғапқа ұнайды. Ол осыбір жаңалығын жұрт білсе екен деп ойлайды. Қай қос қатын алған еркек екеуін бір төсекке салып жүр? Мұндай татулық кімде бар? Бұл жаңалығы да оның қарадан хан болғанындай, қазақтан шығып полковник шенін алғанындай. Ол өз ісінің бәрін әдетте өзге қазақта болмаған жаңалық еткісі келеді. Көшпелілікті жартылай көшпелі етіп, мекенжайды бір жерге жасамақ болады. Үйді шаһардағыдай етіп берік іргелемек. Егіншілікті көбейтпек. Қазақ жазда қайда барып жайласа да мейлі, бірақ қыста әр ауыл өзінің тұрақты мекен-жайына келуі керек. Бұл жаңа ойын абызға айту керек. Оған абыз қалай қарайды? Құптаса абызды өзінің мақсатына пайдаланудың алды осы болмақ. 

Ол екі жағында ұйықтап жатқан әйелдерін шынтағымен қатты қозғап, оятып жіберді. 

- Тұрыңдар, түндік ашыңдар! Қонаққа ас қамдаңдар, - деді. Өзі керіліп созылып біраз жата тұрды. 

- Ұйықтағанда қатып қалыппын ғой.

- Қатты ұйықтаппын, - десіп екі әйел пысық қимылдап тұрып кетті. 

Олар құман алып тысқа шықты да екеуі түндіктің екі бауынан ұстап үйді екі жағынан айналып барып ашты. Сөйтті де өздері шиліге қарай жер ұзап кетті. 

Түндік ашылып, үйге сәуле түскеннен кейін Қазанғап тұрып киімдерін баптап киініп, тысқа шықпаққа бекінді. Үй иесінің қимылын сезген Жақсыбай да оянып басын көтерді. Үй иесі мен қонақ бір-біріне алғашқы пайғамбардың сәлемін берісті. 

Жақсыбай абыз тұрып киімдерін киді де, шекпенін желбегей жамылып тысқа шықты. Су құйып дайындап қойған құманды алып түзге ұзап келіп таһаратын алды. Жайнамаз жайып Қазанғапты күтті. Екеуі тұрып қауым намаз оқыды. Таң намазы сәскеде оқылып жатқанда үйге кірген Бәкі би босағада қол қусырып тұрып қалған еді. Біраз сарылып қалды. Қоңыр үн құлқуалланы саңқылдатып қоя бергенде Бәкі тұрған жеріне отыра кетті. Намаз оқып жатқан екеу қол жайғанда қолындағы қағазын тізесінің үстіне қойып, бұл да қол жайды. Олар бет сипағанда бұл да бет сипады. Олар жайнамаздан тұрғанда бұл да тұра келді. 

Бәкінің есіктен кірген тықырын мана білген Қазанғап «не хабармен келді екен» деп қалғанды. 

- Ассалаумағалейкүм, - деді Бәкі қолындағы бес жерден сүргіш салған пакетті Қазанғапқа ұсынып жатып. Қазанғап қолына қағазды алып, сәл уақытқа үйіндегі қонағында ұмытқандай болып есікке таман келіп пакеттегі мөрді көрді. Өзінің тікелей бағынатын Омбы жандарал-губернаторынан екен. Ол дереу ашып ішінен өзіне деген шақыру қағазды оқыды. Мерзімі мен себебі жазылмаған шақыру қағазы бес жерден сүргіш салынып жіберілуіне қарап, «бұл жай емес, менің Омбыға шақыртылуым да құпия болуы керек» деп түйді. 

- Қашан, кім әкелді, - деп сұрады Бәкіден.

- Боқтыбай менің қолыма жаңа әкеліп берді, - деді Бәкі. 

Қазанғап өз ойын біраз жалғастырып біраз кідірді. Сосын:

- Бәкі, сен барыпелді үлкен ауылға жина, игі жақсылар тегіс болсын. Бүгін түсте олармен кеңес өткіземін. Өзіне қарап телміріп тұрған Бәкіге жүре бер деген ишара білдірді де Жақсыбайға бұрылды. 

- Үй-ішінің сізге мазасыздығы байқалатын ба еді, - деді ол жұпыны киімдерін жолға шығатындай киіп алып құныса отырған Жақсыбайға қарап. 

Үй ішіндегі әйелдер бірінен соң бірі келіп, дастархан жайып, нан төкті. Шыны аяқтарын салған поднос мен самауырды бұрқыратып әкеліп қойды. Самауырдың қазақ даласына келгеніне көп уақыт болған жоқ, орыстардың бұйымы. Екі шелек су сиятын «польский» самауырды Қаракөз бен Қарақат әкеліп ортаға орнатты. Құймақ құйған күрең шайды шекер салып іше отырып үй иесі Қазанғап қонағын әңгімеге шақырды. 

- Ел арасы қандай тұрмыста, қандай жеңілдікті қалайды? Орыс мемлекетінің қол астына қарағаннан кейін отырықшылыққа көшкені жақсы болар еді, - деді.

- Орысқа қарап оңамын деп пе олар, - деді Жақсыбай. 

- Ханмен жүріп оңғаның бар ма еді? – деді Қазанғап. 

- Хан тұсында халық өз еркінде болды ғой. Қысастық етпесең орыс та тимейді саған.

- Халық өткенін көксейді. Дінін қадірлейді. «Діні басқамен аң аулама» деген емес пе атам қазақ. Жақсыбай ішіп отырған шайын жерге қойды. -Өз алды жеке ел болудан қалдық деп ұғу кімге ұнайды дейсіз.

- Қазақтың тарихы түгел жаугершілікте өткен. Жасына жетпей соғыста өлген қазақ қанша. Қазіргі қазақтың дені жетім-жесір болып қалды. Жеке мемлекет боламын деп соғыса-соғыса қырылып бітуге жақын. Орыстың қолтығына кіргелі қашан. Содан бері еліміз соғыстан аман. Оның үстіне бізге енді қалмақтар да, басқа елдер де тиісе алмайды. Олардың бізге тиісуі патша мемлекетіне орыспен соғысу болып табылады. Себебі біз орыс мемлекетінің қол астындағы ел болдық. Бізден орыс мемлекеті де әскер алмаймыз деп шарт жасаған. Сондықтан да біз енді соғысқа дайындалмай-ақ бейбіт өмір сүріп келеміз. Бұл біздің елге өсіп-өнуге мүмкіндік береді. Орыс мемлекетінің қолтығына тығылып бейбіт өмірге кенелдік. Бұл бізге аз олжа ма? Қауіпсіз өмір жасап қазақтығымызды жоғалтпасақ болды емес пе. Енді бір ғасыр өмір сүрсе қазақ қайта бел алады. Онан арғысын ұрпақ өзі жасайды. Осыны ойлағанда орысқа бағынудың пайдасы болмаса зияны жоқ қой деймін, Абызеке, - деді Қазанғап. 

- Өзгеге тигізбей сақтағанымен өз түгіңмен жұтып қоймаса не қылсын. Қала салып, елге терең кіріп барады. Мына Кереку, Песчан, анау Темірлі, Квитан осының барлығы орыстың өзен бойын билеп алғаны деп біл. Сенің оған бас көтерер күшің жоқ. Соғысуға дайындық жасаймыз, бейбіт өмір сүреміз деп қарусыз отырған елді ол көтермейді деймісің. Бір күні енеді.Жетер сендердің жерің, малың керек, қолдануға адамдарың керек, енді сен біздің құлымызсың десе не қайран қыласың? Орыстың қарулы әскеріне қарсы тұрар қандай күш бар? Лажсыз көнесің де жүре бересің, - деп дәлел айтты абыз. 

- Сіздің туады деп отырған күніңіз туған, Абызеке. Сол күшке төтеп беретін күш жоқ болған соң барып достықпен қолтығына кірдік. Бізді өзіңнің елің сана, өзге жаудан қорға деп отырмыз ғой. Содан барып орыстың қойған заңына көніп, қол астына бағынып отырғанымыз жоқ па, - деді Қазанған терең толғанып. Жақсыбай абыз көп ойланып отырыпыстық шәйді құйғызып алып, ұзақ сораптап ішті. Кезекте тез сөйлей қоймаған соң Қазанғап сөзін әрі жалғады. 

- Қазаққа ендігі қалғаны орнығып ірге салу. Отырған орнын иемдену бар. Ауа жайылып көше беруді қойып отырықшылыққа ауысу. Жұт та, апатқа ұшырап қалатын малдың соңынан жүре бермей егін егуді үйреніп, тіршілікке тағы да бір кәсіп табу керек. Осыны халыққа ұғындыру үшін, сол жолдың маңызына түсінген елдің сөзін тыңдайтын адамдары керек. Бұлай істеудің екі бірдей маңызы бар. Біріншіден ірге салып, орын тебу жерге ие болу. Қонысы жайлауы бар ел болу. Қыста қыстаққа қыстап, жазда жайлауда мал бағып, алыс көшіп ауа жайылмау. Бір жерге бір рулы ел өзіне бір жерді иемденеді. Өзің атаған Кереку, Темірлі дегендей орыс орын салуға иелікте бар жерден рұқсатсыз қала салмауына дәлел болады. Иесі жоқ бос жерді пайдаланып алу орыстардың мұнда көшіп алып орын салғандары иесіз жерді иемденіп егін салып, тұз, көмір сияқты жерден шығатын пайдаларды игеріп алып жатуы бар. Осы жердің иесі болса оған олар сұраусыз орналаспас еді.

Екіншісі, орнығып алып өз жерінің егістігін игерген қазақ елдері астық өндіріп, қажеттерін содан өтей алар еді. Малдың еті мен сүтін азық ететін қазаққа нан жесе теріс болмайды. Жұттан мал қырылып қалса, егінмен де күн көре береді. Әр үй екі десятина жерге егін салса бір жылға өз үйін ішер-жеммен қамтып алады. Жерден егін өндіретін астық, бақшалық азық-жем түрі көп. Оны орыстар ерте білген. Оларда мыңдап айдаған мал жоқ болса да, сол жер тамырымен күн көріп, артығын сойып сатып, байып жүр. 

Қазанғап мұнымды осы кісі қалай түсініп жатыр деген оймен аз кідірді. Үнсіз тыңдап отырған Жақсыбай:

- Осыған ауысуға жалпылай көше қалса тәуір ғой. Жаңалықтан жаны қорқатын қазақтарға тосын іске ауыса кету бір мезгілде бола бермейді ғой. Олай болса біреу біреуге әлі де тәуелді болады. Оның да алалығы бар-ау, - деді. 

- Алдымен ұғынған азы болса да егін салып орнығып алса, оны көрген арты қайда барушы еді. Нанның дәмін татса анасының төсіне талпынған баладай бәрі деұмтыла бастайды, - деді Қазанғап.

- Ол үшін не керек? Қолында құралы жоқ ел адамы бұрын істеп көрмеген іске бірден жатыға қоя ма? Оның сырын білмеген соң одан өнім ала ала ма? Өнім ала алмай беті қайтса «Байбайдан ойбайым тыныш» деп жүрмесе болғаны, - деп жымиды Жақсыбай.

- Оны түсіндіру керек. Егінді қалай салып, өнімін қалай алу керектігін мына орнап жатқан орыстар көрсетеді. Солармен жақындасу керек, - деді Қазанғап. 

- Орыс көрсе, аза бойы қаза болып тікесінен тік шапшитын қазақты тілі басқа, діні басқа орыспен достастыра алмассың, - деді Жақсыбай.

- Міне абызеке, аурудың ең ауыры осы. Орыс та өзіміз өнген Адам атаның баласы. Оны тұқымы бөлек деп түсіндіретін дін оған бізді достастыра бермейді. Олардың дінінде не жұмысымыз бар. Ал мына қажет өнерін үйреніп алуымыз керек, - деді Қазанғап. 

- Ел өз қолыңда, ойың түзу, билігің бар. Тек кіріс те істет солай, - деді Жақсыбай.

- Уа, Жақсыеке, мен қазақтың қанын босқа төкпеймін деп патшаға өз еркіммен бағынды деген сенімді жасаттыру үшін, басымды елім үшін қатерге тіккен адаммын. Сонымды бір бет орындап та келемін. Енді елімнің жаңа өнерге, күн көрістің мықты жолына көшуіне де барымды салармын. Соған көмекші керек. Елінің тағдырына жаны ашитын өзіңіз сияқты білікті адамдарым көп болса қам жемес едім. Қайтейін, не істейін? - деп қиналып қалды.

- Біздің басымыздан сенің үлкен ісің үшін қандай көмек болушы еді. Соны атап айтшы. Ел үшін қажетке жарауға кім бармас дейсің. Білімің мен білгенің бар, сөз айтсаңыз соны орындайық. 

- Сізге бір шапаныңыз бен бір аттың терін беремін. Ел аралап осы ойдың дұрыстығын әңгіме етерсіз. Халыққа өздері үшін пайдалы жақты түсіндіре көріңіз. Олар орыстарға барсын. Жалданып жүріп егін салу өнерін үйренсін. Қайта айналып өзінің ауылына егін салуды үйретсін. Осы жайды міндетіңізге аласыз ба? Маған сіздің ойланып барып айтатын уәдеңіз керек. Әлі біраз уақыт боларсыз. Әбден ойланып толғаныңыз. Содан барып айтарсыз. Бүгін түсте үлкен ауылға барамыз. Онда осы өңірдің он жеті болыс елінің адамдарын жинап отырмын. Сізге айтқан осы егіншілік пен отырықшылық жайлы әңгіме етпекпіз. Қатысып көріңіз. 

«Қазанғап тегін емес, елдің егін шаруашылығымен шұғылданып, бір араға мекендеуін көксейді. Жұт болып мал қырылып қалса да, жер тамырын еміп халықтың күйзелмеуін қалайды. Орысқа ерте берілгенде оның озық өнерін біліпқимыл жасап отыр екен ғой. Елі жоқшылықтан күйзелмесін. Жаңа жолға шықсын дейді. Мұнысы жақсылықтың нышаны. Жақсы екенсің ғой Қазанғабым, жақсы екенсің». Жақсыбай абыз шәй үстіндегі әңгімесін осылай түйіндеді. Ол соңғы ұрттам шәйін жұтты да, кәрлен аяқтың пияласын әсем өрнекті табасына төңкеріп Қарақатқа ұсынды. Шәй ішіліп болды. Дастарханға бата жасасып жиылды. Үлкен ауылға баруға Қазанғап пен Жақсыбай орындарына тұрып, қамдана бастады. 

12.12.1974 жыл.

(аяқталмаған)

Баспаға дайындаған Бейбіт БӨЖЕН.


Ұқсас тақырыптар