Әлемге аты әйгілі Орхан Памук

Ферит Орхан Памук (түр. Ferit Orhan Pamuk; 7 маусым 1952, Стамбул, Түркия) — арғы тегі черкес сойынан шыққан қазіргі заманғы ең танымал түрік жазушысы, бірнеше ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері. 2006 жылы 12 қазанда әдебиет саласы бойынша «туған қаласының мелонхолиялық жанын іздеу кезінде мәдениеттер қақтығысы мен соқтығысының жаңа белгілерін тапқаны үшін» Нобель сыйлығын иемденді.

pamuk (1).jpg

Памук туған жері- Түркиядағы секілді өзге шет елдерде де танымал, шығармалары әлемнің алпыс төрттен астам тілдеріне аударылған. Армяндар қырғынына және Түркиядағы күрдтерге деген кемсітушілікке қарсы ресми Түркия билігіне ұнамсыз азаматтық көзқарасымен танымал.

Жазушының шығармашылығының негізгі тақырыптары- Шығыс пен Батыс, Ислам мен христиандық, дәстүрлілік пен осы заман арасындағы қақтығыс пен қарама-қарсы тұрушылық болып табылады.

Жазушының даулы мәселелер бойынша өзіндік бағыт-бағдары оны отандастары арасында қарама-қайшы тұлғаға айналдырған. Біреулер оның азаматтық қаһармандығына ырзашылық білдірсе, енді басқалары оны отанының сатқыны деп есептейді.

Оның «Джевдет мырза және оның ұлдары»деп аталатын түңғыш романы 1979 жылы Milliyet Press сыйлығын, 1983 жылы Орхан Кемал атындағы сыйлықты алған. Памуктың жазушылық даңқын «Ақ қорған», «Қара кітап» атты романдары асқақтатты. Оның шығармалары негізінен АҚШ пен Батыста жоғары бағаланады. 1998 жылы Түркия мемлекеті тағайындаған «Халық жазушысы» атағынан бас тартады.

Орхан Памук өткениғасырдың 80- жылдары түрік әдебиетінің аса танымал, ықпалды тұлғаларының бірінен соң бірі дүниеден кетіп жатқан кезінде әдебиетте жарқ ете қалды. Алғашында оның шығармаларын Батыста ешкім оқып, пікір білдіре қоймады. Оның Түркия туралы батыс журналистеріне берген сұхбаттары саясаттың отын маздатып, Еуропа мен Түркия қоғамын ашық айқас алаңына алып шықты.

2005 жылы Памуктің үстінен бес құқықтанушы Түркия сот билігіне шағымданып, Памукке 3,8 мың доллар айыппұл салынды. Шағымданушылар жазушының «Tages-Anzeiger» басылымына берген сұхбатын негізге алған. Нобель сыйлығының лауреаты ол сұхбатында: «Түркияда миллион армян мен 30 мың күрд азаматы қырғынға ұшырады, бірақ бұл мәселе менен басқа ешкімді де ойландырған жоқ»,-деп, бүкіл қоғамға сұрақ тастады. Түркия халқы мұны ар-ожданға нұқсан келтірген сөз деп қабылдады.

Түрік романшысына әлемнің ықпалды сегіз жазушысы- Жозе Сарамага, Габриель Гарсия Маркес, Гюнтер Грасс, Умберто Эко, Карлос Фуэнтес, Хуан Гойтисоло, Джон Апдайк және Марио Варгас Льосалар араша түсті.

2006 жылдың қаңтар айында Памуктің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, бір жылдан соң «түрік ұлтын қорлады» деп шағымданған арызданушы тараптың өтініші ескерілмеді.

Дәл қазіргі уақытта Үндістанның Гоа штатында танымал үнді жазушысы Киран Десаимен ғұмыр кешу үстінде.

Біз оқырман қауым назарына Орхан Памуктың Түрік тілінен тәржімаланған «Менің атым- Қырмызы» романының аудармашысы- Амангелді Құрметұлымен болған Еділбек Дүйсеннің сұхбатын ұсынып отырмыз.

dsc05760-d182d0b0d0b3d18b-d0bcd0b5d0bd.jpg

- Қазақ әдебиетіндегі аударма саласының көңіл көншітерлік деңгейде еместігі туралы әңгіме кез-келген әдеби жиындар мен БАҚ беттерінде айтылып келе жатқанына құлақ үйреністі. Рас, әлемдік деңгейдегі ауызына қалың оқырман қараған тұлғалардың туындыларын қазақ тілінде сөйлету- кезек күттірмес жұмыс. Азды-көпті аудармалар жасалу үстінде. Дегенмен, қазіргі заманғы көзі тірі жазушылар шығармаларына қазақ аудармашылары ауыз сала қойған жоқ. Баяғы теріні әлі илеп келе жатқан сияқтымыз. Әдеби ортада аттары кезек-кезек айтылатын баяғы авторлар. Осы тұрғыдан келгенде, Памук - қазақтілді оқырман үшін жаңа әлем. Ол жас қазақ санасына не қалыптастырады?

- Меніңше жазушы ұрпақ санасына қандай да бір ой, таным қалыптастыра қоятынына өз басым сенбеймін. Өйткені, біздің санамызды əдебиет қалыптастырып жатқан жоқ. Демек, Орхан Памук та санамызда тың ештеңе қалыптастыра алмауы мүмкін. Бірақ, түрік əдебиетінің жаңа замандағы туындыларымен танысуға, тіпті тұтас османлы-түрік əдебиетіне деген азды-көпті қызығушылық тудыруы мүмкін. Ал əдебиетшілер үшін Памук əдебиетті коммерцияландырудың тамаша үлгісі бола алады. Əрі жазушының əр туындысының тауар ретінде бағалануы керек екендігіне көзімізді жеткізе түседі. Əдебиет ертеректе руханиятқа қызмет қылатын, қазір табыс көзіне де айнала бастаған.

- Әрине. Алайда, оқырман жаңа танысқан авторының көркем туындыларын ғана оқымасы анық. Дендеп кіріп, оның саяси көзқарастарына да қанығады. Ал, көркем шығарманың авторға да қаншалықты махаббат тудыратыны анық нәрсе. Оқырман еріксізден оның пікірлерінің қармағында қалуы да бек мүмкін. Бірақ, мұным Памуктың көзқарасы жас қазақ үшін қауіпті деген ойға жетелемеуі тиіс. Сұраққа осы тұрғыдан келсеңіз.

- Қазақ оқырманы Памукпен жақыннан таныс емес. Оның өмірі мен саяси көзқарастарын біздің оқырман енді танып-біліп жатыр. Сондықтан ықпалы зор бола қояды деп ойламаймын. Оның үстіне Орханның қазақ тіліне аударылған екі шығармасы ғана бар əзірге. Оларда саяси көзқарас аз. Мəселен, мен аударған "Менің атым Қырмызы" романы ислам əлеміндегі сурет өнеріне арналған. Бірақ, ислам діні қабылдаған халықтардың бірқатарында кездесетін оғаш қылықтар да ішінара айтылады. Дегенмен, ол сөз арасында келтірілген деректер ұрпақ санасына із қалдыра қоймас. Жалпы, қазақ ұрпағының санасына əдебиет емес, субмəдени процестер əсер етіп жатыр. Сəн, түрлі трендтер, музыкадағы жаңа бағыттар дегендей. Əдебиеттің ықпалы төмен. Шоу бизнес ықпалды. Сондықтан, Орханның көзқарастары жас ұрпаққа əсер ете қоймауы мүмкін. Алайда, ерте ме, кеш пе оның көзқарастарына назар аударатын кезіміз болады. Ол үшін этникалық танымы басым ұлттан, азаматтық ұстанымы мығым халыққа айналуымыз керек. Кембағалдық психологиясынан арылуымыз қажет. Сол кезде Орханның кейбір ойларын қабылдауға болады. Айталық, ислам өркениетінде де кемшіліктер болғанын мойындауымыз керек. Орханда сондай ой бар. Дін кемел болғанымен, сол дін қалыптастырған мəдениеттің бəсекеге қабілетіне күмəн басым бүгінде. Сол сияқты Орханның түрік билігіне қарсы айтқан ойларына да баға беруіміз қажет. Ол Осман империясының армян жұртына қару көтергенін айтты. Бірақ армяндардың опасыздығын айтқан жоқ. Міне, дəл осы тұста əділеттілік принципі маңызды бола түседі. Жалпы, өз басым біздің оқырман автор мен оның өмірін, ұстанымын бірге бағалайтын кезеңнен өтетін шығар деп ойлаймын. Олай болмайынша автордың туындысы емес, өмірі мен көзқарастарына назар аудару басым болып қала бермек. Біз қазақтың ақындары мен жазушыларына шаң жуытпаймыз. Бірақ, дəл сондай деңгейде Орханды да пір тұта қоймаспыз. Бəрібір ол "бөтен". Демек, пікірлері де бөтен күйінде қалуы бек мүмкін.

- Жақсы. Адам мен оның шығармашылығын бөлек қарастырарлық деңгейге әлі толықтай жете қоймағанымыз рас. Алайда, Памуктың танымал болуына, шығармаларының кең көлемде таралуына, түптеп келгенде, жазылар шығарманың түпқазығына да сол адамдық, азаматтық көзқарас әсер етпей ме?

- Оның танымал болуына бірінші кезекте оқырман сұранысын зерттеуі мен батыс-шығыс байланыстарындағы ерекшеліктерді білуі ықпал еткен тəрізді. Екіншіден, ол өзінің аудиториясы ретінде батыс оқырмандарын таңдады. Көптеген шығармаларында саяси көзқарасы байқала қоймайды. Алайда, батыс оқырманына шығыстан шыққан жазушы бəрібір қызық болып көрінді. Шығармаларын дер кезінде француз, ағылшын жəне өзге тілдерге аудартып отырды. Ал адамдық, азаматтық көзқарастары Нобель сыйлығын алуына ықпал етті. Менің білуімше оған бұл сыйлық нақты бір шығармасы үшін берілмеді. Жалпы шығармашылығына берілген. Түріктер оны саяси көзқарастарына бола берілген деп бағалайды. "Өз жұртын жамандап, соған бола сыйлық алған",- десіп жатады. Орхан бəрібір өз оқырмандарын тапқан адам. Тағы бір ерекшелігі – оның әр шығармасына өте жақсы дайындықпен кірісетіндігі. Энциклопедиялық білімі бар адам ол. Əрі тұтас команда, əдеби агенттер пайдаланатыны байқалады. Табысының бір құпиясы да осы болуы керек.

- Памуктың өзі де ағылшын тілінің білгірі. Бала кезінен әдебиетті ағылшын тілінде оқиды. Сол тілде дәріс береді. Аудармашы досы Фрили тәржімалаған өз кітаптарының жұмыс барысына қатынасып, өзі тіпті кітапты аудитория деңгейіне бейімдеп отырады. «Менің атым- Қырмызыны» аудару барысында оқырман талабы, аудитория қажеттілігі, оның деңгейі қаншалықты ескерілді?

- "Менің атым-Қырмызы" атты романын Орхан махаббат хикаясы ретінде атап өткен. Алайда шығарма қазақ оқырманының танымындағы махаббат əңгімелеріне мүлдем ұқсамайды. Керісінше ислам өркениетіндегі сурет өнеріне қатысты оқиға мол. Сондықтан, шығарманы аудару кезінде түпнұсқадағы ойдан ауытқымауды құп көрдік. Себебі шығарма орыс тіліне аударылып, бізге жетіп үлгерген еді. Орыс тіліндегі аудармасында оқырман талабы ескерілгені байқалады. Ал біз түпнұсқаға мейілінше жақын қылуға тырыстық. Өйткені, қазақ ислам өркениетінің бір бөлшегі. Түрікпен туыстығымыз, парсымен көршілігіміз бар. Шығармада ХІІІ-ХҮІ ғасырлардағы миниатюра өнері туралы айтылды. Əрі Орталық Азия мен Хорасан өлкесіндегі саяси оқиғалардан да хабар береді. Мəселен, Қасым ханның бөлесі əрі бəсекелесі болған Мұхаммед Шайбанидің суретін салған Кəмаладдин Бекзат туралы да айтылған. Яғни, біздің тарихи, діни танымымызға жақын тұстары мол. Сондықтан шығарманың тұпнұсқаға жақын болғанын қаладық. Ал оқырман талабына келсек, аударған жағдайда мағынасы мүлдем өзгеретін сөздерді қалдырдық та, түсініктеме бердік. Мысалы, тəзхиб деген өнер бар. Отырықшы мұсылман жұртына тән. Құсни-хат өнеріне жақын. Көркем безендіру тəсілі. Сонымен қатар суретші деген бар да, кескіндемеші деген бар. Бірақ шығармада нақышкер деген ұғым басты орында. Тарихтағы олардың қызметіне үңілсеңіз классикалық үлгідегі суретші емес екеніне көзіңіз жетеді. Мұсылман миниатюра өнерінде негізгі рөл атқарған кəсіп иелері. Оларды тура суретші демедік. Сызғышшылар да болған сол кезде. Оларға да түсініктеме бердік. Себебі, миниатюра өнері қазақта тым сирек. Болмаған кəсіп десек те болады. Сол жағын ескердік. Міне мұны оқырман талабын ескеру деуге де болатын шығар. "Қырмызы" біздің оқырман үшін тарихи деректі романға айналып шыға келді. Жалпы, əр халықтың мəдениетінде өзіндік ерекшеліктер болады. Қазақтағы құсбегілер, қағушылар немесе ат айдаушылар түрік пен парсыда болмауы мүмкін. Демек біздің əдеби шығармалар өзге тілге аударылса осы мəдени ұғымдар ескерілетін шығар. Біз Орханның еңбектеріне осы қырынан келдік. Мейлінше қазақ оқырманының танымын кеңейте түскенін қаладық.

- Соңғы сұрақ. Алдағы уақытта біз сөз етіп отқан түрік авторының тағы бір туындысын қазақ оқырманымен таныстыру жоспарда бар ма?

- Тағы бір шығармасын аударып бітірдім. "Ақ қамал" деп аталатын романы. Жуырда "Фолиант" баспасынан жарық көреді. Одан кейін тағы көре жатармыз.

- Әңгімеңізге рахмет, аға!

- Саған да рахмет!

 

Сұхбаттасқан:Еділбек ДҮЙСЕН



Ұқсас тақырыптар