Бауыржан Майтай. Үрей толы үйлер...

 13062060_200651683654822_5125405600170434958_n.jpg


Менің үйім

Бар болған соң терезе,

Ұқсамайды үйлер молаға.

                                 - Ə. Түнияз


Мен үйімде қорқып жатамын,

Қорқып тұрамын.

Еркін болғаныммен,

Бұғауда сияқтымын.

Үйім құлап қалатын секілді,

Қабырғасындағы сызаттар,

Едендегі жарықтар

Аяқ-қолымды байлайтындай көрінеді.

Мені тек үрей билейді.


Жүрісімнен де, өз даусымнан да,

Орнымнан да...

қорқамын...


Таудың басында тұр менің үйім,

Үрейленіп ғұмыр кешудемін.

Атам да сондай ғұмыр кешкен деп естідім,

Оның атасы да дəл солай ғұмыр кешіпті

Оны таста демалған суреттер қайта-қайта сыбырлайды .


Менің үйімде қарлығаш ұя салып,

Бұлбұл сайрап,

Байғұз шақырып,

Құстар самғауда,

Десе де, бəрінің дауысынан үрейлі еркіндікті аңғардым.


depositphotos_69243761-stock-photo-oil-painting-house-in-the.jpg


Үйдің іші

        (Өз сөзі)

Менің кеуде тұсымда

бəрінің исі бар:

қалықтаса балдың исі,

удың исі қанатын керіп қатар ұшады.


Тозаңнан түк өсірген төрт қабырғамада

Өрмекші торы,

ондағы кітаптардың

ашылған беттеріндегі

санаңда ой болып қонғысы келетін жазуларды,

адырнасы үзілердей тартылған оқсыз садақ суретін,

кеңістігімнің бəрін,

жіберместей матаған.


Менің қызыл тамақ қарлығаштарым да бар,

оған да,

ыстығы қан ойнаған жүректей ұясына да,

Өрмекші торы ілініп,

ондағы аяғын қылмен байлаған балапандарының шырылы,

құлағыңа құйылады.


Кітаптарым тұншығады,

Жазуларым тұншығады,

Балапандар тұншығады,

Мен үрейлене бастадым,

Мен бəрінен қорықтым,

Өрмекші түгіндей тозаң тынысымды тарылтты,

Өрмекші торы көкірегімді қысты.

Терезем шағылды, есігім ұрланды...


Шағылған терезем – аққан жасым,

Ұрланған есігім – ескі сүйегім,

Табалдырығым тозды,

Маңдайшам майысты,

Мен үрей толған үймін.


base_35d7c79d55.jpg


Үрейлі үй

Бұл үй ғасырлар бойы жел өтінде тұрды,

Ғасырлар бойы есік алдынан керуен көшті.

Керуен көшінде бұл үй аңыз боп айтылды,

Керуен жүгімен бұл үй аңызға толды...


Ғасырлар бойы шығыстан соққан жел,

Маңдайшасын кемірді.

Ғасырлар бойы терістіктен соққан жел

Қабырғасын кемірді .


Ғасырлар бойы соққан жел

Бұл үй жайлы аңызды,

Аңызды жастанған керуен ізін де ұшырып жоғалтты .


Ғасырлар бойы тоқтаусыз соққан жел

бұл үйді үрейге қалдырып,

Әлі соғып тұр.

Қашан тоқтайды,

жолдағыны жұта жорғалаған жылан текті ызғарлы жел.


Қашан үрейсіз өмір сүреді бұл үй?..


Ертоқым

Өзен жағасында

Арғы жағаға өте алмай қалған қайықтың кебін киіп

тозған ертоқым қалыпты,

сыңар үзеңгіні құшаққа басып .


Оның қандай бір тақымға тақ болып ,

қайсы бір арғымаққа жарасып қонғанын сездім.


Оны бір жанның жүрегіндей аялап,

жаңбыр мен желге тигізбей қорғағанын сездім.


Ал енді қадірсіз күйінде

арғымақ үстінде болса таулардан асатын ертоқым

өзеннің ар жағына өте алмай тозған .

 

Мен оған ұзақ қарап,

алдыңғы қасына бас сүйеп сыбырладым:

"Кешір, біздің арғымағымыз жоғалған" деп.

Мұрныма жылқының исі келді.


744403.jpg


Атқа мінген адам

Қобыз үніне қарап жасағандай

даладан мен оны көрдім,

аспаннан аңға құйғытқан қыран дерсің,

жердің бұ шетінен ана шетіне шапқанын.


Ол да мені көрді,

Менің тілімде сөйледі,

Мен өз тілімді түсіне алмай тесіле қарадым.

бұл қылығым саңырау адамның ерін қыбырын баққаны.


Кенет кері бұрылып құйғыта жөнелді шаңдатып,

Түр-түсін көрмедім...

Не дегенін білмедім...

Тек ғана ат тұяғының дүбірі құлағымда қалды.


Оны

ат тұяғы мен желге міне кеткен шаң арасынан тани алмай,

Үңіле қарап өзіме ұқсаттым.

 

Ескі кітап

Ең ауыры

біздер жайлы аңыз арқалаған керуеннің 

кеңістіктерге көпір болып,

Төрт тарапқа бойлап 

құс жолындай құжынап тартылғаны...


Көшпенділердің дүбірі жерді тітірете топан судай жосып өткені,

Жер бетін махаббатың аудай жапқаны,

Сəбилік тазалықтың жұпар боп бұрқырай тарағаны,

Осылардың бəрі де

Жер бетінде емес, ескі кітапта ғана екені.

 

Өткел

Ол ұлы мінген тайды жетелеп өткел жағасына келді,

сосын ұлына өткелден өткенде

қамшысын суға түсіріп алмауын айтты


Ол өткел ортасына барып ұлына қарағанда,

ұлының қамшысы əлдеқашан суға кеткенін байқағанымен

үнсіз жылжыды .


Қарсы жағаға өткенде,

өзінің бір кезде осы өткелде

кездігін жоғалтқанын есіне түсіріп

өткелге қарады,

Ол баяғыдай тыныш ағып жатыр.

                                         Бауыржан МАЙТАЙ.

 







Ұқсас тақырыптар